«Абырой заңын» білеміз бе?

377

Қазақтың  жиынында бір жақсы сөз айтылса  не «қазақ айтыпты»  не  «Абай айтыпты» деп басталарын білсек те, бүгінгі айтылар ой Серікбол Қондыбай есімді арда азаматтың зерттеуінен туындап отыр.

Қазақтың абыройындай болған көкеміз жаһандану мен жаңарудың ортасында  өз менінен жұрдай болған қазаққа абырой заңын жазып бергендей еді. Алдымен, абыройдың не екенін ұғынып, анықтама беріп алайық.

Сіз үшін абырой деген не? Көптің алдындағы ар-ұят, мансап, бедел әлде адамгершілік? Егер дәл тапсам, әлі де ойланыңыз дер едім.

Абырой сөзі араб тілінен аударғанда  «аб» - су, «руй» - бет деген екі сөзінен бірігіп, «беттің суы», «ар-ұят» деген мағынаны білдіреді. Бірақ «аб»  сөзі араб емес, парсы тіліне тән екенін ескерсек, бұл мамандар тарапынан жіберілген қателік дейді көкеміз.

Ал түркі тілдеріндегі этимологиясына тоқталсақ мүлдем ескерілмей жүрген философиялық мәнін ұғынуға болады. Яғни, сөздің «абыр»  бөлшегі «айналу», «шеңбер жасау» деген мағынаны білдіреді. Ал айналу мағынасының мәні түрлі ғұрыптардағы айналу жоралғысына кеп тіреледі.

Яғни, шеңбер символизмі бойынша (бастапқы нүкте – абырой, шеңбер –ғалам)  адам шеңберді айналу барысында бастапқы нүктеге (кіндік нүкте)  жеткенде  осы кіндік нүктенің қуатын, жасампаздығын , дәрежесін қайталайды-мыс. Кіндік нүкте – абырой сипаты. Шеңбер – ғаламның көрінісі. Шеңберсіз кіндік нүкте болады, ал кіндік нүктесіз ешқандай шеңбер жоқ. Кіндік нүкте – абыройдың қайнары. Осы анықтаманы ұсынған ғалым «айналу жоралғысының»  ғұрыптық үлгілеріне мысал келтіріп (жерлеудегі айналу, үйлену салтындағы айналу, әулие басында айналу, хан сайлау барысында айналу, бақсылық айналу,күнтізбелік айналу, күн жайлатудағы айналу және емдеу магиясына қатысты айналу) , барлық жоралғыдағы айналулар бір ортақ архетипті, «айналуды»  көрсететін дәлелдейді.

Мәселен ,үйлену ғұрпындағы айналу идеясына тоқталсақ, қалыңдықты жігіттің еліне жібермес бұрын басынан қандай да бір аспен айналдыру қыздың үйдегі құтын өзімен алып кетпеу үшін не жақсы бір нышанын үйге көшіріп алу мақсатына негізделген болу керек.

Яғни, қыз – үйдің құты, абыройы. Осы абыройдан сыбаға алып қалу арқылы айналу жоралғысы іске асады.

Жоғарыда аталған ғұрыптардың бәрі де айналу заңына бағынып, о бастағы үлгіні, эталонды қайталауға негізделген.  Серікбол Қондыбайдың ұғымындағы абыройлы адам о бастағы кіндік нүктедегі үлгіні ұстанған адам, яғни, ата-бабасының, сол эталонның жүріс-тұрыс, мінезін қайталап, шеңберді толық айналатын адам. Түптеп келгенде қазақтың абыройы – ілкі қазақтың эталонын қайталауда, сол үлгіге қайта айналып соғып, жаңғыртуда.

Ал бөгде жұрттың (мысалы, Еуропаның) абыройы бөгде үлгіге құрылған. Ол үлгіні қайталау бізді пұшпаққа шығармайды. Сондықтан қарапайым халықтан ел президентіне дейін «абырой заңына» бағынуы тиіс. Қазақтың тайлы-тұяғы қалмай бағынатын, техника ғасырына сай түзетілген «Абырой заңы» қашан жазылмақ?

Біздің қоғамда қолданылатын абырой мазмұннан гөрі формаға бағынған, ішкі идеалдан гөрі сыртқы көрініске сүйенген.  Осы біз «азат елдің абыройы асқақ», « ...   жүз жылдығы - қазақтың абыройы», «қазақтың абыройын асқақтатқан жеңіс» деп басқа абыройды айтып жүрген жоқпыз ба!? Не ілкі қазақтан қалған абыройды жоғалтып алмадық па?

Бір сөздің этимологиясын танып , елді сынамақ мақсат емес. «Ала жіпті аттамағанның абыройы биік» деген мақалды «ежелгі баба жолымен , қазақ эталонымен жүргеннің абыройы биік» деп өзгертпекпіз. Ал баба жолының түпкі идеологиясы да айналып адамдыққа әкелері хақ, тек қазаққа тән мінезден, қазаққа тән үлгіден ажырамасақ деген ниет қана.

P.s.   Серікбол Қондыбайдың сөзімен аяқтасақ: «Абырой заңы түгілі, өзінің ана тілінен мақұрым қалған, тіл білгеннің өзінде де "абырой" дегеннің не екендігінен хабарсыз, соның салдарынан басқаның әдет-ғұрпына, басқаның жүріп-тұру кодексіне ден қойып жүрген "жаңа қазақ атқамінерлерінен" бірдеңе күту, бірдеме дәметудің өзі жөнсіз болар еді. Біз осындай ілкі үлгіні — "Абырой заңын" реконструкциялаудың, оны жаңа заманға сай бейімдеудің қажеттілігін еске саламыз».

Дина Бөкебай,

Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің

 филология және әлем тілдері факультетінің

3-курс студе

Пікірлер
Редакция таңдауы