Қытай қазақтары тілінің ерекшеліктері

7867
Adyrna.kz Telegram

Әлеуметтік тіл білімін зерттеуші белгілі ғалым Б. Хасанов этникалық Отанынан тыс жерлерде тұратын қазақтарды «қазақ диаспорасы» деп атау қажеттігін көрсете келе, қазақ тілінде осы диаспора сөзіне балама ретінде «шоғыр» сөзі қолданылуы керек деген орынды ұсыныс айтады. Ғалым шетелдерде шоғырланған қазақтардың тілін, өмірін зерттеу қазақ тіл білімі үшін ғана емес, дүниежүзі әлеуметтік лингвистикасы үшін мәні зор екенін атай келе былай дейді: «Жер жаһанның 40 елінде қоныс тепкен қазақтың «қазақ» болып қалуының бірден-бір куәсі оның сақталған тілі. Бұған дәлел сол – оның ана тілінің көптеген елдерде қазақ өмірінің төрт негізгі саласында, атап айтқанда, тұрмыста, қоғамдық өмір мен көркем шығармашылық, ауыз әдебиеті саласында тиянақты қолданылуы. Демек, қазақ шоғырына байланысты зерттеудің бар бастауы - тіл»
Б. Хасанов айтылған ойын өрбіте келе, қазақ шоғырларының тілдің жағдайын зерттеудің түрлі қажеттілігін атай келіп, былай дейді: «Біріншіден, бұл зерттеу этнос өз ортасынан тыс жерде, өзге тілдік ортада өз тілін қалай сақтап, дамыта алады?» деген дүниежүзілік көкейкесті мәселенің шешілуіне өз үлесін қосады.
Ал, Ж. Болатов былай дейді. «Олардың тіл ерекшелікерімен танысу Қытай Халық Республикасында тұратын қазақтардың тілі туралы белгілі дәрежеде қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Мәселен, олардың тілінде өзіндік ерекшеліктерімен бірге қазақ тілінің шығыс говорларына ортақ ерекшеліктерді анықтауға болады. Өйткені бұл қазақтар мен Шығыс Қазақстан, Семей, Павлодар, Талдықорған облыстары тұрғындары этникалық жағынан бірыңғай болып табылады»,- дей келе автор: «Шығыс говорларының тарихына қатысты кейбір мәселелердің Қытай, Моңғол қазақтарының тілін зерттегенде ғана анықталатынын жоққа шығаруға болмайды»,-дейді.
Қытай қазақтары тіліндегі жергілікті ерекшеліктер жайында экспедициялық зерттеулер жасап, ол жайында ой-пікір айтқан ғалымдар қатарында шыңжаң тіл-жазу комитетінің профессоры Ли сынды, Пекиндегі ұлттар университетінің профессоры Гың Шымин, Батыс ұлттар институтының ғалымы Уаң Лизыңды, Пекин ұлттар университетінің доценті Чын Янянды, Оқабай Тойынбайұлын, Омарқан Асылұлын, Шыңжаң университетінің профессоры Мөрқан Кемелқанұлын және Шыңжаң қоғамдық ғылым академиясының аға зерттеушісі Жақып Мырзақанұлын айтуға болады
Қытайда тұратын қазақтардың тіліндегі жергілікті ерекшеліктерге ең алғаш көңіл бөлген қытай ғалымы профессор Ли Сын болды. Ол алғаш рет 1955 жылы құрамныда 7 адамнан тұратын экспедиция ұйымдастырып, Іле ауданының Тура су ауылында және Алтай аймағына қарасты Ұтыбақ ауылында болып, материалдар жинап қайтқан. Кейіннен ғалым, осы зерттеу экспидициясының нәтижесін «Шыңжаңдағы түркі тілдес халықтар тілінің жергілікті ерекшеліктері жөніндегі алғашқы ізденістер» деген мақаласында жинақтап көрсетті. Ол Қазақстан мен Қытай қазақтарындағы дыбыстық ерекшеліктерді дәлелдей отырып, Қазақстан қазақтары әдеби тіліндегі тізе, хабар, тарих лезде секілді сөздердің Қытай қазақтары тілінде дізе, қабар, тариқ, ілезде түрінде айтылатынын көрсеткен. Дегенмен, Ли Сын екі ел арасындағы лексикалық, грамматикалық ерекшеліктерге көңіл аудармаған
Қытай қазақтары тіліне біршама көңіл бөлген ғалымның бірі – профессор Гың Шымин. Профессор Гың Шымин өзінің «Қазақ тілі грамматикасы» деген еңбегінде осы өңірде тұратын, қазақтар тіліндегі ерекшеліктерге егжей-тегжейлі тоқталған. Ғалым тіл білімінің диалектология саласының тіл ғылымы, тіл тарихы үшін аса маңыздылығын атай келіп, Қытайда тұратын қазақтар тілінде аса үлкен тілдік ала-құлалық жоқ екендігін, Қытай қазақтары негізінен тілдік тұтастығын сақтап қалғандығын атап көрсетеді. Соған қарамастан, тілдік ерекшеліктер мүлде жоқ еместігін атай келіп, ғалым Қытай қазақтары тілін шығыс солтүстік, говор аймағы мен батыс оңтүстік говор аймағына бөліп қарастырады. Екі говорлық аймақты салыстыра отырып Гың Шымин шығыс солтүстік говор аймағының территориясы кеңдігін, халқының ссаны да молдығын ескере отырып, Қытай қазақтары әдеби тілінің қалыптасуына негіз болып отырған осы шығыс солтүстік говоры екендігін айтады.
Қытай қазақтарының тіл ерекшелігіне көңіл бөлген ғалымның бірі – Чын Янян. Чын Янян Қытай қазақтары тілін Қазақстандағы қазақтардың әдеби тілімен салыстыра отырып, олардың өз ішінен қанды, туыстығына қарай ру-руға бөлінгенмен қарыс-қатынас тығыз сақталғанын айта отырып, соның салдарынан айтарлықтай жергілікті ерекшеліктер байқалмайды дегенді айтады. Соған қарамастан географиялық жер жағдайына байланысты, әрі рулар арасындағы өзгешіліктерге байланысты белгілі дәрежедегі тілдік ерекшеліктер қалыптасқанын айта келе, ол ерекшеліктер негізінен дыбыстық және лексикалық тұрғыда көрінетінін, ал грамматикалық ерекшеліктер байқалмайтынын айтады. Қорытындылай келе ғалым былай дейді: «Қазақ халқы тарихи себептер салдарынан екіге бөлініп қоныстанғандықтан, қазақ тілі шекара аттанған тілге айналды. Екі елге бөлініп қоныстанған қазақ халқында тегі бір тамырдан өнген көптеген ортақтықтар болса да, бірақ өздері қоныстанған екі елдің қоғамдық, экономикалық, мәдениет дамуының деңгейі әркелкі, жүргізіп отырған ұлт саясаты мен ұлттық тіл жазу саясатының басқаша болу себебінен, сондай-ақ өзге ұлт тілінің ықпалына ұшырау дәрежесі ұқсамағандықтан Қытай қазақтары тілі мен Қазақстан қазақтары тілінде кейбір ерекшеліктер пайда болды. Әрине, бұған тағы екі тілдің географиялық ортасы мен қоғамдық мәдениетінің де өзіндік ықпалы болады»
Қытай қазақтары тіліне осындай көңіл бөлген ғалымның бірі – Уаң Лизың. Ол Қытай қазақтары тіліндегі диалектілік ерекшеліктердің қалыптасуындағы факторларға тоқтала келіп «...Бірақ иелеген территориясы кең, қоныстануы батыраңды, оның үстіне көрші ұлттар мен ұлыстардың ықпалына үнемі ұшырап отырғандықтан қазақ тілінде диалектілік ерекшелік пайда болады», - дейді. Өзінің жоғары оқу орнына арнап жазған «Қазақ диалектологиясы» оқулығында ғалым диалект ұғымына былай деп анықтама берді: «диалектілік ерекшелікке ие жергілікті тіл дегеніміз – әдеби тілдің өз ерекшелігі болып саналатын аймақтық тіл болып табылады. Яғни, ортақ әдеби тілде ежелден бар ерекшеліктерден тыс ерекшеліктерге ие тіл. Әрі ол ортақ әдеби тілдің құрамдас бөлімі есептеледі»

Қытай қазақтары тіліне азды-көпті көңіл бөлген ғалымның бірі - Жақып Мырзақанұлы. Ғалым қазақ тілі ерекшеліктерінің қалыптасу тарихы көне рулық, тайпалық кезеңнен басталатынын, бірақ қазақ тілі біртұтас халық тілі болып қалыптасқандығын, сондықтан аздаған дыбыстық лексикалық өзгешеліктерге ұшыраған ру тілдері бар екенін айтады. Ол Іле аймағына қарасты Текес, Чапчал, Монғолкүре, Қорғас қатарлы аудандардағы албан, суан руларының тіліндегі кейбір ерекшеліктерге тоқталады. Және олардың өте аз екенін айта келіп, ғалым олардың біртұтас ұлт тіліне әсері елеусіз екенін айтады.
Қытай қазақтары тіліндегі тұрақты сөз тіркесіне мүлде көңіл бөлінбеген деуге болады. Сондай-ақ Қытай қазақтары тілінде жергілікті ерекшеліктер өте молдығымен көзге түседі. Бірақ оны зерттеу біздің нысанамызға кірмейтіндіктен, біз сол тілдік ерекшеліктер өте молдығымен көзге түседі. Бірақ оны зерттеу біздің нысанамызға кірмейтіндіктен, біз сол тілдік ерекшеліктердің ауқымды бөлігін құрайтын тұрақты сөз тіркестеріне тоқталуды жөн көрдік.

Қытай қазақтарында                                                                                             Әдеби тілде

тұрмысқа қысырау                                                                                           тұрмыс қыстау
бүліншілік салу                                                                                                 бүлік салу
шырапатын бұзу                                                                                              шырқын бұзу
кәні болу                                                                                                             кәнігі болу
шеке қарау                                                                                                         шекеден қарау
райына бағу                                                                                                       райын бағу
езіп малтау                                                                                                        малтасын езу
іш құсада болу                                                                                                  іш құса болу
батына алмау                                                                                                   бата алмау
көз айдын болу                                                                                               көзайым болу

Ерекшелігі – тек құрамындағы кейбір сөздер азды-көпті грамматикалық өзгешіліктерге ұшыраған.
Қытай қазақтары тіліндегі жалпыхалықтық лексикадан жасалған диалектілік фразеологизмдердің бірқатары әдеби тілде де кездеседі. Алайда бұл аймақта ол тіркестің құрамы түрлі лексика симантикалық (қанжілік болу қансорпа болу; аршыған жауңақындай) "аршыған жұмыртқадай" , т.б. грамматикалық (батына алмау "бата алмау") қарымжысын қайтару қарымтасын қайтару т.б. дыбыстық жағынан (ораты келу) орайы келу, пісі жеңу мысы жеңу, т.б.) өзгеріске ұшыраған. Қытай қазақтары тіліндегі диалектілік фразеологизмдердің жалпыхалықтық лексикадан құралған түрінің өзі алуан түрлі ерекшеліктермен сипатталатыны айқындалады.
Бірқатар фразеологизмдер тікелей Қытай тілінің әсерінен қалыптасқан. Фразеологиздер құрамындағы Қытай тіліндегі сөздер дыбыстық, грамматикалық жағынан Қазақ тіліне бейімделген. Мысалы, жилы болу "күйіп пісу, ашулану", (қытай тілінде ji - кұйіп пісу, ашулану; зауталы қылу "аяқ асты болу, қорлану" (қытай тілінде; zao ta le - аяқ асты болу, қор болу деген мағынада))
Қытай қазақтары тіліндегі аударылып, қолданысқа енген.
Мысалы; жұмса қолдылық істеу, көңілшектік, көңілге қараушылық (қытайша; shou-қол, кгфт - жұмсақ); өзін-өзі боршалау "өзін-өзі сындау, өзіне баға беру" (қытай тілінде; zi wo pao xi); жалаңаяқ дәрігер "ауыл аралап емдейтін дәрігер" (қытай тілінде: chi jiaoyi sheng).

Қытай қазақтары тілінің зерттелу сипатын жинақтай келе айтарымыз, біріншіден, Қытай қазақтарының тілі жан-жақты ғылыми тұрғыдан арнайы зерттелмеген. Дегенмен бұл мәселе Қазақстан ғалымдарының да, Қытай ғалымдарының да оның ішінде, Қытайда тұратын қазақ ғалымларының да үнемі назарын аударып келген.
Екіншіден, Қытай қазақтары тіліндегі ерекшеліктер негізінен Қытай ғалымдарының тұрғысынан едәуір зерттелген. Алайда бұл зерттеулер біртұтас емес, көбіне шашыраңқы түрде қарастырылған. Олай деуімізге себеп, кейбір ғалымдар тек Қытай қазақтарының тілін Қазақстан қазақтарының тілімен жалпылай салыстырады. Оның өзінде бірі тек кірме сөздер тұрғысынан (мысалы: Чын Янян негізінее орыс тілі әсерінен туған сөздерді салыстырады) салыстырса, енді бір жалпы Қазақстан қазақтары тілімен салыстырады, оның өзінде нақтылық жоқ екені байқалады. Әрине, мұның өзіндік себептері де жоқ емес. Алдымен зерттеп отырған ғалымдардың барлығы да сол өлкенің өкілдері, екіншіден, оның ішінде қазақ тіліне талдау жасап отырған ғалымдардың бірсыпырасы ұлты басқа Қытай ғалымдары. Сондықтан, бұл пікірлер осындай азды-көпті кемшіліктеріне қарамастан, Қытай қазақтары тілін зерттеу саласында үлкен ғылыми құнды дүниелер болып табылады.

Данат Жанатаев ,Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлтттық университетінің
доценті,философия ғылымдарының кандидаты
Арғымбек Мәдина, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлтттық университеті,
Филология және әлем тілдері факультетінің магистранты

Пікірлер