(Бүгін әкемнің досы, тай-құлындай тебісіп бірге өскен замандасы Ұлықбек Есдәулеттің туған күні. Осыған орай ұлтымыздың ғажайып ақынының “Киіз кітап” атты жыр жинағы туралы он бес жыл бұрын жазған дүниемді оқырман назарына қайта ұсынғанды жөн көрдім).
Жаңа кітапты оқуға кірісердің алдында үнемі өзімді, алдында не күтіп тұрғаны беймәлім, алыс сапарға шығуға дайындалған жолаушыдай сезінемін. Әлі беті парақталмаған жаңа шығарманы оқуға зейін қойғанымда, ылғи да осы сапар мені қандай әсерге бөлейді екен, бірнеше сағатқа, кейде тіпті бірнеше күнге созылатын жолда қандай қызық оқиғаларды басымнан кешер екенмін деген тынымсыз ой мазалайды да тұрады. Жаңа шығарма әсерлендіре алмаса, сапарға бекер шығып, түк таппай қажыған жолаушыдай өкінемін, рухани әлемімді байытатын шын жауһарларды тапсам, сағынышымды басатын сырласымды кездестіргендей қуанып, құмарымнан шығып, рахаттанамын. Сол кітап кей кездері мені қанаттандырып, ерекше шабыт беріп, бірнеше күн бойы қиялымды тербейді. Біраз уақыт өткен соң тағы да бір жаңа кітапты оқуға кірісіп, өмір біткенше таусылмайтын, тынымсыз ізденістің жолына қайта түсемін.
Ұлықбек Есдәулеттің “Киіз кітап” атты жыр жинағын қолға алғанымда, ең алдымен менің есіме ақынның “Жұлдыз жарығы”, “Алтайдың алтын тамыры”, “Ұлыстың ұлы күні”, “Ақ керуен” “Жаратылыс” секілді туындылары түсіп, сол кездегі толқыған сәттерім мен алған әсерлерім санамда қайтадан тірілді.
Намаздыгерде қолатта
Ырдуан арба ырғалып,
Қопаңдап қойып қорапта
Ылдимен үйге құлдадық.
Бұл ақынның “Жұлдыз жарығы” атты алғашқы жинағына шыққан, әдебиет әлеміне келуге жолдама алған тырнақалды туындыларының бірі. Осы өлең жолдарын оқығаныма жиырма жылдан астам уақыт өтсе де, әлі күнге шейін ұмытпаппын. Бәлкім, өлеңнің өміршеңдігі деп көп ретте осыны айтатын шығармыз. Ойы жинақы құрылған ақынның миниатюралық өлеңін соңына шейін оқығаныңызда, ең алдымен Ұлықбек Есдәулеттің өз жүрегінің сүзгісінен өткізген, табиғат тылсымынан басқаша түйін жасауға тырысатын, өзгеше ойлайтын ерекшелігін аңғарасыз. Ен даланың төсінде арбаға мініп келе жатқан, қырмызы жүзбен батқан күнге көзін сүзіп, қызыға қарап отырған арманшыл немересіне атасы:
“Батысқа, балам қызықпа,
Батқан күн –біздің күніміз,
Көкжиек деген сызыққа
Сіңгенше ғана тіріміз.
Уақыт зулап улы оқтай
Уатып өтер төзімді.
Сондықтан, балам күн батпай,
Айтып қал айтар сөзіңді”
деп, ақыл айтады. Атасының немересінің құлағына құйған ақылынан кейін, тамылжыған табиғатты суреттеген жыр жолдары сізді басқа бір әсердің бесігіне бөлеп, түйсікпен ғана түсінетін өзгеше бір әлемнің есігінен енгізіп жібергендей күй кешкізеді. Ақынның лирикалық кейіпкерімен бірге тұңғиық ойдың тереңіне батасыз. Табиғаттың керемет бір қас-қағым сәтін суреттеген ақынның сөз кестесіндегі тіл байлығына тәнті бола отырып, ырғалған арбаның үстіндегі шалдың немересімен бірге есейе түсесіз.
Қарашығында мұң тұрды,
Аядым қартты құнысқан.
Қайрылып артқа күрсінді
Таң іздегендей Шығыстан.
Асылы, поэзия дегеніміздің өзі адам мен табиғаттың арасындағы гармониялық байланысты іздей отырып, оқырман күтпеген ой айту, сол арқылы оның жүрегінде жаңа бір сезімнің шырағын жағу емес пе? Осы өлшемнің биіктігімен қарағанда Ұлықбек Есдәулеттің өлеңдері (оқырманның жүрегіне жол тапқан деген әбден жауыр болған сөз тіркесін қолданбай-ақ қояйық) ақын Марина Цветаева
айтқандай, “өз кезегі келгенде ашылатын қымбат шараптар секілді, өз уақытын күтіп жатқан жырлар”. Сондықтан да біз осы мақаланы жазу барысында Ұлықбек Есдәулеттің ақындығын бүге-шігесіне шейін талдап беруді алдымызға мақсат етіп қойған жоқпыз. Борхестің “өнерде тек мәңгілік бүгін ғана бар” дегені рас болса, біз осы мақаланы жазу арқылы өз заманы келгенде ашылатын алтын қазынаның кілтін іздейтін ақынның болашақтағы сыншыларына қозғау салатын ой тастауды ғана мұрат еттік.
Шындығын айтсақ, мүмкін біз ақын Ұлықбек Есдәулеттің шығармашылығы туралы бұл әңгімені қозғамас та едік. Алайда соңғы жылдары баспасөз беттеріндегі ақынның атына айтылған кейбір жөнсіз сындар еріксізден қолымызға қалам алғызды. Әсіресе, ақынның кейбір өлеңдерінің мағынасы бұрмаланып, оқырманға басқаша түсіндірілгенде, “мұндай да сұмдық болады екен-ау” деп, жағамызды ұстадық. Уақыты келгенде әдебиеттегі бүгінгі айтыс-тартыстар да сарапқа салынып, бәлкім, бізден гөрі әдебиетке кеңірек қарайтын зерделі сыншылардың ой талқысына түседі. Міне осы кезде, сол уақыттағы әдебиетшілер пендешілік тұрғыдан айтылған пікірлерге, бақайесеппен жазылған сындарға неге жауап бермеген деген заңды сауал туады. Сондықтан да мен бұл мақаланы қазақ поэзиясында ойып алатын орны бар Ұлықбек Есдәулеттің ақындығын қорғау үшін емес, келешекте біздің де атымызға келуі мүмкін кірден сақтану үшін жаздым. Орыстың әйгілі сыншысы Дмитрий Мережковский “Әрине талғам туралы таласуға болады. Алайда таластың да кейде мағынасыздыққа ұшырайтын кездері бар. Мысалы сіз ешқашан да мысыққа шегіргүлдің (фиалка) хош иісінің, шүйгіншөптің (валерянка) иісінен әдемі екенін дәлелдей алмайсыз. Мұны түсіну үшін өмірге мысық болмай жаратылу керек” (Д.М.Мережковский, В тихом омуте, Мәскеу, Советский писатель. 1991 жыл, 13 бет) деген екен. Басқасын айтпағанда соңғы он жылдың көлемінде, сынның ауызсыздығын пайдаланып, баспасөз беттеріндегі Мұхтар Мағауин, Әбдіжәміл Нүрпейісов, Қабдеш Жұмаділов, Қалихан Ысқақ… секілді қазақ әдебиетінің классик жазушыларына қарсы орынсыз жұмсалып жатқан сойылдар, біздің кейбір сыншылардың әдебиетке биік өлшеммен емес, мысықтың көзімен қарай алатындығын ғана аңғартады. Тәуелді-тәуелсіз басылымдардың беттерінде айтылған сындардан (егер осылай айтуға болса) биік парасаттан гөрі өшпенділіктің айқын лебі сезіліп, топ-топқа, жік-жікке бөлініп, бір-бірінен кек алуға көшкен кейбір әдеби топтардың мысық тілеулес пиғылы байқалады. Әрине келешекте бұл туралы мәдениетті пікірталас ұйымдастырылса өз пікірімізді білдіруге болады, әзірше біз мысыққа шегіргүлдің (фиалка) де хош иісінің бар екендігін дәлелдеуді қажет санамадық.
Әңгімемізге қайтып оралсақ, Ұлықбек Есдәулет тырнақалды туындыларымен-ақ әдебиеттің есігін ақын болып ашып, поэзия дейтін жұмбақ әлемнің алтын сарайына емін-еркін кірді. Емін-еркін дейтініміз, ақынның тырнақалды туындыларындағы жүрегінен жыр болып төгілген кестелі сөз бен көркем ой, оның қабілет-қарымын ғана танытып қоймай, болашақтан үміт күттіретін үлкен талант иесі екендігінен хабар берді. Сондықтан да өзіндік қолтаңбасымен танылған Ұлықбек Есдәулет алғашқы жырларымен-ақ өлең әлемінде өзгеше жол табуға ұмтылды. Әсіресе ақынның осы ерекшелігі оның махаббат лирикасынан айрықша көрінді.
Ғашық жанды әлдилейтін ән керек,
Ғашық жанның басындағы хал бөлек.
Жаңбыр жауса тырсылынан оянам,
Іздеп келіп, есік қаққан сен бе деп.
Қашан болсын қайғы көрмей, жүр аман.
Тағдырдан мен басқа тілек сұраман.
Күн астында сыңғырласа күміс су,
Сенің күлкің естілгендей қуанам.
Ақынның жүрегінен төгілген ақжарма сыры сезім пернелерін дәл басып, кім-кімді де бей-жай қалдырмайды емес пе? Лирикалық қаһарманның табиғат көріністерінен, атап айтқанда жауған жаңбыр, жарқыраған күн, сыңғырлаған күміс судан ғашық жанына тән үйлесімділік іздеуі әрі табиғи, әрі шынайы шыққан. Өлеңді оқыған кезде, өзіңіз де ақынның лирикалық кейіпкерімен бірге, ғашықтық дертіне шалдыққандай әсер аласыз. Ғашықтық дертіне шегенделген сезім пернелерінің осылайша бұлқынуының заңдылық екендігіне еш күманданбайсыз.
Ұлықбек Есдәулеттің “Киіз кітап” атты жыр жинағына алғысөз жазған жазушы Әбіш Кекілбай “ақынды шындап түсінгің келсе, туған жерін барып көр” -деген қағиданы алдыға тартып, шын таланттың шығуына, кіндік қаны тамған топырағындағы тамылжыған әсем табиғаттың зор ықпалы болатындығына айрықша тоқталыпты. Сөз жоқ ақынның лирикалық жырларына, бала кезінде көріп, көңіліне түйген көріністердің зор әсер қалдыратындығы рас. Бірақ соған қарамастан ақынның жан әлемінің сұлу болуы, кіндік қаны тамған туған топырағындағы табиғаттың әдемі де, әсем болып жаратылуымен ғана байланысты емес. Алланың құдіретіне шек келтіруге болмайды. Кейде ит байласа тұрмайтын, қу далада зәулім бәйтеректер өсіп шығады, кейде алапат күш уата алмайтын қара тастың өзін гүл жарып шығады. Сол себептен де ақын Ұлықбек Есдәулеттің “Киіз кітап” атты жыр жинағындағы өлеңдерінің сұлулығы, ең алдымен оның жан әлемінің табиғатымен байланысты.
Шындығын айтсам, Ұлықбек Есдәулеттің “Киіз кітап” атты жыр жинағын қолға алғанымда, бұрынғы оқыған кітаптарындағы сыршыл әлемімен қайта қауышам ба деген үкілі үміттің жүрегімде қылаң бергені рас. Жалған тіршіліктің қиындығынан шаршағанда:
Түсіме бүгін кірді ауыл,
Түсімде жүрдім бала боп,
Басымда ой жоқ зілмауыр
Жанымда мұң жоқ, нала жоқ.
Пәтерден көшкен пәтерге,
Ақыны емес қаланың,
Тойынған бал мен шекерге
Еркесі екем даланың.
Емшектен шыққан балама,
Жүргем жоқ тіпті сүт те іздеп.
Кілегей тартқан анама
Тұр екем деймін “жұтқыз” деп,
деп, бала болуды армандайтын ақынның қиялшыл кейіпкерлерін қайта кездестірем бе деп ойлағам. Бірақ қателесіппін. “Киіз кітапты” соңына шейін оқып шыққанымда, бұрын соңды адам баласының аяғы баспаған жаңа бір әлемнің қалың орманына кіргендей әсер алдым. Ақынның жан дүниесінің есейіп кеткенін байқадым. “Киіз кітаппен” бірге менің де ойым өсе түскендей болды. Елдің, жердің, ең қорқыныштысы рухани құндылықтардың азып-тозып бара жатқандығын ерекше бір сезімталдықпен суреттеген ақынның жыр жолдарын оқығанымда, зарлық пен мұңлықтың қайғылы үні құлағыма жеткендей, жон арқама кірпі аунағандай, тұла бойым түршігіп кетті.
Бақ дегенім сорға айналды,
тақ дегенім көрге айналды,
көкірегіме шер байланды,
толайым.
Жер дегенім кебенек пе,
ел дегенім ебелек пе,
ер дегенім көбелек пе,
ағайын?!
Атамекен – алып тозақ,
мойнындағы қамыт қажап,
мойыдың-ау, ғарып қазақ,
аһ ұрып.
Құдайым-ау, ақын Ұлықбек Есдәулеттің жүрегінен жыр болып төгілген бұл өлең жолдарында, ақтабан-шұбырынды заманындағы Қожаберген жыраудың жанын күйдірген ызалы мұң ғана емес, көкірегі шерге толған бүгінгі уақыттың қасіреті жатыр ғой! Бүгінгі уақыттың! Маған сенбесеңіз, ақынның “Киіз кітап” атты жинағындағы тағы бір өлеңіне зейін қойып, Ұлықбек Есдәулеттің тартылып қалған Аралды көрген сәтіндегі жан күйзелісіне құлақ түріңізші:
Жүрегімді кім бар екен жебейтін,
тілегімді кім бар екен елейтін.
қапелімде қарап қалып айнаға
өзімді емес,
көрдім Арал шөлейтін.
Мен – кемемін қаңсып қалған жапанда,
мен - керегім жоқ жиһазбын Отанға,
мен – денемін Құс жолында адасқан.
мен – келемін індет болып жаһанға.
Тұла бойыңызды түршіктіретін, қорқынышты сурет емес пе бұл? Ақынның осы жыр жолдарын оқығанда Арал ғана емес, рухани дүниесі жұтап, тынысы тарылып, шөлейт далаға айналып бара жатқан әлем елестейді көз алдыңызға. Ақын шөлейтке айналған Аралды жыр арқауы ете отырып, бүгінгі таңдағы адам баласының жан әлемінің экологиясының азып – тозғандығын керемет бір сезімтал шеберлікпен бейнелейді. Сондықтан-да “Киіз кітапты” оқыған адамға, жаралы Барақ батырдың зары, кешегінің емес. қазақтың бүгінгі жаралы рухының символдық көрінісіндей әсер қалдырады.
Кеудеме менің күйдіріп киіз басыңдар,
бұл жара сонда асқынбас,
туырлықты түріп, түндікті түре ашыңдар,
тамағыма да тас тұрмас.
Жарылған басқа қарама,
мойында қалса болғаны,
тұсап жіберші далаға
жорықтан келген жорғаны.
Беу, аспанның асты кең дейді,
бесікке сыйып, есікке сыймай жүрсек те,
беймезгіл ажал келмейді
жабысқанымен тірсекке.
Маңдайға берген қарағайдайын мүйізді
қалаған шақта өзі қағады жаратқан,
баса түсіңдер, аяймысыңдар киізді,
аяймысыңдар Барақтан?!
ххх
Ақын Иосиф Бродский “Бірден де төмен” (Меньше единицы) атты әдеби эссесінде поэзияның ерекшелігі туралы айта келіп, “ақынның өмірін оның өмірбаянынан емес, өлең жолдарынан іздеу керек” деген ойын білдіріпті. Айтса айтқандай, расында да ақынның ешкім білмейтін, көпшілік үшін беймәлім жан сыры оның өлең жолдарының астарында көміліп жатады емес пе? Ақынның көміліп жатқан ойының құнарына терең бойлағанда ғана сіз оның тағдырын түсініп, алтын сарайының кілтін табасыз. Сондықтан да Ұлықбек Есдәулеттің дәуір тынысын суреттеген “Киіз кітабын” ақын әлемінің баррометрі деп қабылдау керек. Біз Ұлықбек Есдәулеттің өлеңдерін тілге тиек ете отырып, оның өзіне дейінгі ақындармен үндестігін әдейі іздемедік. Әр ақынның бір әлем екендігі рас болса, оның шығармашылық лаббараториясына үңілген сыншы, кез-келген жыр сүлейінің туындысынан ең алдымен ешкімге ұқсамайтын өзіне ғана тән бояуын табуға тырысады. Адам баласы жаратылған кезде, жалған дүниенің есігін онымен бірге өлең болып ашқан, мыңдаған ғасырлық тарихы бар дана поэзияда қайталанбайтын ой, қайталанбайтын идея, қайталанбайтын оқиға жоқ. Шын талантты ақындар, осының бәрін өз жүрегінің сүзгісінен өткізіп, өзіне тән бояуымен өрнектеп, басқаша дүние жасайды.
Неге екенін білмеймін, атақты жазушы Франц Кафканың шығармаларын оқыған кезімде, оның туындыларынан әйгілі суретші Шагалдың картиналарын көргендей әсерді басымнан кештім. Мұны айтып отырған себебім, ақын Ұлықбек Есдәулеттің “Киіз кітабын” оқу барысында салғаннан-ақ менің көзіме, қазақ тарихының суреті салынған ғажайып картина елестеді. Сол себептен де ақынның “Қалы кілем” атты антижарнамасындағы:
Жоқ,
бұл кілем сатылмайды,
сатылмайды,
оқырман,
жұтқан кезде ақын қайғы,
көз жасынан тоқылған,
деген шындығынына риясыз сендім. Ұлықбек Есдәулеттің “Киіз кітап” атты жыр жинағы маған, темірдей төзімділікпен жазған ақынның ұзақ жылдар бойғы ізденісінің жемісіндей көрінді. Сондықтан да ақынның:
Кемпірқосақ – түрлі реңде,
көзді жаулап құбылар.
көре білсең бұл кілемде
жүрегімнің түгі бар.
Әр өрмегі
сезімменен,
сағынышыммен боялған,
бұл кілемді
көзім дер ем,
көрмеге оны қоя алман,
-деп, айтуға толық қақысы бар ғой деп ойлаймын.
Ұмытпасаңыз әңгіме барысында, Ұлықбек Есдәулеттің “Киіз кітабының” ақынның бұрынғы жыр жинақтарына мүлде ұқсамайтын өзгеше көркем дүние екендігін сөз қылғанбыз. Образды түрде айтсақ, осы жыр жинақты зейін салып оқығанымызда, мақаламыздың тұсаукесерінде мысалға келтірген ақынның тырнақалды туындысындағы атасымен бірге ырғалған арбаның үстінде келе жатқан арманшыл бала Ұлықбектің енді өзінің де атасы секілді кемелденіп, ойының толысқанын көрдік. Енді ақын табиғаттан тек көркемдікті ғана іздемей, жанын мазалаған терең ойдың сәулесіне шомады.
Найзағаймен тілгіленген тастарың,
Жұлдыздармен шегеленген аспаның.
О, Ұлытау,
Ұлар үнді дастаным,
Маған қабақ ашпадың.
Жартастарың жарақатты жүректей,
Зымыраған ғасырлар-ай
қас-қағым.
… Тамған қаннан тас өртеніп барады!
Таңатұғын кім бар мына жараны?
Талқан болды тоғыз көзді кіреуке,
Тарс айрылып дүниенің талағы,
Қарс жабылды қаралы аспан қабағы.
Бұл ақынның Доспамбет жыраудың жаралы бейнесін суреттегені. Енді ақынның ұшақта келе жатып, туған жері Зайсандағы зілзаланы естіген сәттегі күйзелісіне назар бұрыңызшы:
Ет-жүрегім түскен сынды пышаққа,
мен отырмын,
неге отырмын ұшақта?
Ақша бұлттар сырғып жатыр әйнектен,
сәл ұмтылсам толатындай құшаққа.
Мен отырмын көк аспандай жыртылып,
жанарыма жас кеп қалды іркіліп.
сонау-сонау…
ақша бұлттар астында
жатыр менің туған жерім сілкініп..
Әділіне жүгінсек, “Киіз кітаптағы” тарихи тұлғалардың кеудесіне сыймаған мұң-шер бүгінгі қоғамның шындығынан хабар берген қазіргі аласапыран уақыттағы жаралы рухтың көрінісі іспеттес. Өз басым Ұлықбек Есдәулеттің “Киіз кітап” атты жинағын, құс қанатына жазылған жырға теңер едім. Мына аласапыран заманда, адамзат баласы өзінің өмірінен қауіптеніп, құстарды жаппай қырып жатқанда, Ұлықбек Есдәулеттің жырлары, мамық бұлттардың қасында жүрген киелі қарлығаштың шырылын еске түсіріп, көңіліңе мазасыз ой салады. Құлақ түріп көріңізші:
Білмеймін қандай туыстығым бар құспенен,
Бұл дүниеде ешкім жоқ маған ұш деген
Бірақ та дәйім түсімде ұшып жүрем мен.
Бір қанат қақсам-
Қалықтап жерге түспегем.
Немесе:
Қарлығаштар,
құйылып құбыладан.
келіңдерші көктемде тірі маған.
мен сендермен о баста бірге туып,
өздеріңмен өрбігем бір ұядан.
Ақынның осы жыр жолдарынан соң адамның құспен туыстығына сенбей көріңіз! Ұлықбек Есдәулеттің тотықұсқа арнаған мына бір өлеңінен, сағынышпен бірге, сынағын салған жалғыздықтың да лебі айқын сезілгендей:
Алтынмен торың апталған.
Өзегің толы өкініш.
Мен туып-өскен жақтардан,
Тарту боп келген тотықұс.
Кейуақта болдың сырласым,
Тотым-ау, менің тотым-ау.
Бейуақта болдың мұңдасым,
Біздің де көңіл жетім-ау.
“Киіз кітап” атты жыр жинағындағы бір өлеңінде ақын Ұлықбек Есдәулет өзіннің өмірінің жететін нысанасын басқаға емес, құс жолына теңейді.
Құс жолына жеткенше сенделемін,
Жеткен күні басылар шөлдегенім.
Тоқтата алмай түнеріп тұрарсыңдар,
Тауға тартқан табыттың дөңгелегін.
Құлағына
Қорқыттың күйі сіңбей,
Қоғам қалар Бетпақтың бүйісіндей.
Жырларымның жұпарын жұтарсыңдар,
Жұлып алған жусанның иісіндей.
Жұлдыз да емен,
Ай да емен,
Күн де емеспін.
Періштеге теңемес мүлдем ешкім,
Мен кетермін өзімнің Құс жолыммен
Найзағайдың тағдырын күндемеспін.
Басқасын білмеймін, бүгінгі таңда ең алдымен қырылып жатқан құстарға менің жаным қатты ашиды. Сол құстармен бірге біздің рухымыз құрып, мына дүниенің сұлулығы сөніп бара жатқандай ма, қалай? Әлемді сұлулықтың ғана құтқарып қала алатыны рас болса, өз қолымызбен қырып жатқан сұлу құстармен бірге, күндердің күнінде мына керемет дүние де құрдымға кете ме екен? Мүмкін әлемді сақтап қалу үшін адамзат баласы ең алдымен Құдайға жалбарынып, сосын құсқа ескерткіш орнатып, олардан кешірім сұрауы керек шығар. Неге екенін білмеймін, жалған тіршіліктің у-шуынан жалығып, сағына күткен жалғыздығыммен бетпе-бет қалған сәттерімде Ұлықбек ағамның “Киіз кітабындағы” мына бір өлең жолдары кеудемде құс секілді сайрайды да тұрады:
Өмір,
саған
келдім-кеттім
сонда нені тындырдым? –
зерін теріп зеңгір көктің,
ботананы тұндырдым.
Өмір,
саған
бардым-қайттым,
таңғы шықты мекендеп,
Құдайыма қайғыңды айттым,
Құлақ түрер ме екен деп…