Мұхтар Мағауин. Абай текстологиясына қатысты

1589
Adyrna.kz Telegram
Абайдың 1909 жылы Санкт-Петербургте шыққан алғашқы жинағы
Абайдың 1909 жылы Санкт-Петербургте шыққан алғашқы жинағы

Мұхтар Мағауиннің кезекті жаңа мақаласы жазушының жеке magauin.com веб-сайтында жарияланды. Абай өлеңдерінің текстологиясына арналған бұл мақалада ақын жинақтарындағы кемшіліктер мен алдағы жаңа жинаққа нұсқа болар ұсыныстар айтылған. Бүгінгі "Абай жолы" айдарына осы мақаланы қайтара жариялап, көпшілік назарына ұсынғанды жөн көрдік.  

 

Абай шығармаларының канондық нұсқасы бұдан сексен бес жыл бұрын қалыптасты. 1909 жылғы алғашқы кітабынан тамыр тартқан, бұдан соң, 20-30-жылдарда жүре толығып, түзелген, ақыры, 1939 жылы, латынша басылған екі томдық «Толық жинақта» белгілі бір өреге жеткен барлық басылымның түйінді қорытындысы – ұлы ақынның жүз жылдығына орай, 1945 жылы жарыққа шыққан академиялық, үлкен бір томдық болатын. Бүгінгі күнде түйінді, ең бір сенімді түпнұсқа есепті деп айтар едік.

Əйтсе де... Ғылым атаулы, оның ішінде əдебиеттану, яғни бұл ретте абайтану үнемі жаңғырып, жетіліп отырмақ. Осы тұрғыда, ұлы ақын шығармаларының текстологиясы да жаңаша көзқарас орайында, ең бастысы – жеке бір туындылардың ішкі табиғаты, сыртқы түрінен бастау алатын байып, тұжырымдарға жол ашса керек. Абай шығармаларын түгендеу, толықтыру жəне нұсқалау – арғы, бергі замандағы жəне қашанда ең ғұлама абайтанушы болып қала беретін Мұхтар Əуезовтің ересен еңбегінің арқасында жүзеге асты. Мұхаң сол тар заманның өзінде бүткіл қазақ халқына Абайды Абай қалпында танытып кеткен еді. Мəтіндерінің нақтылығынан бастап, үйлесімді уəзінге дейін ғылыми екшеу, қапысыз тексерістерден өткерді. Атап айту керек, Абайдың түбіне жету тым қиын. Елеулі тұрғыларды айтпағанда, ұсақ-түйекке дейін жіті қадағалауға тым көп уақыт кетер еді. Сондықтан да Мұхаңнан кейінгі заманда Абай текстологиясының жекелеген сəттеріне қатысты əрқилы, кейде кереғар пікірлер айтылып жүрді. Тіпті, ортақол бір əдебиетші Абай текстолгиясындағы олқылықтар туралы тұтас бір еңбек жазды. Шағын кітап. Байыптай қарасақ, бастан-аяқ жорамалға құрылғанын көреміз. Мына біз бір де бір сөзін алмас едік. Өйткені, 1909 жылғы алғашқы жинақ, Мүрсейіттің көшірмелері негізінде қалыптасқан кейінгі басылымдар өз алдына, ұлы Абайдың көлденеңнен қарағанда қисынсыз, көпе-көрнеу жаңсақ тəрізді кез келген сөзін жаңарту, өзгерту үшін үлкен жауапкершілік керек. Білгірлік емес, танымның ең жоғарғы деңгейі. Осы орайда, жүз жылдық абайтану ғылымының ең соңғы түйінді қорытындысы – Абай шығармаларының 2020 жылы жарыққа жеткен үш томдық академиялық жинағы деп танылуға тиіс. Біздің ендігі азды-көпті толғамдарымыз осы соңғы басылым төңірегінде өрбімек.

1

Айттық, шын мəнісінде абайтанудың түп негізі барлық заманда бас абайшыл болып қала беруге тиіс ұлы Мұхтар Əуезовтің риясыз, күрделі, əрі жанкешті ғаламат еңбегінің нəтижесінде жүзеге асқан еді. Жəне Абайдың алды, артын түгелдей аршыған, болашаққа үлгі тастаған ұлы Мұхаң қашанда айнымас үлгі болып қала беруге тиіс. Бұл ретте М.Əуезов заманының алмағайып қиындығы, шектеулі тар шеңбер жөнін, фашистік идеологиямен қатар, анталаған көп наданның қырсық, кеселін алға тартпай-ақ қоялық. Өзінің ғылыми зерттеулері, тарихи тетралогиясы арқылы Абайды əуелі қазаққа, содан соң бүткіл советтік империя шегінде ғана емес, белгілі мөлшерде əлем жұртшылығына да танытқан ұлы жазушы, ұлы ғалым бірталай «ұсақ-түйекке» назар аударуға, əлде мұршасы келмеген, əлде қазбалай дəйектеуді қажет таппаған сияқты. Мəселен, Абай өлеңдеріндегі тыныс белгілері. Жəне уəзін жөні де ақырғы межесіне жетпегенін көреміз.

Əлбетте, тыныс белгілері сөйлем құрылысын қалыптаумен қатар, теріс қойлыған жағдайда, түзікті бұзуы, тіпті, мағналық жаңсаққа ұшыратуы кəдік. Қашанда нүкте (.) мен үтір (,), қос нүкте (:) мен үтірлі нүкте (;) ғана емес, сұрау (?) мен леп (!) белгілері, сызықша (–) мен көп нүкте (...) мəтін мазмұнымен қатар, оның мəн-мағнасын да айқындай түспек.

Осы, тым жұпыны көрінетін, шын мəнісінде айрықша маңызды жазу нұсқалары Абайдың 20-30-жылдар тұрыпты, 1945 жылғы толық жинағынан бастап, бұдан кейінгі қос томдықтар, ақыры біз тəжірибелік нұсқа ретінде арқау қылмақ үш томдыққа дейін жаппай ұшырасатын үлкен кінəрат. Яғни, əдепкі тыныс белгілерінің тиесілі орнын таппауы, тіпті, жаңсақ таңбалануы.

Абайдың əрқилы басылымдарындағы кез келген өлеңінің тұрпатына қараңыз. Мəселен, əйгілі «Айттым сəлем, қаламқас»:

Айттым сəлем, қаламқас (үтір)

Саған құрбан мал мен бас (нүкте)

Сағынғаннан сені ойлап (үтір)

Келер көзге ыстық жас (нүкте)

Бір шумақ – екі сөйлемге жіктелген. Шын мəнісінде жалғыз-ақ сөйлем болуға тиіс. Əуез бен мағна жағынан ғана емес, шумақтың тұтастығы үшін.

Айттым сəлем, қаламқас,

Саған құрбан мал мен бас (үтір)

Сағынғаннан сені ойлап,

Келер көзге ыстық жас.

Бұрынғы-соңғы барлық басылымда осы алғашқы шумақ қана емес, бүткіл өлең, ең соңына дейін, əр шумақта қақ ортасынан бөлініп отырған.

Қылығыңа жоқ ағат (үтір)

Қарап тойман жүз қабат (нүкте)

Ыстық тартып барасың (үтір)

Бір сағаттан бір сағат (нүкте)

Нақты көрсеткеніміздей, екінші тармақ соңындағы нүкте (.) əдепкі үтірмен (,) алмасуға тиіс еді. Осы бір өлең, бір үзіктер ғана емес, бүткіл Абай, кез келген жаңа шумағында үнемі екіге жарылып отырады. Мəселен:

Жазғытұры қалмайды қыстың сызы,

Масатыдай құлпырар жердің жүзі (нүкте)

Жан-жануар, адамзат анталаса,

Ата-анадай елжітер күннің көзі.

Айтқанымыздай, біртұтас құрмалас сөйлем ешбір қисынсыз екі жай сөйлемге жіктелген. Абайдың ұзына бойында. Рабайсыз іркіліс өз алдына, сол екі сөйлем екі жаққа тартып тұрмақ. Кейде алдыңғы сөйлем аяқсыз, келесі сөйлем бастаусыз қалатыны да бар. Мəселен, мезгілсіз өткен ұлы Əбдірахманға қатысты зарлы толғаудың бірінде:

Орынсыз айтпаған,

Түзу жолдан қайтпаған (нүкте)

Арнау өлеңнің кейіпкері – Əбіштің өзі екені көрініп тұр. Енді осы, тиянақталған сөйлемнен кейінгі екі тармақ:

Жақсылық қылар орында

Аянып бойын тартпаған.

Кім? – деп сұрасақ қисынды. Бұл кім? Əбдірахмен емес. Алғашқы екі тармақтан соң нүкте (.) қойылған себепті, ой жүйесі үзіліп қалған. Анығы:

Орынсызды айтпаған,

Түзу жолдан қайтпаған (үтір)

Жақсылық қылар орында

Аянып бойын тартпаған.

Яғни, Əбіш туралы біртұтас толғам, екі емес, бір сөйлем арқылы берілген.

Сондай-ақ:

Мəз болады болысың,

Арқаға ұлық қаққанға (нүкте)

Ендігі жалғастық:

Шелтірейтіп орысың,

Шенді шекпен жапқанға.

Тағы да қайыра сұрауға мəжбүрміз: шенді шекпенді кім, кімге жауып тұр? Болысымыз мəз болды да бітті. Өйткені, біртұтас сөйлем қақ ортасынан тиянақтаушы нүктемен тұжырылған. Мағналық жəне мазмұндық тұтасына қарасаңыз, тап былай екен:

Мəз болады болысың,

Арқаға ұлық қаққанға (үтір)

Шелтірейтіп орысың

Шенді шекпен жапқанға.

Бар жоғыңыз түгенделді.

Сондай-ақ:

Асқа, тойға баратұғын,

Жаны асығып, жас жігіт (нүкте)

Қолға кетті, жауға бір күн,

Тірі адамның ісі – үміт.

Екінші тармақ – қақ ортадағы нүктені үтірмен алмастырыңыз. Тек осы, мысалға келтірілген екі-үш өлең ғана емес, Абайды бастан-аяқ, төрт тармақ атаулыны қайыра түгендеп шығасыз.

Енді, төрт тармақтан гөрі күрделірек шумақтар.

Тайға міндік,

Тойға шаптық,

Жақсы киім киініп (нүкте)

Үкі тақтық,

Күлкі бақтық,

Жоқ немеге сүйініп (нүкте)

Күйкентай күтті,

Құс етті,

Не бітті?

Ортаңғы екі жолдағы орынсыз нүктелерді алып тастаңыз. Тоғыз тармақты, əдемі бір сөйлем болып шығады.

Ұқсас, үйлес тағы бір үлгі:

Ем таба алмай,

От жалындай

Толды қайғы кеудеге (нүкте)

Сырласа алмай,

Сөз аша алмай

Пендеге.

Ортаңғы нүктенің қисыны жоқ. Өйткені бұл үзік те құрмалас кейіпті бір сөйлем.

Сондай-ақ, алты тармақты «Бай секілді» жəне артық нүктелерден құтылуы керек. Бұлар ғана емес, тағы қаншама өлең қазіргі шектеулі қалыбын ұзартуға тиіс.

Мұндай орынсыз, қисынсыз жəне мағнасыз, жаңсақ нүктелер, əсіресе əйгілі «Сегіз аяққа» айрықша зардап келтірген. Толғаудың əр шумағы – сегіз тармақтан құралған жəне күмəнсіз, бұл сегіз тармақ – бөлшек емес, бүтін, тұтас бір сөйлем.

Алыстан сермеп,

Жүректен тербеп,

Шымырлап бойға жайылған;

Қиюдан шауып,

Қисынын тауып,

Тағыны жетіп қайырған;

Толғауы тоқсан қызыл тіл,

Сөйлеймін десең өзің біл.

Бəрі жөн, əрбір тармақ, тыныс белгілерімен қоса, тұпа-тұп өз нұсқасында. Тек қана, үтірлі нүктелердің (;) орнына əдепкі үтір қойсақ қисындырақ. Бірақ қате жоқ. Дəп осы күйінде 2020 жылғы жинақта тұр. Алайда... бұл – академиялық басылымға тиесілі таңба емес. Шынын айтсақ, бір заманда Мұхтар Мағауин қалыптаған үлгі. Үтір, нүктесіне дейін. Алғаш рет Абайдың 1986 жылғы, сол кісі басқарған екі томдығында. Бүткіл «Сегіз аяқ» бастан-аяқ, дəп осы үлгімен. Бұдан соң, «Жазушы» баспасы 1995 жылы шығарған мерекелік екі томдықта көрініс беріпті. Осы бастапқы бір шумақ қана. Енді 2020 жылғы академиялық үш томдықта. Жөн екен дейік. Бірақ манағы алғашқы сегіз тармақ. 1986 жылғы аталмыс топтамадан қаз қалпында ала салған. Онша жөн болмай тұр. Өйткені, біздің нұсқа толығымен қабылданбапты. Тек əуелгі, бастапқы шумақ қана 1986 жылғы үлгіде. Бұдан əрі... аттап жүрмеген. Енді баяғы кепеш. Жаңа, академиялық үш томдықта əр шумақ, тұтас бір сөйлемді қатарынан үш рет бөлшектеген, кембағал қалпында. Неге алғашқы шумақты ғана жаңа үлгіде қабылдап, бұдан соң қалған жиырма төрт шумақты бұрынғыша қотара салған деп бас ауыртпайық. Академиялық қайраткерлер тапа-тал түсте жан қинап, үтір мен нүктені шұқылап отырудан жалығып кеткен де, үйреншікті соқпаққа қайтадан түскен. Анығы – бұларға 1986 жылғы басылым мүлде белгісіз қалыпты. Енді мінекиіңіз:

Өткірдің жүзі,

Кестенің бізі

Өрнегін сендей сала алмас (нүкте)

Білгенге маржан,

Білмеске арзан,

Надандар бəһра ала алмас (нүкте)

Қиналма бекер тіл мен жақ,

Көңілсіз құлақ – ойға олақ.

Қайталап айтайық, айрықша көркем жəне терең мағналы өлең шумағы – сегіз тармақты бір сөйлем. Мəнсіз, мағнасыз, шалағай үш бөлшекке жіктедік. Жəне бүткіл «Сегіз аяқты» ақырына дейін.

Енді 1986 жылғы нұсқамызды қайыра байыптасақ:

Алыстан сермеп,

Жүректен тербеп,

Шымырлап бойға жайылған,

Қиюдан шауып,

Қисынын тауып,

Тағыны жетіп қайырған,

Толғауы тоқсан қызыл тіл,

Сөйлеймін десең өзің біл.

 

Өткірдің жүзі,

Кестенің бізі

Өрнегін сендей сала алмас,

Білгенге маржан,

Білмеске арзан,

Надандар бəһра ала алмас,

Қиналма бекер, тіл мен жақ,

Көңілсіз құлақ – ойға олақ.

Міне, осы құрылым, осы үлгімен басынан соңына дейін – жиырма бес шумақ тұтасымен. Ендігіде ұлы Абайдың барлық өлең мұрасын біз шет-жағалап көрсеткен үлгі бойынша, тыныс белгілерін жаңаша қалыптап, түзеп шығу – ешқандай қиындыққа түспесе керек. (Бір уайым жүз қайғыны қозғайды дегендей, ренішпен еске түсті: бұдан қырық жыл бұрын, қайыра шығып жатқан Шəкерім шығармаларының уəзін, өлшеміне қатысты көлемді мақала жазып едік, бəрін бірдей қамту мүмкін емес, нақты бір мəтіндерді мысалға келтіріп; кейінгі басылымдарда көбі түзетіліпті, бұл сөз – манағы атаулы үзіктер турасында ғана, ал дəп осы үлгідегі тағы қаншама өлең сол бұзылған қалпы, күні бүгінге дейін нешеме қайыра жарияланды; ал негізі берік Абайдың жағдайы басқаша, менің осы орайдағы, айтқан жəне айтылмаса да айқын танылып тұрған барлық лепесім ерте ме, кеш пе, мүлде ескерусіз қалмас деп үміттенем.)

2

Енді Абай өлеңдерінің сыртқы құрылымы – уəзін турасында азғана сөз.

Ескі қолжазбаларда қандай да өлең-жырдың сыртқы құрылымы ескеріле бермейді. Мəселен, «Сегіз аяқ» міндетті түрде сегіз тармақ ретінде таңбалануы шарт саналмаған. Бір жолын екінші жолға тіркелей береді: «Алыстан сермеп, жүректен тербеп, шымырлап бойға жайылған...» деген сияқты. Осы ретте мен жақсы білетін, түбегейлі зерттеп таныған Шəкерім қолжазбалары бастан-аяқ дерлік қара сөз үлгісімен таңбаланған еді. Aқын ақталған кезде, оңай олжа тауып, жапырлай ұмтылған «шəкерімтанушылар» сол беті көшіріп, көп ретте сол қалпында дерлік баспаға ұсынып жүрді. Ал Абайдың жөні басқаша шешім тапқаны əуелденақ сауатты қолға түскендіктен. «Сегіз аяқ» – сегіз тармақ ретінде, басқа өлеңдер де қадарынша, тиесілі жол, дербес шумақтарымен ажыратылып. Əйткенмен, бұл ретте де назардан қақас қалған жағдайлар ұшырасады.

Ұлы Абай əу бастан, жас кезінде өзгеше үлгілі шығыс əдебиетін игере таныған еді.

Фзули, Шəмси, Сəйхали,

Науаи, Сағди, Фердауси,

Хожа Хафиз – бұ һəммəси –

ақындық мектебінің бастауы болды. Осы ретте бізге жеткен санаулы туындылары: «Йүзі – раушан, көзі гауһар» шəкірттік еліктеу десек, «Əліфби» өлеңі – білімдар ғана емес, шығыс поэзиясының қыр-сырын еркін игерген кемел туынды. Ал ақындық жолға бас қойғаннан соң жазылған алғашқы махаббат жырлары – шығыстың классикалық поэзиясының мазмұндық жəне пішіндік ауқымынан алыс емес. Сыртқы сыпатына келсек, қосарлы бəйіт үлгісі Абайдың бүткіл ғұмырына созылған. «Қан сонардан» өтіп, «Қысқа» жалғасады. Бұл ерекше жағдайды Абайдың орыс аудармашылары бірден байқаған. Тіпті, төрт тармақты шумақ емес, егіз жол арқылы тəржімалап жатады. Бірақ біздің тұрғыдан көп байқала бермейтін жағдайы бар. Осы ретте біз Абайдың үйреншікті үлгімен басылып жүрген кейбір өлеңдерін басқаша қалыптар едік. Мəселен, «Сəулең болса кеудеңде». Бұрнағы жəне соңғы (2020) басылымдар бойынша:

Сəулең болса, кеудеңде,

Мына сөзге көңілің бөл (нүкте)

Егер сəулең болмаса,

Мейлің тіріл, мейлің өл.

Танымассың, көрмессің,

Қаптаған соң көзді шел (нүкте)

Имамсыздық намазда

Қызылбастың салған жол...

Жеті-сегіз жолдық шалыс ұйқас сияқты. Шын мəнісінде мүлде басқаша:

Сəулең болса кеудеңде, мына сөзге көңілің бөл,

Егер сəулең болмаса, мейлің тіріл, мейлің өл.

Танымассың, көрмессің, қаптаған соң көзді шел,

Имансыздық намазда қызылбастың салған жол...

Егіз ұйқасты (а-а, а-а) бəйіт үлгісі. Жəне бастан-аяқ аттамалы емес, өлеңнің ақырына дейін созылған келісім.

Аттамалы бəйіт үлгісі:

Əуелде бір суық мұз – ақыл зерек,

Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек.

Тоқтаулылық, талапты шыдамдылық –

Бұл қайраттан шығады, білсең керек.

Ақыл, қайрат жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боласың, елден бөлек...

Бұл – біздің қалып: а-а, ə-а, б-а...

Бұрнағы жəне кейінгі басылымдар жөні:

Əуелде бір суық мұз – ақыл зерек,

Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек.

Тоқтаулылық, талапты, шыдамдылық,

Бұл – қайраттан шығады, білсең керек...

Абайдың дəстүрлі бəйіт үлгісін жаңаша жетілдірген реттері де бар.

Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,

Жоқ-барды, ертегіні термек үшін,

Көкірегі сезімді, тілі орамды

Жаздым үлгі жастарға бермек үшін, –

Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар,

Көңілінің көзі ашық, сергегі үшін.

Егіз емес, үш егізден құралған алты тармақ. Əйткенмен ұйқасы ежелгі үлгі бойынша: а-а, ə-а, б-а... Жинақты алты жол – бір шумақ.

Абайдың мазмұндық, түрлік тұрғыдағы өзгеше бір шығармасы – «Сен мені не етесің».

Бұрнағы басылымдарда – жиыны он екі шумақ. 2020 – академиялық жинақта кəміл аңдап, ортақ ұйқасты, қатарлас екі шумақты жаңадан біріктіріп, күрделі алты шумаққа түсіріпті. Жөн-ақ. Алайда, уəзінде ескерілмей қалған бір кілтипан бар еді. Бұрнағы бір шумақ – жеті тармақ, ендігі қосарлануда он төрт тармақ болып тұр. Шын мəнісінде, алты да – он екі тармақ болуға тиіс. Үздік туындының əуезі мен екпіні сол қалпында сақталуы үшін.

Енді ажырата қарастырайық.

Академиялық басылым, тыныс белгілері біздің нұсқада:

Сен мені не етесің?

Мені тастап,

Өнер бастап,

Жайыңа,

Жəне алдап,

Арбап,

Өз бетіңмен сен кетесің.

Неге əуре етесің?

Қосылыспай,

Басылыспай,

Байыңа,

Жəне жаттан

Бай тап,

Өмір бойы қор өтесің...

Өте күрделі құрылым. Түйдекті, ұзақ шумақтың алғашқы бөлігі мен кейінгі бөлігі өзара шарпысып жатқан ілгішек тағы бар. Əйтсе де, академиялық басылымда бұрнағы жорамен бір жол артық шыққан. Бұл – бесінші, алтыншы, жəне соңынан санағанда екінші, үшінші тармақтар. Анығы – бір ғана жолдан: «Жəне алдап, арбап»... «Жəне жаттан бай тап». Алысырақтан болса да, өзара ұйқасып тұр. Үшінші тармақта айқынырақ: «Арманда өмір өтті...», «Ажал уақыты жетті». Екеу емес, бір жол. Бұл ретте, жаңарған екінші шумақтағы: «Иттей қормын, зармын» деген ішкі ұйқасқа алданбауымыз керек. Ұзақ өлеңнің қайырымында жалғыз-ақ рет ұшырасқан жағдаят.

Енді, классикалық мəтінді тұтасымен қайталап жатпас үшін, біздің ұғымда бірге тұруға тиіс қос тармақтарды қайыра байыптасақ, былай болып шығады. Басынан тартқанда: «Жəне алдап, арбап» – «Жəне жаттан бай тап»; «Иттей қормын, зармын» – «Бүгінгі күн бармын»; «Арманда өмір өтті» – «Ажал уақыты жетті»; «Шегінісіп қайтпас» – «Ешкім сөгіс айтпас»; «Бір сөз айтар хал жоқ», – «Ішіңде ыстық қан жоқ»; «Қылмаған соң алла» – «Сұрамас деп қалма».

Енді əйгілі «Айттым сəлем, қалам қас».

Жалпы жұртқа белгілі əуезді қайталап берсек артық емес. Неге екенін артынан аңдайсыз. Сонымен:

Айттым сəлем, қалам қас,

Саған құрбан мал мен бас (нүкте)

Сағынғаннан сені ойлап

Келер көзге ыстық жас.

Сенен артық жан тумас,

Туса туар, артылмас (нүкте)

Бір өзіңнен басқаға

Ынтықтығым айтылмас.

Хош. Бəрі орнында тұрған сияқты. Шындығында сəл-пəл басқаша. Жоғарыда ескерткен артық нүктелер өз алдына. Атақты əуездің əр шумағы төрт тармақтан еді ғой. Бажайлап қарасақ, қызғылықты жағдаят. Міне, қараңыз: қалам қас – мал мен бас, – ыстық жас – жан тумас – артылмас – айтылмас. Бұдан əрі бойласаңыз, өлең бастан-аяқ егіз төрт жол, өзара кіріккен сегіз тармақтан құралады екен, ұйқас та соған орай: айнымас – қайрылмас – айрылмас – қарамас – жарамас – жалаңаш... Əн-өлеңнің ақырына дейін. Яғни, Абайдың алдағы басылымдарында əр шумақ сегіз тармақтан есептелуі керек. Бұл да көркем, өзгеше бір үлгі. Жігіт сөзіне орай қыз сөзі де бастан-аяқ, өзара үйлес екі шумақ біріккен сегіз тармақтан тұрады.

Ұйқас, немесе тармақ жөні емес, сөздің мəтін ішінде жаңсақ орналасуына мысал. Сырттай қарағанда, мүлде елеусіз кінəрат емес. Міне:

Ем таба алмай,

От жалындай,

Толды қайғы кеудеге (үтір),

Сырласа алмай,

Сөз аша алмай,

Пендеге.

Əдепкі, орынсыз нүктені айтпағанда, ештеңе бүлінбесе де, бұл қалпында өлеңнің ырғақ, əуезі бұзылып тұр. Бесінші тармақ неге басқа қатарда таңбалануы керек? Шын мəнісінде төртінші тармақпен егіз емес пе. Ендеше:

...Сырласа алмай,

Сөз аша алмай

Пендеге.

Бұдан əрі осы үлгімен кете беруге тиіс:

Ұйқы, тамақ

Қалды тым-ақ

Керегі жоқ іс болып (үтір)

Жай жатпағым

Тыныш таппағым

Күш болып.

Абайдың өзгеше тұрпатты өлеңінің бірі – баллада кейіпті «Асқа, тойға баратұғын». Барлық басылымда жеке шумақтардың ара жігімен, алайда жалғас, біртұтас берілген. Шын мəнісінде бұл өлең өзара дербес алты бөліктен құралған. Алғашқы екі шумақ – экспозиция, болмыстың мəн-жайы:

Асқа, тойға баратұғын (үтірсіз)

Жан асығып жас жігіт (нүкте емес, үтір)

Қолға кетті, жауға бір күн,

Тірі адамның ісі – үміт.

Қозғады жау батыр ерді,

Жауға сойқан салғалы (үтір)

Қалыңдығы қала берді,

Жатыр еді алғалы.

Келесі, үшінші шумақ – авторлық баға:

Асықсаң да шырағым,

Саған деген құданың

Жазылған жоқ жарлығы,

Есіткен жоқ құлағың.

Болашақ трагедияның əуелгі елес, ескертпесі. Əлбетте, алдыңғы шумақтардан бөлініп, қайырма сияқты, азат жолдармен берілуге тиіс.

Жалғас екі шумақ – қалыңдықтың ұшпа көңілі, келешек тойға əзірлігі. Алдыңғыдай, өлеңнің ендігі қайырмасы есепті, айырма – қатер белгісі сыз береді:

Сен асыққан екен деп,

Алла əмірін өзгертпес (үтір)

Айтқаның болар ма екен деп,

Мен қорқамын, көз жетпес.

Енді майдандағы жігіттің жағдайы. «Жара басты кеудені!» – қазаға  ұшырады. Қайғылы жағдайды естіген қалыңдық та, тəрізі, нала мен құсадан дүние салады. Əуелден жазмыш екен.

Ең соңғы шумақ – тағы да авторлық баға, балладаның түйіні:

Шыны ғашық жар болса,

Неге өлдім деп налымас (үтір)

Онда екеуі кез келсе,

Бірін бірі танымас.

Мүлде күтпеген шешім. Екі ғашық о дүниеде өзара бөтен, бірін бірі танымайды, яғни, махаббат – бұ дүниелік қана құбылыс екен.

Біздің мақсат – өлеңді талдау емес, кейінгі басылымдарға кеңес. Оқиға өрісі, авторлық анықтамаларға қарай, қазіргідей ара жіксіз, жалғас беру – өзгеше балладаның мазмұны ғана емес, əсеріне де кері ықпал етпек.

3

Енді, уəзінге қатысты, осы уақытқа дейін орнын таппаған бірнеше кілтипан.

«Оспанға», екінші жоқтау. Мəтін өз орнында, өлең тармақтары да тиісінше жіктелген. Алғашқы шумақ – барлық басылым, оның ішінде 2020 жылғы академиялық нұсқа:

Кешегі Оспан,

Бір бөлек жан,

Үйі – базар, түзі – той (нүкте емес, үтір)

Ақша нəрсе

Ала берсе,

Ат та мінсе, көнді ғой.

Соңғы тармақтар басқаша түзілуге тиіс:

Ақша нəрге

Ала берсе,

Ат та мінсе

Көнді ғой.

Бұдан əрі:

«Ала берден»,

«Келе көрден»

Бір күн басын бұрды ма?

Келді қаптап,

Алды сап-сап,

Кетті мақтап, тұрды ма.

Жаңағы үлгі бойынша:

Келді қаптап,

Алды сап-сап,

Кетті мақтап,

Тұрды ма.

Арнау бастан-аяқ алдынала бекітілген мінсіз ұйқасты: а-а-ə, б-б-ə... Жиыны əр шумақта алты жолдан емес, жеті жолдан. Бастан-аяқ.

Атап айтар бір жағдай, соңғы, 2020 жылғы басылымда шумақтардың ара жігі қосылып, шұбыртпалы, біртұтас өлең болып шыққан. Мүлде қате көрініс. Алдағы заманда бұрнағыша, тиесілі шумақтар жөні, тек жаңаша жіктеумен берілуі шарт.

Жалғас, 1993 жылы жазылған «Бойы бұлғаң» да осы ретпен қалыптануға керек. Əрине, артық, орынсыз нүктелерден арылып.

Қазіргі нұсқа нақпа-нақ, «Оспанға» бойынша берілген:

Бойы бұлғаң,

Сөзі жылмаң

Кімді көрсем, мен сонан

Бетті бастым,

Қатты састым,

Тұра қаштым жалма-жан.

Оңы – жаңағы үлгімен:

Бетті бастым,

Қатты састым,

Тұра қаштым

Жалма-жан.

Əмсе, өлеңнің ұзына бойында:

Түзде мырзаң,

Үйде сырдаң,

Сөзі қылжаң

Еркесіп.

Ең ақырында:

Əз тұтуға

Сыйласуға

Қалмады жан бір татыр,

Сыпыра батыр,

Пəле шақыр,

Болдың ақыр

Тап-тақыр

Жəне:

Су жұғар ма,

Сөз ұғар ма,

Сірə жылмаң желбуаз,

Айтты – көндім

Алды – бердім,

Енді өкіндім,

Өзіме аз.

«Қатыны мен Масақбай». Былығып кеткен. Əу бастағы құрылымы бұзылыпты. Тіпті, жүз жылдық толық жинақ ескерілмеген. Тақырыпқа сəйкес екі бөліктен тұратын өлең еді. «Байы», «Қатыны» деп жіктелетін. Ал кейінгі басылымдар, оның ішінде 2020, академиялық нұсқада ажыратусыз, қосылып берілген.

Сонымен, таратып айтсақ, түпнұсқада əуелі «Қатыны»:

Сырмақ қып астына

Байының тоқымын,

Отының басына

Төрінің қоқымын

Бүксітіп,

Бықсытып,

Қоқсытып келтірді.

Бəрі жөн. Тек қана соңғы тармақ ажыратылуға тиіс:

...Қоқсытып,

Келтірді.

Жалғас екінші шумақтың соңында:

Бүксиіп,

Сексиіп,

Түксиіп

Өлтірді –

болуға тиіс. Алдыңғы «Келтірдімен» берік ұйқасып тұр.

Ендігі анықтама тақырыпша – ол да соңғы басылымдардың бəрінен түсіп қалған «Масақбай». Мұнда да алғашқы орамның соңында:

Келді, ойбай

Салды айғай,

Түк қоймай боқтады.

Нақпа-нақ. Əйткенмен бұл ретте де соңғы тармақ екіге бөлінуге тиіс:

...Түк қоймай

Боқтады.

Масақбайға қатысты келесі шумақтың ақыры:

Барқылдап,

Тарқылдап,

Салпылдап

Тоқтады –

болуға тиіс. Солай қалыптасақ, əзіл мен кекесінге құралған, тіпті, мəнсіз көрінуге мүмкін, қатардағы өлеңнің бірі өзінің шынайы көркемдік биігін табады екен.

Енді өткенге азғана шегінсек, «Ем таба алмай...» деп басталатын өлеңді аттап кете алмаймыз. Ілкіде ұшырасқан, тым күрделі емес, бірақ əуез бен ырғаққа қайшы кінəрат. Соңғы, 2020 жылғы басылым бойынша:

Ем таба алмай,

От жалындай,

Толды қайғы кеудеге (нүкте)

Сырласа алмай,

Сөз аша алмай

Пендеге.

Бір шумаққа сыйған бір сөйлем, үйреншікті ғадет бойынша екіге бөлініпті. Бұдан соң, төртінші, бесінші тармақтар неге ажыратылған – өзара ұйқасты егіз жолдар емес пе. Сонда табиғи қалыбы:

Ем таба алмай,

От жалындай,

Толды қайғы кеудеге,

Сырласа алмай,

Сөз аша алмай

Пендеге.

Өлеңнің ақырына дейін осы тұрпат.

Тағы бір кілтипан бар. Соңғының алдындағы шумақ:

Жас теректің

Жапырағы

Жамырайды, соқса жел (нүкте)

Түсті мойын,

Толды қойын,

Ақты сел.

Манияға айналған ортаңғы нүктені, соңғының алдындағы егіз ұйқасты қос тармақты айтпасақ, əлдене жетіспей тұрғаны, əдепкі əуез бұзылғаны анық аңдалады. Өлеңнің ұзына бойына созылған қалыпты ырғақ пен ұйқасқа назар аударсақ, оп-оңай айғақтар едік. Бал ашып, немесе əлдебір түпнұсқаны іздестіріп əуре болмай-ақ нақпа-нақ айқындалмақ.

Мінекиіңіз:

Жапырағы

Жамырайды

Жас теректің соқса жел,

Түсті мойын,

Толды қойын,

Ақты сел.

4

Абайдың бастауы – «шығыс ақындарынша» толғаған «Йүзі – раушан, көзі – гауһар». Академиялық та, қатардағы толық жинақтар да, тіпті, кез келген көлемді жинағы осы өлеңмен ашылуға тиіс. «Кім екен деп келіп ем түйе қуғаннан» емес. Бұл – ауызекі жеткен, бала Абай əлдеқалай айтып тастапты-мыс, жадағай бір шумақ. Тамағы тоқ, жағдайы озық, небəрі он - он бір жастағы бай баласының бейəдеп шолжыңы. Тіпті, қаншама заманнан соң əлдекімнің есінде сақталып, сол қалпы таңбаға түсуінің өзі күмəнді. Əлбетте, көркемдігі жəне төмен. Жинақтан жинаққа сүйрелей берудің қисыны жоқ. Біз қатысқан 1977 жылғы академиялық екі томдықта да, біз басқарған 1986 жылғы екі томдықта да аттап кеткенбіз. Алдағы уақытта да қатарға қосылуға тиіс емес.

Енді 2020 – академиялық үш томдықты түйіндеп тұрған өзгеше бір «жаңалық» туралы. Абайға тиесілі өлең деп саналған. Бұрнада 1977 жылғы, ол да академиялық екі томдыққа енген еді. Ақыры, біржола бекігендей, үш томдықтан орын тауыпты. Өткен əр заманда ара-тұра «Абайдың жаңа бір өлеңдері» табылып жататын. Шын мəнісінде, Абай сарынындағы, еліктеуіш, немесе негізі қисынсыз дүниелер. Ешқашан ешқайсы атаулы топтамаларға енген емес. Бұл жолы өзгеше жағдай: ауызша, немесе көлденең таңбалар арқылы емес, төңкерістен бұрын басылған əлдебір кітапқа шыққан нұсқа депті. Айта кету керек, Абайдың бірнеше мағлұм өлеңі бой көрсететін, 1909 жылы Уфада шыққан бұл жинақты ұлы Мұхаң жақсы білген. Алайда, «жаңа» бір шығармалар назарға ілінбепті, өйткені бұл шалағай нұсқалар – ауызекі айтылымдағы арзан дүниелер деп танылған. Ең бастысы – Абайдың əлхамы айқын танылып тұруға тиіс еді. Ал қарайлас тобынан озған мынау өлең тым қораш. Міне қараңыз:

Жол көрмек, жоба білмек, жиһан кезбек,

Бой жеңбек, ер жігітке ғақыл таппақ.

Тағдырын көрушінің Хақтан біліп,

Көшелі өнер иесін жүрсе жақтап.

Ниетің түзу болса сенің аппақ,

Екі елі ауызыңа қойсаң қақпақ.

Сыбыр, өсек дегенді сырттай жүріп,

Ғылым, өнер, мал таппақ, жұртқа жақпақ.

Бірінші шумақ – шалағай, екінші шумақ – жадағай. Ұйқас қана емес, сөз қолданысы мен ой толғамы да кембағал жатыр. Мұндай Абай болмайды.

Абайдың барлық кітабы, барлық өлеңінде ақсап жатқан, тіпті, сорақы дерлік тыныс белгілеріне қайтып оралсақ, алдағы жинақтарда бұл аса мəнді мəселені мүлде ескерусіз қалдыруға болмас. Өйткені... орынсыз қолданылған үтір мен нүктенің тиесілі мəтінді мүлде басқа мағнаға бұрып əкететін жағдайлары да ұшыраспақ.

Сөз соңында осындай бір-екі кілтипан.

Əйгілі «Қыс»:

Борандай бұрқ-сарқ етіп долданғанда,

Алты қанат ақ орда үй шайқалды.

Сонда, бұл қаһарлы қыс «борандай» болғаны ма? Боран сияқты қыс. Шындығы – борандатқан қыс, бүгінгі қалыпты мəтінде əдепкі үтір түсіп қалған:

Борандай, бұрқ-сарқ етіп долданғанда...

Немесе, анығы:

Борандап, бұрқ-сарқ етіп долданғанда...

Осы соңғысы болар. Долбар емес, анығы.

Осыдан гөрі мəндірек бір жағдаят. Мұнда да тыныс белгілері шешуші қызмет атқарып тұр. Мүлде қойылмаған, немесе теріс таңбаланған соң, бəрі күңгірт, бəрі жаңсақ.

Мінекиіңіз, Абайдың 1961 жылғы, тұтас бір томдық басылымы бойынша, «Əбдірахман өлімінен соң өзіне айтқан жұбатуының» бел ортасындағы бір үзігі:

Кəркиден пілдей қуатты,

Тағы арыстан жүректі,

Аплатон, Сократ ақылды,

Қаһарман Ғали білекті.

Бəрі өз орнында тұрған сияқты. Аплатонымыз – Платон, Сократтың жайы анық. Ал «кəркиден піл» деген не пəле – сірə, алып күшті. Қаһарман Ғали – қазақ арасында кең тараған діни жырларда дəріптелетін теңдессіз батыр Хазіреті Ғали. Тек «тағы арыстан» ғана аз-маз күмəнді – асыранды арыстан болмайды, мейлі, сөз орайымен айтыла салған дейік. Шын мəнісінде бəрі басқаша:

Кəркиден, пілдей қуатты,

Тағы, арыстан жүректі,

Аплатон, Сократ ақылды,

Қаһарман, Ғали білекті.

Ерекше ешқандай құпиясы жоқ. Бастапқы «кəркиден» – бүгінгі тілімізде «мүйізтұмсық» – орысша «носорогтың» тікелей аудармасы. Абай бұл кəркиден туралы Ғақылия сөздерінде сілтеме жасап отыратын жəне прозада үлгі тұтқан «Бабұрнамадан» білген. Бабұр атақты кітабының Үндістан тарауында осы өзгеше өлкенің халқы, табиғаты жəне жанжануарлар əлемі туралы баяндай келе, өзгеше бір мақұлық кəркиденге сыпаттама берген: долы, бірбеткей жəне алып күшті деген. Міне, қазаққа сырттай жақсы мағлұм пілмен қабаттаса аталуының мəнісі.

Тағы мен арыстанға келсек, арыстан жайы жалпыға мағлұм, ал тағы дейтін аң туралы қазірдің өзінде көпшілік жұрт біле бермеуі мүмкін. Бұл тағы – Еуразия даласы, оның ішінде қазақ жерінде ХІХ ғасырдың басына дейін өсіп-өнген жабайы жылқының бір түрі болатын: өте жүйрік, бұла жəне қайратты жануар. Махамбетте: «Тағыдай түн түре қараған...» Абайдың өзінде, «Сегіз аяқта»: «Тағыны жетіп қайырған... Толғауы тоқсан қызыл тіл...» Күні бүгінде Моңғол үстіртінде əлі бар. Ағайын жұрт «тахы» дейді. Өткен ғасырда Еуропа тарабынан алғаш рет отаршыл саяхатшы Пржевальский көріп, сыпаттаған. Бұдан соңғы заманда, неше мың жылдық тарихи ғұмыры бар тағы – Пржевалский жылқысы аталып жүр, осы Пржевалский жаратып, жер бетіне түсіргендей. Айта кетейік, біздің «Аласапыран» тарихи романымыздың бірінші кітабы, қазақ аңшылығы, қазақ тұрмысына қатысты тарамдарда бұл тағы жануар біршама сыпатталған.

Енді «Қаһарман Ғали» туралы. Хазіреті Ғалидың жалпы мұсылман қауымында ғана емес, қазақ қисса-хикаяларында теңдессіз батыр, ғажайып күш иесі ретінде сыпатталатыны бар. Бірақ біздің орайдағы «қаһарманның» жөні басқаша. Тіпті, Хазіреті Ғалидан асқан алып күш иесі: кейінде мүлде ескерусіз қалып, ұмытылуға жақындаған, бүгінгі күнге əуелгі таңдама жыры емес, əлсіз бір нұсқасы ғана жеткен ерлік жырының басты кейіпкері. Бұл Қаһарманды болашақта қауіп санаған кəпір жындар бесікте жатқанда Қап тауына алып кетеді де, жақын тумасы ретінде өсіріп, жеткізеді, өздерінің əрқилы соғыстарына жұмсайды, ақыры Қаһарман кездейсоқта жын емес, адам нəсілі екенін біліп қалып, енді жын атаулыға қарсы соғыс ашып, Қап тауын пəлекеттен тазартады. Бұдан соң адамзат арасына қайтып оралып, мұсылман елдерімен танысады, ақыры Мекеде Хазіреті Ғалимен ұшырасып, күреседі, сонда мұсылман-исламның бас батырын төбесінен асыра көтеріп алып, бірақ күйретіп өлтіруге қимай, қайтадан тап қойғанда, Хазіреті Ғали қара жерге тізесіне дейін кіріп кетіпті. Бауырына іш тартқан Мұхамбет пайғамбар араға түсіп, екеуің де мұсылмансың, бірлікте, тату, дос-жар болыңдар деп, жұғыстырған екен. Менің тоғыз-он жасымда Қашымашым дейтін дарқан ұстадан естіген қалпым. Бүгінде қайда, қаншалық сақталды – хабарым жоқ. Міне, Абай толғауында Хазіреті Ғалимен қабаттас, бірақ алдында аталған Қаһарманның жайы.

Абай жоқтауының біз келтірген үзігі əр кезде əрқилы басылып жүрді. Бірақ Аплатон мен Сократтан басқасы нақты байыпталмаған. Тағы арыстан, кəркиден піл, қаһарман Ғали... Ең соңғы, 2020 жылғы академиялық үш томдықтың Бірінші кітабында сол қалпы дерлік:

Кəркəдəн, пілдей қуатты,

Тағы арыстан жүректі,

Аплатон, Сократ ақылды,

Қаһарман Ғали білекті.

Бұрнағыдан бар айырма – пілге тəтелес қуатты жануардың аты сəл басқашарақ жазылуы: «кəркəдəн». Жəне сөз соңында түсініктеме берілген: кəркəдəн – «парсыша кəргəдəн, – керік, жираф» депті. Айттық, Бабұр бойынша, соған орай Абай жазуында «кəркиден» жəне ұзынтұра жираф емес, асау, тентек, айрықша күшті, шомбал жануар – мүйізтұмсық.

Осымен тоқтайық, əзірше. «Бас жағына», яғни Абайдың қалыпты өлең нұсқалары, ондағы «алай емес, былай болуға тиіс» кінəраттар жағын сөз қылудың өзін артық көрдік. Қашанда Абай өлеңдерінің кейінгі басылымдарында ұшырасатын «жаңсақ» жағдаяттар туралы байқастап сөйлеу керек. Біздің байыбымызша, бүгінде бəрі де өз орнында тұр. Анау емес, мынау – тек қана долбар болып шықпақ. Сонымен қатар, Абайдың бар сөзінің мəн-мағнасын ұғындық, түбіне жеттік деп айта аламыз ба? Жоқ. Оған біздің ой-өрісіміз де, білігіміз де орайласа бермейді. Жұмбақ емес, ақиқат шындық. Керек десеңіз, біз Абайдың қаншалық алып тұлға екенін күні бүгінге шейін толық ұғынып болғамыз жоқ.

Менің алғаш рет он сегіз жасар студент кезімде Абай текстологиясын өзімше байыптап, қалам тартқан, əдебиет газетіндегі, Мұхтар Əуезовтың өзі қолдап отырғызған бір тасыр ағайынның айқайы астында, сол редакцияда қалып, мүлде жоғалған балаңқы мақаламнан соң, қаншама заман, 1986 жылғы жинағында ішінара жүзеге асқан, енді тағы соншама, өмірдің ақырғы кезеңінде сəтімен таңбаға түскен дəйекті, қажетті мақаламыз осымен тəмам болса керек.

Силвер Сприң, Мэриленд, АҚШ,

24-27.Х.2024

 

 

 

Пікірлер