Қамаудағы белсенді Руслан Жанпейісовті тағы да бес тәулікке соттады

4116
Белсенді Руслан Жанпейісов сот залында отыр. Шымкент, 13 қаңтар 2020 жыл.

Жанпейісовтің адвокаты Закир Асадов белсенді тағылған айыпты мойындамағын айтады. Оның сөзінше, сотта "белсендінің құқықтары шектелген". Адвокатты "іспен таныстырмаған, істі қарау кезінде сөз берілмеген. Айыпталушы тараптың талап-тілектері ескерілмеген".

Сотқа Жанпейісов Шымкенттегі түрмеден қатысқан. Енді ол бұрынғы 35 тәулікке 5 тәулік қосып, 40 тәулік жазасын өтеуге тиісті.

14 сәуір күні Шымкент қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты белсенді Руслан Жанпейісовті "Шымкент қаласы бас санитарының карантин туралы қаулысын бұзғаны үшін" айыпты деп тауып, 35 тәулікке қамаған еді.

Жанпейісов Әкімшілік кодекстің "Төтенше жағдай режимін бұзу" бабымен - 10 тәулікке, "Төтенше жағдай кезінде құқықтық тәртіпті бұзуға итермелейтін әрекеттер" бабымен 25 тәулікке қамалған.

Қалалық сот "Шымкенттің бас санитары карантин кезінде аса зәру болмаса қалада көлікпен не жаяу жүруге тыйым салғанына қарамастан Жанпейісов 12 сәуір күні сағат 20:40-та тұрғылықты жері мен жұмыс орнынан бөлек көшеде жеке көлігімен жүріп, төтенше жағдай кезіндегі ережені бұзған. Ол тікелей эфир арқылы карантин кезінде енгізілген тәртіпке қарсылығын білдіріп, жағымсыз пікірін айтып арандатқан, полиция жұмысына кедергі келтірген" деп хабарлаған.

Бұдан бұрын Жанпейісов Facebook парақшасында бірнеше жазба мен тікелей эфирде түсірген видео жариялаған. Онда белсенді карантин талабын бұзбағанын, жүруге рұқсат қағазы болса да полиция себепсіз бір сағат блокпостта ұстағанын айтқан.

Белсендінің туыстарының сөзінше, түрмеде жатқан Жанпейісовпен кездесуге, тамақ және киім-кешек жеткізуге тек анасына рұқсат берілген.

13 қаңтарда Шымкенттегі әл-Фараби аудандық соты полицейлердің әрекетін видеоға түсіріп танылған белсенді Жанпейісовтің үстінен қозғалған қылмыстық істі қарай бастаған. Онда жәбірленуші ретінде Шымкент қаласының тұрғыны Пірім Мұсаев пен қалалық полиция департаментінің инспекторы Марат Қуандықов танылған. Белсендінің сөзінше, Мұсаевқа "көлік жүргізіп келе жатқанда қауіпсіздік белдігін тағуды ұмытқанын айтқаны" үшін айыпталған. Ал жол жүру ережесін бұзған жүргізушіні видеоға түсірмек болғанда Қуандықов кедергі еткен. Сот процесі әлі аяқталмаған.

2017 жылдың қыркүйегінде Шымкенттегі Абай аудандық соты Руслан Жанпейісовтің бас бостандығын екі жарым жылға шектеген. Сот оны Қылмыстық кодекстің "Ақпаратты жасырып алудың арнайы техникалық құралдарын заңсыз дайындау, жасау, иемдену, өткізу немесе пайдалану" және "Қоғамдық бірлестіктер мүшелерінің мемлекеттік органдардың қызметіне заңсыз араласу" бабымен айыпты деп таныған.

"Азаттық" радиосы

фото авторы Дилара Иса

Пікірлер
Редакция таңдауы