«Туған жер - құт мекенім!»

4920
Adyrna.kz Telegram

Қымбат маған елімнің бар даласы,

Балтық пенен Сахалиннің арасы.

Қайда болсам қиям оған жанымды,

Туған жерден қазсын бірақ қабірді.

Туған жер - әр адамның өмірінде ерекше орын алатын құтты мекен. Себебі осынау кіндік қаның тамған жерде сен өсіп-өніп,тамырыңды жаясың. Ол жерде сені әлпештеген анаң,аялап өсірген әкең,білім жолына жетелеген ұстаздарың, сол білімге ұмтылу жолындағы тай-құлындай тебіскен жора-жолдастарың дүниеге келген.

Менің туып өскен жерім "Бұлан ауылы" деп аталады. Дүниедегі ең ұлы деген нәрсемен пара-пар саналатын ауылымды өле-өлгенше қадірлеп өтемін.Осы тұста Бұлан атауының шығу тарихын тіліме тиек еткім келіп отыр. Ертеде XIX ғасырдың ортасында ауылымыздың қақ төріне бір топ бұлан жануары келіп қоныс теуіпті. Бұл қыс кезі болса керек,ешкімге зияны жоқ жануарларды ауыл тұрғындары қуып жібермей,керісінше,оларға қамқорлық көрсетеді. Содан бері біздің ауыл жер-жерге "бұлан қоныс тепкен құтты ауыл" деп тарап кетеді. Осылай "Бұлан ауылы" жаңа атқа ие болыпты.

Ауылымыздың жанында Шідерті өзені ағып жатыр.Ол біздің ауылға сонау Аралтөбе жақтан келеді.Өзеніміздің атауының да өзіндік шығу тарихы бар."Қыз Жібек" жырының бас кейіпкері Төлегеннің Жайықтан ару іздегені және менің туған жерімнен өткені тарихтан белгілі.Сол бір кездерде ол өзен бойына тоқтап,демалады.Кейін осы өзеннің жағасында шідерін қалдырып кетіпті-мыс.Осы жағдайға кәу болған ауыл тұрғыны өзенді "Шідерті" деп атап кетеді.Міне, менің ауылым осындай тарихи оқиғаларды басынан кешірген.

Еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты.Біз қайта түлеудің айрықша маңызды екі процесі - саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға алдық. Экс президентіміз Н.Назарбаев ауылды көркейтуге,оның дәрежесін өсіруге баса назар аударған болатын.Соған байланысты "Дипломмен ауылға" т.с.с көптеген бағдарламаларды жарыққа шығарды.Менің ойымша да "Мәңгілік ел" болуды ауылдан бастауымыз керек.Ауыл - біздің барлығымыздың түлеп шыққан мекеніміз. Ауыл көркеюі керек! Біз, жастар, елімізді дамытуды өз туған жерімізден бастайық!

Сағидоқас Гүлден,

Әл Фараби атындағы ҚазҰУ Филология және әлем тілдері факультетінің студенті.

Ғылыми жоба жетекшісі: Ф.Қозыбақова,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Тарих және археология,этнология факультетінің

Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры

Пікірлер