Сафуан Шаймерденов: Жақсының аты өлмейді

6387
Adyrna.kz Telegram

Осыдан 98 жыл бұрын, 1922 жылы  жазушы, драматург, Қазақстанның халық жазушысы Сафуан ШАЙМЕРДЕНОВ дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан облысы, Преснов ауданы (қазіргі Жамбыл ауданы), Аманкелді ауылында туған. Орта мектепті бітірген соң, біршама уақыт өз ауылының орталау мектебінде мұғалім, Армия қатарында болды.

1942-1943 жылдары Преснов аудандық комсомол хатшысы, 1942-1945 жылдары «Ленин туы» газетінде тілші, әдеби қызметкер. 1950 жылы ҚазМУ-дің филология факультетін үздік бітірді. Содан кейін республикалық жастар газетінің Қарағанды облысы бойынша тілшісі, 1952 жылы «Әдебиет және өнер» журналының бөлім бастығы, Қазақстан Жазушылар одағы проза секциясының меңгерушісі, 1955 жылы «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары, 1958-1960 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, 1970-1975 жылдары Қазақ КСР Мәдениет министрлігі репертуарлық алқасының басшысы болған.

«Болашаққа жол» атты алғашқы романы 1953 жылы жарық көрді. Бұл туынды кейін «Инеш» деген атпен орыс тіліне аударылды. «Өмір нұры» атты повестер цикліне тақырыбы, идеясы жағынан өзекті бір желі, бір нысанаға бағындырылған алты повесть - «Мезгіл», «Қарғаш», «Өмір нұры», «Ит ашуы», «Мәжнүн тал» - кірген. Олар шетел тілдеріне әлденеше рет аударылған. «Қайдасың, Зарина?», «Қыр гүлі», «Әнім сен едің», «Марғау», «Төрт бойдақ, бір қыз», «Өкіл әке», «Түйе көтерген», «Аруана дүние» пьесалары көптеген қазақ театрларының сахнасында қойылып келеді.

Үнді жазушысы Р.Тагордың «Күйреу», «Гәуірмақан» романдары мен «Алтын сағым» деген атпен жарық көрген әңгімелер жинағын, Л.Толстойдың «Альберт» повесін, беларусь драматургі А.Макаеноктың «Трибуналын», француз композиторы Эрве мен драматург А.Миляждың «Түлкі бикеш» комедиясын аударған. «Жыл құсы» повесі 1974 жылы ВЦСПС пен КСРО Жазушылар одағының жұмысшы тақырыбына арналған конкурсында жүлделі орынға ие болды.

Ал Р.Тагордың «Күйреу» романының аудармасы үшін 1984 жылы Қазақстан Жазушылар одағының сыйлығын, «Ағалардың алақаны», «Әдеби толқындар» атты кітаптары үшін 1988 жылы республиканың Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығын алды.

1992 жылы Қазақстан Республикасының Халық жазушысы құрметті атағына ие болды. «Отан», «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталды. Петропавл қаласының Құрметті азаматы.

2007 жылы Петропавлда қайтыс болды.

 

Пікірлер