Көшпелілер дүниетанымын бойына сіңірген ұлы жазушы, қазақ әдебиетінің алып бәйтерегі, ұлттық құндылықтарға тұтастай ұлтты ғаламат шығармаларымен, зерттеулерімен тәрбиелей білген Мұхтар Мағауин өмірден озды.
Біз Мұхтар Мағауиннің көптеген шығармаларымен сусындап өстік. Қолымызға түскен Мұхтар атамыздың барлық дүниелерін оқыған екенбіз. Қолға түспей қалған бірен-сараны бар шығар. Тірі болсақ, оларды да оқып шығуға өзімізді міндетті санаймыз.
Бір сұхбат алсақ деген арманымыз да бар еді, ол енді тек арман болып қалды.
Жазушы-этнограф Ақселеу Сейдімбек менің өмірлік көзқарастарым мен ұстанымдарымның қалыптасуына қалай әсер етсе, Мұхтар Мағауин шығармалары мен ғылыми зерттеулері де маған солай зор ықпалы болды. Көшпелілер тарихы мен салт-дәстүріне, ұлт мәдениетіне деген қызығушылығымның оянуына орасан зор ықпал етті.
Мұхтар Мағауин ең алғашқылардың қатарынан ұлт тарихы тақырыбына жол салды. Оның “Қазақ тарихының әліппесі” еңбегі тарихшылар үшін де дереккөз екенін айтсақ жеткілікті. Онда ол нақты деректерге сүйене отырып, қазақтардың тас мүсіндерге, балбал тастарға тәу ететіндігін, ал тиісінше шайбанидтер әулеті Орталық Азия молдаларының басын қосып қазақтарды кәпірлер деп пәтуә шығартып діни жиһад жариялағанын батыл жазады.
Студенттік шақта Мұхтар Мағауинның “Мен” деп аталатын мемуарлық туындысын оқыған кезімізде оның қаншалықты дарынды тұлға екенін терең түйсіндік. Бала кезден қазақ және шетел әдебиетінің классиктерін оқып тауысқан еңбекқорлығы бір төбе. Өмір бойы күреспен, алысумен өткен тағдыры тіпті кино түсіруге тұрарлық.
Мұхтар Мағауинның “Ұлтсыздану ұраны” деп аталатын публицистикалық кітабы қазақ қоғамында үлкен резонанс тудырды. Әлі ойымыз, пікіріміз қалыптаспаған шақта бұл еңбек біздің көп нәрсеге көзімізді ашты. Мұхтар “Ұлтсыздану ұранында” “Қазақтың жауы - қазақ” деген тіркестің қалай қолдан жасалғанын, бұл сөздің астарында ұлтты өз-өзіне қарсы қою саясаты жатқанын, тіпті империяның “бөліп ал да билей бер” мақсаты барын ашық жазады. Рушылдық дертіне де терең тоқталады. Өмірді енді танып жатқан біз үшін Мұхтар Мағауин шығармалары ұлы ұстаздың дәрістеріндей тұла бойымызға дарыды.
“Аласапыран” романын оқығанымызда жазушы тілінің шұрайлылығы таңдай қақтырады. Күрмеуі бекем күрделі сөйлемдер өздігінен туғандай. Ешқандай жасандылықсыз, аспаннан қаз-қалпында құйылған саф алтындай құйылып түскен. Ұлт рухын оятқан шығармалардың бірі - Ілияс Есенберлиннің “Көшпенділер” трилогиясы еді. Мұқаң өзі жазушылық жолда ұстаз тұтқан Есенберлинмен үзеңгі қағыстырып, егеулі қаламымен қаһармандық тарихымызды жаңғыртты, Есенберлинге қаламдас іні, үзеңгілес дос болды. Кездейсоқтық па, әлде басқа ма, Мұхтар Мағауин өз ұстазы Есен Есенберлиннің туған күні, 10 қаңтарда дүние салып отыр.
Кеңестік саясат салдарынан ұлт тарихы ұмыт қалуға жақындайды. Мұқаң жыраулардың туындыларын жарыққа шығарып “Бес ғасыр жырлайды” жинағымен қазақ әдебиеті мен тарихын, фольклоры мен мәдениетін кемінде 5 ғасырға тереңдетті. Бүгінде әсіре дінкештер осы жырларға діни сарындар қосып, өзгертіп әлекке түсуде. Бұл тарихқа, ұлтқа, ғылымға, тіпті болашаққа жасалып жатқан қиянат екенін олар әсте ұққысы келмейді.
Жыраулар тарихын зерттеуге арналған “Қобыз сарыны” мен “Алдаспан” зерттеу еңбектері қазақ әдебиетінің тарихы үшін баға жетпес құнды қазыналар. Қазір депутат атанған досым Кенжеғұлдың өтінішімен “Қобыз сарыны” кітабының аудио нұсқасын өз дауысыммен тегін жазып беріп күйтабағын Алматыдағы зағиптар үйіне сыйлаған едім. Бұл да бір студенттік албырт шақ еді. Диктор емеспіз, кем-кетігі болса, зағиптар қауымы кешіріммен қарар деп үміттенемін. Кенжеғұл Сейітжан “Жапон елінен дыбыс жазатын арнайы аппарат алып келдім. Қателескен жерді сол сәтте бірден дұрысын жаза беруге болады. Зағиптар бүкіл ақпараттардан хабарсыз қалып жатыр. Оларға қолдау керек. Бізге осы іске еріктілер керек” деді. Мен келістім. Ол менен “Қандай кітап оқып бересіз?” деп сұрағанда ойыма бірден осы “Қобыз сарыны” оралыпты. Күн-түн демей жаңылысып кеткен тұстарын қайта оқып жазып бердім. Қазір сол аудио кітап зағиптер қауымына да ұлы Мұхтардың елге деген зор махаббатын сездіріп, қызмет етіп жүр деп қатты үміттенемін.
Мұхтар Мағаинның “Шыңғыс хан” деректі романының қос томын оқыдым. Үшінші томы қолға түспеді немесе қым-қуыт тіршіліктен қолым босамай кетті. Міндетті түрде тауып оқимын.
“Шыңғыс ханды” оқып отырып жазушының тарихи деректерге жан бітіргенін көресің, қайран қаласың. Бәрі де қисынды, орынды. Әдетте тарихшылар тек деректер ғана ұсынып, болжамдар айтуға батылдығы не қиялы жете бермейді. Ал Мұқаң тарихқа жан бітіреді және оқырмандарын еш жалықтырмайды. Осы деректі романда ол жаһангер Шыңғыс хан Жаркенттегі әулие ағашқа тәу еткен болуы мүмкін деп болжам жасайды. Әуелі алып ағаштың жасын есептеп алып, сосын Шыңғыс ханның жүріп өткен, жаулап алған жерлерін жазады. “Жолында кездескен осындай қасиетті ағашқа ұлы қағанның тәу етпей өтуі мүмкін емес” деп түйіндейді ол. Көшпелілер дүниетанымында алып ағаштар өте қастерлі орын алады емес пе?! Үш әлемді (жоғарғы, орта, төмеңгі) байланыстырушы алып бәйтеректер көк түріктер дүниетанымында кеңінен көрініс тапқан.
Жазушы ұлттық құндылықтар тақырыбындағы шығармаларын заманауи постмодернистік бағытта да жазды. “Қыпшақ аруы” сондай ерекше үлгіде жазылған туынды. Осы әлем мен өткен тарихты өте бір оңтайлы шығармашылық тәсілмен біріктіре біледі. Мүсінші өткен дәуірлерге саяхат жасап, өз ізденістеріне жауап табады.
Әлем әдебиеті мен фольклорында бір адамның екіге жарылуы кездеседі. Әлгіндей үлгіде жазылған Мұқаңның “Жармақ” атты романы бар. Бір кезде қолдан қолға өтіп оқылды. Классик жазушы Төлен Әбдіктің де осыған ұқсас “Оң қол” әңгімесі жастардың сүйікті шығармасына айналған еді. Жазылу формасы ұқсас демесеңіз, екі шығарманың көтерген жүгі мүлде бөлек. Бір-бірінен алшақ туындылар. Төлен Әбдік адамның жан-дүниесіндегі психологиялық ахуалға үңілсе, ал Мұхтар Мағауин ұлттық құндылықтар тақырыбына терең бойлайды. Бір адам бір мезгілде екіге жарылып, ұлттық құндылықтарды, ұлтты сүйетін және ұлтқа қарсы моргинал тұлға болып өз-өзімен бөлінеді.
Мұқаң еркін ойдың алмас қылышы еді. Қазақстанның тар шеңберіне сыймағаны да содан болса керек. “Ешкім мені шын түсінген жоқ бірақ…” деген өлең жолдары Мұқаң туралы айтылып тұрғандай.
“Елім” деп соққан жүрегі мұхит асып тоқтағаны – сіз бен бізге сын! Сондықтан өсіп келе жатқан жас ұрпақтың бойына Қазақтың маңдайына біткен Мұхтарлары туралы бай мұраларды сіңіріп, аңыз адам аңсаған алыптарды тәрбиелеуіміз керек!
Кейінгі жылдары Мұхтар Мағауин “Адырна” ұлттық порталын жиі қарайтындығын айтып, өзінің авторлық мақалаларын жолдап отырушы еді. Ол кісінің порталымызға дін мәселесі туралы берген мақаласы қызу пікірталас тудырып еді. Редакциямыздың Мұқаңды іздеп барып сұхбат алмағаны, жарқын бейнесін кезекті мәрте таспалап қалмағаны үлкен өкініш туғызады.
Адам ешқашан өз ұлтын таңдай алмайды. Сол сияқты өз ата-анасын таңдай алмайды. Орыс болуды мақтан тұтатын, араб болуды құдай алдындағы парызы санайтын дүбәра қоғам күш алып келеді. Осындай ұлтсыздану заманында Мұхтар Мағауин шығармалары қазаққа сөзсіз керек. Мұқаңның еңбектері Жер-планета барда қазақ елінің мүддесіне қызмет ете береді. Оның туындылары ұлт сатқындарына қарсы күресті әрмен қарай да жалғастыра бермек!
Арман Серікұлы