Светлана Смағұлова: "Әліпби реформасы: тәжірибе мен басымдықтары хақында"

8373
Adyrna.kz Telegram

Осыдан үш жыл бұрын Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарлама іспеттес мақаласында көтерілген бірнеше міндеттердің ішінде қазақ жазуын біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастап еді.  Негізінде латын әліпбиіне көшу мәселесі 2007 жылдың 27 ақпанындағы  «Жаңа әлемге жаңа Қазақстан» атты жолдауында көтеріліп, қазақ жазуын латын әрпіне көшірудің концепциясы Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІІ сессиясында да айқындалған болатын.

Латын әліпбиіне қатысты мәселелер халық арасында қызу талқылауға алынып, түрлі ой-пікірлер, ұсыныстар айтылды. Халық арасында жүргізілген сауалнамалардан да олардың басымы латын әліпбиіне көшуді қуаттап отырғаны аңғарылды. Елбасы көрсеткендей, қазақ даласындағы жазудың тамыры ерте орта ғасырда жатыр. Көне түркілердің руникалық жазуы, одан кейінгі араб әрібіндегі жазудың ғасырлар бойы қолданылып, қаншама еңбектердің осы әліпби негізінде жазылуы, міне, осының айғағы.

ХХ ғасырдың басынан 40-жылға дейінгі аралықта Қазақстанда жазу мәселесі үш рет өзгеріске ұшырады. Ғасыр басынан қазақ жұрты арасында, мерзімді басылымда, мектеп-медреселерде кең түрде қолданылып келген араб жазуындағы әліпби болса, кеңестік жүйе орныққаннан кейін ХХ ғасырдың 20-40 жж. Қазақстанда жазуды өзгертуге байланысты екі бірдей реформа іске асырылды. Оның бірі – 30 ж. басында араб жазуынан латын әліпбиіне, екіншісі – 1940 жылы латындандырылған қазақ жазуын орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру болды.

Түркі халықтарында араб әліппесінің орнына латын әліппесін енгізу мәселесі ХІХ ғасырдың 60-жылдары көтерілген. Әзірбайжандық ғалым, драматург Мырза-Фатали Ахунов латын жазуына көшу мәселесін патша үкіметіне де, Түркия және Иран басшыларына да ұсынып көрген. Дегенмен оның бұл әрекеті сол кездерде жауапсыз қалып қойды.

1905 жылғы орыс революциясынан кейін Әзірбайжан мен Татарстан оқытушылары, баспасөз қызметкерлері арасында түркі халықтарын латын әрібіне көшіру мәселесі қайтадан көтеріліп, оны жақтаушылардың қатары көбейе түсті. Алайда патша үкіметі бұл мәселенің қалың бұқара арасына кең түрде таралуына жол бермеуге тырысып, оны насихаттаушыларды  қысымға  алған.

Латын әліпбиіне көшу мәселесі «жәдитшілдік», «мұсылманшылдық» қозғалыс өрлеген жылдары қайтадан көтеріліп, 1908 жылы Түрік парламентінде жаңа әліпби байланысты комиссия құрылып іске кіріскен. Бұл мәселе 1914-1918 жылдары империалистік соғыс тұсында уақытша тоқтап, тек патша өкіметі құлатылғаннан кейін қайтадан қолға алынды.

1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін Әзірбайжаның зиялы қауым өкілдері мен оқытушыларының, ғалымдарының әліпбиді өзгерту қажеттігін көтерудегі өзіндік себебі бар. Сол кезде орыс үкіметі түркі жазуын орыс әліпбиіне, яғни кириллицаға көшіруге әрекеттеніп жанталаса іске кіріскен болатын. Кеңестік билік түркі халықтарына орыстандырудың жалғасы екендігін білдірмеу үшін, олардың қолданып жүрген араб жазуының қиыншылығын алға тартып, кириллицаға көшіруді іске асырудың бірнеше жолдарын ұсынды. Кеңестік биліктің бұл әрекеті түркі жұртының оқымыстыларына үлкен ой салып, осы тұста олар латын әліпбиін енгізудің сәті түсткендігін түсінді. Сөйтіп 20-жылдың басында Әзірбайжан баспасөздерінде тіл, емле, жазу мәселелерімен қатар жаңа әліппе мәселесі қозғалып, комиссия құрылып, жаңа әліпбидің жобасы жасалды.

Ұлт зиялыларының ХХ ғасырдың 20-30 жылдардағы латын әліпбиіне көзқарасы.  Ең алғашқы А. Байтұрсыновтың құрастыруымен қазақ тіліне икемделген араб жазуындағы әліпби 1913 жылдардан бастап Қазақстанның мектеп-медреселерінде қолданыла бастады. Оның бұл әліпбиін қазақ жұртшылығы, әсіресе мұғалімдер қауымы ешбір талассыз қабылдады. Мұның себебін ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, ф.ғ.д. Р.Сыздықова қазақ тілінің табиғатына, яғни сингармонизм заңдылығына сүйеніп, ғылыми негізде жасалған әліпби ретінде бағалады.

Араб таңбаларын қазақ тілінің фонетикалық табиғатына лайықтап жасалған «жаңа емлемен» бірнеше жаңа оқулықтар жарық көрді. 20-жылдардың басында А.Байтұрсыновтың «Төте жазу әліппесі» халық арасында кең қолдау тауып, 1924 жылы маусым айында Орынборда өткен қазақ-қырғыз білімпаздарының тұңғыш съезінде араб әріпіне лайықтанған қазақ графикасы қабылданды. А. Байтұрсыновтың «Төте жазу әліппесі» зиялылар тарапынан қолдау тапқанымен, латын жазуына көшу мәселесі кең етек алғандықтан, араб жазуына қарсы шығушылардың қатары күннен-күнге көбейе түсті.

Кеңес үкімет латын жазуына көшу мәселесін жоғарғы жақтан жүргізу қажеттігін түсінді. Сондықтан 20-жылдары әліпбиді (алфавитті) алмастыру мәселесін қолға ала бастады. Оның себебін ХХ ғасырдың бірінші ширегінде  Түркия, Иран, Әзербайжан және Орта Азияның алдыңғы қатарлы зиялылары  тарихи-лингвистикалық сараптау негізінде араб жазуының олардың елдеріндегі халықтар тілінің табиғатына сәйкес келмейді деген тұжырым жасауынан деп түсіндірді.

Араб әріпінен латын әріпіне көшу шарасын іске асыруда үкімет тарапынан арнайы дайындық жұмыстары жүргізілгені белгілі. Латын әліпбиіне көшпес бұрын осы мәселе төңірегінде мерзімді басылымдарда арнайы айдармен пікір-таластар өткізіліп, түрлі ойлар ортаға салынды. Комиссияның ұйғарымы бойынша жаңа әліпбидің жобасы жасалып, оны талқыға салу үшін үкімет орындарына тапсырылды. 1921 жылдың қазанынан Әзербайжан баспасөздерінде тіл, жазу, емле мәселелері жазыла бастады. Тез арада істі жүзеге асыратын комиссия құру мәселесі де көтерілді. Әзербайжанның зиялы қауым өкілдері мен оқытушылары үкімет алдына әліпбиді өзгертіп, латын жазуына көшу мәселесін қоя білді. Осылайша 1922 жылы түркі халықтары жазуын реформалаудың бастамашылары Әзербайжан ғалымдары болды.

1922 жылы Әзербайжан зиялылары «Жаңа әліппе комитетін» құрып, жаңа әріп негізінде осы жылдан бастап латын әрібінде бірнеше әдебиеттер шығарып, халықтың талқысына салынды. Мектептер үшін латын әрібінде І және ІІ сатылы оқулықтар, құралдар және әдебиеттер даярланды. Мерзімді басылымдарда көтерілген бұл мәселе төңірегіндегі айтыстардан кейін 1924 жылы Әзербайжан үкіметі латын әліппесінің негізінде құрылған жаңа әліппе шығару турасында декрет қабылдады.

Түркіменстанда жаңа әліпби комитеті 1926 жылы ашылып, оқытушы даярлауға және латыншылар ұйымын ашуға кіріссе, ал Өзбекстанда латыншылар қозғалысы қызу жұмыс жүргізіп, 1926 жылы жаңа әліппешілер сиезі мен бірнеше конференциялар өткізді. 1925 жылдың мамырында Пішпек қаласында қырғыз оқытушылары съезд ашып, онда жаңа латын жазуына көшу мәселесін көтерді. Бұл съезге қазақ зиялыларынан А. Байтұрсынов қатысады.

1923 жылдан бастап қазақ интеллигенциясының алдыңғы қатарлы өкілдері, оқушы жастар, оқытушылар латын әрпіне негізделген жаңа әліпбиге көшу мәселесін көтерген болатын. 1923-27 жылдар аралығында  Қазақстанда жаңа әліпби төңірегінде жаңа әліпбиді қолдаушылар мен бұрынғы әліпбиді жақтаушылар арасында күрес жүрді. Әліппе мәселесіне байланысты ұлт зиялылары екі қанатқа бөлінді. Оның бірі – А.Байтұрсынов бастаған зиялылар болса, екіншісі латын әрібіне көшу мәселесін көтерген Н. Төреқұлов, М. Мұрзин тобындағы ұлт өкілдері еді.

Латыншылардың бастамалары 1924 жылы болған білімпаздар жиналысында үлкен айтыс-тартысқа түсті. Әсіресе жаңа әліпбиге көшу мәселесі араб әліппесін жақтаушылар арасында тартыс туғызды. Мәселен, ғалым, Г.И. Бройдо Ресейдің шығыс халықтары үшін алдымен тіл бірыңғайланбаған жағдайда латын алфавитін  кіргізу дұрыс болмайды, сондықтан жаңа графиканы еңгізудің ғылыми жағынан да, практикалық жағынан да  маңызы жоқ деп көрсетті. Өзінің ойын ол былай деп жазды: «Мұсылман балаларын латын шрифтіне қанша оқытсаң да, олардың ешқайсысы да латын шрифімен бейнеленген европалық  мәдениетке  және оның  кітаби құндылықтарына ешбір бой  ұрмайды.  Ал араб алфавитін екі күннің ішінде жаттап алады». Бұл съезде А. Байтұрсынов «Әліпби тақырыпты» деген баяндама жасап, онда «араб әріпінің қай жағынан болса да, қалай жұмсаймын десе де келе беретін, көне беретін ыңғайлы, қолайлы әріп екенін көрсетеді» деген ойын біолірген еді. Бұдан әрі А. Байтұрсынов баяндамасында латын  әрібін алу үшін  көп қаражат пен қайрат қажеттігін, мұндай қаржының табылуы да қиын екендігін, қысқа мерзім ішінде мұғалімдерді бірден латынға үйретіп, бірден баспаханаларды латын әрібіне айналдыру, оқу кітаптарын латынша бастыру мүмкін еместігін де ескерткен. Ол түркі халықтарының бұрыннан қолданып келе жатқан жазу үлгісін латын жазуына  көшірудің оңай еместігін ашық айтты. А. Байтұрсыновтың «Төте жазу әліппесі»  зиялылар тарапынан кең қолдау тауып, аталмыш  съезде қабылданған болатын.

Осы съезінде Халел Досмұхамедұлы латын әрібін алуға қарсы болғандығын да, алайда соған қарамастан латын әріптерінің жобасын жасауды тапсырған соң жасағанын да жасырмаған. Бұл турада «Ақ жол» газетіне жариялаған «Қазақ тіліне латын әрібін алу мәселесі» деген мақаласында Халел Досмұхамедов: «Өзіміздің осы күнгі әрібімізді бірден тастай салып, латын әрібін алуға қарсы пікірде болсақ та, айналамыздағы желіктің салқыны бізге де тиді. Қолданбасақ та алтын әрібтерін біз де тілімізге үйлестіріп көру керек. Топқа түсетін болсақ, біз де өзімізге лайық жобамен түсу керек. Пән ретінде қолдануға тағы керек», – деп жазған болатын.

Ол латынның 14 әрібі қазақ әріпіне тұп-тура келетіндігін, сондықтан оны өзгеріссіз қабылдауды ұсынды. Сондай-ақ, ол әріптерді латынша таңбалағанда  еуропалықтардан алысқа кептей, солардың қолданып жүрген таңбаларын қолдану қажеттігін де баса айтады.

1924 жылы Нәзір Төреқұловтың латын әліпбиінің қоғам үшін маңыздылығын дәлелдеген «Жаңа әліпби неге керек?» деген кітабы Мәскеуде басылды. Әліпбиді өзгерту мәселесінің қайдан шыққандығына тоқтала отырып, латын әрібіне көшудің негізгі себебі араб әрібінің оқу мен жазуда қолайсыздығында деп көрсетіп берді. «Ахмет  емле жағынан жазуды түзетсе де, жазудың негізі болған хәріп мәселесін шеше алған жоқ. Жазуымыздағы қолайсыздықтар баяғы күйінше қала берді. Нүкте қою, ирек шығару көбейіп, жазушының бұл дүниедегі машаһат азабын азабы айтып бітіре алмайтын дәрежеге келді. Мектептегі оқытушы да, балалар да нүкте-ирек бәлесіне қалып, қиналды. Кеңседе отырған кісі асығып жазғанда жазу тура болсын деп барлық нүкте-иректерді санап жазайын десе, болмайтын болды», - дей отырып, бір әріптің 3-4 түрінен гөрі бір түрін ғана үйретудің жеңілдігін  келтіреді.

Нәзір латын әліпбиін мектептеріне енгізіп, үйретіп жатқан Әзірбайжан, Қабар, Шеркеш елдерінің тәжірибесіне сүйенуді ұсынды. Жазуға әбден көз үйретіп, жаңа әліпбиде жазатын адамдардың қарасы көбейгенде қабылдау қажеттігін көтерді. Осы жылы қайраткердің жоба ретінде «Жаңа әліпби» кітабы басылып шықты. Онда 28 әріптен тұратын латын әліпбиі ұсынылып, оқушыларға жеңіл болуы үшін араб тіліндегі әріптер қоса берілді. Дауысты дыбыстардың жіңішке варианттарын дәйекше арқылы арқылы айыруға болатындығын көрсетті. Мысалдар келтіріліп, оның латын және араб түріндегі жазылу барысы қоса берілді. Кітаптың соңында ол әліпбидің неге алу қажеттігін дәлелдей түсті. Оның пайымынша, бұл әліпбидің, елдің келешегіне, мәдениеті тез ілгері басуына пайдасы үлкен, телеграф, типография, жазу машинасына қолдануға болады,  қазақ-қырғыз тілінен үкімет кеңсесінде қолдануында көп жеңілдік кіргізеді.

1924 жылы Мұхтар Мұрзин де үйренуге жеңіл, қолдануға қолайлы болуы үшін қазақ тілі дыбыстарының жуан-жіңішке болып жұп құрауын негізгі критерийлердің бірі ретінде алу қажеттілігін айта отырып, латын әліпбиіне негізделген өз жобасын ұсынды.

Латын әрібіне көшу мәселесі қазақ мерзімді басылымдарында жиі-жиі көтеріле бастады. Бастапқы кездерде бұл мәселелер төңірегіндегі пікірлер «Ақ жол», «Еңбекші қазақ» газеттерінде ғана жарияланса, кейін бірте-бірте өзге де өлкелік, губерниялық газеттер мен журналдарда жариялана бастады.

1925 жылдан бастап жаппай Қазақстанның мектептерінде, жеке кәсіпорындарында және мекемелерінде латыншылардың «Жаңа әліпбишілер үйірмесі» немесе «Латыншылар үйірмесі» құрыла бастады. Соңғылары тек айтыс-тартыс жиналыстарын ғана емес, арнайы жаңа әліпбиді үйрететін үйірме сабағын да ұйымдастырды, баяндамашылар үшін тезистер құрастырды, жергілікті газеттерге ұжымдық мақалалар жазды және т.б. іс-шараларды жүргізді.

1926 ж. ақпанда Баку қаласында өткізілген Бүкілодақтық І-түркологиялық съезі КСРО-ның түркі тілдес халықтарының жазуын латын әрпіне ауыстыруға арналды. Бүкілодақтық І-ші түрікшілер съезі тіл, жазу мәселесімен айналысқан әлемнің аса талантты ғалымдарының басын қосты. Съезге Қазақстаннан Ахмет Байтұрсынов, Елдес Омаров, Біләл Сүлеев, Әзиз Байсейітов, Нәзір Төреқұлов және т.б. Қазақ АКСР Ағарту Халық коммиссариаты мен зиялы қауым өкілдері қатынасты. Осы съезде Жаңа түрік алфавитінің Орталық комитеті құрылды. Съезге дейін көпшілік ұлт республикаларында латындандыру мәселесі бойынша оқытушылармен кеңестер жүргізу, арабшылармен пікірталас өткізу, кейбір республикаларда латын әліпбиін сараптамадан өткізіп, жариялау сияқты бірқатар жұмыстар жүргізілді.

Съезге қатысушылар екі топқа бөлініп, бірі араб әрібінің түркі халқы үшін маңыздылығын айтса, екінші топ латынға көшу аса қажеттігін дәлелдеді. А.Байтұрсынов бастаған қазақ арабшылары латындандыруға қарсы болып, съезде реформаланған араб әліпбиін қабылдаттыруға барлық күштерін салды. Съезд барысында латыншылар араб әліппесінің түркі халықтары үшін қолайсыздығын айтумен болса, ал арабшылар латыншыларды «орыс жолына, миссионерлердің жолына түсушілер» деп ғайбаттады.  Дегенмен жаңа латын әліппесін жақтаушылар басым түсіп, 7 дауысқа қарсы 101 дауыспен латын әліппесінің негізінде құрылған жаңа түрік әліппесін алуға қарар шығарылды. Түрікшілер съезі латындандыруға көшу ісінде аса зор рөл атқарды. Өз жерлеріне қайтып оралған соң республика делегаттары жұмыстарына кірісті.

Бүкілодақтық Жаңа түрік әліпбиінің Орталық комитеті құрылып, оның төрағалығын С. Агамалы-Оглыға жүктелді. Комитет Алқасының құрамында қазақтан Т. Рысқұлов, С. Аспендияров пен Н. Төреқұлов болды.

Түрікшілер съезі латындандыруға көшу ісінде аса зор рөл атқарды. Өз жерлеріне қайтып оралған соң республика делегаттары жұмыстарына кірісті. Бұл жұмыстың негізгі бағыттары: баяндамалар оқу, жиналыстар, конференциялар, сессияларда сөз сөйлеу, мерзімді басылымдарға жариялау, кітапшалар шығару, осыны қолдайтын ұйымдар, мектептерде, кәсіпорындарда, оқытушылар даярлайтын курстарда латыншылар тобын  құру мен оны нығайту және ақырында арабшылармен айтыс-тартыс жүргізу арқылы үгіт -насихат жұмыстарын жүргізу болды.

1927 жылы латын әрібін алу жолындағы білімпаздардың арасында болған айтыс-тартысын жинақ ретінде Қазақстан жаңа әліппе комитетінің тапсырмасымен Қазақстан мемлекеттік баспасынан «Жаңа әліппе жолында» деген атпен басылып шықты. Бұл жинаққа латын жазуына көшуді ұсынған бастамашылар Н. Төреқұлов пен М. Мұрзиннің сөйлеген сөздерінен бастап, В. Бартольд, Л. Жирков, Г.И. Бройдо сияқты атақты ғалымдардың да жаңа әліпбиге қатысты айтқан пікірлері енгізілді.

Пікірталасқа қатысқан академик В. Бартольд  та ескі әліппе мен жаңа әліппенің айырмашылығын ашып көрсетуге тырысады. Латын әрібін алудың себебін латын әрібіндегі Еуропаның мәдениеті жер жүзінің мәдениет бәйгесінің алдын бермей келе жатқандығымен байланыстырды. Ол латын әліппесін алғанда түрік дыбыстарын толықтай  таңбалау үшін біріншіден, бірлі-жарым жаңа әріп қосу қажеттігін, екіншіден, Еуропа халықтарының латын әріптерінен түріктің латын әрібін басқаша ету, үшіншіден, түркі елдері бірінің жазғаын бірі іркілмей тану үшін жаңадан қосылған әріпті неғұрлым  аз ету керектігін ұсынады.

Ал профессор Н.А. Шмарин араб әліппесі мен латын әліппесінің қайсысын қолдану тиімділігін анықтауда істі екі жағынан қарастыру қажеттігін айтады. Оның бірі, бұл әліппелердің тірі елдердің тіліндегі  дыбыстарын таңбалауға жарамдылығы, екіншісі, қайсысының  басу-жазуға артықшылығы. Ол араб әрібімен жазылған сөздердің айтылудағы дудамалығын, басқа елдің қолданылып кеткен сөздерін жазуда араб әрібінің жарамсыздығын айта келе мысалмен  дәлелдемекке тырысады. Арабтың «харб» деген сөзін Осман түріктері «қарп», Қазан ноғайлары «қарип», қазақтар «қаріп» ия «әріп» деп жазатындығын, бұл сөзді түркі елдері тілінде бірізділеу керектігін баса көрсетеді. Түркі елдері араб әрібімен бір сөзді түрліше оқып, түрліше түсінуі мүмкіндігін келтіре отырып, латынға көшуде бұл бірізділікке түседі деген ойын айтады.

Профессор Л. Жирков түркі халықтары ұзақ жылдар бойы отаршылдық бұғауында болып, өзін отарлап алған елдің мәдениетіне, дәстүріне бас июіне мәжбүр болып, сол елдің жазуын да алуға амалсыздан көнгендігін, Ресейлік патша үкіметі де отарлап алғаннан кейін өз әліппесін ендірмекке күш салғандығын, шығыс елдерінің әліппесін өзгертуге ұмтылуының себебін, өз мәдениетін өркендетуге ұмтылуынан деп көрсетті.

Профессор Б. Шопанзада араб дыбысының кемшіліктерін айқындап көрсетпекке тырысты. Оның пікірінше, араб әліппесі түрік дыбыстарының тек үштен бірін ғана таңбалауға  жарайтындығы. Ал жаңа әліппенің дыбыстары тіліміздегі дыбыс санына сәйкес деген тұжырымын айтады.

Ал ғалым Г.И. Бройдо керісінше латын әліпбиіне қарсы шығып,  Ресейдің шығыс халықтары үшін алдымен тіл бірыңғайланбаған жағдайда латын алфавитін кіргізу дұрыс болмайды, сондықтан жаңа графиканы еңгізудің ғылыми жағынан да, практикалық жағынан да  маңызы жоқ деп көрсетті. Өзінің ойын ол былай деп жазды: «Мұсылман балаларын латын шрифтіне қанша оқытсаң да, олардың ешқайсысы да латын шрифімен бейнеленген европалық  мәдениетке  және оның  кітаби құндылықтарына ешбір бой  ұрмайды.  Ал араб алфавитін екі күннің ішінде жаттап алады».

М.Мұрзин «Дыбыс белгілерін өзгерту керек» деген атпен жинаққа енген пікірінде дыбыс белгілерін азайтуда әліпби жобасын ұсынса, ал Н. Төреқұлов «қазаққа қандай әліппе керек» деген сауалға латын әрібінің ыңғайлығын айтып, оны дәлелді мысалдармен түсіндірді. Ә. Байділдин латын әліпбиі көтерілу тарихына тоқтала отырып, оның себептерін ашып көрсетуге тырысты.  Ол араб әрібінің басты кемшілігі ескі араб әрібінің әлі өзгермей қалуынан деп есептеді.

А.Байтұрсынов латын әліппесін қабылдаудың қажетсіздігін баяндамасында баса көрсеткен болатын. Бұл баяндама 1926 жылы  «Еңбекші қазақ» газетіне жариялаған. А.Байтұрсынов араб әліппесін жақтап сөйледі. «Араб әріпінен жасап алған әліпбиімізге жер жүзінде әліпби баласы жетпейді. Мұны ешкім бекер деп айта алмайды. Түрік жұртының 90 %-і баяғыдан бері араб әрібін пайдаланып келеді. Әрқайсысының араб әрібімен жамалған хат мәдениеті бар», – дей отырып, латын-араб әліпбиін салыстырады, араб әріпінің тиімділігін, қолайлығын, маңыздылығын  дәлелдеуге тырысты.

Ұсынылып отырған екі жазудың (араб және латын) халық үшін қайсысы қолайырақ екендігін анықтау қажеттігін ұсынды. Араб жазуында адамның қолы сағат бағыты бойынша, ал латында жазуда керісінше оңнан солға қарай қозғалатынын келітре отырып, адам үшін қандай іс болса да солдан оңға қарай істелгені тиімдірек екендігін мысалдармен көрсетеді.

А.Байтұрсынов латын әрібінің басты кемшілігі бұл баспа мен жазудағы әріптердің өзара айырмашылығында деп келтірді. “Бұл жазудың әрбір сөзі екі иероглифті, жазу иероглифі мен баспа иероглифі бар. Бір әріптің орына екі әріп оқытылады. Араб жүйесінде мұндай екі иероглифтік жоқ, жазу мен баспа әріптері бірдей”, – деді.

Латын әліпбиін қолдап сөйлеушілер арасында Т.Шонанов, А.Байтұрсыновтың сөйлеген сөздерін талдап, араб әріпінің қажетсіздігін  мысалдар арқылы көрсетпекке тырысты. «Латыншылау дегеніміз не? Араб әріпінің әр жерін қысып, созып, иіп латын әріпінің түріне жақындастыру» дей отырып, латын әліппесі керек пе, жоқ па деген таласты қойып, латынша әліппе, кітапшалар шығаруды, латыншылар ұйымын ашуға белсене кірісуді, жаңа әліпбиді біртіндеп іске асыруды ұсынды. «Латын әліппесі керек пе, керек емес пе деген таласты қойып, латын әліппесін қалай еткенде дұрысырақ жүзеге асыруын сөйлесуіміз керек. Іске кірісуге мезгіл жетті» деп, латыншылар ұйымын ашуға белсене кірісуге шақыра отырып, әліппе мәселесіне қатысты үш ағымның барлығын да атап өтеді. Оның көрсетуінше, бірінші ағымдағылар ескі араб әліппесінің түрін өзгертпей сақтауды көздеушілер, екінші ағымдағылар араб әліппесінің  кемшілігін мойындап, оны түзетуге бет бұрған жамаушылар, ал үшінші ағымдағылар әлгі өзгерістен дым шықпайтындығын дәлелдеп, латын жазуына көшуді қуаттаушылар.

Айтыс-тартысқа қатысқан Ілияс Ахметов латын әріпінің әзірге керексіздігін, Ахмет Байтұрсыновтың әріпі әлі де керегімізге жарайды деген пікірде болды. Оның пікірін Міржақып Дулатов та қолдап, араб әрібінің соңғы жобасынан еш шығын шекпейтіндігін дәлелдей сөйледі. «Қазақ жұрты өнерлі, мәдениетті болуына біз қарсы емеспіз, – деді сөзінде ол, – Бірақ өзгерістің де өзгерісі бар. Күндердің күнінде латын әріпін қолданатын болармыз. Латын түгел жұрт біткеннің бәрі шапшаң жазуға, түсінісуіне де сенеміз. Бірақ біздің айтатынымыз латынды шабылып, шығынданып ала қоярлықтай пайдасы көрініп тұрған жоқ. Қайта зияны бар деймін».

Араб әліпбиін жақтай сөйлегендердің арасында Елдес Омаров пен Әбділда Байтасов та болды. Е.Омаров «Латын әріпін алғанда басқа елдің тілін білеміз деу адасқандық» десе, ал Ә.Байтасов «Латын әрібін алу бізге тым ерте. Аламыз деу дұрыс емес. Алмағанымыздан қазіргі ілгерілеуімізге келетін пайда көп» деген пікірді білдіреді.

Ал Ә.Ермеков латын әріпінің елдің мұқтажынан туындап отырғандығын, сондықтан елді ілгері бастырамыз десек «латын әрібін алудың жолын қарастыруымыз керек»  дей отырып, бұл істе А.Байтұрсынов   сияқты білімді, тәжірибесі мол  адамдары шақыруды қажеттігін көтерді.

Латындандыру барысында ұлт республикалары Орталық Атқару Комитеті, өлкелік, аудандық атқару комитеттері жанындағы көмектесу бөлімдері үлкен рөл атқарды. Бұл, әсіресе, латындандырудың орталық штабы Бүкілодақтық жаңа түрік әліпбиінің орталық комитеті құрылғаннан кейін күшейді. Бүкілодақтық орталық комитетінің пленумдарында бірнеше принциптік мәселелер қарастырылып, шешілді. Бүкілодақтық орталық комитет құрылғанға дейін латындандыру ісінде біртұтас басшылық болмады. Жер-жерлерде жаңа әліпбиді жасау ісі бұрынырақ басталған-ды. Территориясы араласып жатқан және тіл жағынан туысқан республикалар да бірыңғай дыбыстарды әр түрлі сызбамен қабылдады.

Қазақстандағы жаңа әліпбиді жасау ісі арнайы комитетке біріктірілген білікті, жоғары маманданған ғалымдарға, тіл мамандарына тапсырылды. 1927 жылы түрік республикалары комитеттерінің бастамасымен жаңа әліппенің Бүкілодақтық Орталық комитеті құрылды. 1927 ж. 27 ақпанында болған БКП(б) Қазақ Өлкелік Комитетінің мәжілісінде латын жазуына көшіру мәселесі бойынша 3 қаулы қабылданды:

1) Арнайы шақырылған жиналыстарда латын жазу бойынша айтыс-тартыс өткізуді тоқтатып, бұл айтыстарды “Еңбекші қазақ” пен “Советская степь” газеттеріне жариялау арқылы өткізу;

2) Айтыс-тартыстарды өткізуде саяси басшылық жасау үшін құрамында қазақ өлеклік комитеті мүшелері бар арнайы комиссия құру;

3) Комиссияға латын жазуын талқылау үшін арнайы жиналыс, реті келсе осы мақсатта Кеңестер съезін өткізуді ұсыну.

Қазақстандағы жаңа әліпбидің жобасын жасау арнайы комитетке біріктірілген білікті, жоғары маманданған ғалымдарға, тіл мамандарына тапсырылды. Сөйтіп, ХХ ғасырдың 20-30-шы жылдары Н. Төреқұлов, Х. Досмұхамедов, М. Мұрзин, Ә. Байділдин, Т. Шонановтың латын әліпбиі жобасы жасалынды және латын жазуының маңыздылығын дәлелеген еңбектер  жарық көре бастады.

1927 жылы Телжан Шонанов латын әліпбиіне қатысты жасаған жобасын «Тілші» газетінде жариялады. Бұл жобасында ол әріптерді түркі тілдес халықтардың әліпбиі негізінде түзді. Оның себебін: «Әр дыбыстың жуан жіңішке түрлеріне дербес арнаулы әріп алынса, әліпбедегі таңба 48 шамасы болады. Үндестік заңын қолдансақ әліппедегі әріптеріміз 24 қана болады. Жіңішке сөз алдына дәйекше қойылады да, ол болмаған сөз жуан оқылады. Жаңа әліпбе әріптерінің түрі де, аталуы да жер жүзіне ортақ түрде алынсын», - деп білдірді.

Ә.Байділдин 1927 жылы Мәскеуде жарық көрген «Жаңа әліпби  туралы» атты кітабында Мәскеу қаласындағы «латыншылдар» ұйымының ұсынған жобасын көрсетеді. Бұл жоба 27 әріп, бір дәйекшеден құрылған. Мәскеу ұйымының тарапынан ұсынылған бұл жобада қазақ тілінің дауысты дыбыстары, олардың жіңішке варианттары дәйекше арқылы ажыратылды. Мысалы: ана - «аna»; ән - «’аn». Ұсынылған әліпби жобасында /ә/ таңбасы «ы» және «і» фонемаларын белгілеу үшін, мысалы «ыдыс» сөзі «әdәs, sabәrmen bayqa» (сабырмен байқа) түрінде таңбаланды. Әліпбиде орыс тілінің «ч», «ф» әріптеріне таңба арналды.

Латындандыру барысында ұлт республикалары Орталық Атқару Комитеті, өлкелік, аудандық атқару комитеттері жанындағы көмектесу бөлімдері үлкен рөл атқарды. Бұл, әсіресе, латындандырудың орталық штабы Бүкілодақтық жаңа түрік әліпбиінің орталық комитеті құрылғаннан кейін күшейді. Бүкілодақтық орталық комитетінің пленумдарында бірнеше принциптік мәселелер қарастырылып, шешілді. Бүкілодақтық орталық комитет құрылғанға дейін латындандыру ісінде біртұтас басшылық болмады. Жер-жерлерде жаңа әліпбиді жасау ісі бұрынырақ басталған-ды. Территориясы араласып жатқан және тіл жағынан туысқан республикалар да бірыңғай дыбыстарды әр түрлі сызбамен қабылдады.

Қазақстандағы жаңа әліпбиді жасау ісі арнайы комитетке біріктірілген білікті, жоғары маманданған ғалымдарға, тіл мамандарына тапсырылды. 1927 жылы түрік республикалары комитеттерінің бастамасымен жаңа әліппенің Бүкілодақтық Орталық комитеті құрылды. Бұл комитеттің осы жылғы маусым айында болған 1-ші пленумында республикаларда жасалған  жаңа әліпби жобалары қаралып, біріктіріліп, түркі елдеріне бірыңғай әліпби жасады. Осы жылдың басында Қазақстанда да жаңа әліпбидің Орталық комитеті құрылып, Нығмет Нұрмақов төраға болып сайланды. «Жаңа әліппешілер қоғамы» (қысқаша «ЖӘҚ» – С.С.) Жарғысын қабылдап, өздерінің мақсаттарын қазақ халқының арасында жаңа (латын) әліпбинің маңыздылығын түсіндіріп,  көшуге үгіттеу деп көрсетті. Бұл мақсатқа жетуде қоғам өз алдына бірнеше міндеттерді ұсынды. Онда халыққа араб әліпбиінің кемшіліктерін түсіндіру, жаңа (латын) әліпбиін еңгізу турасындағы І-ші түрікшілер съезінің шешімін жүзеге асыру мәселелерін қойды.

Латын әліпбиін енгізуді жүзеге асыру туралы мемлекеттік бағдарлама негізіндегі Қаз АКСР үкіметінің қарарлары бойынша жергілікті өкімет пен халық ағарту органдары жаңа әліпбиді үйрету жұмыстарын жан-жақты жүргізді. Ол үшін әр түрлі оқыту әдістері, соның ішінде алыс ауылдар мен қыстауларға мәдени жорықтар да қолданылды. Жаңа латын әліпбиін халық арасында белсенді түрде енгізу барысында ауылдар, аудандар, округтар, оқытушылар бірлестіктері мен қоғамдық ұйымдар арасында социалистік жарыстар өткізу әдісі де жүзеге асырылды.  Қазақстанның еңбекші табы бұл мәдени жорыққа белсенді түрде қатынасты.

Қазақстанда мектептер мен жоғарғы оқу орындарында латын әліпбиі бірден енгізілді де, іс қағаздарына енгізу барысы бірнеше жылға созылды. Сонымен бір мезгілде барлық жерлерде латын әліпбиін үйрету ісі ересек халықпен жастарды түгелдей қамтыла жүргізілді. Латын жазуын үйренуге ықылас білдірушілер қатары күннен-күнге көбее түсті. Алайда жаңа әліпбиді үйрететін мұғалімдердің аздығы мен оқу құралдарының жетіспеушілігі және де оқу сағатының аздығы үйренушілерге кедергі келтірді.

Біртіндеп латын әліпбиі білім, ғылым және мәдениет салалары мен жергілікті халық тұрмысына толықтай енгізілді. Жаңа әліпбиге көшу жұмысы қалалық мектептерде аса қарқынмен жүргізілді. Мектептерде арнайы ұйымдар мен үйрімелер ашылып, жеті сайын латын тілінен сабақтар жүргізіліп, үгіт-насихат ісі қолға алынды.

1928 жылы Жоғарғы Орталық Комитеттің (ВЦКНТА) ұйымдастыруымен Баку қаласында бүкіл түркі тілдес халықтардың әліпби жобаларын сараптауға жиналады. Әл елден келген өкілдер өз елдерінде болып жатқан жағдайды баяндай отырып, әліпби жобаларымен таныстырады.

Ұйғыр, татар және өзбек халықтарының арасында жаңа әліпбиді еңгізу мәселесі қазақтармен бірдей сатыда жүргізілді. 1928-29 оқу жылынан бастап өзбек және татар мектептері толықтай жаңа әліпбиге, жаңа өзбек және татар орфографиясына көшті. Қалалық орыс мектептері V топтан бастап қазақ тілін міндетті түрде оқи бастады. 1928-1930 оқу жылынан бастап орыс мектептерінде қазақ тілін оқыту толығымен жаңа әліпбиге көшірілді.

Жаңа әліпбиге көшудің өз қиыншылықтары болды. Латын жазуының  кейбір әріптерінің жиі өзгеріске ұшырауы оны қабылдаушылар арасында түсініспестік туғызды. Оқытушылардың өздері де жазу барысында қай әріпті қолдану керектігін білмей қиналған кездері жиі кездесті.  Латын әліпбиін жасауда мамандар арасында қайшы пікірлер туындады. Әліпбиді насихаттау барысында жас ерекшеліктері ескерілмеді. Мәселен, егде адамдарға әліпбиді үйрету мәселесі ұмыт қалдырылып, нәтижесінде сауатсыздар қатары  көбейді.Мамандардың жетіспеуі әліпбиді үйренуде көп кедергілерге алып келді. Нәтижесінде жазу мен оқу үдерісі өте баяу жүргізіліп, жұртшылық арасында шала сауаттылар қатары көбейді.Латын әрібіндегі оқулық және тағы басқа насихат құралдарын шығаратын баспаханаларда әріп қалыбы жетіспеді.

Жаңа түркі жазуының негізін ұзақ талқылау мен өңдеуден кейін 1929 жылдың 7 тамызында КСРО Орталық Атқару Комитетінің төралқасы мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі «Жаңа қазақ алфавитін (әліппесін) енгізу» турасындағы қаулыны қабылдады. 14 тамызда жаңа әліпбиді Халық ағарту комиссариатының барлық жағдайды ескере отырып, бүкіл қазақ мектептеріне латын әліпбиін толықтай енгізудің соңғы мерзімін 1930 ж. 14 тамызына, яғни Қазақстанның 10 жылдық мерейтойына дейін аяқтауды белгіледі.

1930 жылы құрылған жаңа түрік әліпбиінің Орталық Комитеті 1933 жылы КСР Одақтық ОАК-нің жанындағы жаңа әліпбидің Бүкілодақтық орталық комитеті болып қайтадан құрылып, 40 жылдың соңына дейін жұмыс істеді.

1940 ж. 13 қарашасында 2 қарашадағы қаулы негізінде «Латындандырылған қазақ жазуын орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» Заң қабылданып, орыс графикасына көшу елдің саяси және мәдени дамуына әсер тигізетіндігі, сондай-ақ КСРО құрамындағы ұлттар арасындағы достықты нығайта түсетіндігі айтылды. Жаңа жазбаға көшудің нақты мерзімі белгіленді. Бұл Заң республиканың өлкелік мерзімді басылымдарында жарияланды.

ХХ ғасырдың 20-40 жылдары қазақ жазуын үш бірдей арабқа, латынға, латыннан орыс жазуына(кириллица) көшіру мәдени даму барысына біршама кедергілер келтірді. Бұл біріншіден, жаңа әріп жасауда, оны насихаттауда, жаңа оқу құралдарын, кітаптарды шығаруда баспаханаларды ыңғайлауда көп қаражатты қажет етсе, екіншіден, араб жазуынан енді латын жазуын қабылдап, терең біліп келе жатқанда орыс жазуына көшіру тұрғылықты халықтың арасында қобалжулықтарды да туындатты. Алайда үкімет пен партия бұның бәрін халық жауларының әрекетіне таңды. Қазақ жазуының бірнеше рет өзгеріске ұшырауы мәдени құндылықтарымызды пайдалануда біршама қиындықтар да алып келді. Араб, латын әрібінде жазылып, жарық көрген көптеген кітаптарымыз кітапхана сөрелерінде жатып қалды.

Латын әліпбиін енгізуді жүзеге асыру туралы мемлекеттік бағдарлама негізіндегі ҚазАКСР үкіметінің қарарлары бойынша жергілікті өкімет пен халық ағарту органдары жаңа үйрету жұмыстарын жан-жақты жүргізді. Ол үшін әр түрлі оқыту әдістері, соның ішінде алыс ауылдар мен қыстауларға мәдени жорықтар да қолданылды. Жаңа латын әліпбиін халық арасында белсенді түрде енгізу барысында ауылдар, аудандар, округтар, оқытушылар бірлестіктері мен қоғамдық ұйымдар арасында социалистік жарыстар өткізу әдісі қолданылды.  Қазақстанның еңбекші табы бұл мәдени жорыққа белсенді түрде қатынасты. Қарап отырсақ, елімізде 20-30 жылдары латын жазуына көшуде тұтас дайындықтар жүргізілген екен. Міне, сондықтан бұрынғы өткен тәжірибелерді зерделеп, соларға сүйену  тиімдірек сияқты.

Тәуелсіз Қазақстанға латын әліпбиінің қажеттілігі. 2006 жылы болған Қазақстан халқы ассамблеясының 12-сессиясында Елбасы латын графикасына көшуді қозғап, осы мәселені жіті зерттеп, нақты ұсыныстар даярлауға тапсырма берген еді. 2007 жылы Білім және ғылым министрлігінде осы латын әліпбиі мәселесіне байланысты комиссия құрылып, қоғамдық институттардың мамандары біршама іс-шараларды жүзеге асырған болатын. Бұл комиссия жұмысы осы уақыттарға дейін созылып, тіл, тарих, экономист және т.б. мамандар ХХ ғасырдың 20-30-жылдарындағы латынға көшу тарихынан бастап,  латын әліпбиіне көшкен елдердің іс-тәжірибесі, сауалнамалар нәтижесі жазылған құжаттар, шетелдік зерттеушілердің ұсыныстары жинақталған құжаттар қарастырылып, талдау жасап, латын графикасына көшірудің негіздемесі жасалды. Бірнеше мәжілістер өткізіліп, мамандар ұсынған әліпбилер талқылауға салынды. Латын әрібін қабылдаған Түркия, Өзбекстан, Түркіменстан мемлекеттеріне арнайы экспедиция жіберіліп, олардың тәжірибелерімен бөлісті.

Жазуды латын әліпбиіне ауыстыру мәселесі өте күрделі. Ол Шығыс елдеріндегі тіл факторын дамыту тәжірибесінің негізінде кешенді зерделеуді талап етеді. Қазақстан үшін тағылым аларлығы және пайдалысы латын әліпбиіне көшкен елдердің елдерінің тәжірибесі бола алады. Дегенмен қазақ жазуын латын графикасына көшіру Қазақстан Республикасында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін нығайта түседі. Осы уақытқа дейін латын әліпбиіне көшу үшін латын графикасына негізделген қазақ әліппесі реформасына қатысты қоғамдық пікірге талдау жасалынуы мен халық арасында қазақ жазуын латын графикасына көшірудің тиімділігі жөнінде түсіндірме, ұғындыру және насихаттау жұмыстарын жүргізілуінен кейінгі шығарған қорытындыда латын әліпбиі енгізіп, қолдауды көпшілік қолдайтындығы анықталды. Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғырту» атты мақаласында: «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық орта­ның, ком­муникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасыр­дағы ғылы­ми және білім беру процесінің ерекше­лік­теріне байланысты. Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес»  екендігін айқын айтып, тез арада қолға алуды міндеттеген еді. Сонымен қатар Елбасы бұл бағдарламалық мақаласында 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдауды және  2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуды ұсынған еді.

Қазақстандық тіл мамандары латын әліпбиінің бірнеше нұсқасын жасап, халықтың талқылауына ұсынды. Нәтижесінде 2017 жылдың 26 қазанында Елбасы қазақ тілі әліпбиінің 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңімен көшуін қамтамасыз ету жөніндегі жарлыққа қол қойылып, ресми түрде мақұлданды. Халық арасында қызу талқылауға салынып, түрлі ойлар баспасөз беттерінде жарық көргеннен кейін әліпбиге түзетулер енгізіліп, 2018 жылдың 19 ақпанында бекітілген еді. Дегенмен қазірде осы латын әліпбиінің даярланған жобаға қатысты ғалымдар (тіл мамандары) арасында түрлі пікірлер туындап отыр.

Тәуелсіз Қазақстанға латын әліпбиінің қажеттілігі біріншіден, бұл – қазіргі заман талабы. Латын қарпі – адамзат дамуындағы ең мықты жазудың бірі. Ол – ХХІ ғасырдағы ғылым мен техниканың, интернет пен IT технологиялардың тілі. Заманауи технологиялардың тілін игеруде де бірқатар ілгерілеушілік орын алатыны сөзсіз. Латын жазуына көшу арқылы бүгінгі техника жетістіктері мен  ғаламтор жаңалықтарынан ұтымды пайдалана алу мүмкіндігі туады. Екіншіден, латын қарпі түркі тілдес халықтарды жақындастыратын жазу. Себебі, әлемдегі халықтың 80 пайызы латын графикасын игеріп, пайдаланып отыр, әлемдегі ақпараттың 70 пайызы осы таңбамен таратылып тұр. Үшіншіден, латын әліпбиін қабылдай отырып, тілдік ерекшелігімізді сақтаймыз,  шет тілдерден енген сөздерді де ұлттық ерекшеліктерге икемдей аламыз.

 

Светлана Смағұлова,

тарих ғылымдарының докторы,

әл-Фараби атындағы

 Қазақ Ұлттық университетінің профессоры

"Адырна" ұлттық порталы

 

 

 

Пікірлер