ОЛЖАС ӘБІЛ: "Біздің қателігімізді қайталамаңдар" деп айта аламыз

2757
Adyrna.kz Telegram

Мұнай тиын боп қалды ғой. Ресейдегі Путин бар болғаны Назарбаев сияқты мұнай саудагері еді.
Бұл екеуі де нағыз экономика дегеннің не нәрсе екенін білмеген және білмей кететін басшылар болады жалпы.
Путин сол құдайдың берген қазба байлықтарын да дұрыстап сата алмады. Газды қаруға айналдырып қиқар баладай Еуропаға бұлданып отыратын, енді міне...

Батыс Путинді әне міне жалаңаш қалдырмақшы. Путиннің дәурені аяқталып келеді. Ол қазір көзге анық көріне бастады.
Ал осы Кремль ары қарай асырай алмайтын болса, ондағы ұлттық автономиялардың өз тәуелсіздігін сұрап, тіпті күресіп, бет - бетімен кететіні анық. Ресей қазір құлдилаған бетімен нақ сол жағдайға келе жатыр.

Егер біз сол күнге аман есен жететін болсақ, жақын келешекте ресейлік автономиялы республикалар бірінен соң бірі жасындай жарқырап өз азаттығын алып жатуы мүмкін... Күлтегін мен Тоныкөк бабаларымыздың біз сықылды өзге ұрпағы да өз алды мемлекет боп жатса бұл біз үшін үлкен қуаныш емес пе...

Мен - өз басым солардың арасындағы бізге жақын Башқортостан немесе Саха сынды түркі республикаларының алғашқы жылдарында, олардың тәуелсіздігін тұғырлауға кеңесші, тәуелсіз эксперт ретінде кеткім келеді. Шақырса кетер едім.

Бастапқы кезде бұларға да осы орайда біздің тәжірибе ауадай қажет болады.
Біз де бұлар сияқты Кремльден азаттық алдық.
Біз де кезінде олардың көргенін басымыздан өткердік. Орыстандыру, отаршылық... Қысқасы біздің арамызда ортақ нәрселер өте көп.
Бұл түркі республикаларының алғашқы кезде бізден сұрары көп болады. Біздің оларға айтарымыз да жетеді.
Біз бұларға кем дегенде - "БІЗДІҢ ҚАТЕЛІГІМІЗДІ ҚАЙТАЛАМАҢДАР" деп айта аламыз. Ал ол дегеніңіз өте құнды кеңес.
Мен бұларға салған беттен "бұрыңғы Кремль тағайындаған басшыларыңды жанұясымен бірге дереу билік басынан құртыңдар, ескі биліктен билік басында ешкімді қалдырмаңдар" деп кеңес берер едім.
Себебі, Кремль тағайындаған басшылардың сүйегі ынжық, ездеу боп келеді. Бұл бір. Кремль, кезінде сондай жалтақ адамдарды таңдап отырып билікке қойған. Мәскеу вассалдыққа өзіне ыңғайлы бас изегіш тек нұсқау орындаушы құлақкесті құлдарын ғана отырғызған және бір жаманы - ондай адамдардан ешқандай нағыз лидер шықпайтыны да анық. Бұлардан тек өлгеннен кейін қабірін халық тебетін көпірген көбік "көсемдер" ғана шығады.
Екіншіден, Кремльдің бұл мамандары ынсап дегеннің не екенін білмейтін сұғанақ ұры болады.

Мен ана түркі елдеріне айтушы едім; "егер сендер басшылыққа он жыл бойы елді құлдыратып, сосын қалған жиырма жылда елдің қазба байлығын сатып бір қолымен елдің жағдайын көтергендей боп, екінші қолымен жанұясымен бірге ұрлап - қырлап шылқып байып алатын дымбілмес мақауды қаламасаңдар дереу Мәскеудің құлақкесті құлдарын биліктен қазірден бастап құртып, басшыны заманауи, білікті шетелде оқыған жастардан таңдаңдар" деп Шығыс Еуропа мен Балтық елдерінің тәжірибесін нұсқай отырып кеңес берер едім.
"Ей бауырлар, әйтпесе сорлап қаласыңдар, анау билікте отырып отыз жыл ел тонайтын Мәскеу тағайындаған дымбілмес мақауларың отыз жылда нағыз баукеспе қарақшыға айналады сосын ол биліктен кете алмай тағы сорлатады. Ол биліктен айырылып түрмеге түсіп қалу қаупінен қорқып, өз орнына бір бұзауды немесе туысын қалдырғысы келіп тағы алтын уақыттарыңды алады" дейтін ем мен оларға.
"Бұндай басшылар тағы "пәлен жылы елде керемет болады, түген жылы елде жұмақ орнайды" деп бәрін келешекке арта салатын сужұқпас суайт болады, ондайдан сақтаныңдар" дегенді қосып зәрелерін ұшырып қоятын ем мен.
"Сондықтан әуел бастан билікті сайланбалы қылуға қол жеткізіп, жастарды оған көптеп тартыңдар" дегенді де қосып қоямын.

Жалпы, Саха республикасы да, Башқұрттар елі де қазба байлықтарға өте бай елдер ғой. Бұлар егер қателік жасап оны ұрыларға ұстатып қоймаса халқы керемет байып жақсы тұратын еді. Олардың халық саны да көп емес, бұлар тез көркейіп аяққа тұрып кетер еді.
Бұл елде ұрлықтың жаппай белең алмауы үшін азаттықтың алғашқы жылдары ұрылар мен жемқорларға өлім жазасын беретін заңның болғанын және оның қатаң орындалуын қатты қадағалауды мен мақұлдап оларға кеңес қылар едім.
Ұлттық буржуазияның қалыптасуын, сосын олар өз кезегінде негізін қалайтын ұлттық экономиканың қалыптасуын, ол экономиканың жаһандасуын қатты қадағалап отырар едім. Бұл өте маңызды нәрсе.

Елде әділ сайлаудың өтуін, парламент, сот сияқты тәуелсіз институттардың қалыптасуында айтар едік.. Саяси даму деген осыдан басталады.

Аса үлкен сақтықпен республикада ұлттандыру процессін жүргізуді, Башқұртстанда башқұрттардың мектептерін, Саха елінде саха мектептерін көптеп ашып ұлттық мәселелерде биліктің батыл саясатын жүргізуді қызу қолдап кеңес қылар едім.
Башқұрттардың астанасы Уфа қаласында 18 пайыз башқұрттар ғана тұрады екен.
Кезінде бұл елдерде орыстандыру процессі қандай дәрежеде жүргізілгенін осыдан ақ көре беріңіздер.
Осы мәселеге қатысты мен зерттеу жұмыстарын жүргізіп кейін ақырындап іске асырылатын тұтас стратегиялық еңбек арнап жазушы едім. Бұл халықтардың өз елінде ұлттанып, тілінің, мәдениетінің, тарихының орынын тауып, халқының өз тұғырлы орынына қонуына ат салысар едім.
Қысқасы, мен бұл бауырлас халықтарға үлкен жәрдем қылар едім.
Жалпы бұл елдерде күшті эксперименттер жасауға болады. Ол тәжірибелер және оң нәтижесін береді. Бұлар шағын елдер ғой, ол реформалар тез іске асып ел қысқа мерзімде гүлденіп шығар еді.

Әйтпесе бұл халықтар көп нәрседен айырылып, кәдімгідей сорлап, кенжелеп қалды. Қазір аянышты жағдайға жетті. Тілі жоқ, тарихы жоқ, руһани жұтаң.. Байлығы ұстағанның қолында... Бағыт бағдары да жоқ. Бұлардың жағдайлары расында мүшкіл.

Бір сөзбен айтсақ, мен сол тұста бұлардың қастарынан табылып азаттық алған бауырлас түркі елдерінің тұғырын көтерісуге біраз көмектесер едім деп ойлаймын.
Ал бұлар ол кезде біздің көмегімізге өте мұқтаж болады, өте, оны мен қазірден біліп отырмын.

Кетер едім, рас, шақырса...

Пікірлер