Сөз мағынасын түсініп жүрміз бе?

5496
Adyrna.kz Telegram

Көбіне қазыналы қарттарымыздан, асыл әжелерімізден, ардақты аналарымыздан "айналайын" деген жылы сөзді естіп жан-жүрегіміз елжіреп, тұла бойымыз тебіреніп жатады. "Айналайын, құлыншағым, абайла!", "қылықтарынан айналайын", "Аллам бере салған, айналайыным" және сол сияқты нәзік, жылы сөздермен немерелерін еркелетіп, мәпелеп жататын аталарымыз бен әжелеріміз де аз емес. Адамды аластағанда да, ыдыс сынғанда да басынан айналдырады.
Сіз жоғарыдағы айналайын сөзінің  түбінде тамыры терең тарих, қандай мән мен мағына жатқанын білесіз бе?! Егер білмесеңіз, жақынырақ отырып, зейін қойып оқыңыз. Өзімде жақын арада оның тек қана сөз емес, ғасырлар бойы сөз түрінде сақталып келе жатқан ежелгі салтымыз екенін біліп , білгеніммен сіздермен бөлісуді жөн көрдім.

Бұрындары қазақ отбасында кішкене бала яки жас жеткіншек сырқатқа шалдығып ауырғанда әкесі , анасы немесе егде жастағы адам сол жастың сауығып , дертінен айығып, жанын аман алып қалу үшін осы ырымды жасайтын болған. Оның бізге жеткен 2 түрі бар . Алғашқысы, баласы ауырғанда әкесі киімін терісіне аударып киіп, мойнына белдік іліп, оның "төменгі әлемге түскенін" білдіріп, баласын айнала бастаса , екінші жағдайда қарияларымыз киіз үйдің дәл ортасына науқасты жатқызып, үш мәрте айналып, есікке келген сәтте: "айналайын", - деп дауыстайды екен. Бұл ырымнан кейін, ең қызығы, жас сауығып, сол ырымы жасаған қарт ауруға шалдығып немесе жан тәсілім ететін болыпты. Қазақ содан бері бұл асыл сөзді ұмытпай , балаларына: "Айналайын",- деп еміренеді екен. Ондағысы: "Сенің жолыңда менің жаным құрбан", "сенің мұңыңды маған берсін",- дегені екен.
Ойлаңызшы, қазағымның бір ғана сөзінде қаншама тылсым, жанашырлық, мейірімділік пен балаға деген шексіз махаббат жатыр.

Айналдыру - ежелгі дәстүрдің сарқыншағы болғанымен,мұның артында түркі дәуірінен келе жатқан сенім тұр . Осы тұста сөз қадірін жетік түсіне білген ағамыз Кәкімбек Салықовтың:
"Бүкіл әлем сөйлегенде бір тілде,
"Айналайын" деген сөзді сақтармыз", - деген өлең жолдарының түпкі ұғымын енді ұққандаймын. Ойланып қарасақ, "айналайын" сөзі ешбір өзге тілге аудара да, өзге ұлтқа түсіндіре алмайды да екенбіз. Яғни, ол - тек біздікі. Бұл жайлы қазақтың біртуары Олжас Сүлейменов атамыздың:
"Айналайын-чудесное слово,
Жаль ,что русский его не поймет.
Объяснить я готов ему снова,
Только бедно звучить перевод" - деген өлең жолдары сөзімнің астарын айшықтап тұрғандай.
Бүгінде бұл ырым жоғалып кетсе де, айналамызда "айналайын" сөзі өз сәнін жоғалтпақ емес. Жүрегіме бұрыннан жақын сөздің мағынасын одан әрі ұғына түскеннен соң , шын жақындарымның қайғысын өзіме алып, мәселесін шеше алмасам да, қол ұшын созу мақсатында , уайымнан қажып жүрген бағалалыларыма іштей ғана сыбырлап қайталай бастадым. Олардың жарасын жеңілдетіп, демеу болу үшін...

Ақбота Нысанбай,

Тұран  университетінің 1 курс студенті

Пікірлер