Амангелді Кеңшілікұлы. Флобер мен Луиза (жалғасы)

5108
Adyrna.kz Telegram

Құрметті достарым! Құдай қаласа карантин де аяқталып, өмір өз арнасына түсе бастайтын шығар. Көңілдеріңді мына жаман індеттен басқа жаққа аудару үшін «Флобердің серті мен дерті» атты көлемді дүниемнің тағы бір үзігін сіздердің назарларыңызға ұсынғым келіп отыр. Толық нұсқасы нүктесін қойылғаннан кейін республикалық басылымдардың бірінде жарық көретін болады.

ФЛОБЕР МЕН ЛУИЗА

Дүниеде әйелден әдемі әлемнің жоқ екені қандай рас болса, одан құдіретті күштің жоқтығы тағы да сондай шындық. Дәуірдің аласапыран дауылы соқса есеңгіреп қалатын жұмыр басты пенде түгіл, адамзаттың қанын суша төгіп, төрткіл дүниені қылышымен бағындырған патшалар да әйел сұлулығының алдында дәрменсіз. Шығармашылықтың сиқырына жаны арбалған суреткер ғана өнердің әсемдігін әйелден биік қояды. Әйткенмен, олар да көркем туындысына қажет құнды материал болатын аруды жолықтырғанда оны тереңірек тану үшін барын салып, біраз уақыт Мәжнүннің кебін киіп жүреді.
Махаббат жырлары оқырман жүрегіндегі тоң болып қатып қалған мұздарды ерітіп жіберетін Петрарканың мәңгілік музасына айналдырған Лаураны шын сүйгені шамалы. Шығармашылық адамы да ара сияқты, көзіне көрінген әдемі гүлдердің дәмін татып көрмейінше жаны байыз таппайды. Егер ұлы ақынның Лаураны сүйгені рас болса, ақынның одан басқа да аруларға да көңілі кетіп, жүрегін ашып, сырын ақтарып, есінен танып ғашықтық ғазалдарын арнағанын қалай түсінеміз?
Ақиқатында ақын бір символдық көріністі тауып алғанда, сол арқылы әсемдікті жырлап адамдардың санасына сұлулықтың сәулесін түсіруге тырысатын болса керек. Байрон бір сөзінде «Егер Петрарка Лаураға үйленген болса, тап осындай алапат сезіммен оны өмір бойы жырламас еді» деген екен. Карамзин де ағылшын ақынының сөзіне қосылып «Петрарка арманына жетіп Лаурамен некелескенде оттай ыстық жалынды жырлар ақын жүрегінен тумайтыны айдан-анық» дегенді шегелеп айтыпты.
Ұлы Мағжанның шығармашылық психологиясының құпиясын тани түсудегі кілті іспетті бір ғажайып өлеңі бар. Онда ақын былай дейді:
Әйел сүйем, бірақ емес сендерше,
Мен сүйемін жан - денесін бергенше.
Жан - денесін бірдей алам, улаймын,
Қысып сүйем құшағымда өлгенше.
Тұла бойын ғашығына деген алапат сезімнің құмарлығы билеген шайыр шабыттанып отырып, абайламай шынын айтып қойды. Расында да ол шығармашылығының нысаны ретінде зерттеп жүрген аруды жан-денесін бергенше ғана өліп-талып сүйеді. Әйелдің амал қамалы алынып, тәні жеңілген түннен кейін ол сұлу ақынға қызық болмай қалуы да әбден ықтимал.
Қоғамдағы тоғышар әйелдің бұрын-соңды өнерде болмаған теңдессіз образын әдебиетке әкелгісі келген Флобердің де күйеуінің көзіне шөп салып жүрген қатындарға ғашық бола беруінде адамдық сезімнен гөрі, эстетикалық қызығушылық басым. Луизе Коледей мінезі де, жүрісі де жеңіл әйелді де ол шын ниетімен сүйген жоқ.
Зады өнерде де, саясатта да, ғылымда да алып бара жатқан таланты мен аса терең білімі жоқ болса да, тамыр-таныстықтың арқасында көп дүниеге қол жеткізуге болатынына кәміл сенетін тоғышар әйелдер көп. Қоғамда өзіне лайық орны бар тұлғаның көңілдесі болғанды олар мәртебе санайды. Түк бітірмесе де ірі суреткерлердің көлеңкесінен пана таба жүріп, тарихта атын қалдырғысы келеді.
Аздап ақындыққа жақындығы бар, ақшасы болғанымен таланты жоқ Луизе Коле сондай жандардың бірі-тұғын. Танымы таяз, талғамы төмен болғанына қарамастан Құдай ерекше сұлу етіп жаратқан бикеш «Муза» деген салон ашып, атақты ақындар мен жазушылар онда бас қосып, түрлі-түрлі мәселелерді талқылап тұрды.
Луизенің күйеуі Ипполит Коле музыка пәнінен сабақ беретін. Күйеуінен басқа сұлу бикештің Виктор Кузен есімді философ, әрі саясаттанушы ашынасы мен одан тапқан бір баласы болды.
Беделі күшті тұлғалардың басын шыркөбелек айналдырып алатын Луизе Коле жасының қырыққа келіп қалғанын үнемі жасырып, отызға енді ғана толғанын айтып, көрікті жігіттерді көрсе көзі оттай жайнап кететін.
Тоғышар әйелдердің психологиясын бес саусағындай жақсы білетін, сөзге шешен Флобер аса көп қиналмай-ақ сұлу бикештің жүрегіне шоқ тастап, сезімін жаулап алды. Оттай ыстық сүйісімен талай еркекті тәтті құшағында тұншықтырған келіншек танысқанының екінші күні-ақ Флобердің көңілдесіне айналды.
Жазушының замандасы Альфред Мюссе жылы мрамордан жасалған Венераға теңеген Луизе Коле шынында да қанша қарасаң да көзің тоймайтын сұлу қатын еді. Флобер де жігіттің сұлтаны болатын. Бойы ұзын, дауысы барқыттай жұмсақ, мінезі сыпайы, білімі мол сымбатты жігітті бір көргеннен-ақ талай әйел ұнатып қалатын.
Тәні тоят таппай, бойындағы асыр салған құмарлықтың жыландарын қанағаттандыра алмай қойған әйел Гюставпен ғана емес, сонымен бірге Виктор Кузенмен де құпия кездесіп, екі еркектің де нәпсісін тойдырып жүрді. Сұлу бикештің асты-үстіне түсіп аймалаған балдай тәтті сүйісінен көңілі сергіп, өне бойын өрттей жандырған ыстық құшағында балқып жатып та Флобер осы көріністердің бәрін зерттеп, көңіліне түйді. «Бовари ханымдағы» Эмманы алдап кететін алаяқ еркектер шын мәнісінде жазушының өзі. Флобердің «Эмма Бовари мен өзіммін» деген сөздерінің жаны бар. Әрине, «Бовари ханым» автобиографиялық роман емес. Дегенмен, жазушы атақты шығармасында өзгелердің емес, өзінің күнәсін әшкерелеп, ар алдында ақталғандай кейіп танытады.
Луизаның бойындағы моральдық принциптердің жоқтығы, күйеуіне жасап жүрген опасыздығы, есалаңдығы мен өзімшілдігі сияқты ауытқушылықтардың бәрі де уақыт өте келе «Бовари ханымда» Эмманың табиғатынан көрініс тапты. Луизе де Эмма сияқты шынайы сезімді іздегендіктен емес, өз қиялындағы махаббатты аңсағандықтан дәулетті еркектердің қойнында адасып жүрген байғұс әйел болатын. Алайда, осыған қарап, Эмманың образын Луизе Коленің түпбейнесі деп ойлап қалмау керек. Ақиқатында Эмма Бовари қоғамдағы тоғышар әйелдің жиынтық образы
Іздегенге - сұраған аяқ астынан табыла кетті. Француз классигі де тап осындай бикештің образын өнерге әкеліп, ондағы сеңдей сіресіп қалған қағидалардың тас-талқанын шығаруды армандап жүрген еді. «Неге біз жаны кіршіксіз таза, моральдық принципі биік аруларды ғана шығарманың бас кейіпкері етіп аламыз. Өмірде адасып, адамдық қасиетінің бәрін жоғалтып алған әйелдердің жан-дүниесіне біз неге үңілмейміз? Мүмкін біз шеше алмай жүрген Құдайлық сұрақтардың жауабы солардың жүрегінде жасырынып жатқан шығар» деген ойға бататын ол оңаша қалған кездерінде.
Сезімге қанағатсыз ұрғашының тәнінен тоят тапқан Флобер үш күннен кейін Луизенің қалуын сұрап, көзінің жасын көлдетіп, жалынып-жалбарынғанына қарамастан Круаске кетіп қалды. Бара салысымен сезімтал Луизенің көңілін толқытып, жүрегін елжіретіп жіберетін ұзақ хат жазды. Хатында оны қалай сүйетінін, жалғыз тал шәші үшін жанын құрбандыққа шалуға даяр екенін айтып, жас жігіттің түндегі ыстық сүйісінен әлі есін жия алмай отырған ақылы аздау қатынның басын одан бетер қатырып жіберді.
Жазушы болған оқиғаны шынайы етіп, суреткерлік шеберлікпен баяндап беретін ертегіші. Ал, ертегіші адам қиялындағы дүниесіне тыңдаушысын ұйытып, шындығына иландыру үшін ең әуелі оған өзі сенуі керек. Суреткер үшін сыртқа шыға алмай, көмейіңде кептеліп тұрған шындығына оқырманын сендіре алмағаннан үлкен қасірет жоқ. Әсіресе, өзің күнде көріп, куәгері болып жүрген өмір шындығын шынайы етіп суреттеу қиынның қиыны. Өйткені, шындық ешкімге де ұнамай, үнемі қоғамның наразылығын туғызады. Бүгінгі күннің шындығын суреттегеннен гөрі, тарихи тақырыпты кемірген әлдеқайда оңай.
Келешекте жазатын шығармасының шындығына сендірту үшін Флобер өз тақырыбын зерттеуге қатты беріліп кетті. Бірнеше жылдан кейін ол досы Эдмон Гонкурге сырын ашып, Луизе Коленің жан-тәнімен сүйгенін мойындайды. Қиялының қақпанына түскенде ылғи да асырып сөйлейтін Флобердің қай сөзіне сенеріңді білмейсің. Біресе ол Элиза Шлезенжерге жан-тәнімен ғашық болады, енді біресе Элали Фукомен көңіл көтереді. Енді міне қиял әлемінде өмір сүріп жүрген Луизе Колені жынды қылып қойды. Сөйте тұра моральдық принциптен ада, материалдық құндылықтан басқа ештеңені ойламайтын тоғышар қатынның образын егжей-тегжейлі зерттеген жазушының жезөкшелер үйіне барғанын да, Шығыста болғанда мерез (сифилис) ауруын жұқтырып алғанын да білеміз.

(Жалғасы бар)

Пікірлер