Елімізде 20 мыңнан астам оқушы пошта арқылы оқиды

3472
Adyrna.kz Telegram

ҚР БҒМ IV тоқсандағы қашықтан оқытудың бірнеше нұсқаларын ұсынып отыр. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

Атап айтсақ, радио арқылы өткізілетін сабақтар мен телесабақтар, білім беру интернет-ресурстарын пайдалану, шағын жинақты мектептердегі дәстүрлі оқыту форматы және тағы бір бағыт – "Қазпошта" арқылы.

Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари мен "Қазпошта" АҚ Басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов осы бағыттағы ынтымақтастық тетіктерін талқылады.

Шалғай елді-мекендерде тұратын және интернет арқылы оқуға мүмкіндігі жоқ оқушылардың үйлеріне оқу материалдарын жеткізу, сондай-ақ, орындалған тапсырмаларды педагогтарға қайта жіберу қажет. Елімізде мұндай оқушылардың саны – 20 мыңнан астам – делінген хабарламада.

Аталған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында ынтымақтастық туралы екіжақты Меморандумға қол қойыл. Осыған сәйкес оқушыларға арналған оқу материалдары «Қазпошта» АҚ пошта байланысы бөлімшелері арқылы жеткізілетін болады. Ата-аналарға пошта байланысы қызметі үшін төлем жасаудың қажеті жоқ.

Қашықтан білім беру технологияларын қолдану арқылы оқуға мүмкіндігі жоқ оқушылар туралы деректерді облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың білім басқармалары өкілдері ұсынады.

Айта кеткен жөн, шалғай елді-мекендерде өмір сүретін оқушыларға арналған оқу материалдары санитарлық қауіпсіздіктің барлық нормаларын сақтай отырып, жеткізілетін болады. Осылайша, пошта байланысы мұғалімнен оқушыға және оқушыдан мұғалімге жіберілетін оқу материалдарын уақытылы жеткізуді қамтамасыз етеді.

Пікірлер