Санаң қайда, қазағым, салтың қайда?

2379

Коронавирус қалжыңдасатын індет емес. Бейқам Италияның тағдыры бізді ойландырса керек еді. Салтқа жүйрік, дәстүрге берік Қазақ алдымен сақтық шараларын ширатуы тиіс еді. «Сақтансаң сақтайды»,- деп айтып еді ғой, аталарымыз.
Қазір төтенше жағдай. Санаға жететіндей ақ айтылып жатыр. Салтың да бар. Тас түскен жерге ауыр. Тағдырың тасты тастаған екен, кез келген қиындыққа тас түйін дайын болуымыз керек еді. Мемлекет еріккеннен карантин жарияламаған шығар. Неге босып жүрміз, әлі? Анау бекеттерден ебін тауып, өтіп кетіп елге барып, келіп жүргендер бар дейді. «Олардың аяғын сындыр», - деуші еді, баяғының ақсақалдары. Қазір айналасы әлгілердің тапқырлығы мен тіл табысушылық қасиетіне риза. «Ойының осылар», - дегенді де қазақ айтты. Күйінгеннен соң. Анау қулардың тастап кететін төрт-бес мың теңгесі қай жыртығыңа жамау, бекетті ашып беруші бауыр? Камера көрмей қалған шығар, тексеруші байқамай қалған шығар, бірақ сіз мырзалық танытқан сол адам вирус тасымалдаушы болса ше? Қай ауылыңда жібі түзу аурухана бар еді? Қай ауруханасында толып тұрған дәрі-дәрмек қоймасын көріп едіңдер? Біреуі торқалы той деп өтеді-міс, екіншісі топырақты өлімге асыққан. Қуанышы құтты болсын, өлгеніне иман тіледік. Қазір құтты болсын немесе көңіл айтатын кез емес қой.
Ұстазым Нес-аға «Ауылды сақтау» керек деп айқай салды. Дауысы қай жерге дейін жеткенін білмедік. Тым болмаса сол ауылға өзіміз сақ болайықшы. Бармайықшы, ауылға. Ауылға дәл қазір біздің түк пайдамыз тимейді. Қыдырғаныңды да көтерер, алайда қауіп апарғанымыздан қаперсіз ғой. Ақеділ адамдар олар, бауыр келді деп барын салады. Асын береді. Жанын салып, күтеді. Сол көңілін вируспен былғап кетсек ше?
Ауылда бәрі бар. Ниеттес адамдар, бауырмал халық. Бірақ, ауылда қазір анау айтқандай маман дәрігер тапшы. Бар да шығар, бірақ штат аз ғой. Тым аз. Олар әлгі бәле белең алып кетсе қалай алысады? Несімен алысады? Қаперсіз болмайықшы, ағайын, қаныпезер емеспіз ғой. Бармайықшы ауылға. Бекетті айналып өтуге болады. Ол үшін керемет ақыл да қажет емес. Ебін білесіз де, ептеп кете бересіз. Санаға сәуле түсірейікші.
Бармайықшы, ауылға! Бармаңыздаршы, бір-екі ай...

Аман СЕЙІТҚАНОВ