Шодиев пен Бабанов һәм біздің жмоттар

3648
Adyrna.kz Telegram

Мынау короновирус кімнің кім екенін тағы су бетіне шығарып берді. Іргедегі өзбектердің қазақ жерін еміп байыған Патох Шодиев атты байы 200 млн долларды өз өзбегінің болашақ тағдары үшін құрбандыққа байлай салды (мұны жоққа шығарып жатыр, десе де "жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды). Патохтың атымтай жомарттығына таңдай қағып үлгермей жатып, қырғыздың Өмірбек Бабанов атты бизнесмен-саясаткері (осы Өмірбек байке президенттікке кандидат болғанда Елбасы қабылдап, Алмазбек Атамбаев шамданып, біздікілер шекараны жауып тастап, қызық болғаны естеріңізде ме? Бұл сол - Бабанов) 50 млн долларын қалтасынан қырғыздың қамы үшін шығара қойды (азаттық солай деді).
Ал, біздің Шодиев пен Бабановты мың орап алатын бай-бағландарымыздың ысқырығын жер жарып жинаған бар ақшасы 50 млн долларға әлі жетпепті.
Қазақстан Орталық Азиядағы ең бай мемлекет. Сол бақуатты мемлекеттің бүкіл байлығының 55 пайызы бар болғаны 162 адамның ғана иелігінде. Яғни, менің, сенің, оның ата-бабасы қорғаған жердің байлығын 162 адам уысынан шығарғысы келмей отыр.
Басқаны қойшы, елдің, мемлекеттің тағдыры таразыға тартылып тұрғанда бар байлықты бауырына басқан шық бермес Шығайбайлар Шодиев пен Бабановтарды көрмей отыр ма?
Соңғы он шақты күнде шеттен індетті жұқтырып кеп жатқандар негізінен сол 162 адамның айналасында жүріп қонданғандар екені тағы белгілі. Яғни, билікте әке-көкесі бар еркетотайлар Қазақстан деген елдері бар екені есіне түсіп ағылып жатыр (әрине, білім қуып, кәсіп істеп жүргендерді кіналай алмаймыз). Зарарсыз жетсе жақсы ғой, індетті өздерімен ала келіп, елдің одан әрмен әбігерге салуда.
Бұл әбігер күнделік нанын әрең тауып жүрген қара халықтың басына ауыр соққы болып тиіп жатқанын ойлайтын адам бар ма?
Елдің Шодиев пен Бабановтарына қызғана қарап отырмай, қазақтың нанын жеп қомданғандарды қарғай отырайық! Құдай даусымызды естір!

Қанат Әбілқайыр

Пікірлер