Home » Жаңалықтар » Алматы еліміздің мәдени, рухани орталығына айналып келеді

Алматы еліміздің мәдени, рухани орталығына айналып келеді

Қазақ тарихында тұңғыш рет Алматы қаласында дәстүрлі өнер театры ашылғанын естігенде ерекше қуанышқа бөленген жайымы бар. Бұл өнер ордасының Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен Алматы қаласының 1000 жылдығы аясында шымылдығы түрілген болатын. Атаулы өнер ошағы халқымыздың көзінің қарашығындай сақтап келе жатқан ұлттық мұраларымызды жаңғыртуды басты мұраты етеді деп үміт күтеміз.

Алматы қаласына Бауыржан Байбек мырза әкім болып келгеннен бастап қазақ руханиятының дамуына ерекше көңіл бөлуде. Осы ізгі істерінің ең басында – «Алатау» дәстүрлі өнер театрының ашылуы тұр. Өнер ошағының ашылу салтанатында сөз сөйлеген қала әкімі: «Қазақ мәдениеті қайраткерлерінің бірнеше буыны әсем қаламызда өмір сүріп, өздерінің өлмес туындыларын дүниеге әкелді. Міне, осындай мәдениет пен өнердің киелі орталығы, дәстүрлі шығармашылықтың қасиетті шаңырағы, оңаша отауы болуы тиіс еді. «Алатау» дәстүрлі өнер театрын исі қазақ үшін аса маңызды ән, жыр-терме, күй, айтыс және ұлттық кино сияқты айтулы бес бағытта қызмет ететін, осы сала майталмандарының басын құрайтын шаңырақ болады деп үміттемін» – деді.

Айта кету керек, ашылу салтанаты өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған екен. «Сазген сазы» ансамблінің күйімен басталған коцертті халық ерекше ықыласпен тыңдады. Рамазан Стамғазиев, Нұржан Жанпейісов, Сәуле Жанпейісова, Айгүл Қосанова, Ұлжан Байбосынова, Жанқожа Аяповтар тәрізді өнерпаздар ән-жырдан шашу шашты. Айтыскер ақындар  Мұхтар Ниязов пен Аспанбек Шұғатаевтар тамаша айтыс жасады. Нұргүл Амантайқызы жетекшілік ететін «Арнау» фольклорлық ансамблінің жас өнерпаздары да жұрт көңілінен шықты.  

Бұл кезде театрға жиналған жұртшылық Қазақ музыкалық аспаптар музейі мен «Шертер» ұлттық саз аспаптар компаниясының ұсынған қолөнер көрмесін тамашалаған еді. Көрмеге дауылпаз, адырна, сазсырнай, қобыз секілді қазақтың барлық ұлттық аспаптары қойылған екен.

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек шаһар басшылығына келе сала ұлттың игілігіне бағытталған көптеген игі бастамалардың басы-қасынан табылып жүр. Алматы тұрғындарын балабақша мәселесі қатты толғандыратын еді. Ойлаңызшы, жас отбасы баласын балабақшаға беруге қаражаты жетпесе, бүлдіршіндерін қайда сеніп тастап кетеді? Тапқан табысын балбақшаға төлей ме, әлде басқа шығындарын өтей ме? Бұл – қазақ демографиясына да айтарлықтай тежеу еді. Жас отбасылар ай сайын әр балаға 30 мың теңгенің үстіне балабақшаға төлесе, көп балалыларға жұмыс істегенше үйде отырып бала қарау арзанға түсетін. Жас әкім Бауыржан Байбек ә дегеннен-ақ осы мәселеге назар аударып, балабақша төлем құнын екі есе арзандатты. Мұны біз қазақ отбасын алаңсыз көбейіп, өсіп-өңуіне жасалып отырған жағдай деп түсінеміз. Қазақтың өсіп-өркен жаюуына бей-жай қарамайтын әкім, ұлттық өнеріне де назар аударып отыр. Салтанатты шарада қара әкімі Бауыржан Байбек былай деді:

– Еліміздің тәуелсіздік алуы шығармашылық бастамалардың дамуына, ұлттық сана-сезімнің өркендеуіне, әрбір отандасымыздың өзге ұлт пен ұлыс азаматымен ашық сұхбат құрып, бәсекеге түсуіне даңғыл жол ашты. Осыдан 25 жыл бұрын біз өрісі кең әлемдік өркениетке дербес ел ретінде қолымызды создық. Осы орайда біз әлем жұртшылығына өз үнімізбен сыйлы, өзіндік мәдениетімізбен құнды, төл өнерімізбен құрметті  екенімізді сезіне бастадық. Ұлттық идентификация сол халықтың тілі, салт-дәстүрі, мәдениеті мен өнері арқылы жүзеге асатынын анық аңғардық. Бүгінгі таңда мемлекет мүддесін білекпен қорғайтын заман артта қалып, елдің ертеңіне деген сенімін терең біліммен, биік мәдениетпен қамтамасыз ететін кезеңге тап болып отырмыз. «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» дейтін көне мақал бүгінгі таңда тура мағынасындағы өмірдің шындығына айналды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Бар өнерін бармақтың басына, тілдің ұшына қондырған халқымыздың көп шежіресі, көнекөз естелігі осы әні мен күйінде, жыр-толғауында жатыр» деп мәдени мұраларымызға лайықты бағасын беріп қана қоймай, бізге қай бағытта еңбек етуіміз керек екенін анық көрсеткен болатын.

Міне, «Алатау» дәстүрлі өнер театры – осындай өмірлік қажеттіліктен дүниеге келген мәдениет ошағы. Биылғы жылы ЮНЕСКО шеңберінде 1000 жылдығы тойланып жатқан Алматы – еліміздің мәдени, рухани орталығы. Айта кету керек, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы лматы қаласының 1000 жылдығы қарсаңында қаламызда көптеген басқа да елеулі оқиғалар орын алмақ, олардың бірі – осыдан тура бір айдан соң ашылатын, қаламыздың сәулетті ғимараттарының біріне айналатын Мұз Сарайы. Бұл дүбірлі тойға Елбасымыздың қатысуы күтілуде.

Алматы қаласы әкімі Бауыржан Байбектің айтуынша, «Алатау» дәстүрлі өнер театрында Халықаралық деңгейдегі фестивальдар, ұлттық салт-дәстүрді, өнерді насихаттайтын шаралар жүйелі өткізіліп, жастарды тәрбиелейтін үйірмелер тұрақты жұмыс жасайды. Осы бағыттағы өнер ұжымдарының басы бір орталықта тоғысып, болашақта «Алатау» театры қазақ мәдениетінің қара шаңырақтарының біріне айналмақ.

Расында, Алматы қаласында “Алатау” дәстүрлі өнер театры ашылғаны барша қазақты қуанышқа бөледі. Алайда, оның бойына қан жүгіртіп, дұрыс бағытта жүйелі жұмыс істете білу тікелей басшылыққа келген адамға байланысты болмақ.«Алатау» дәстүрлі өнер театрына басшылыққа қазақ өнері мәселелерінен, тарихынан хабары жоқ адам келсе, онда игі бастама қыл аяғы құрдымға кетуі мүмкін. Сол себепті, зиялы қауым өкілдері бұл мәртебелі қызметке ұлттық өнердің жанашыры, әнші, өнертанушы, композитор, кино сценаристі, әртіс, «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі ұйымдастырған көптеген іс-шаралардың басы-қасында жүрген Ерлан Төлеутайды лайық деп есептейді. Бүгінде танымал өнертанушы, күйші ақсақалымыз Жарқын Шәкәрім бастаған бұл ұсыныс әлеуметтік желілерде қызу қолдау тауып отыр. Кейбір  кісілер Жүрсін Ерманды да бұл орынға лайық деп есептеп отыр. Ондай жағдайда жүгіріп жұмыс жасайтын Ерлан Төлеутайдай жас ер-азаматтардың бірін шығармашылық жөніндегі орынбасар етіп тағайындаса, құба-құп болар еді.


 

Арман ӘУБӘКІР,

«Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің жетекшісі

 

 

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

“Әліппе” қайта келеді

⠀”Ұстаздар болсын, ата-аналар болсын көптен әліппе мәселесін көтеріп жүр. Бұл мәселе өте маңызды. Біз Әліппені ...