Арнайы конференция өтті

2331
Adyrna.kz Telegram

Жуырда Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттiк мұрағатында “Адырна” ұлттық-этнографиялық бiрлестiгi” қоғамдық қорының ұйымдастыруымен “1916 жылғы ұлт-азаттық көтерiлiстiң тарихи маңызы” атты республикалық ғылыми-тәжiрибелiк конференция өттi. 

Оған елiмiздегi жетекшi оқу орындарының тарихшы-ғалымдары Х.Әбжанов, Т.Омарбеков, С.Смағұлова, Б.Нәсенов, Е.Ермұханов, Ш.Тiлеубаев, Р.Оразов, Н.Рахмет тәрiздi жиырмадан астам баяндамашылар, мәдениет және өнер саласының өкiлдерi және осы жиынға қызығушылық танытқан азаматтар қатысты. 

 Конференцияда көтерiлiстiң көптеген өзектi мәселелерi сөз болды. Ғалымдарымыз Ресей мен Өзбекстанда осы көтерiлiске қатысты деректердiң бар екенiн, бiрақ ондағы мәлiметтердi алу мүмкiн болмай тұрғандығын жеткiздi. Тарихшы Сәулебек Рүстемовтiң айтуынша, 1916 жылғы көтерiлiс тұсында 300 мыңға жуық жетiсулық қазақтар мен қырғыздар бас сауғалап, Қытай жерiне асты. Соның нәтижесiнде 1916 жылдың соңына қарай қазақтардың үлес салмағы Жаркент уезiнде – 73 пайыз­ға, Лепсi уезiнде – 47 пайызға, Верный уезiнде 45 пайызға кемiп кеткен. Қытайға бас сауғалап барған босқындар Шыңжаңның алты аймағына – Iле, Тарбағатай, Алтай, Қашқар, Ақсу және Байынғұлын аймақтарына шашырай орна­лас­ты. Оның iшiнде бос­қындар ең көп барған аймақтар – Iле мен Тарбағатай. Iле аймағын паналаған босқындардың саны 200 мыңға жеттi.      

Тарих ғылымының докторы Светлана Смағұлованың айтуынша, Ақ патшаның жарлығы бойынша Қазақстан мен Орта Азиядан қара жұмысқа 400 мың адам алынған. Соның 240 мыңы қазақтар болған.

Бөкейханов бастаған қазақ зиялылары қара жұмысқа алынғандарға қатысты арнайы хат дайындап, оны үкiмет орындарына жолдаған. Онда тыл жұмысына алынғандарды, 30 адамнан бiрiктiрiп, артель құрып, араларына бiр тiлмаш жiберу, ауырып қалған жұмысшылар майданда жараланғандармен бiрдей медициналық көмек алу, жұмысқа алынған қазақтарды қалалық мекемелерге немесе земстволық одаққа енгiзу, жұмыскерлерге жылы киiм жеткiзу үшiн тегiн вагондар мен оны жеткiзуге әр болыстан екi өкiлге рұқсат қағазын беру және т.б. мәселелер көтерiлген.


Жасұлан НАУРЫЗӘЛИЕВ,
“Адырна” ұлттық-этнографиялық бiрлестiгi” қоғамдық қорының мүшесi
"Жас Алаш"
                                                                                                                                                                                                                                                              

 

 

Пікірлер