ЖАНДАРБЕК З. ҚАЗАҚ ШЕЖІРЕЛЕРІНІҢ ПАЙДА БОЛУ ЖӘНЕ ҚАЛЫПТАСУ КЕЗЕҢДЕРІ
Аңдатпа:
Мазмұны:
Қазақ шежіресі қазақ тарихи жадының өзегі десек артық айтқандық емес. Алайда, сол қазақ шежіресі қазақ тарих ғылымында әлі күнге өз орнын ала алмай келеді. Өйткені, шежіре өз дәуірінде қандай қызмет атқарды, несімен құнды болды, халық санасынан әлі күнге өшпей келе жатуының себебі неде?-деген сұрақтарға қазіргі тарих ғылымының жауап беруге қауқары жоқ. Қазақ шежіресі осы күнге дейін қанша зерттелсе де өзінің ішкі мәнін ашпай келеді. Оның себебі, зерттеушілердің шежірені бір ғана тұрғыдан – этникалық үдерістер тұрғысынан қарастыруы, сол бойынша байлам жасауы болып табылады. Ал, шежіре тек этникалық үдерістермен ғана байланысты емес, қоғамдағы барлық үдерістермен тығыз байланыста қалыптасқандығын, атап айқанда: діни, саяси үдерістер шежірелердің түзілуіне ықпал еткен факторлар болғандығы ескеріле бермейді. Оның үстіне шежірелердің бірін-бірі қайталамай, әртүрлі болып келуінің өзі зерттеушілерді адастырары немесе зерттеушінің шежірені тарихи құжат екендігіне күмәнмен қарауына ықпал етері анық. Алайда, шежірелердің әртүрлі болып келуі астарында қазақ (түрік) халқының басынан өткерген тарихи кезеңдердің сырлары жатқандығын қазақы дүниетанымнан хабарсыз, танымы евроцентристік көзқараста қалыптасып, тарихқа материалистік тұрғыдан баға беретін тарихшы қазақ шежіресінің ішкі мәні мен мазмұнын танып-білуі қиын немесе мүмкін емес.
Қазақ шежіресінің пайда болуы қазақ халқының қоғамдық құрлысымен, мемлекеттік жүйесімен тікелей байланысты және сол шежіре түзілген дәуірдегі қоғамның құрылымдық жүйесінің сызба түріндегі бейнесі, әрі негізгі реттеуші басты құжаты болуымен байланысты.
Қазіргі бізге дейін жеткен қазақ шежірелерінің қашан түзілгендігі туралы бізде нақты дерек жоқ. Бір шежіре Өзбек ханнан басталса, екінші шежіре Алаша ханнан бастау алады. Үшінші шежіре Өзбек ұлысының ханы Әбілхайыр ханнан басталады. Ал төртінші шежіре әріге кетіп, Мұхаммед Пайғамбардың сахабасы Аннас сахабадан бастау алады. Алайда, сол шежірелердің ішкі мазмұны сырттай қарағанда бірдей болып көрінеді. Сонда қайсысы дұрыс? Бұл шежірелерді бір-бірінен ажыратып тұрған не нәрсе? Бұл да әлі қазақ шежірелерінің ашылмаған құпиясының бірі.
Қазақ шежіресінде күдік тудырып жүрген тағы бір мәселе – ол Ата Қазақтан қазіргі біздің замандасымызға дейін ары кетсе 22 ата немесе 11-13 атамен шектеліп жатады. Мұны жылға шағар болсақ, 600-360 жыл шамасында. Сонда, оған дейін қазақ қайда болды? Қайсы халықтан бөлінді? Әлде жер бетіне шежіреде көрсетілген кезеңде түсті ме? Неге бұлай? Бұл сұрақтар жауап беруді талап етеді. Бұл сұрақтарға жауап берілмейтін болса, онда біз шежірені ешқашан таныдық деп айта алмаймыз. Сондықтан, қазақ шежіресін тану жолындағы ізденісімізді біз бұрынғы зерттеушілер жүрген жолмен емес, басқа бағытта жүргізгенді дұрыс санаймыз. Ол қазақ халқының басынан өткерген діни, рухани үдерістер тарихы мен олардың қазақ шежіресімен байланысын анықтау бағытындағы ізденістерге ден қоямыз. Әрине, осы күнге дейін қазақ шежіресін зерттеп жүрген зерттеушілердің қазіргі қазақ халқы құрамындағы ру, тайпаларды көне дәуірдегі ру, тайпалармен байланыстырып, солардың тікелей ұрпақтары екендігін дәлелдегісі келетін ойлары да бар. Алайда, бұл тұжырыммен толық келісе қою қиын. Қазіргі рулар мен көне дәуірдегі рулардың арасындағы генетикалық байланысты толығымен жоққа шығаруға болмас, дегенмен солардың тікелей ұрпағы еді дегенді айту артық болары сөзсіз. Өйткені, араб, парсы жазбаларында аталатын түркілердің көптеген ру, тайпа аттары қазіргі қазақ немесе өзге түркі халықтары арасынан кездестіре алмаймыз. Мысалы, X-XI ғғ. араб деректеріндегі оғыздар құрамындағы 24 ру, тайпаның қайсысы қазақ халқы құрамында бар? Жоқ немесе ірі рулық, тайпалық құрылымдар ішінде кішкентай аталарды ғана құрайды. Ал кейбір ру, тайпалардың аты сол кезеңнен бері әлі күнге өшпей сақталып келеді. Бірақ, сол атауды сақтап келе жатқан руларды сол көне дәуірдегі халықтың тікелей ұрпақтары, ізбасарлары деп атау қиын. Оның есесіне қазіргі қазақ халқының негізін құрап отырған ірі тайпалардың атаулары негізінен Шыңғыс ханмен бірге келген ру, тайпа атаулары екендігін де естен шығармауымыз керек. Бұл жерде тағы да «Сонда қалай, біз мына қазіргі қазақ жеріне Шыңғыс ханмен бірге келгенбіз бе?», - деген заңды сұрақ туады. Олай болса, осы күнгі «Қазақ автохтонды халық емес[1, с. 58]», – деп жалаулатып жүрген кейбір тарихшылардың айтқандарының дұрыс екендігін мойындаудан басқа шара қалмайды. Сол себепті, қазіргі бізге дейін жеткен қазақ шежірелерінің түзілу заңдылықтарын түсініп алмайынша, дәстүрлі қазақ қоғамындағы шежіренің де, ру, тайпалардың да халқымыз тарихындағы орнын анықтай алмаймыз. Бұл сұрақтарға жауап беру үшін халқымыз VIII-XII ғасырлар аралығында басынан өткерген тарихи оқиғаларға талдау жасаудан бастағанымыз дұрыс. Сонда ғана біз қазақ шежірелерінің Шыңғыс ханнан кейін бастау алу себептерін түсінеміз.
Түркілер ислам дінін VIII ғасырдың екінші жартысында қабылдады. Алғаш рет осы кезеңде түркі-ислам мемлекеттері тарих сахнасына шықты. Ол Қарлұқ-Қарахан, Оғыз мемлекеттері еді[2]. Бұл мемлекеттердің дүниеге келуімен ислам діні түркі халықтарының дәстүрлі қоғамына өз ықпалын біртіндеп тигізе бастады. 951 жылы Сатуқ Бұға хан Абд ал-Каримның ислам дінінің араб дәстүршілдігі бағытын қабылдауы түркілерді ислам әлемінің құрамдас бөлігіне айналдырды[3, с. 41]. Түркілер өзінің тілі мен дәстүрлі мәдениетінен ажырай бастады. Дәстүрлі түркі қоғамының ішкі қатынастарын реттейтін жүйенің өзгертіліп, шариғат үкімдерімен алмастырылуы түркілік әдет-ғұрып, салт-дәстүрдің қолданыстан шығуына әкелді. Көнеден келе жатқан экзогамдық (сыртқы) некелік қатынас өзгертіліп, оның орнын эндогамдық (ішкі) некелік қатынас басты. Рулас, қандас адамдар арасындағы некелік қатынастардың түркі қоғамына енуі дәстүрлі түркі қоғамындағы рулық, тайпалық жүйелердің ыдырауына әкелді[4, 18-19-бб.]. Бұл өз кезегінде түркі мемлекетінің құрылымдық жүйесінің күйреуіне, ыдырауына ықпалын тигізді. Өйткені, рулық, тайпалық жүйелер түркі мемлекеттігінің іргетасы болатын. Біртіндеп түркілерде мемлекетті басқарудың парсылық жүйесі қалыптасып, абсолютті билік жүйесі орнады[5, с. 369]. Бұл үдеріс кезінде арабтың тарихшылары мен географтары жазып қалдырған ру, тайпа аттарының халық санасынан өшуіне әкелді. Халық өзінің тегін білмейтін дәрежеге жетті. Ислам дінін қабылдаған түркілер XI-XII ғғ. қарсаңында өзінің дәстүрлі мәдениетінен, тілінен, мемлекеттік жүйесінен толық немесе жартылай ажырап, парсылану үдерісін басынан кешіріп жатқан болатын. Осы түркі халқының тағдыры қыл үстінде тұрған шақта Қожа Ахмет Йасауи сынды ұлы тұлғаның тарих сахнасына шығып, ислам дінінің түркілер арасында өмір сүру формасын жасауы, араб, парсының мәдениетін қабылдамай-ақ мұсылман болу мүмкін екендігін түркі баласына дәлелдеп берді. Дін тілінің түркі тілінде сөйлеуі ғылым, білім, мәдениет, әдебиет тілінің түркіленуіне әкелді. Мемлекет тілі де түркі тілінде сөйлей бастады. Түркі қоғамынан аластатылған сыртқы неке қайта қалыптастырылды. Рулық тайпалық жүйелер біртіндеп қайтадан қалпына келтіріле бастады. Сол кезеңдегі Қарахандық билеушілердің өзі Қожа Ахмет Йасауи жолының дұрыстығын мойындап, түркі мәдениетіне қайта бұрылды. Түркілердің өзінің дәстүлі мәдениетіне оралуы ислам орталықтарында үлкен қарсылыққа тап болды[3,26-48-бб.]. Алғашында Йасауиді ілім жолымен тоқтатпақ болған әрекеттен нәтиже шықпаған соң, Хорезмшах Мұхаммед түркілерді күшпен қайтадан парсы мәдениетіне мойынұсындыру жолын ойластырды. Біз сендерді қарақытайлықтар езгісінен құтқарамыз деген сылтаумен, Қарахандық мемлекеттер территориясына әскерін кіргізді. Түркілер үшін Хорезмшах езгісі қарақытайлықтардан асып түсті. 1210 жылы Отырардың билеушісі Білге хан ибн Хасан ибн Абд ал-Халық хан Хорезмшах Мұхаммедке қарсы көтеріліске шықты. Күрес Отырар ханының жеңілісімен аяқталды. Білге хан тұтқындалып, Нисаға жер аударылып, сол жақта өлтірілді. Отырарға билеуші етіп Қайыр ханды тағайындады[6, 130-135ққ.] Түркілер бұл бұғаудан шығудың жолын қарастыра бастады. 1216 жылы Құлжа өлкесінде (қазіргі Алматы облысының территориясы) кішкентай иелікті дүниеге келтірді. Бұл мемлекет түркі тарихындағы ислам дінінің түркілерде өмір сүру формасы – Йасауи жолын ұстанған алғашқы түркі-ислам мемлекеті болып қалыптасты. Бұл кішкентай иелік билеушісі Тоғрыл хан әйелі мен ұлы Сұғнақ тегінді, Майқы би бастаған билерді Шыңғыс ханға жіберіп, өзінің оған мойынұсынатынын жеткізіп, оны хан көтерді[2, с.433]. Түркі мемлекеттігі мен түркі мәдениетінің қайта жандануының басы осы кезден басталды. Шыңғыс ханның Түркістан жеріне келуінің астарында оның тек соғысқұмарлығы емес, сонымен бірге, түркілердің Хорезмшахқа, жалпы парсы мәдениетіне мойынұсынудан бас тартуы, рухани тәуелсіздікке деген ұмтылысы жатты. Шыңғыс хан шапқыншылығынан кейін Түркі даласында Жошы ұлысы атты мемлекеттің пайда болуы бұл түркі мемлекеттігінің шын мәніндегі қайта жандануы болатын. Бұл тарих оқырманға түсініктірек болу үшін Жошы ұлысы тарихына кеңірек тоқталып, ондағы діни, саяси үдерістерге талдау жасап, олардың Жошы ұлысы құрамындағы түркілердегі этникалық үдерістерге қаншалықты ықпалы болғандығына тоқталайық.
Шыңғыс хан Евразия кеңістігін жаулап алғаннан кейін өзі мойынұсындырған жерлерді Бөртеден туылған төрт ұлына бөліп берді. Қазіргі Қазақстан территориясы Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының иелігіне тиді[2, с. 59-60]. 1236-1242 жылдар аралығында Жошының ұлы Бату ханның Батысқа жорығы кезінде Жошы ұлысының территориясы Дунай өзеніне дейінгі аралыққа кеңейтілді. Жошы ұлысының билеушілеріне тірек болған негізгі халқы түркілер болғанымен олардың арасында рухани, мәдени тұтастық жоқ еді. Олардың бір бөлігі Жошымен моңғол жерінен келген әлі ислам дінін мойындай қоймаған, көне тәңірлік дінде болса, екінші бөлігі христиан дінінің неосторияндық бағытын ұстанатын, үшінші бөлігі будда дініне мойын ұсынса, Орталық Азия түркілері ислам дінінде, оның ішінде Йасауи жолындағылар да, кубравийа тариқатындағылар да, толығымен парсы мәдениетін мойындаған түркілер де бар еді. Ал, 1236-1242 жылдар арасындағы Бату ханның Батыс жорығынан кейін мемлекеттің ішкі рухани ахуалды мүлде күрделендіріп жіберді. Бұрынғы діндер қатарына енді христиан дінінің православие және католик тармақтары қосылды. Бату хан Батыс жорығынан кейін Жошы ұлысын аймақтарға бөліп, оларды басқаруды өзінің 14 туысқанына басқаруға берді[7, сс. 312-313]. Ол аймақтарды билеп отырған Жошы ұрпақтары біртіндеп өздері билік жүргізіп отырған халықтың діни, мәдени ерекшеліктеріне икемделе бастады. Мысалы, Бату ханның інісі Берке ислам дінін, оның ішінде кубравийа тариқатын қабылдаса, Батудың ұлы Сартақ христиан дінін қабылдады. Бұл мемлекеттің іштей діни-мәдени ерекшеліктеріне қарай жіктелу ықтималдығы бар екенін көрсетіп берді. Осы діни таным негізінде алғашқы қақтығыс осы екі тұлғаның арасында болды. Оқиға былай болған еді. Бату хан өзі қартайған шағында өз орнына ұлы Сартақты отырғызуды ойлап, оны Ұлы хан Мөңкеге аттандырып, одан Жошы ұлысын билеу құқын беретін жарлық алып келуге жібереді. Мөңке хан Сартақты жылы қабылдап, Жошы ұлысының тағы мен әскеріне, қол астындағы елдеріне билік жүргізетін жарлық шығарады. Бірақ Бату хан Сартақ келмей тұрып, қайтыс болады да, хан тағына Берке отырып алады. Сапардан оралған Сартақ бұлхабарды есіткен соң, Беркеге бармай басқа жаққа бұрылып кетеді. Берке хан оған кісі жіберіп: «мен сенің әкеңнің тағына отырдым. Сен болсаң жат адам секілді қайрылмай кеттің», – дейді. Сонда Сартақ: «Сен мұсылмансың, мен христианмын. Мен үшін мұсылманның жүзін көрудің өзі бақытсыздық», – деп жауап береді. Мұны естіген Берке хан оңаша жерге барып, «Мұхаммед (а.с.) дінің хақ екені шын болса, онда менің дұрыстығымды дәлелде», -деп жаратушыға жалынады. Үш күннен соң сол жерге Сартақ келіп, асқазаны ауырып, қайтыс болады. Одан кейін Берке хан өзіне қарсы келген Сартақтың анасы мен оның жақтастарын жазалайды[8, с. 19]. Ислам дінін, оның ішінде кубравийа тариқатын мемлекеттік идеология дәрежесіне көтерді. Жошы ұлысының әр аймағына кубравийа тариқаты өкілдерін жіберіп, бұл сопылық жолды жалпы халықтық сенімге айналдыруға күш салды. Алайда, түркілердің көпшілігі кубравийа тариқатын қолдай қойған жоқ. Өйткені, бұл тариқат парсы мәдениетіне негізделген болатын [4, 58-59-бб.]. 1266 жылы Берке хан өлеген соң оның орнына отырған Менгу Темір бұл жолдан бірден бас тартты. Ол моңғолдардың көне дінін қалпына келтірді. Бірақ, Менгу Темір де, одан кейінгі хандар да ислам дінінен толық бас тарта алған жоқ. Өйткені, Жошы ұлысының негізгі одақтасы болған Мысыр мемлекеті мен жергілікті ислам дінін қабылдаған халықтың ықпалы күшті болатын. Оның үстіне хан сарайындағы бүкіл құжаттардың дені мұсылман қызметкерлердің қолымен дайындалатын. Мұның өзі хандардың біртіндеп, ислам дінін қабылдауына әкелді. Мысалы, Тоқты хан атынан шығарылған теңгелерде оның атына «Амир ал-муминин» деген атақтың қосылғанын көреміз [4, 60-64-бб.].
Өзбек ханнан басталатын шежіре
Жошы ұлысында түбегейлі өзгеріс жасап, ислам дінін, оның ішінде Йасауи жолын мемлекеттік идеология дәрежесіне көтерген Өзбек хан болды. 1312 жылы Тоқты хан қайтыс болғаннан кейін Өзбек хан Жошы ұлысының тағына отырды. Ол ұзақ жылдар бойы Йасауи жолы өкілдерінің қолында тәрбиеленіп, солардың көмегімен Жошы ұлысының тағына отырды. Өзбек ханды таққа тотырғызуда Хорезм әмірі Темір Құтлық пен оның туыстары Сарай Темір мен Мұхаммед қожа, Исабек, Алатай атты әмірлер белсенді әрекет жасады. Ол таққа отыра салысымен ислам дінін мемлекеттік дін деп жариялаған жоқ. Мемлекеттік билікті толық қолына алып, қарсыластарын бас көтерместей еткен соң ғана 1320 жылы ислам дінін, оның ішінде Қожа Ахмет Йасауи негізін салған сопылық жолды мемлекеттік идеология дәрежесіне көтерді. Бұл оқиға Өтеміс қажының «Шыңғыс–нама», Ұлықбектің «Төрт ұлыс тарихы», Қадырғали Жалайиридың «Жылнамалар жинағында» баяндалады. Оның үстіне қазақта «Ислам Өзбектен қалған» деген қария сөз бар. Өзбек хан Йасауи жолын мемлекеттік идеология дәрежесіне көтеріп қойған жоқ. Сонымен бірге, осы мемлекеттік идеология негізінде мемлекеттің құрылымдық жүйесін өзгертіп, қайта құрды. Бұрын қандық, туыстық бірлікке негізделген рулық, тайпалық жүйелер ыдыратылып, олардың орнын рухани бірлік приципіне негізделіп, қайта топтастырылған рулық, тайпалық жүйелер басты. Қандық бірлік жеті ата деңгейінде қалдырылып, одан жоғарғы аталардың барлығы рухании бірлік негізінде топтастырылды. Осылай Жошы ұлысы құрамына кіретін барлық ру, тайпалар араластырылып жіберілді. Мысалы, керей Орта жүздің белді тайпасы, қаракерей найман тайпасы ішіндегі белді ру, Кіші жүзде керейт деген атаумен Жетіру бірлестігі құрамында жүр. Сол сияқты киікші Орта жүзде найман тайпасы құрамында, қоңырат тайпасы құрамында, Кіші жүзде Адай тайпасының құрамында бар. Мұндай қазақ руларларының үш жүздің құрамында араласа келуі сол Өзбек хан жүргізген діни идеологиялық саясаттың нәтижесі болатын. Сол себепті, қазақ халқында «Еншісі бөлінбеген қазақ», «Қасыңдағы әйеліңді сұраса келсең, қарын бөле шығасды», деген аталы сөздер бар. Бұл араласулар қазақ ру, тайпаларын қамтып қоймайды, өзге түркі халықтары арасынан да кездестіруімізге болады. Татар, башқұрт, ноғай, тіпті орыстар ішінде қазақ руларының аттарын кездестіреміз. Мысалы, Орта жүз қыпшақ тайпасы құрамында «тоқсоба» деген ата бар. Осы тоқсоба атауын Кіші жүз құрамынан да кездестіреміз. Сонымен бірге, «тоқсобалардың» орыстар арасына «токсобичтер» деген атаумен сіңгенін көруге болады. Мұндай араласулар қазақ арасында көптеп кездеседі. Бұл Өзбек ханның діни-идеологиялық саясаты мемлекеттің бүкіл құрылымдық жүйесін қайта құрғанының нақты дәлелі. Алтын Орда мемлекетінің қоғамдық құрлысын зерттеген Г.Федоров-Давыдов Өзбек хан тұсында Жошы ұлысын исламдандыру мен рулық, тайпалық жүйелерді қайта топтастыру үдерісі қатар жүргендігін айтады. Ол сол кезеңдегі Жошы ұлысында болған қайта құруларды былайша тұжырымдайды: «Қыпшақ даласындағы көшпенділерге қатысты ескерткіштерді саралай отырып, мынадай екі жақты, қарама-қарсы екі ағымның қатар жүргенін байқадық: бір жағынан ескі рулық, тайпалық қатынастардың бұзылуы, олардың қаса-қана жойылуы, бұрынғы ру, тайпа басшыларының ықпалын жою; екінші жағынан, негізінде моңғол шапқыншылығына дейін ғасырлар бойына қалыптасқан, олардың этникалық бірлігіне негізделген бұрынғы рулық, тайпалық құрылымдардан да мықты құрылымдар пайда болды. Осы қарама-қарсы екі қозғалыстың синтезін, басқаша айтқанда, Алтын Орда көшпенділерінің даму баспалдағын айқын көрсетіп берді[9, сс. 62-63]». Бұл жерде зерттеуші Жошы ұлысында болған қайта құруларды дөп басып айтып отыр. Қазіргі қазақ халқын құрап отырған рулық, тайпалық жүйелер мен жүздік құрылымдар осы Өзбек ханның діни-идеологиялық саясаты негізінде мемлекеттік жүйені реформалаудың нәтижесінде дүниеге келді. Өзбек хан өзінің саяси реформасын жүргізгенде бұрынғы рулық, тайпалық жүйелерді ыдыратып, олардың орнына жаңа рулық, тайпалық жүйелерді қайта топтастырды. Реформаға дейін әр ру, тайпаны сол ру, тайпаның өз ішінен шыққан беделді тұлға басқаратын. Енді бұл реформаның нәтижесінде әрбір ру, тайпаның басына Йасауи жолы өкілдері әрі рухани басшы, әрі саяси басшы ретінде тағайындалды. Қазіргі күні бізге жеткен шежірелердегі әр ру, әр тайпа басында тұрған «қожа», «сопы» атаулардың пайда болуы осыған байланысты. Осы реформа нәтижесінде бұрынғы ру, тайпа басшылары ғана емес, Шыңғыс хан әулеті өкілдері де саяси билік жүйесінен ығыстырылды. Қарсы шыққандары өлтірілді немесе жер аударылды. Тек Орда Ежен ұрпақтары мен Шибан ұрпақтары ғана қалдырылып, олар Алтын Орда ханына тікелей бағынатын болды[4, 64-76-бб.].
Жүздік құрылымдар осы кезеңде алғаш рет тарих сахнасына шығып, рулық, тайпалық жүйелерді біріктірген мемлекеттік құрылымдық жүйе ретінде қалыптасты. Алтын Орда мемлекетінің қоғамдық құрлысын зерттеген Г.А. Федеров-Давыдов қазақ жүздерінің қалыптасуы Алтын Орда мемлекетінің басқару жүйесіндегі өзгерістерге байланысты қалыптасқандығын айтып, ойын былайша тұжырымдайды: «Қазақ жүздері XII-XIII ғасырларда өмір сүрген көшпелі халықтың тайпалық-патриархалдық жүйесінің бөлшегі емес. Бұл бірлестіктер бұрынғы рулық, тайпалық жүйенің сарқыншақтарын сақтап қалғанымен, жаңадан құрылып, көшпелі ұлыс ретінде біріктірілген бір немесе бірнеше ханның иелігіндегі бірлестік[9, с.62-63]. Демек, жүздік құрылымдардың алғаш қалыптасуы ретінде біз осы кезеңді айта аламыз. Өзбек ханның осы реформасы бізге дейін жетіп келген Өзбек ханнан бастау алатын шежіреде толық көрініс тапты. Шежіре тізбегінде аттары аталған кісілердің аңыздық кейіпкер емес, сол кезеңде өмір сүрген тарихи тұлғалар екендігін ескертуіміз керек. Олардың көпшілігінің тарихи тұлғалар екендігіне қолымызда жинақталған деректер дәлел бола алады. Енді соларға кезегімен тоқталып өтелік.
Біз бұл жерде алдымен қазақ халқының үш жүзге бөліну себебіне тоқталып өткеніміз абзал. Өзбек ханнан басталған шежіреде үш жүздің мемлекеттің құрылымдық жүйесі ретінде шежіреге енгенін, әр жүздің басында сол жүздің атасы ретінде тұрған «арыс» немесе «шора» атанған тұлғаларды көреміз. «Шора» сөзі Батыс түркілерінде «чор» деген нұсқада кездеседі және бес тайпа бірлестігінің басшылары осылай аталғанын көреміз. Ал, Талас жазуында кездесетін Қара-чор атты кісі хан әулетінен шыққан ханзадалардың рухани тәрбиесімен айналысатын түркі-манихей дінінің өкілі,сонымен бірге, «чорлар» түркі мемлекеттік жүйесінде жоғарғы лауазым иесі болған[10, 33-34-бб.]. Ал, «шора» сөзінің қазақ тіліндегі тағы мағынасы «құл» дегенді білдіреді. Ал, сопылық жолда «құл» болу, «топырақ болу» сопылық дәрежеге, Жаратушыны табу жолындағы рухани сатыларға жатады. Демек, жүздер басында тұрған «арыс» немесе «шоралар» рухани сала өкілдері, басқаша айтқанда, сол жүздік құрылымдардың жетекшілері дегенді білдіреді. Неліктен үш жүзге бөлінді, не себепті Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз атанды? Бұл сұрақтарға жауапты сол кезеңдегі Жошы ұлысындағы діни-идеологиялық үдерістермен бірлікте қарастырғанда ғана жауап бере аламыз.
Йасауи жолы негізінен үш тармақтан тұрады. Ол үш тармақ Түркістан жеріне ислам дінін әкелген үш тарихи тұлғаға барып тіреледі. Біріншісі, Исхақ баб – («Насаб-нама» деректері бойынша) шежіре бойынша Мұхаммед ибн ал-Ханафийаның бесінші ұрпағы, Түркістан жеріне ислам аша келген тұлғалардың бірі. Ал, Ибн ан-Надимнің «ал-Фихрист» атты шығармасындағы дерекке қарағанда Али ибн Абу Талибтің ұлы Хусейн әулетінен тараған, 742 жылы Хорасанда дарға тартылған Йахийа ибн Зайдтың ұлы, әкесі тұтқындалған кезде түркілер арасына келіп паналаған. Сол себепті, арабтар оны Исхақ ат-Түрік деп атайды[11, 115-б.]. Қожа Ахмет Йасауи осы Исхақ бабтың 13-ұрпағы. Йасауи жолының бір тармағын осы Исхақ баб атымен байланысты қожа әулеттері құрайды. Бұларға кезінде Исхақ баб әулетінен өзге Али ибн Абу Талибтің басқа ұрпақтарының келіп қосылғанын көруге болады. Сол себепті, бұл қожалар әулеті «Саййид» әулеті деп аталады[4, 131-б.]. Өзбек ханның саяси реформасы кезінде бұл әулет Ұлы жүзге (пір болу) және хан әулетіне пір болу қызметі тиді. Қазақ шежіресінде «Ақарыс» деп аталған тұлға Йасауи жолының шежірелерінде осы Исхақ бабтан бастайтын қожалар әулетінің өкілі.
Йасауи жолының екінші тармағы өз шежірелерін Абд ар-Рахим бабтан бастайды. Абд ар-Рахим баб - шежіре бойынша Мұхаммед ибн ал-Ханафийаның төртінші ұрпағы. Исхаб бабтың әкесі Абд ар-Рахман бабтың інісі. Түркістан жеріне «ислам аша» келген тұлғалардың бірі. Қазіргі Қазақстан тарихындағы 766 жылы Қарлұқ хандығының негізін қалаған тұлға. Атақты Қарахандық билеушілер осы Абд ар-Рахим бабтан тараған әулет болып табылады. Осы әулеттен шыққан Отырардың соңғы ханы Білге хан 1210 жылы Хорезмшах Мұхаммед сұлтан тарапынан өлтірілді. Шыңғысхан шапқыншылығынан кейін бұл әулет өкілдері рухани салаға ауысып, Йасауи жолының бір тармағын құрап, Қарахандық қожалар деп аталды. Орта жүзге пір болған Жанарыс - осы әулет өкілі[4, 110-б.].
Йасауи жолының үшінші тармағы өз шежірелерін Абд ал-Жалил бабтан бастайды. Абд ал-Жалил баб - Хорасан Ата - шежіре бойынша Абд ал-Жалил баб та Мұхаммед ибн ал-Ханафийаның бесінші ұрпағы болып табылады. Исхақ бабтың інісі. Бұл да ағаларымен бірге Түркістан жеріне «ислам аша» келген тұлғалардың бірі. «Насаб-нама» деректеріне қарағанда Сырдарияның орта және төменгі ағысында VIII ғ. екінші жартысында дүниеге келген Оғыз мемлекетінің негізін қалаушы осы Абд ал-Жалил баб-Хорасан Ата. Қазақ арасындағы қожалардың бір әулеті осы Хорасан қожалар. Кіші жүзге пір болған Бекарыс осы Хорасан қожалар әулетінің өкілі[4, 110-б.].
Өзбек ханның діни-саяси реформасы кезінде Йасауи жолының осы аталған үш тармағының жетекшілері үш жүзге пір болды. Ортағасырларда ру, тайпа бірлестіктері жүз деп аталған. Ал, олардан дәрежесі төмендер тайпаға, олардан дәрежесі төмендер руға, одан төмендер Ата мен ауылдарға пір болды. Осылай Жошы ұлысындағы түркілердің рухани бірлігі қалыптастырылды. Жүзге, ру, тайпаларға пір болған тұлғалардың барлығы дерлік Өзбек ханнан басталған шежірелерде аттары жүр. Қазіргі күні сол тұлғалардың тарихта болғандығы дәлелденіп отыр.
Алаштан басталатын шежіре
Қазақ халқының басынан өткен осы оқиға Алтын Орда мемлекетіндегі күрделі өзгерістерге себеп болды. Асан Қайғы соңына ерген халық Жәнібек ханнан бөлініп шығып, өз алдына ел болудың қамын жасады. Әлі күнге қазақ тарихынан орын ала алмай келе жатқан Алаш мемлекеті осы кезеңде дүниеге келді. Жәнібек ханнан бөлінген халықты тек Асан Қайғы бастап әкеткен жоқ. Оның қасында Алаша атанған тұлға болды. Олар соңына ерген халықты ұйыстырып, Алаш атты мемлекетті дүниеге келтірді. Бұл оқиға қазақ халқының Алаша ханнан басталатын шежіресінде толық көрініс тапты. Бұл оқиға 1350 жылдар шамасында болған еді. Жәнібек хан мен Асан Қайғы арасындағы қарама-қайшылық мемлекетті екіге бөлді. Асан Қайғы Жәнібек ханнан өзі кеткен жоқ, оның соңынан жүздік құрылымға кіретін түркі тайпалары бірге кетті. Бірақ бұл оқиға Алтын Орда тарихына қатысты бірде-бір жазба деректерде кездеспейді. Соған қарағанда, Алтын Ордағы ішкі қайшылықтар сырт көздердің назарынан тыс қалғанға ұқсайды. Мүмкін олар Сарайдағы бұл қайшылықтың ішкі сырын түсінбеген болуы да ықтимал. Оның есесіне бұл оқиғалар түркі халықтары арасына тараған аңыздарда, шежірелерде, сол кезеңде өмір сүрген жыраулар поэзиясында толық көрініс тапқан. Алаш пен Алаша ханға, Айса ұлы Әметке қатысты аңыздар, ол аңыздарда аттары аталатын тұлғалардың қазақ шежірелеріндегі тұлғалармен бір болып келуі осы кезеңде Алаш пен Алаша ханның жалпы қазақтың алғаш тарих сахнасына шыққанын көрсетеді. Және олардың барлығы бұл оқиғалардың Алтын Орда кезеңінде болғандығын меңзейді. Бұл Евразия түркілері тарихындағы діни-идеологиялық үдерістер ықпалымен болған топтасудың Жошы ұлысы құрылғаннан кейінгі екінші кезеңі еді. Ендігі кезекте осы Алаш мемлекетінің тарихына қатысты деректерге талдау жасап, ол мемлекеттің құрамында қайсы ру, тайпалар болды? Олардың жетекшілері кім еді?- деген сұрақтарға жауап беретін боламыз.
Алаш мемлекетінің тарих сахнасында болғандығы, мемлекетте болуға тиіс бүкіл құрылымдық жүйенің Алаш мемлекетінде де толық қалыптасқандығы қазақ шежірелерінде толық көрініс тапқан.
Қазақ шежірелерінің алғашқы нұсқасы Өзбек жүргізген саяси-құрылымдық реформаға сай қалыптасқандығын, рулық, тайпалық жүйенің қалыптасу принциптерін талдағанда толық айтып өткен болатынбыз. Сол жүйе Жәнібек ханның жүргізген саяси-идеологиялық бағыты мен мемлекетті басқару жүйесінде жүргізген реформасы Өзбек хан құрған мемлекеттің басқару жүйесін күйретті. Өзбек хан құрған мемлекеттік жүйе осы Алаш мемлекетінде қайтадан толығымен қалпына келтірілді. Шежіреде осы процесс толығымен көрініс тапқан. Ерекшелігі шежіре басында Өзбек хан орнына Алаша хан тұрғанын көреміз. Бұл қазақ халқының тарихындағы тағы бір саты осы Алаш пен Алаша ханмен байланысты екендігін көрсетеді. Бұған мысал ретінде З.Сәдібековтың «Қазақ шежіресі» атты кітабында келтірілген шежірені алып көрелік: «Нух пайғамбардың он үшінші ұрпағы Алаш, Алаштан Жайылхан, Жайылханнан Жұман, Жұманнан Әбілхайыр, Әбілхайырдан Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс[12, 22-б.].
Қазақ тарихында қазақ халқын қайта топтасуға мәжбүр еткен күрделі кезеңнің бірі – Алтын Орда мемлекеті ыдыраған кезең болатын. Бұл қазақ шежіресінің соңғы жазылуы болмағанымен, қазақ халқының құрамын толық анықтаған кезең еді.
1419 жылы Едіге бидің Тоқтамыс ханның ұлы Қадырбердімен болған соғыста қаза табуымен Алтын Орда мемлекеті бірнеше хандыққа бөлшектеніп кетті. Еділ өзенінен батысқа қарай және Еділ бойындағы отырықшы халықтар Йасауи жолынан, тариқат жолынан бас тартып, шариғат жолына бет бұрды. Бұл қоғамдық қатынас пен мемлекетті басқару жүйесінде өзгерістерге әкелді. Түркілік жүйе қолданыстан шыға бастады. Рулық, тайпалық жүйелер бұрынғы ролінен айрылып, ыдырай бастады. Ал, Еділден шығысқа қарай созылған қазақ даласы мен Шығыс Сібір аймағында Орда Ежен мен Шибан ұрпақтары билеген бірнеше хандық пайда болды. Солардың ішіндегі Шайбанилер әулетінен шыққан Жұмадық хан билігіндегі хандық болашақ қазақ мемлекеттігінің негізі болды. Осы Жұмадық хан мемлекеті құрамындағы ру, тайпалар болашақ қазақ халқының негізін құрады. Бұл жерде ескерте кететін бір жәйт – Еділдің шығысындағы хандықтарда діни-идеологиялық бағыт Йасауи жолы болатын және әрбір ханның жанында Едігенің ұлдары мен немерелері беклербегі қызметінде отырды. Ал, ру, тайпалардың билігі Йасауи жолы өкілдерінің қолында болды. Бұл жүйемен жүруді абсолюттік билікті жақтайтын хандар қолдай қойған жоқ. Олар өздерінің билеуіне ыңғайлы болады деген діни-идеологиялық бағытты іздеумен болды. Сол кезеңде Мауараннар жерінде билеушіге абсолюттік беретін, парсы мәдениетіне негізделген, түркілшік дүниетаным жүйесін толығымен өзгертіп, жаңа дүниетаным қалыптастыратын, түркілердегі қоғамдық қатынастарды өзгертіп, мемлекеттің басқару жүйесінің негізің болған рулық, тайпалық жүйелер мен жүздік құрылымдарды ыдыратуға мүмкіндік беретін сопылық жол – нақшбандийа тариқаты қалыптасып үлгерген еді. Хандар қалайда есебін тауып, осы сопылық жолды өз хандықтарында мемлекеттік идеология дәрежесіне көтеруге бар күшін салды. Бұл жолды алғаш Орыс ханның ұрпағы Барақ хан қабылдағанға ұқсайды. Ол өзінің қасында беклер бегі болған Мансұр биді Хиуаны шапқаны үшін қинап өлтіруі соның айғағы[13, 94-б.]. Ал, Жұмадық хан болса, өзінің беклербегі болған Ғазы бимен бірігіп, Ата жолды бұзғаны үшін, халыққа көп қиянат көрсеткені үшін ру, тайпа басшалары Ғазы биді өлтіріп, өздері Жұмадық ханнан қашып кетеді[14, с. 141.]. Әрине, бұл жерде Жұмадық хан мен Ғазы бидің Йасауи жолынан бас тартқаны туралы нақты айтылмайды. Бірақ Ғазы бидің халық кешірмейтін күнәсі болмаса, халықтың оны жазалауға батылы бармаған да, Едігенің өзге ұлдары мұндай бассыздыққа жол бермеген де болар еді. Мысалы, Барақ хан Мансұр биді Хиуада өлтіргенде Едігенің ұлдары Кіші Мұхаммедтен әскер әкеліп, Барақ ханды майдан даласында өлтіргені белгілі. Ғазы би өлтірілгенде Едігенің балалары ешқандай әрекетке барған жоқ. Соған қарағанда, Ғазы бидің кешірілмес күнә жасағаны анық.
Жұмадық хан болса, өзінен бөліне көшкен халықты жазаламақ болып, соңынан қуа барып, ұрыс салғанда майдан даласында өліп, хан тағы билеушісіз қалады. Халық сол кезде билердің басшылығымен он жеті жастағы Әбілхайыр ханды таққа отырғызды. Осы оқиға қазақ тарихындағы елеулі оқиғаның бірі болды. Едіге өлген соң бірлігі ыдыраған халық, қайтадан ел болып, бас біріктіріп, туын көтерді. Осы оқиға қазақ тарихындағы шешуші кезеңнің бірі болды. Осы Әбілхайырды таққа отырғызғаннан кейін мемлекеттік жүйені қайта құру шаралары жүргізілді. Рулық, тайпалық жүйелер реттеліп, жүздік құрылымдарға біріктірілді. Өзбек хан тұсындағы мемлекеттік жүйе толығымен қайта қалпына келтірілді. Бірақ бұл жолы Өзбек хан кезіндегі Жошы ұлысының бар халқы бұл мемлекет құрамына ене алған жоқ. Өйткен, Жәнібек ханнан кейінгі кезеңде діни-рухани үдерістер мен соның салдарынан болған саяси оқиғалар түркі халықтарының батыс бөлігін Шығыстағы қандастарынан оқшаулап үлгерген еді. Бұл кезең халқымыз тарихындағы шешуші кезеңнің бір болғандықтан шежіре уақыт шындығына орай қайта түзілген болатын.
Осы оқиға «Өзбек шежіресі» атты шежірелерінде былайша кескінделеді: Нұх пайғамбардан Алашқа дейін он Ата, Алаштан Жайылхан, Жайылханнан Қазақ, Қазақтан Жұман, Жұманнан Әбілхайыр. Ал, Әбілхайырдан Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс болып, қазақтың үш жүзі тарайды[15]. Енді осы шежірені тарқатып, талдар болсақ, онда осы тізбекте аты аталған тұлғалар артында нақты тарихта өмір сүрген кісілер тұрғанын көруге болады. Бірақ әзірге біз олардың анық қайсысының кім екенін ашып айтып бере алмаймыз. Алайда, сол кезеңге қатысты тарихи деректерді саралар болсақ, онда сол аты аталған кісілер ішінен кімнің кім анықтау мүмкіндігі бар. Бұл шежіренің бұдан алдыңғы кезеңдерде жазылған шежірелерден басты ерекшелігі – мұнда Алтын Орда мемлекеті ыдырағаннан кейінгі этникалық үдерістердің нақты көрсетілуі. Мысалы, Алаштан басталатын шежіреде «Алаштан Жайылхан, Сейілхан» – деп бөлінеді. Жоғарыда көрсеткеніміздей Әбілхайырдан басталатын шежіреде Алаштан тарайтын Сейілхан аты аталмайды. Демек, бұл шежіре осыған дейін бірге болған түркімендердің Әбілхайырды хан көтеріп, қайта топтасқанда түркімендердің бөлініп кеткендігін көрсетіп тұр. Ал, Жайылханның баласы Қазақ, Қазақтан Жұман. Осы Қазақ құрамында әлі этникалық жіктелуге түспеген қазақ, өзбек, ноғай, қарақалпақ халықтары бар. Бұл жердегі Қазақ демектің мәнісі Жәнібек ханның діни-иделогиялық саясатына қарсы шығып, Йасауи жолын берік ұстанған халық ретінде өзінің діни-рухани, мәдени еркіндігін сақтап қалған халықты көрсетуінде болып отыр. Шежіре тізбегіндегі Жұманның Жұмадық хан екендігі айтпаса да түсінікті.
Бұл шежіредегі қазіргі қазақ шежірелерінен ерекшелігі - бүгінгі қазақ халқы құрамында кездеспейтін ру, тайпалардың жүздер құрамында болуы. Қазіргі Ұлы жүз құрамында жоқ «мың», «жүз», «қырық» рулары мен қарақалпақ халқы жеке тайпа ретінде осы жүздің құрамында жүр. Ал, «мың», «жүз», «қырық» руларының башқұрт халқының құрамында бар екендігін Р.Кузеев жазған болатын[16, с. 48-57]. Ал, Оңтүстіктегі «мың», «жүз», «қырық» руларының өзбек халқының құрамына сіңіп кеткенін көреміз. Қоқан хандығының негізін қалағандардың бірі Нарбота бидің осы «мың» руынан екендігін тарихи деректер растайды[17, с. 113]. Ал, қарақалпақтардың Тұрсын Мұхаммед ханның заманында Түркістанда бүлік шығарып, қазақ халқы құрамынан қуылғаны, одан басқа этникалық бірлікке айналғаны тарихтан белгілі[17, 406-б. ].Мұндай саяси, этникалық үдерістер астарында діни, рухани үдерістер жатқанын әлі күнге тарихшылар есепке ала бермейді. Сол себепті, біз ендігі кезекте діни-рухани үдерістердің Өзбек ұлысы тағдырына қаншалықты ықпал еткеніне тоқталып көрелік.
Ол мемлекет туралы ортағасырлық тарихшы Махмуд ибн Уали былай деп жазды: «Жәнібек хан өлген 758/1356-57 жылдан 835/1428-29 жылға дейінгі аралықта Дешті Қыпшақтағы патшалық тағына ақылды, әрі табанды басшы табылмады. Соның себебінен мемлекеттегі дін мен мемлекет ісі қожырады. Халық басын біріктіріп тұрған арқау үзілді, бірлік кетті. Бұл елдің халқының осыншалық қиналғанын көрген Ұлы Жаратушы елдің болашағын жарық қылатын, дін мен мемлекет ісін қалпына келтіретін жаңа жұлдызды көкжиекке шығарды. Ол Әбілхайыр хан еді. Дүние қайта жарыққа толды. Бүлінген дүние қайтадан қалпына келді. Қоғамның барлық мүшесінің мүддесі қайтадан қалыпқа түсірілді. Қоғам қайта гүлдене бастады. Әйгілі Ахметтің жолының заңдары мен Мұхаммедтің діні қайта гүлдеді[14, с. 346.].» Осы бір кішкене үзіндінің өзі ислам дінінің, оның ішінде Йасауи жолының Алтын Орда мемлекетінде қандай роль атқарғандығын, Әбілхайырдың сол жолды қайтадан қалпына келтіргендігін көрсетіп тұрған жоқ па? Демек, бұл Жошы ұлысындағы халықтардың басын біріктірген негізгі арқау Йасауи жолы болғандығын, рухани фактордың шешуші мәнге ие болғандығын көрсетеді. Ендігі кезекте сол Әбілхайырды таққа отырғызып хан көтерген кімдер еді, соған тоқталайық. Мас‘уд ибн ‘Усман Кухстанидің «Тарих-и Абу-л Хайр-хан-и» атты еңбегінде мынадай кісілердің аттары аталады: «Барлық әскербасылар, даңқты Пайғамбар әулетінің өкілдері, «Та» және «Йа-Син» (сопылар) өкілдері болды. Олардың ішіндегі ең даңқтылары Құл Мұхаммед сейіт және Қара сейіт(Алла олардың қабірін жарық етсін.) және Бұзұнжар би қият, Уаққас би маңғыт, Шайх софы оғлан, Сатұғ би, Сүйініш би, Қара Кедей дүрмен, Ақ Софы найман, Шайх Софы найман, ... Жүсіп Қожа өкіреш найман, Қажы Мырза шат, Бахты Қожа ұйғыр, Орыс қоңырат тағы басқа ұлы адамдар қуатты әміршінің сарайына келіп, оның жеңімпаз әскерлері мен қызметшілерінің қатарынан орын алды» [14, с. 141-144.]. Бұл дерек сол кездегі Қыпшақ даласын мекендеген түркілер құрамындағы рулар мен тайпалардың басындағы басшылардың барлығы дерлік дін өкілдері екенін көрсетіп тұр. Демек, ол кезеңде ру, тайпа басында алдымен рухани басшы болғандығын нақтылай түседі. Бұл жерде «сопы» мен «қожа» атауларының дінге қатысы барлығына күмән жоқ. Ал «би» сөзінің түпкі мағнасына күмән келтірушілер табылуы мүмкін. Бірақ «би» - деп орта ғасырларда діни, рухани басшыны атағанын және ол қазақ даласындағы діннің өмір сүру формасы болған Йасауи жолымен тікелей байланысты екендігін қазақтың көнеден қалған аталы сөздері дәлелдейді. Мысалы:
Батыр деген барақ ит,
Екінің бірі табады.
Би деген ақ шариғат,
Ілуден біреу табады[18, 378-380-бб.].
Немесе «Елге бай құт емес, би құт» деген мәтелдер-ақ бидің қазақ қоғамында аса жоғары бағаланғандығын көрсетеді. Бұл деректер Әбілхайыр хан басқарған Өзбек ұлысында Йасауи жолы салтанат құрғанын дәлелдейді. Әбілхайыр хан Йасауи жолына адал болған кезеңде оның тасының өрге домалап, ешкімді бет қаратпағаны тарихтан белгілі. Алайда, 1446 жылы Әбілхайыр ханның Сыр бойындағы қалаларды жаулап алуы, Сыр бойындағы Сығнақ қаласына өзінің ордасын орнатуы оны мемлекетті басқару саясаты мен мемлекеттің құрылымдық жүйесін өзгертуге итермеледі. Өйткені, ол осы жерде нақшбандийа тариқаты өкілдерінің ықпалына түседі. Бірақ жазба деректерде Әбілхайыр ханның Сығанақта кіммен кездескені туралы нақты дерек жоқ. Бірақ бүкіл Өзбек ұлысындағы саяси жағдайдың күрт өзгеруі; Әбілхайыр ханның ұзақ жылдар бойына тірегі де, серігі де болған Едігенің немересі Уаққас биді өлтіруі, Арқада Қара қыпшақ Қобландының арғыннның биі – Дайыр қожа-Ақжол биді өлтіруі[19, 24-25-бб.], одан кейін көптеген ру, тайпалардың Әбілхайырдан бөліне көшуі, халық алдында хан тарапынан кешірілмес күнә жасалынғандығын дәлелдейді. Ата жолдан аттап, Антты бұзбаса, Йасауи жолынан бас тартпаса халық оншалықты қатал шараларға бармаған болар еді. Осы оқиға Өзбек ұлысын үшке бөліп, тарих сахнасына үш мемлекетті: Қазақ хандығы мен Шайбанилер мемлекетін, Ноғай ордасын шығарды. Өзгенің рухани ықпалын қабылдамаған, түркінің өршіл рухының өзегі болған Йасауи жолындағы халық қазақ атанып, Ата жұртқа ие болып қалды. Ал, нақшбандийа тариқатын қабылдап, соғды-тәжік мәдениетіне мойын ұсынған халық Ата жұртқа сыймай, Мауараннахр жеріне кетуге мәжбүр болды. Ал, ноғайлар болса, қазақ даласының батыс өлкесіне қарай ығысты.
Оған дейін де ноғайлар өз алдына еркін өмір сүргенімен, өздерін шет жерлерге жеке мемлекет есебінде танытқан емес. Өйткені, Едіге ұрпақтары әлі де болса Жошы әулетінен билікке лайық тұлға шығар деген үмітпен, мемлекеттегі саяси билікті хан ұрпағының өкіліне сақтап келді. Өкінішке орай, ондай тұлға шықпақ түгіл, Әбілхайыр ханның, керісінше, нақшбандийа тариқатын қабылдап, абсолюттік билікке ұмтылуы, олардың Жошы ұрпақтары ішінен лайықты тұлға табамыз деген үмітін үзді. Өйткені, Әбілхайыр ханның нақшбандийа тариқатын қабылдап, Йасауи жолынан бас тартуы бұл тек діни-рухани, идеологиялық саладағы өзгеріс емес, сонымен бірге, мемлекеттің бүкіл болмысы мен құрылымдық жүйесіне өзгеріс әкелер күрделі қадам еді. Өйткені, Өзбек ханнан бері қалыптасқан мемлекеттің құрылымдық жүйесі толығымен өзгеріске түсу керек болатын. Мемлекетті басқарудың негізгі тетігі саналған билер институты мен олар арқа сүйеген рулық, тайпалық жүйелер өзінің осы күнге дейін атқарып келген саяси мәнінен айырылды. Бар билік хан мен хан әулетінің қолына шоғырлануы тиіс болды. Бұл Қыпшақ даласын жайлаған түркі халықтарының мемлекеттігіне үлкен қауіп төндірді. Мемлекеттің басқару жүйесін құраған хан мен рулық, тайпалық жүйе басшылары – билер арасында туындаған бұл қарама-қайшылық – мемлекетті басқру жүйесін дағдарысқа ұшыратты. Нәтижесінде, Әбілхайыр ханның бұл талабына көнбеген ру, тайпалар басшылары Жәнібек пен Керей сұлтандарды шақырып, Қазақ хандығының іргесін қалады. Бірақ неге екені белгісіз, Ноғай мырзалары Жәнібек пен Керейге ел тізгінін беруге құлықты болмады. Мүмкін, олар Жәнібек ханның әкесі Барақ ханның өз ордасының беклербегі болған Мансұр биді Хиуаны шапқаны үшін көзіне қорғасын құйып өлтіргенін кешіре алмаған болар. Қазір біздің қолымызда нақты дерек жоқ. Алайда, Барақ ханның Мансұр биді өлтіруінде біз біле бермейтін бір себеп бар. Ноғай Ордасын билеген Едіге ұрпақтарының Жәнібек пен Керей сұлтандарды мойындамауына қарағанда, Барақ хан сол XV-ші ғасырдың басында нақшбандийа тариқатын қабылдаған жоқ па деген заңды сұрақты туындатады. Өйткені, сол XVғ. басында Хорезм жері нақшбандийа тариқатының негізгі орталықтарының бірі болып үлгерген еді. Ал, Ноғай мырзалары одан кейін қанша уақыт Жошы әулеті өкілдерін хан қылмақ әрекетінде болды. Олардың соңғы үміті Әбілхайыр ханның немересі Мұхаммед Шайбани еді.
1472 жылы Мұхаммед Шайбани Бұхарада болып, Сығанаққа қайта оралғанда, оны Мұса мырза шақыртып алады. Мұса оны хан сайламақ пиғылы барлығын жасырмайды. Ноғай мырзалары Мұхаммед Шайбаниға ханға көрсетілетін барлық құрметті көрсетіп, қарсы алады. Мұхаммед Шайбанидың Мұса мырзаға келгенін есіткен Қазақ хандары оларды ұстап әкелу үшін Бұрындық бастаған 1000 кісіні Дешті Қыпшаққа аттандырады. Алайда, жеңіліп кері шегінеді[20, с. 44.]. Осы соғыстан соң, Мұса мырзаның Мұхаммед Шайбаниға ықласы өзгеріп, оны хан көтеруден бас тарты. Ол әмірлерімен ақылдасқанда, олар: «Көне дәуірден бері қазіргі күнге дейін маңғыт билері сайлаған хан маңғыт билеріне мемлекетте еркіндік беретін. Егерде Мұхаммед Шайбани осы көне дәстүрмен келісер болса, онда жақсы. Біз оны хан сайлаймыз. Болмаса, жолы ашық[14, с. 104.]», – дейді. Мұса өз билерінің сөзін мақұл көріп, Мұхаммед Шайбаниды хан көтеруден бас тартты.
Бұл бір жағынан ноғай мырзалары осы оқиғаға дейін саяси билікті қолдарына алуға әлі шешім қабылдамағанын көрсетсе, екінші жағынан, осыған дейін Қыпшақ даласында бірнеше мемлекет қатар өмір сүргенімен, ол хандықтар құрамындағы халықтар арасында бірнен-бірін ерекшелейтін ешқандай этникалық ерекшеліктердің әлі туындамағанын көрсетеді. Әбілхайыр ханның өзге сопылық жолды – нақшбандийа тариқатын қабылдауы Қыпшақ даласын мекендеген түрі тайпаларының одан әрі этникалық бірліктерге жіктеген басты оқиға болды. XVI ғасырдағы қыпшақ даласының этносаяси құрылымын суреттеген Фазаллах ибн Рузбехан Исфахани былай дейді: «Үш тайпаны өзбектерге жатқызады. Олар Шыңғыс хан иелігіндегі ең мықтылар. Қазір олардың бірі – шибанилер; екіншісі – қазақтар. Олардың даңқы күші мен батырлығының арқасында әлемге тараған. Үшіншісі – маңғыттар. Бұлардың хандары бір-бірімен әр кезде егесіп келеді, бір-бірінің иелігіне қол сұғумен келеді. Олар бірін-бірі жеңсе, қолға түскендерін құлдыққа сатады, тұтқынға алып кетеді»[21, с. 47-48]. Бұл жерде автордың сол кезеңдегі саяси этникалық процестерді дәл суреттегенін көреміз.
Одан кейінгі кезеңдерде Шыңғыс хан ұрпақтарынан толық күдер үзген Едіге ұрпақтары мемлекеттік саяси билікті толығымен өз қолдарына алып, мемлекетті жеке билеуге көшті. Бірақ оларға өздері йасауийа тариқатында бола тұрып, мемлекеттік билікті қолға алуы рухани-адамгершілік тұрғысынан қатты қинағанға ұқсайды. Өйткені, йасауийа тариқатында хан билігі әр кезде киелі саналды. Ол тек Шыңғыс хан ұрпақтарына тиесілі болатын. Ол шектен ешкім асып кете алмайтын. Сол себепті, Едіге ұрпақтарының Ноғай Ордасының тағына отыруы заңсыз болып саналды. Олардың бұл жағдайдан шығуының бір ғана жолы болды. Ол жол олардың Йасауи жолынан бас тартып, нақшбандийа тариқатын қабылдауы еді. Сөйтіп, олар да Йасауи жолынан бас тартып, нақшбандийа тариқатын қабылдайды. Олардың нақшбандийа тариқатын қабылдағанын князь Юсуповтар әулетінің «Поколенная запись» атты шежіресіндегі деректерден көруге болады. Ол шежіреде олардың арғы аталары Баба Туклас-Баба түкті Шашты Әзиздің Пайғамбар халифасы Абу Бакр Сыддық әулетінен екендігі жазылған[22, с. 94-97]. Ал, нақшбандийа тариқаты өздерінің рухани бастауын Мұхаммед Пайғамбардың халифасы Абу Бакр Сыддықпен жалғастыратынын ескерсек[23, с. 367], онда Едіге ұрпақтарының да нақшбандийа тариқатын қабылдағанына көзіміз жетеді. Өйткені, кейінгі ғасырларда нақшбандийа тариқатын қабылдап қазақ жүздері қатарынан шығарылған этникалық топтар да өз шежірелерін осы Абу Бакр Сыддықтан тарататынын көреміз. Ал, Едіге би мен оның арғы атасы Садр ад-дин шайх Баба Тукластың Қарахандық билеушілер әулетінен шыққан Отрардың соңғы ханы Хасан ибн Абд ал-Халық ханның төртінші ұрпағы екендігін қарахандық қожалар әулетінің шежіресінде жазылған[6,136-139ққ].Осылай Әбілхайыр ханның нақшбандийа тариқатын қабылдауы Қыпшақ даласындағы рухани тұтастықты бұзып, халықтардың рухани-мәдени жіктелуіне ықпал етті. Ол өз кезегінде Қыпшақ даласын мекендеген түркі тайпаларының этникалық картасының өзгеруіне әкелді. Қазіргі күнгі өзбек, қазақ, ноғай халықтарының кезінде бір халық болғандығын олардың құрамындағы ру, тайпалардың біртектілігінен, халық санасында сақталған халық ауыз әдебиеті үлгілерінен-ақ көруге болады.
Ата жұрттан қуылып, пана таппаған Мұхаммед Шайбани мен інісі Махмуд Сұлтан көп жылдар бойы Орталық Азияны шарлап, бірде моғолдық билеушілерді, бірде Әмір Темір ұрпақтарын, бірде Хажы Тарханды паналай жүріп, XV ғасырдың соңғы ширегінде Темір ұрпақтары арасындағы қайшылықты пайдалана отырып, Мауараннахрдағы билік үшін күреске белсене араласты. Темір ұрпақтарының ши‘алық бағыттағы кубравийа тариқатына бет бұруы Мауараннахр халқының Темір әулетінен теріс айналуына әкелді[20, с.69]. Осы жағдайды өз пайдасына шеше білген Мұхаммед Шайбани XV ғасыр соңында Мауараннахр тағына ие болды. Оның үстіне нақшбандийа тариқатын қабылдап, парсы мәдениетін мойындаған Мұхаммед Шайбани да[20, с. 80-81.], оның соңына ерген халық та Мауараннахар халқы үшін оншалықты бөтен бола қойған жоқ. Алғашқы кезеңде түсінбеушілік болғанымен, Темір ұрпақтарының өз бетінен қайтпауы Мауараннахр халқын Мұхаммед Шайбани билігін мойындауға мәжбір етті. Осы күрестің нәтижесінде Мауараннахр жерінде Шайбанилер мемлекеті тарих сахнасына шықты. Шайбанилер мемлекетінде бар билік хан әулеті өкілдерінің қолына шоғырландырылды. Бұл бір жағынан Шыңғыс хан кезіндегі мемлекетті басқару жүйесін қалпына келтіру болып көрінді. Хан өлсе, оның орнын сол әулет ішіндегі жасы үлкені хан тағына отыруға тиіс болды. Бірақ бұл ішкі мазмұны жағынан мемлекетті басқарудың ирандық жүйесін қабылдау еді.
Ру, тайпа басшылары қолында бұрынғыдай мемлекеттік іске араласу құқы мен қоғамның ішкі қайшылықтарын реттеуші қызметі болмағанымен, олардың еркіне өз қандастарына билік жүргізу құқы қалдырылды. Олардың бүлік шығармауы үшін хандар ру, тайпа басшыларымен санасуға мәжбүр болды. Бірақ мемлекет билігі толығымен хан қолына шоғырландырылды. Мұхамммед Шайбанидың түпкі мақсаты орындалып, абсолюттік билікке қолы жетті. Алайда, Мұхаммед Шайбани де, оның соңына ерген халық та біртіндеп өз ата-бабаларынң дәстүрлі мәдениетінен, түркінің өршіл рухынан біртіндеп айыла бастады. Қыпшақ даласынан келіп, Мауараннахр жеріне сіңген, сол мәдениетті қабылдаған өзбектің қаншалықты өзгеріске ұшырағанын XIX ғасырдағы орыс зерттеушісі В. Наливкин былайша суреттейді: «Узбек-кочевник всегда гордившейся своим образом жизни и относившиися с пренебрежением ко всякому другому роду занятий, кроме войны и скотоводства, с совершенно таким же пренебрежением стал относиться и к тому своему собрату-единоплеменнику, который презрев обычаи отцов, бросил войлочную юрту, поселился в глиняной хижине, стал пахать и сеять, разводить деревья, ткать, делать глиняную посуду и т. п.; самом же непродолжителном времени оседлый узбек стал в отношении узбека-кочевника, являвшего собою тогда еще громадное большинство, каким-то отщепенцем, к которому относились свысока, с пренебрежением, всегда давая чувствовать свое превосходства, выражавшееся и большой свободе действий, и в большой войнственности, поддерживавшейся особенностями образа жизни и, накоец, в истекшем отсюда же несравненно большем политическом значении. Эта быстро установившаяся, сначала бытовая, а затем и нравственная, рознь была настолько велика, что всем осевшим узбекам, не взирая на то, из какого узбекского рода они происходят, было дано общее нарицательное имя сартов, которое впоследствии распростронилось на все вообще оседлое туземное население, т. е. одинаково как на оседлых узбеков, так равно и на таджиков. Нередко случается и теперь слышать в разговоре, что такой-то киргиз (казах)сделался сартом»[24, с. 32].
Бұл жерде біз үзіндіні зерттеушінің ойы бұрмаланбауы үшін, қазақ тіліне аудармай сол күйінде бергенді жөн көрдік. Өйткені, автор Түркістан жеріндегі этникалық процестерді барынша дәл, әрі шынайы бергенін көреміз. Алайда, автор халық санасындағы мұндай өзгерісті тек өмір салты мен экономикалық жағдайының өзгеруімен ғана байланыстыруы жеткіліксіз екендігін түсіне бермейді. Қыпшақ даласынан келіп Мауараннахр жеріне орналасқан көшпелі өзбек өзге халыққа айналу үшін ең алдымен өзінің діни танымын өзгертіп, түркілік мәдениеттің өзегі болған Йасауи жолынан бас тартып, нақшбандийа тариқатын қабылдауы керектігін түсіне бермейді. Кез-келген адам өзінің діни танымын өзгертпейінше, өзінің рухани-мәдени қайнарларынан қол үзбейді. Оған мысал ретінде, жүздеген жылдар қалаларда тұрып, әлі күнге қазақ халқының құрамында қалған Сыр бойындағы көне қалалар тұрғындарын айтуға болады.
Шайбани хан мен оның соңына ерген көшпелі өзбектер Қыпшақ даласынан кетіп қойған жоқ, сонымен бірге, олар өздерін Қыпшақ даласымен байланыстырып тұрған рухани көпірді де бұзды, сөйтіп басқа мәдениетке бет бұрды. Бірақ олар ол кезде бұл Мауараннахр жеріндегі Шыңғыс ұрпақтарын мемлекеттік биліктен айырар жалпы түркі халықтарының мемлекеттілігіне қауіп төндірер жол екенін сезген жоқ. Мұхаммед Шайбани хан Мауараннахр тағына отырған кезден араға жүз жыл салып, оның соңына ерген өзбектер өздерінің дәстүрлі мәдениетінен толық қол үзген кезде Шыңғыс хан әулеті билігінің киелілігі туралы ұғым да өз маңызын жойды. XVII ғ. басында Шайбанилер мемлекетінің іргесі сөгіліп, Шыңғыс хан ұрпақтары Мауараннахр жерінде саяси биліктен кетуге мәжбүр болды.
Өзбек ұлысының үшке бөлініп, жеке хандықтарға айналуы ру, тайпалардың іштей бөлініп, жіктелуіне әкелді. Ұстанған діни бағытына қарай кімді, қайсы діни-саяси топты қолдайтынына байланысты ру, тайпалар іштей жіктеліп, осы үш мемлекет құрамына бөлініп кетті. Біз оны қазіргі қазақ, өзбек, ноғай халықтарының құрамындағы ру, тайпалардан көре аламыз. Бұл Өзбек ұлысы халықтары ішіндегі жіктелу жоғарғы билік жүйесі өкілдерін ғана емес, сонымен бірге, жай халық арасын да қамтығандығын көрсетеді. Мысалы, қоңырат, қаңлы, қыпшақ, найман, қыпшақ тайпаларының өкілдері қазақтың құрамында да, өзбектің құрамында да, ноғайдың құрамында да бар. Егерде бұл рухани жіктелу Өзбек ұлысындағы билік жүйесі өкілдерін ғана қамтыған болса, онда белгілі тұлғалар соңынан соларға қарасты ру, тайпалар ғана ілесіп, ру, тайпалар іштей бөлінбеген болар еді. Бұл сол кезеңдегі діни-идеологиялық тіке-тірестің жалпы ұлыс халқын түгел қамтығандығын көрсетеді.
Өзбек ұлысының ыдырап, үш халыққа бөлінуі мемлекеттің басқару жүйесінің негізгі тірегі болған билер институтына да кері ықпалын тигізді. Билер институты күрделі өзгерістерге ұшырады. Ол өзгеріс Едіге ұрпақтарының, олармен бірге жалпы Орта жүзге рухани жетекші болып, билік жүргізген Қарахандық билеушілер әулет өкілдері – қарахан қожалардың халықтан бөлініп, Едіге ұрпақтарының соңынан кетуі Орта жүздің ру, тайпаларының мемлекеттік билік жүйесіндегі мүддесін қорғайтын өкілдерісіз қалдырды. Бұл мәселе сол кезеңдегі Йасауи жолының негізін құрайтын Ысхақ баб ұрпақтары тарапынан оңтайлы шешілгенін көруге болады. Бұдан кейінгі кезеңде Орта жүзге пір болу Ысхақ бабтан тарайтын Бақсайыс қожа әулеттерінің қолына тиді. Бұл оқиға «Темір-нама» атты киелі тарихта былайша баяндалады: «Бірде Саййид Ата ұйықтап жатқанда түсінде Зеңгі Ата аян беріп, «Дешті Қыпшаққа барып, халқын исламға кіргіз!- деп бұйырады. Саййид Ата ертесіне шәкірттері Қасым шайх, Хадым шайх, Бақсайысты алып, Дешті Қыпшаққа аттанады. Дешті Қыпшақ ханы Құсырау Құлалға келіп, өздерінің пірлері Зеңгі Атаның бұйрығымен Дешті халқын ислам дініне бет бұрғызуға келгенін айтады. Құсырау Құлал ислам дінін қабылдамас бұрын өзінің бұларға қояр үш шарты барын айтады. «Егерде үш шартты толық орындасаңдар, ислам дінін қабылдайық. Бірінші шартымыз – бір палуанымыз бар, оны жеңесін; екінші шарт – бір есі ауысқан қызымыз бар, оны жазасын; үшінші шарт – біреулеріңіз біздің дінбасымызбен бірге тандыр ішіне түсіп, отта отырасыздар,» – дейді. Саййид Ата үш шартты да қабыл алады. Қасым шайх палуанмен күресіп, оны жеңеді. Хадым шайх тандырға түсіп аман шығады. Саййид Ата өзі есі ауысқан қызды жазып, сауықтырады. Хан бүкіл халқымен Саййид Атаға мүрид болып, қызмет қылады. Бір күні Саййид Ата Бақсайсты ертіп, Хұсырау ханмен бірге аңға шығады. Сол кезде Саййид Атаға Хұсырау ханның аттан құлап, өлетіні аян болады. Саййид Ата Бақсайысқа ханды құлатпай көтеріп алуды бұйырады. Бірақ ханның жүрегі жарылып, бір сағат өліп, қайта тіріледі. Саййид Атаның бұл қызметіне риза болған Хұсырау хан Сахып Жамал атты қызын Саййид Атаға нәзір қылады. Саййид Ата қызды Бақсайыс Атаға қосып, өзін Дешті Қыпшаққа қалдырып, өзі кері Хорезмге қайтады[24]». «Темір-нама» қолжазбасындағы Дешті Қыпшақты исламдандыру жөніндегі деректер осы. Әрине, біз бұл жерде айтылғандардың тарихи шындығынан көрі аңыздық сипаты басым екендігі анық. Дешті Қыпшақта Хұсырау Құлал атты ханның болмағаны да тарихтан белгілі. Алайда, бұл тұлғаның Қасым ханның прототипі болу ықтималдығы жоқ емес. Ал, Қасым шайх, Хадым шайх, Бақсайыс Аталардың тарихта болғандығы күмән тудырмайды. Олар туралы «Ламахат» сияқты йасауийа тариқатының тарихына арналған шығармаларда баяндалады. Оның үстіне олардың жерленген жерлері, олар жөніндегі киелі аңыздар халық арасында жиі айтылады. Мысалы, Қасым шайх пен Бақсайыс Атаның жерленген жері Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы территориясында. Ал Хадым шайхтың жерленген жері әзірге белгісіз. Осы үш шайхтың қазақ шежірелеріндегі Қазақ хандығы өз алдына отау құрып, жеке ел болған кезеңдегі қазақтың үш жүзіне пір болған шежірелердегі Байшора, Жаншора, Бекшора болуы әбден ықтимал. Бақсайыс Атаның Дешті Қыпшаққа пір болуына қарағанда, Орта жүзге пір болған Жаншора деп атауға болады. Өйткені, Бақсайыс қожалар әулетінің өкілдері өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарына дейін Орта жүздің жиырма алты руына діни қызметкерлерді Бабата медресінде дайындап келгені тарихи шындық[24]. Олай болса, бұл «Темір-намадағы» деректің тарихи негізі барлығын көрсетеді.
Бұл айтылғандар Қазақ хандығының алғашқы жеке мемлекет болып, шаңырақ көтерген кезеңі оншалықты оңай болмағанын байқатады. Бұл жерде Йасауи жолы өкілдерінің халықтың рухани тұтастығын сақтау жолында күрделі қадамдар жасағанын көреміз. Әдетте, Ысхақ баб әулеті өкілдері Ұлы жүз бен хан әулетіне пір болатын. Ал, Қарахандық билеушілер әулеті өкілдері Орта жүзді тастап кеткен кезде, Ысхақ баб әулеті өкілдерінің түркінің рухани тұтастығын сақтау үшін өз өкілдерін Орта жүзге апарып, халықтың одан әрі жіктелуіне мүмкіндік берген жоқ. Осы кезеңде хандар да билер ықпалынан шықпады. Бұл өз кезегінде мемлекеттің ішкі жағдайының тұрақталуына мүмкіндік берді. Ең бастысы қазақ халқы түркінің діни-рухани, мәдени болмысының өзегі-Йасауи жолын сақтап қалды. Алғашқы кезеңде Керей хан да, Жәнібек хан да бұлғақтамай Қазақ хандығының нығаюына, өркендеуіне қызмет етті. Бұл кезеңдегі рухани жіктелушілік туралы қазақ шежірелерінде де, өзге жазба деректерде де мәлімет жоқ. Жәнібек ханнан соң таққа отырған Бұрындық ханның халықпен сыйыса алмай шайбанилерге кетіп қалғандығы айтылады.[14, с. 222]. Оның орнын Жәнібек ханның ұлы Әдік сұлтан басты. Әдік сұлтаннан соң қазақ хандығының тағына Қасым хан отырды. Қасым ханның Қазақ хандығын нығайту жолындағы жанқиярлық еңбегі мемлекетті Орталық Азиядағы қуатты мемлекеттің біріне айналдырды. Осы Қасым хан кезінде «Қасым ханның қасқа жолы» атты заң қабылданып, сол атаумен тарихқа енді. «Қасым ханның қасқа жолының» қабылдануы туралы академик Ә. Марғұлан былай дейді: «Қасым хандық құрған кезде (1511-1523) ел басқару ісінде қолданылған әдет-ғұрып заңдарының ережелері. Өзінің мазмұны бойынша бұл заңның түбегейлі идеясы ежелгі әскери диктатура арнасына барып тіреледі. 15 ғасырдың соңы мен 16 ғасырдың басында Бұхардың ишан-қазылары қазақ өлкесінде жүргізіп, шариғат қағидасына бойұсынуды уағыздайды. Бірақ уақыттың көбін мал бағумен өткізетін халық бұқарасына шариғат қағидалары қиынға соғып, оған селсоқ қарап, ойыса қоймайды. Сондықтан шариғатты кіргіземін деген хандарға халық бұқарасы наразылық білдіріп, кейде ол көтеріліске ұласып отырған. Бұл тарихи уақиғаларды жақсы білген Қасым хан, саяси жағдайдың шиеленіскен кезінде, халық бұқарасының, билер тобының, көптен бергі ойына қарсы тұрмай, қайта олармен бірігіп, шариғат заңын үгіттеген Бұхар ишан-қазыларының тіміскілеуін тойтарды. Сөйтіп, халықтың тілегіне жақын, әрі ерте заманнан оларға түсінікті ежелгі «жарғы» заңын жаңадан күшейтті[27, 104-б.]». Бұл жерде академик Ә.Марғұланның сол кезеңдегі діни-рухани ахуалды дәл анықтағанын, «Қасым ханның қасқа жолының» қабылдану себептерін толық түсінгенін көруге болады. Бұл мемлекет туралы Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарихи Рашидиде» былай деп жазады: «Қасым хан бүкіл Дешті Қыпшақты бағындырды. Жошыдан кейін ешкім бұлай (Дештіні) бағындырған жоқ еді. Мысалы, оның мың-мың (миллион) әскері болды[28, с. 349]». Сондай қуатты мемлекетке айналып үлгерген Қазақ хандығы Қасым хан өлгеннен-ақ, іргесі сөгіліп, ыдырай бастады. Бұл жөнінде де М.Хайдар Дулати жазбаларында: «924/1518 жылдан соң Қасым хан мәңгілікке аттанған соң қазақ сұлтандары арасында күрес басталды. Қасым ханнан соң Манаш хан болып еді, ол бір соғыста тұншығып өлді. Одан соң Әдік сұлтанның баласы Тахир хан тағына отырды. Ол өте қатал қайырымсыз адам болды. Оның қарамағында 400 мың адам бар еді. Бәрі бірден теріс қарап, кетіп қалды. Ол қырғыздардың арасында жалғыз қалды, қайыршылықта өлді. Отыз мыңдай адам Моғолстанға қайта жиналды. Бұйдаш оларға хан болды. Міне, төрт жыл болды олардан ешкім қалмады. 930/1524 жылы миллион халықтан 944 жылы ешкім қалмады, – деп жазылған[28, с. 349]. Қазақ хандығы басына түскен мұндай қиындықтың себебі неде? Ханға не болды, халыққа не болды? Бұл сұраққа жауап беру оңай емес. «Қазақстан тарихында» да бұл сұраққа толық жауап жоқ[29, с. 375-377]. Бұл сұрақтарға орта ғасырлық тарихи жазбаларға сүйене отырып жауап беру қиын. Өйткені, ол жазбалар көбіне тарихи оқиғаларға мән беріп, соларды тізіп жазғанымен, сол тарихи оқиғалардың туындауына себепші болған рухани процестерді ескере бермейді. Мысалы, біз жоғарыда атап өткен йасауийа тариқатының қазақ халқының тарихи тағдырындағы орнына байланысты жазған пайымдауларымызды бірде-бір тарихи жазбалардан кездестіре алмаймыз. Тек, «Шыңғыс-нама», «Темір-нама» сияқты қолжазбалар мен қазақ халқының дәстүрлі тарихи жадындағы деректерге қарап рухани процестердің қазақ тарихындағы күрделі бетбұрыстарда шешуші фактор болғанын айқындай аламыз. Бұл жерде ескерте кететін бір жәйт, йасауийа тариқатының қазақ ру-тайпаларымен біте қайнасып кетуімен, сол ру-тайпалардың ажырамас бөлігіне айналуымен ерекшеленеді. Қазақ рулары қазақ даласына тараған қожа әулеттерімен тығыз байланыста болды. Рудың әрбір мүшесі йасауийа тариқатының да мүшесі еді. Әр рудың, жүздің рухани басшысы, пірі болатын. Қазақ даласындағы бүкіл билік сол билер қолында болды. Ол билікті шариғат заңдарына сай жүргізіп отырды. Себебі, бұл мәселе Алтын Орда дәуірінен қалған, қалыптасқан жүйе болатын. Ал, шариғат заңдарына қайшы келетін хан жарлықтарының өзі іске аспай қалатын. Сол себепті, Қазақ даласында билер сөзі әр кезде шешуші мәнге ие болды. Өзбек ұлысының ханы Әбілхайыр ханның билер талабын орындамағаны үшін қандай жазаға тартылғаны, халықтың көпшілігі ханға теріс қарап, Жәнібек пен Керей хандар соңына еріп, Қазақ хандығын құрғанын жоғарыда айтып өттік. Өкінішке орай, Қазақ хандары Әбілхайыр хан қателігінен сабақ алмады, халықтың иман бірлігімен ойнауға болмайтынын түсінбеді. Қасым ханның жіберген бір қателігі бүкіл халықтың, мемлекеттің тағдырына кері әсерін тигізді.
Бұл жерде Йасауийа мен нақшбандийа тариқаттары арасындағы тартыс Қазақ хандығының тағдырына кері әсерін тигізген негізгі фактор болды десек артық айтқан болмаймыз. Жоғарыда айтқан Қасым ханның жіберген қателігі осы нақшбандийа ағымын қазақ даласына әкелуімен, таратуымен байланысты болды. Ол жөнінде Мұхаммед Талибтің «Матлаб ат-Талибин» атты шығармасында мынадай деректер келтіріледі. Онда 1512 жылы Сефифидтік Иранның Наджи-сани бастаған әскері мен Бабыр бастаған әскер Бұхара қаласына баса-көктеп кіргені, одан қашқан джуйбарий шайхы Ислам қожа Қасым ханды келіп паналағаны, Қасым ханның сол кезде нақшбандийа шайхы Абу Бакр Са’дтың мүриді болғаны жазылған[30, с. 103]. Міне, осы кезден бастап, нақшбандийа ағымы қазақ даласына тарала бастайды. Қасым хан өлген соң, халық оның ұлы Мамаштан бастап хан деп танудан бас тартады. Тахир, Бұйдаш хандардың Қазақ халқына билік жүргізе алмай қырғыздарға барып хан болу себебі осыған байланысты. Мұхаммед Хайдардың да «Қазір бір де бір қазақ қалмады», -деп жазуы да сондықтан. Қазақ халқы Хақназар тұсында қайтадан топтасып, қуатты күшке айналды. Соған қарағанда, Хақназар хан қайтадан Йасауийа шайхтарына мойын бұрған болса керек. Ал, Шығай хан мен оның балалары Тәуекел мен Есім сұлтандардың толығымен нақшбандийа тариқатына мойын ұсынғанын жазба деректер растайды. Мысалы, Шығай хан тағына отырған Тәуекел өзінің 120 баласымен нақшбандийа шайхы Қожа Исхаққа мүрид болғанын жазады. Бірақ, кейіннен ол ойынан бас тартып, қайтадан Түркістандағы Йасауийа шайхтарының біріне мүрид болғаны жазылған[31, с. 97].
1598 жылы Тәуекел Мұхаммед хан Бұхара қаласы үшін болған соғыста жарақаттанып, көп ұзамай қайтыс болды. Оның орнына хан тағына Есім хан отыруы керек еді. Бірақ, Есім хан сайланбай, оның орнына Тұрсын Мұхаммед хан сайланады[32, с. 213]. Қазіргі күнге дейін тарихта Тұрсын ханның шыққан тегі туралы қалыптасқан пікір жоқ. Оның қайдан шыққандығы туралы жазба деректердің өзінде де пікір бір ізді емес. Оны бірі аштарханидтер әулетінен, Йар Мухаммад ханның ұлы десе, енді бірі Қасым ханның ұлы Жалым сұлтанның баласы делінеді. Бірақ әлі күнге нақты дерек жоқ[32, с. 213-215]. Бірақ, Тұрсын Мұхаммед ханды Тәуеккел Мұхаммед ханның ұлы деп айтуға негіз бар. Мысалы, Әбілғазы 1625 жылы Хорезмнен қашып, Түркістанға, Есім ханға келіп паналағанда, Есім оны ертіп Тұрсын ханға апарады. Сонда Есім хан Тұрсын ханға «Бұл Әбілғазы Жәдігер хан әулетінен. Бұлардан ешкім әлі күнге бізге қонақтап келген жоқ. Біздер оларда көп болдық. Сондықтан бұл сіздің қасыңызда болғаны дұрыс» – деп, Тұрсын ханның қасында қалдырады. Бұл жерде Есім ханның сөзіне қарағанда екеуінің арасында туыстық қатынас бар екендігін аңғару қиын емес. Сонымен қатар, Тұрсын ханның йасауийа тариқатында болуы да оның Тәуекел Мұхаммед ханның ұлы болу мүмкіндігін күшейтеді. Өйткені, Тәуеккел Мұхаммедтің өзінің 120 ұрпағымен қайтадан йасауийа тариқатына өткенін еске алар болсақ, онда Тұрсын Мұхаммедті осы әулет өкілі деп тануға болады. Бұл жерде Есім сұлтанның хан сайланбай, орнына Тұрсын Мұхаммедтің хан сайлануында сұлтандардың діни көзқарасының шешуші роль атқарғанын көруге болады. Есім сұлтанның қазақ халықына жат, нақшбандийа шайхтарына мүрид болуы, қазақтардың одан бас тартуына әкелген сияқты. Одан кейін Есім сұлтан болса қазақтарға өкпелеп, Моғолстан ханы Абд ар-Рахим ханға кетуге мәжбүр болады[14, с. 410-418]. Кейіннен қырғыздарға барып хан болады. Тұрсын Мұхаммед хан әкесі Тәуекел Мұхаммед ханның діни бағытын жалғастырғанын тарихи құжаттар айғақтайды. Тұрсын Мұхаммед Йасауийа шайхтары мен «Әзірет Сұлтанның» уақфтық жерлерін мойындаған санаулы хандардың бірі. XIX ғасырдағы орыс зерттеушісі П. Лерх 1867 жылы Түркістанға келген сапарында шайх ал-ислам Насрулланың қолында хижраның 1035 жылы Тұрсын Мұхаммед ханның Қожа Ахмед Йасауи ұрпақтарына берген уақфтық құжаттары бар екендігін көріп, ол туралы өз жолжазбасында жазады[33, 30-б.]. Оның үстіне Тұрсын Мұхаммед ханның нақшбандийа шайхтарының қазақ даласына өтуіне тыйым салуы, Тұрсын Мұхаммедтің йасауийа тариқатында болғанын, өзге діни ағымның ел ішіне келуге тыйым салу арқылы елдің рухани бірлігін сақтауға айрықша көңіл бөлгендігін көрсетеді[30, с. 59].
Бірақ, Тұрсын Мұхаммед ханның қарсыластары қарап жатпайды. Нақшбандийа шайхтары Ұлы жүз бен Кіші жүз руларының біраз бөлігін өз ықпалдарына өткізеді. Нақшбандийа ағымының қазақ рулары арасына тез таралуына «азизан» қожаларының ықпалы көп болды. «Азизан» қожалар йасауийа шайхтарының Мауараннахрға келіп, сол жердегі халықтың рухани сұранысына бейімделген, жартылай нақшбандийа тариқатының жолын мойындаған топтан шықты. Бұл топтың алғаш негізін салушы Илмин Баба атты мауараннахрлық йасауийа шайхы болатын[34, с. 77-79]. Олар тарапынан Қожа Ахмет Йасауидің Жүсіп Хамаданиге шәкірт болғандығы жөніндегі жалған өмірбаяны шығарылды.Бұл хожағанийа-нақшбандийа тариқаты мен йасауийа тариқатының шыққан негізі бір, хожағанийа-нақшбандийа тариқатының негізін салған Абд ал-Халық Ғыждуани де, Қожа Ахмет Йасауи де Жүсіп Хамадани шәкірттері, сондықтан бұл екі тариқат арасында айтарлықтай ерекшелік жоқ деген қағиданы алға тартты. Бұл жағдай қазақ рулары арасында нақшбандийа ағымының Ұлы жүз бен Кіші жүз арасындағы ықпалының артуына әкелді. Оның үстіне кейбір Йасауийа шайхтарының нақшбандилер қатарына өтуі олардың соңына ерген халықтың өзінің дәстүрлі діни танымынан ажыратып, адастырды. Әсіресе, Мауараннахрмен шектес жерлерді мекендейтін Ұлы жүз, Кіші жүз тайпалары осындай алдауға түсті. Халықтың көп бөлігінің арасында Тұрсын Мұхаммед ханның ықпалы төмендей бастайды.
Есім хан реформасынан кейінгі шежірелер
Есім хан біраз жыл Моғолстан ханы Абд ар-Рахим хан қасында болып, одан жылыстап қырғызадарға келіп хан болады. Одан біртіндеп, Ұлы жүз тайпаларына билігін жүргізді. Кейіннен Тұрсын Мұхаммед оған Түркістанды билеуді тапсырады. 1625 жылы Есім хан Түркістанда болғанын Әбілғазының жазбаларынан білеміз[32, с. 220]. Есім ханның Түркістанда отыруы Тұрсын хан үшін тиімді болған жоқ. Өйткені, ол өзінің желкесіне, туысы болғанымен басқа тариқатты қолдайтын хан ол үшін қауіпті еді. Ол қалайда өзі мен өзіне тірек болар қазақ даласы арасындағы кедергіні алып тастауды дұрыс санаса керек. Ол Есім хан жорықтан қайтып келе жатқанда оған шабуыл жасайды. Бірақ жеңіліп Ташкентке қашады[32, с. 221]. Махмуд ибн Валидің «Бахр ал-асрар» атты еңбегі қазақ сұлтандары арасындағы тартыстың немен аяқталғанын былайша баяндайды: Ол кезде (1036-1628/27) Есім хан қалмақтарға жорыққа аттанды. Тұрсын хан осыны пайдаланып Түркістанға әскер жіберіп Есім ханның ордасын шапты. Сөйтіп, Есім ханнан құтылуға әрекет жасады. Дәл осы кезде, Әндіжан билеушісі Абылай сұлтан Бұхара ханы Имамқұлимен бірігіп, Ташкент билігіндегі Піскент, Шахрухийа сияқты жерлерді тартып алды. Осыны пайдаланған Есім хан әскермен келіп, Ташкентті қоршап, Тұрсын Мұхаммедті өлтіріп, оның соңына ерген қатаған жұртын қырып жіберді[29, с. 497].
Осы тарихи оқиға қазақ шежіресінен біршама орын алғанын көруге болады және Есім ханның осы жорғына қатысқан кісілердің кім екендігін де анықтауға мүмкіндік береді. Есім ханның діни-идеологиялық саясаты нақшбандийа тариқатының қазақ арасыны дендеп енуіне мүмкіндік берді. Ру, тайпалардың бір бөлігі йасауийа тариқатында қалса, екінші бөлігі нақшбандийа тариқатына бет бұрды. Есім хан өз саясатын жүргізгенде осы ру, тайпаларға арқа сүйегенін көруге болады. Оның дәлелі ретінде Есім ханның төңрегінде топтасып, оның қызметінде болған батырларға Есім хан Тұрсын Мұхаммедті өлтірген соң, оның Айбике, Нұрбике, Қоңырбике атты қыздарын сыйға тартады. Сол оқиға Шәкәрім қажының «Түрік, қырғыз-қазақ, һәм хандар шежіресінде» былайша баяндалады: «Шежіре түрікті» жазған Әбілғазы Бахадур хан туысқандарымен хандыққа таласып, Үргеніштегі өзбектер бұзылып, үшке бөлініп кеткенде, осы Есім хан қолына келіп тұрдым дейді. Сонда Есім хан Тұрсын ханды өлтіріп, Қатағанды шапты дейді. Жәрдем көремін деп келген хандардың жайы былай болған соң, Есім ханнан рұқста алып, қайттым дейді. Бұлай болғанда біздің тоғызыншы атамыз Сарының қатыны Қоңырбике сол 1628 жылы келген болатын... Сол Қоңырбикеден біздің сегізінші атамыз Кішік пен Мәмбет сопы туыпты,[19, 24-25 бб.] - дейді. Біздің шамалауымызша, тобықтылар сол кезеңде Алматы маңын жайлаған. Оған дәлел ретінде біз Қалқаман-Мамыр оқиғасы мен олардың атына байланысты жер атауларының Алматыда болуы дәлел бола алады. Оның үстіне Есім ханның алғаш таққа отырып, билік жүргізген кезі де осы қырғыздардан басталғаны, қатарлас жатқан қазақ рулары да осы кезде Есім ханды хан ретінде мойындағаны тарихтан белгілі. Есім хан Тұрсын ханды осы қырғыздардың көмегімен жеңгенін тарихи деректер айғақтайды[30, с. 103]. Ал, Қазанғаптың «Еңсегей бойлы ер Есім» атты дастанында, Есім ханның Ташкент билігін қырғыздарға бергені баяндалады[35, 205-206-бб.]. Бұл мәселені тәптіштеп жазып отырғанымыздың мынадай себебі бар. Алғашында нақшбандийа тариқатын қабылдағаннан қауіп көре қоймаған қазақ рулары, нақшбандийа тариқатының дәстүрлік ерекшеліктері халық санасына сіңіп, қазақ дәстүріне қайшы оқиғалар орын ала бастағанда өзге мәдениетке негізделген сопылық жолдың қазақ мәдениеті үшін қаншалықты қатерлі екендігін сезіне бастады. Сондай оқиғалардың бірі Қалқаман-Мамыр оқиғасы еді. Шариғатқа қайшы емес деп, ағайынды кісілердің балаларының қосылуы халықты дүрліктіріп, Мамырдың өлтіріліп, Қалқаманның жараланып, қашып құтылуының соңы тобықтылардың көтеріле көшіп кетуімен аяқталды. Алдымен Сырға барып, одан Жем, Сағыз, Ор өзендеріне дейін барып, Жоңғарды талқандағаннан кейін барып қазіргі Семей жеріне орналасқан екен.
Есім хан Тұрсын ханның үлкен қызы Айбикені Жиенбет жырауға береді. Осы Жиенбет жырау ұрпақтары қазір Қоңырат ішінде рулы ел болып отыр. Жиенбеттің кіші әйелі Айбикеден тараған атасы бар. Олар өздерін Жиенбет ішіндегі Айбикеміз деп атайды. Ал Жиенбет жыраудың Кіші жүзден екендігі, Есім ханның қасындағы сенімді серіктерінің бірі болғандығы, Тұрсын ханға барып, Ташкентті қоршағанда,
-Қатағанның хан Тұрсын,
Хан Тұрсын сені ант ұрсын – дейтін де,
Есім хан Жиенбетті жазалап, айдауға жібергенде Есім ханға
Есім хан сені есірткен,
Есіл де менің кеңесім – дейтін де Жиенбет жырау осы Жиенбет. Жиенбеттің Қоңырат ішіне сіңуі шежіреде былай баяндалады: Мақының баласы Қарақұдайбердінің алты ұлы болады. Үлкені Жаулыбайдан Қоңырсопы, кішісі Қошқарбайдан Жиенбет туылады. Бірақ Жиенбет өз үйінде емес, нағашыларының қолында дүниеге келеді. Бірде Қоңырсопы аулын жау шауып, мал-мүлкін талап әкетеді. Қошқарбайдың да аулын шауып, өзін өлтіріп кетеді. Қощқарбайдың әйелі Барқын үш жасар ұлы Борайды жетелеп, қашып, қалың қамысқа тығылып қалады. Содан кейін Барқын баласы Борайды қайнағасы Аққошқарға қалдырып, өзі төркініне, бағаналы Наймандарға кетеді. Төркініне барған соң босанып ұл туады. Атын Жиенбет қояды. Көп ұзамай Барқын да өледі. Жиенбет нағашыларының қолында жетім өседі. Жиенбет ержетіп, ат тжалын тартып мінетін күйге жетеді. Оның батыр бала деген аты шыға бастайды. Бұл хабар Қоңырсопының құлағына да жетеді. Ол азамат болып, қатарға қосылып жүрген Борайды шақырып алып, інісі Жиенбетті іздейтін кез жеткенін айтады. Қоңырсопы мен Борай барып Жиенбетті алып қайтып, үйлендіріп, енші беріп шығарады. Шежіреде Тұрсын ханның қызы Айбике қалмақ ханының қызы еді деп айтылады[36, 5-43-бб.]. Кейіннен Қоңырсопы, Борай, Жиенбет анттасып, мәңгі тату болуға келіседі. Ал Қоңырсопыға қатысты мәліметтерден оның нақшбандийа тариқатының өкілі болғандығын көреміз. Бұдан Есім ханның тұсында діни-идеологиялық саясаттың өзгеруіне байланысты рулық, тайпалық жүйелерде қайта топтасу үдерісі басталғанын көруге болады.
Мұндай қайта топтасулар тек қоңырат тайпасында ғана емес, басқа тайпаларда да болғандығын көреміз. Мысалы, найман тайпасындағы қайта топтасулар да осы кезеңде болды. Сөзіміз нақтырақ болу үшін М. Тынышпаевтың мына жазғандарына жүгініп көрелік: «Менің марқұм әкемнің айтуынша, он алтыншы атам өз заманында белгілі кісі болып, өз руының басшысы болған. Оның сүйегі Өзгенттегі қожалар қорымында жатыр. Төлегетай шаяндық Мәді Мағзұмның айтуынша, белгілі қожаның (Қылышты Ата) қызына үйленген. Оның айтуына қарағанда, Самарқанды билеушісі Имамқұли ханның әскербасы, алшын Жалаңтөс бахадүр Өзгент қожаларының қызына сөз салады. Қожалар оған қара қазаққа пайғамбар ұрпақтарының қызын беруге болмайтынын айтып, қайтарады. Сонда Жалаңтөс Төлегетайды мысалға келтіргенде, қожалар Жалаңтөстің Төлегетаймен теңесе алмайтынын айтып қайтарады [37, 436-437-бб.]. Аңыздарға қарағанда, Төлегетай Қылышты қожаның қызын алған. Сейіт қожалар шежіресінде Қылышты атаның атақты Мағдуми Ағзамның ұлы екендігі айтылады[38, 48-49-бб.]. Ал, Мағдуми Ағзам саййид Ахмад Қожа ибн Жамал ад-дин Касани Дахбиди (1542 ж. қ.б.) Мауараннахрдағы діни, әрі саяси тұлға, нақшбандилар тариқатының жетекшісі. Есім ханға пір болған Қашқардағы Аппақ қожа да осы Мағдуми Ағзамның ұрпағы. Бұл деректер Төлегетай басшылығындағы наймандардың нақшбандийа тариқатын мойындап, сол нақшбандилер жолын қабылдағанын білдіреді. Бұл оқиға найман тайпасында осы кезеңде күрделі құрылымдық өзгерістер болғанын көрсетеді. Бұл оқиға найман тайпасының шежіресінде толық көрініс тапқан: Найманнан Кетбұға (терістаңбалы), Сарыжомарт (ергенекті), Төлегетай туылады. Төлегетайдан – Қаракерей, Матай, Садыр, Төртуыл[12, 97-б.]. Бұл шежіренің осындай тағы да екі нұсқасы бар. Олардың бәріне тоқталып жатуды артық санадық. 1600 жылдар шамасында өмір сүрген Төлегетайдан қалың найманның таралуы мүмкін бе? Жоқ. Мәселе - өздерінің діни бағытын өзгертіп, басқа тариқатты қабылдаған ру, тайпалардың қайта топтасуында жатыр. Төлегетай сол кезеңде сол діни-саяси реформаны іске асырушы тұлға.
Найман тайпасының өзге аталарын нақшбандийа тариқатын қабылдады ма, жоқ па? Біз ол жағын біле алмадық. Жезқазған өңірін мекендеген наймандар арасында кезінде Йасауи жолы өкілдері болған қожалардың араласа отыруы, олар сол кезеңде нақшбандийа тариқатын қабылдамаған болуы керек деген ой түюге мүмкіндік береді. Нақшбандийа тариқатын қабылдамаған тек найман ішінде емес, қоңырат тайпасы ішінде де болды. Мысалы, Құрбан Атадан тарайтын рулардың Сыр бойынан қуылып, Теріскей асып кетуі Есім хан тұсындағы діни-идеологиялық үдерістер мен саяси қысымға байланысты болғандығы анық. Аңыздағы Құрбан Атаның Теріскейде жатқан Қарабура әулиені барып паналауы соны байқатады. Қарабура әулие Қожа Ахмет Йасауидің шәкірті болған, әрі жаназасын шығарған тарихи тұлға. Бұл Есім ханның діни-идеологиялық саясаты қазақ халқын діни танымына қарай жіктелуге мәжбүр етті. Ру, тайпалар арасында тіке-тірес басталды.
Есім хан нақшбандийа тариқатын жай қолдап қойған жоқ. Өзінің бұл діни-идеологиялық саясатын заң жүзінде бекітіп берді. Ол заң көпке белгілі «Есім ханның ескі жолы» деп аталды. Бұл заң қазақ қоғамына, қазақ халқының рухани, мәдени болмысына толығымен қайшы келетін заң еді. Бұл заңды қабылдаудағы мақсат – қазақ халқының дәстүрлі мемлекеттігінің құрылымдық жүйесі-ру, тайпалар мен жүздік құрпылымдарды ыдыратып, мемлекетте ханға абсолюттік билік беретін монархиялық билікті қалыптастыру болды. Йасауи жолы мемлекеттік идеология болып тұрған кезде абсолюттік билікке қол жеткізу мүмкін емес еді. Өйткені, рулық, тайпалық жүйелер Йасауи жолының тармақтарын құрады және әрбір рулық, тайпалық жүйелер мен жүздік құрылымдарды йасауийа тариқатының өкілдері билер басқарды. Билер ханды сайлап қойды және хан тағына кімнің отыратынын да Билер Кеңесі анықтады. Бұл хан үшін тиімсіз болды. Ал нақшбандийа тариқаты болса, парсы мәдениетіне негізделген, мұнда рулық, тайпалық жүйелердің қажеті жоқ. Парсыларда мемлекеттік билік жүйесі абсолюттік билікке негізделген, билеушінің өз еркінше әрекет етуіне мүмкіндік береді. Нақшбандийа тариқаты Есім ханға осынадай жүйені қалыптастыру үшін қажет болды. Ең бастысы бұл тариқат «ахл ал-сунна уа-л-жама‘а» тариқаты деп аталды. Өйткені, бұл тариқатта араб дәстүрі негізінде қалыптасқан шариғат үкімдерін орындау қатаң түрде талап етілді. Ал, Йасауи жолында шариғат үкімдерінің жалпы ислам халықтарына ортақ негізі қалдырылып, түркілердің шариғатқа қайшы келмейтін салт-дәстүр, әдет-ғұрыптық ерекшеліктері толығымен қолданылатын. Бұл түрік халықтарының рухани, мәдени дербестігін сақтап қалуға мүмкіндік берген болатын. Нақшбандийа тариқаты болса осы ерекшеліктердің бәрінен бас тартуды талап етті. Ең бастысы некелік қатынастарды өзгертуге баса мән берді. Эгзогамдық сыртқы некенің орнын эндогамдық ішкі некеге ауыстыруды қолға алды. Йасауи жолында жеті атаға дейін қыз алысуға тыйым салынған еді. Егерде жеті атаға жетпей үйлену жеке адамдар тарапынан бұзылатын болса, олар өлім жазасына кесілетін. Ал, мұндай жағдай ру ішінде жалпылама сипат алған жағдайда ол ру жүз құрамынан шығарылып тасталатын. Бұл рулық, тайпалық жүйелердің іргесінің шайқалмауының, ол өз кезегінде мемлекетті басқарудың түркілік жүйесінің сақталуының кепілі еді. Егерде некелік қатынас өзгеріп ішкі некеге ауысар болса, рулық, тайпалық жүйелер өздігінен ыдырауға түсетін. «Есім ханның ескі жолын» қабылдаудағы мақсат осы болатын. Бұл саясат Есім хан тұсында пәрменді жүргізілді. Нақшбандийа шайыхтарына Сыр бойынан уақфтық жерлер бөлініп беріле бастады. Бұған Есім ханның өз қолымен берген құжаттары дәлел бола алады. Ол құжаттар Сығанақ құжаттары деген атпен белгілі. Сонымен қатар, Есім хан тұсында Қазақ хандығының мемлекеттік құжаттары қайтадан парсы тілінде жүргізіле бастайды. Көп ұзамай Есім де көз жұмады. Бірақ, Есім ханның Тұрсын Мұхаммедке, қатаған халқына жасаған қатыгездігін қазақ халқы кешіре алмайды. Сол себептен де оның ұлы Жәңгір сұлтан 1628 жылдан, 1643 жылға дейін хан тағына отыра алмады.
Ұлы жүз тайпаларының біразы Есім хан мен бұрыннан Ұлы жүзге пір болған, кейіннен нақшбандийа тариқатына өтіп, солардың сойылын соққан қожа әулеттерінің алдауына түсіп, нақшбандийа тариқатына өтті. Ал Тұрсын Мұхаммедті қолдаған йасауийа тариқатындағы қатағандардың бесіктегі баласына дейін қырылуы, Ұлы жүз құрамындағы йасауийа тариқатындағы кейбір тайпаларды Орта жүз құрамына өтуге мәжбүр етті. Мысалы, «Өзбек шежіресі» / XIV-XV ғғ./ атты шежіреде Ұлы жүз құрамында болған қатаған, шанышқылы руларының кейбір аталары қазіргі шежірелерде Орта жүз Қоңырат құрамында жүруінің басты себебі де осы болса керек.
«Есім ханның ескі жолы» мен нақшбандийа тариқатынның ықпалын толық мойындаған, араб-парсының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын қабылдаған қазақ рулары жүздер құрамынан шығарылып тасталды. Қазір қазақ жүздері құрамына кірмейтін сунақ, шалақазақ, Түркістан, Шымкент, Тараз маңындағы өзбектердің пайда болуы Есім ханның қазақ арасына нақшбандийа тариқатын күштеп енгізуімен тікелей байланысты. Бұлардың арғы тегін зерттей келгенде олардың көпшілігі кешегі қазақ руларына баратынын осы мәселеге қатысты жүргізген зерттеу жұмыстарымыз дәлелдеді. Мысалы, қазір Түркістан маңындағы Қарнақ қыстағында 100% өзбек тұрады. Шыққан тегі жағынан солардың 95% қазақ екендігі анықталды[39]. Ал, Қарашық қыстағын мекендеп отырған халық та солай. Ол жерге Қыпшақ тайпасының Көкмұрын тармағынан үш жүз үйді отырғызып, 200 қос жерді хандар арнайы бөліп бергендігін сол жердегі халық біледі және олар әлі күнге өздерінің шыққан тегін ұмытпаған. Оған біздің сол қыстақтарда 1998-2002 жылдары жүргізілген зерттеу жұмыстары барысында көзіміз жетті[40]. Ал, сунақтар құрамындағы аталарға қарайтын болсақ, онда олардың да үш жүз құрамындағы рулардан құралғанын байқауға болады.
Осы кездерде Түркістан маңында нақшбандийа өкілдері мен «азизан» қожалар өкілдері пайда бола бастайды. Өз шежірелерін Али ибн Абу Талибтің ұлы Имам Хусейннен бастайтын нақшбандийа өкілдері өздерінің Йасауийа шайхтарынан қан жағынан артық екенін алға тартып, Түркістан маңындағы халықтарды нақшбандийа тариқатына тарта бастайды. Түркістан қаласынан 25 шақырым жердегі Қарнақ қаласы нақшбандийлер орталығына айналады. Сол жерде үлкен медресе ашылып, нақшбандийа жолын уағыздаушы дін өкілдері дайындала бастайды. Қазақ хандарының оқып, білім алатын орталығы осы көне Қарнақ қаласы болды. Сыр бойындағы халықтың «қазақ», «сарт» болып бөлінуі осы кезден басталды деп айтуға толық негіз бар. Өйткені, оған дейінгі жазбалардың ешқайсысында «сарт» сөзі кездеспейді. Нақшбандийа тариқатын мойындап, сол жолға түскен рулардың, халықтың «сарт» деп атала бастағанын байқаймыз. Мысалы, сол «Қарнақ тарихы» деп аталған жергілікті ақсақалдар жазған қолжазбада, Қарнақ қаласы халқының дені жергілікті қазақ руларынан тұратынын, тек екі әулеттің ғана Бұқарадан келген тәжіктер екені жазылған. Сондай-ақ, Абылай ханмен Қара Керей Қабанбай әзілдескенде, Абылай ханды «сарт» деуінің өзі қазақ хандарының нақшбандийаны бұрын қабылдағанынан хабардар етсе керек. Ал, атақты Шортанбай ақынның Асан Бұғамен айтысындағы мына сөздер біздің бұл пайымдауымыздың айқын дәлелі:
Шортанбай: Жетпіске келді бұл жасың,
Дүниелік болды жолдасың.
Әндіжандық сарт едің,
Қай елдің едің қожасы...
дегенде Асан Бұға Шортанбайға былай деп жауап береді:
Менің түбім сарт десең,
Неге атандың қызылбас.
Екеумізді пір тұтып,
Заман қалай бұзылмас[41, 123-124-бб.].
Бұл жерде Шортанбай өзінің қазақ қожасы екенін, қазақтың белгілі руына тән екенін айтса, Асан Бұғы өзінің «нақшбандийа» өкілі екенін мойындай отырып, йасауийа тариқатының да негізі VIII ғасырда пайда болған қайсанийа-мубаийдийа ағымында жатқанын меңзеп отыр. Бұл айтылғандар Сыр бойын мекендеген халықтардың этникалық құрамы әр түрлі болды, қалалардың негізгі халқы «сарттар» немесе көне соғдылықтар еді деген кейбір зерттеушілер пікірінің негізсіз екенін дәлелдейді[42, с. 49].
Енді сөзді қайтадан Есім ханның ұлы Жәңгір сұлтанға бұрайық. М.Тынышпаев 1635 жылы Жәңгірдің сұлтан аталғаны туралы, 1643 жылы Батыр хонтайшының 50 мыңдық әскеріне 600 сарбазбен қарсы шығып, Орбұлақта Кіші жүз Әлім, Самарқанд әкімі Жалаңтөс Бахадүрдің көмегімен қалмақтарды жеңгеннен кейін ғана халық Жәңгірді хан сайлады,- дейді[43, с. 158]. Бұл жерде де сол кездегі Қазақ хандығы ішіндегі тіке-тіресттен йасауийа мен нақшбандийа арасындағы қарама-қайшылықты көруге болады. Жәңгір ханға қазақ жәрдем бермегенсін, Самарқанд әкімі нақшбандийаны мойындаған Жалаңтөс бахадүр бастаған Кіші жүздің Әлім руының 20 000 әскермен келуі біздің пікіріміздің дұрыстығының айқын дәлелі. Осы соғыста жеңгеннен кейін ғана, Жәңгір сұлтан хан атала бастайды.
Тәуке хан таққа отырған соң рухани тұтастығы ыдырап, әртүрлі сопылық тариқаттар соңына ерген ру, тайпалардың арасындағы ауызбірлікті қайтадан қалпына келтіруге ұмтылды және ол «Жеті жарғы» заңында толық көрініс тапты. Бұл заңда сырттай қарағанда, қоғамдық қатынастарды реттеу жолдары да, некелік қатынас та өзгерген жоқ. Өзгерген тек діни идеология мен сол діни идеологияны жүргізуші қожалар әулеті болды. Басқаша айтқанда, йасауийа тариқаты мемлекеттік дін ретіндегі ролінен ажырап, орнын нақшбандийа тариқаты өкілдеріне босатуға мәжбүр болды. Бұрынғы билер институтының иесі болған қожалар рухани биліктен шеттетіліп, қазақ халқының құрылымдық жүйесінен шығарылып тасталды. Бұрын құқы хан әулетімен тең болған, халықтың рухани жетекшісі, қазақ халқының рухани, мәдени тұтастығын қалыптастырған, мемлекеттегі заң билігі мен ханды сайлап қою құқын қолында ұстаған билер жай халықтың қатарына қосылды. Бұрын әдет жолы да, дін жолы да йасауийа тариқаты өкілдерінің қолында болған болса, енді дін нақшбандийа тариқатының өкілдерінің қолына беріліп, әдет жолы әр рудың, тайпаның өз ішінен шыққан, әдет жолын жетік меңгерген тұлғаларға берілді. Алайда, нақшбандийа тариқаты өкілдері йасауийа тариқаты өкілдері сияқты халықпен бірге көшіп-қонып жүрген жоқ. Тек жылына бір рет келіп, зекет жинаумен шектелді. Бұл қазақтың дәстүрлі мәдениетінің бұзылмай сақталуына ықпалын тигізді. Нақшбандийа тариқаты өкілдерінің қатарына түркілік мәдениеттен бас тартып, парсылық мәдениетті қабылдаған бұрынғы йасауийа тариқатының өкілдері де қосылды. Ол қожа әулеттері «азизан» қожалар немесе қысқартып «әзлер», «әздер» деп те атайды. Олардың қатарына қазіргі күні Түркістан, Сайрам сияқты қалалардағы өзбектенген, бірақ өз шежірелерін Қожа Ахмет Йасауимен байланыстыратын қожаларды жатқызуға болады. Бұлар өз қолдарындағы уақфтық мүліктерді сақтап қалу үшін сондай жолға барғанын байқауға болады. Ал өз жолынан бас тартпай, Иасауи жолына адал болған қожа әулеттері қазақ халқы құрамынан мүлде шығарылып тасталды немесе өздері кезінде пір болған рулардың құрамына сіңіп кетті. Қазіргі күні қазақ шежірелерін талдап көрсеңіз, олардың арасынан бұрын йасауийа тариқатының өкілдері болған қожалардың бар екендігіне көз жеткізуге болады. Бұл «Жеті жарғы» заңының қазақ қоғамына енгізген басты жаңалығы осы болатын. Ал әдет, ғұрып, салт-дәстүрдің «Жеті жарғыдан» да бұрын солай болғанын А.И. Левшин былай баяндайды: «Сей золотой век, о котором вспоминают они со вздохами, есть царствование знаменитого хана Тявки.
Киргизы Большой и Средней Орды утверждают, что народные законы их гораздо древнее хана Тявки ...»[44, с. 367]. Демек, Тәуке хан қазақ қоғамына оншалықты өзгеріс әкелмегенін көреміз. Тек, билер институтының құрамы ауыстырылды. Бұрынғы кезде өз шежірелерін Әзірет Әлінің Хаула атты әйелінен туған ұлы Мұхаммед ибн ал-Ханафийамен байланыстыратын (қожалар) Йасауийа тариқаты өкілдерінен құралған Билер Кеңесі – енді, қазақ ру, тайпаларының өз арасынан шыққан білімдар кісілерден құралды. Басқаша айтқанда, рухани биліктің киелігіне (сакральность духовной власти) ауыр соққы берілді. Бұрын халық ерекше рухани, киелі күшке ие, Жаратушының еркімен халыққа басшылыққа келген әулиелер ұрпақтарының соңына ерген болса, енді өздері сияқты жәй кісілерден сайланған биге мойынұсынуға мәжбүр болды. Бұрын ру, тайпаларға рухани жетекші-би болатын кісілер, осы қожа әулеттерінің өкілдері бір белгілі орталықтарда тәрбиеленіп, халық арасына ілімі жетілген кезде жіберілетін. Содан кейін ғана олар халық арасына барып билік жүргізетін. Барған жерінде ол бидің туған-туысы, ағайын жекжаты жоқ болатын. Бұл биге әр кезде кез-келген дауды шешуде тек әділін айттыратын. Осыған байланысты қазақ арасында сақталған «Қожада бауыр жоқ» деген аталы сөз бар. Бұл бір жағынан әділдік принциптерінің бұзылмауының кепілі болса, екінші жағынан еншісі бөлінбеген қазақтың рухани, мәдени тұтастығы мызғымастығының кепілі болды; үшіншіден, мемлекеттік сананы халық санасынан өшірмеудің кепілі болды. Әр ру, тайпаның «қазақ» деген бүтіннің бөлшегі екендігін олар рухани бірлік арқылы халыққа сезіндіре білді. Сол себепті, некелік қатынастағы жеті ата жолы қатаң бақылауға алынды. Бұл жолды бұзған жеке адамдар өлім жазасына кесілсе, руымен, тайпасымен бұзғандарды жүздің құрамынан шығартып «сарт» атандырды.
Ал, өздері сол ру, тайпаның мүшесі болып табылатын биден биге қойылатын адалдық пен тазалықты талап ету қиын. Өйткені, ол әрбір ру биінің, тайпа биінің туысы бар, бауыры бар. Әрбір би «өзімнің шыққан тауым биік болсын» деген принциппен де өз пайдасына бұрады. Оның үстіне «Қанына тартпағанның қары сынсын» деген принцип және бар. Осылардың бәрі қазақ қоғамының рухани тұтастығына үлкен нұсқан келтірді.
«Жеті жарғының» тағы бір жаңалығы әр жүздің басына хан сайлануы еді. «Жеті жарғыдан» бұрын әр ру, әр тайпа, әр жүздің басында тек биі болатын болса, енді әр жүздің басына бимен қоса хан сайланды. Бұл бір жағынан Шыңғыс ұрпақтарының саясаттағы ролін күшейткенімен, екініші жағынан елдің ішкі тұтастығына зиянын тигізді. Бұрын Шыңғыс хан ұрпағының қайсысының таққа отыратынын билер шешетін болса, ендігі кезекте бұл қарадан шыққан билер қолына берілді. Ең бастысы «Жеті жарғыда» рулық, тайпалық жүйелер мен жүздік құрылымдарды бірте-бірте ыдырату тетіктері қарастырылып, болашақта хан билігінің абсолюттік билікке жету жоспары жасалынғанмен, ол абсолюттік билікті қамтамасыз ететін құрылымдар мәселесі қарастырылмады. Оны Тәуке ханның өзінде де, одан кейінгі хандардың ешқайсында, көне түркілік мемлекеттікті басқару жүйесі ыдыраған кезде орнын басатын хан мен оның уәзірлерінен тұратын бюрократиялық аппарат пен ханның жалдамалы әскері де, сот жүйесі мен ішкі қауіпсіздікті қорғайтын құрылымдық жүйелері қалыптастырылмады. Басқаша айтқанда, «Жеті жарғы» заңының мемлекеттің көне түркілік жүйесін ыдыратуға ықпалы болғанымен, жаңа жүйені қалыптастыруда ешқандай ықпалы болған жоқ. Қысқаша айтқанда, «Жеті жарғы» қабылданғаннан кейінгі қазақ қоғамы бұрынғы басқару тетігі, рухани, мәдени тұтастығы бар халықтан, әртүрлі сопылық тариқаттар соңына еріп, рухани, мәдени тұтастығы бұзыла бастаған, әр ру, тайпа билерінің соңына ерген тобырға айналды. Бұл айтылған сөздер жалаң болмас үшін нақты мысалдарға көшейік. Мысалы, XVIII ғасырдың екінші жартысында Ұлы жүзде Төле би өлген соң Ташкент маңындағы қазақ ру, тайпалары билікке таласып, келісімге келе алмай, билікті Шайхантаур ұрпағы Жүніс қожаға тапсырғаны тарихтан белгілі.
Тәуке ханның «Жеті жарғысы» Есім хан кезінде ру, тайпалар ішіндегі басталған қайта топтасулар заңдастырылып, шежіре қайта бекітілді. Бұрынғы шежірелер қазақты Нұх пайғамбардан, Өзбек ханнан, Алаша ханнан, Әбілхайыр ханнан таратқан болса, «Жеті жарғы» қабылданғаннан кейін түзілген шежіре қазақты 92 баулы сарттан таратады. Сарт деп қазақтың кімді атағанын ескерер болсақ, онда Тәуке ханның «Жеті жарғысынан» кейін жалпы қазақ ру, тайпалары толығымен нақшбандийа тариқатын қабылдағанын білдіреді.
Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін-ақ Қазақ хандығының көбесі сөгіле бастады. Оның тағына отырған Қайып хан 1718 жылы ішкі қақтығыстар кезінде қаза табады. 1723 жылы Жоңғар шапқыншылығы басталғанда Түркістан тағына Полат отырғанымен Қазақ хандығын біртұтас мемлекет деп айту қиын болатын. Йасауи жолының қазақ арасынан шығарылуы, Шыңғыс хан ұрпақтарының бәріне таққа отыруға деген үмітін оятты. Бұрын билерден аса алмаған төрелер арасында өзара тақ үшін күрес басталды. Төрелердің ішкі араздығы, Йасауи жолының өкілдері қолындағы рухани биліктің киелілігімен бірге хан билігінің де киелілігі туралы ұғымның қазақ санасынан шайылуы Шыңғыс ұрпақтарының таққа отыруына қарсы топтардың шығуына ықпал етті. Мысалы, оған Қожаберген жыраудың «Елім-ай» жырындағы мына жолдар дәлел бола алады:
Өткен жыл Әйтеке би дүниеден өтті,
Келгенде елу алты жасқа ажал жетті;
«Бағыну бір көсемге дұрыс қой!»-деп
Боларын осы апаттың болжап кетті;
Төреден Әйтеке би безін деді,
Қазақты батыр, көсем басқармаса,
Быт-шыт қылар жау қалмақ, сезін деді;
Хан-сұлтан, төре күні өткен деді,
Олардан ақыл-айла кеткен деді;
Қазағым, өзіңді-өзің тұтас ел қыл,
Басқарар енді уақыт жеткен деді[45, 103-б].
Бұл жолдар хан билігінің киелілігі туралы ұғымның өз мәнін жоғалтқанын аңғартады және ол нақшбандийа тариқатын өзгелерге қарағанда Бұхара, Самарқандпен шектес Кіші жүз руларында түркілік мемлекеттік жүйе туралы ұғымның толығымен мәнін жоғалтқанын көрсетеді. Бұдан кейінгі кезеңде Абылай хан таққа отырғанша, қазақтың басы бірігіп, біртұтас ел ретінде іс-қимыл көрсете алмағаны тарихтан белгілі. Абылай хан таққа отырғаннан кейін ғана қазақ өзінің біртұтас халық екендігін, Түркістанның қазақ даласының рухани орталығы екендігін қайта сезіне бастады. Абылай ханның бұл еңбегін М. Мағауин былай суреттейді: « ... Ел билеу ісінде Қазақ хандығының ежелгі заң жарғыларын қалпына келтірген Абылай әскери істе де өткенді қайта тірілтеді» [46, 108-б.]. Шындығында, Абылай хан өз шамасы жеткенінше қазақ қоғамын қайта қалпына келтіруге барын салды. Йасауи жолын мемлекеттік идеология дәрежесіне қайта көтерді. Алайда, рухани билікті толығымен қайта келтіріп үлгермеді. Билер кеңесін бұрынғы дәрежесіне көтере алмады. Тек кейбір ру, тайпаларда қожа әулеттері пір болып, рухани, діни мәселелерді қолына ала алды. Оған мысал ретінде Кіші жүзге пір болған Түркістандық Мұхаммед қожаны, барлық қазақ жұртына пір болған Абд ал-Жалил қожа мен Уақ тайпасының пірі болған Сарғалдақ қожаны, т.б. жеке ру, тайпаларға пір болып, билік жүргізген қожаларды айтуға болады[47, с. 32.]. Бұл жалпы қазақ жұртына түгел жайылмады. Оның үстіне қолында шоғырланған биліктен ажырағысы келмеген ру, тайпа билері әрқайсысы өз білгенінше әрекет етті. Бұл әрекеттердің соңы Абылай ханның мезгілсіз қайтыс болуына, Қазақ хандығының күйреуіне ықпал еткен басты себеп болды. «Абылай аспас Сары бел» атанған оқиға Қазақ мемлекеттігінің күйреуінің басы болды. Қазақ қоғамында киелі саналған хандық биліктің қадірі кетті. Қазбек бидің ұлы Бекболаттың үш мың адаммен Абылай ордасының үстіне баса көктеп келуі, халық жадынан мемлекеттік сана деген қасиетті ұғымның кетуінің айғағы десе болады[48, 50-53-бб.]. Осыған дейін қазақ тарихында хан ордасына басып келу болған емес. Хан халқына жақпаса, ханды ордасымен қалдырып, өзге жаққа барып, Шыңғыстың басқа ұрпағын шақырып, хан сайлап, мемлекеттігін ары қарай жалғастыра беретін. Мысалы, Асан Қайғының Алтын Орданың ханы әз-Жәнібекті тастап, Алаш мемлекетін құруы, немесе Жұмадық хан мен оның беклербегі болған Ғазы бидің озбырлығына шыдамаған халықтың Жұмадықтан бөлініп, жас Әбілхайырды хан сайлауы, Әбілхайыр антты бұзып өзге діни ағымды қабылдап, Уаққас биді, ал Қара қыпшақ Қобланды Дайыр-қожа-Ақжол биді өлтіргенде Әбілхайырды тастап, Керей мен Жәнібекті әкеліп, хан сайлауы, Қазақ хандығын тарих сахнасына шығаруы бұл халықта рухани бірлік пен Билер институтының аса қуатты мемлекеттік құрылым болғандығын көрсетеді. Қазір тарихта жазып жүргендей Қазақ хандығын Жәнібек пен Керей құрған жоқ. Шыңғыс әулетінен кімнің таққа отыратынын Едігенің «Жасасы» мен «Төресінен» соң хан болатын тұлғаны таңдау да, сайлау да толығымен билердің қолына өткен болатын. Оны Мұхаммед Шайбани мысалында көруге болады. 1472 жылы Едгенің немересі Мұса мырза Мұхаммед Шайбаниді шақыртып, оны хан көтеруге әрекет етеді. Алайда, Мұхаммед Шайбанидің пиғылын білген билер Мұсаға: «Көне дәуірден бері маңғыт билеріне мемлекетте еркіндік беретін. Егерде Мұхаммед Шайбани осы көне дәстүрмен келісер болса, онда жақсы. Біз оны хан сайлаймыз. Болмаса жолы ашық»[14, с. 104.]. – дейді. Мұса билердің сөзін мақұл көріп, Мұхаммед Шайбаниді хан көтеруден бас тартады. Ал, Абылай хан билігінің соңғы кезеңінде мұндай билер институты толығымен ыдырап біткен еді. Мұны белгілі этнограф Ж. Артықбаев былайша тұжырымдайды: «Абылай мен Бекболаттың келіспеушілігінің тамыры әріде. Үш жүздің баласына талабы жетіп тұрған хан өз билігінің қалтықсыз қабылдануын Орда билерінен талап етуі заңды. Бірақ заманның өзгергені аян. Баяғыдай жаугершілік, ірегден төнген жау жоқ, ел мимырт тіршілік кешіп жатыр. Оның үстіне Кіші жүз бен Ұлы жүз ішінде Орда биі атағы келмеске кеткен уақыт, хан билігі де татымсыз. Береке бірлікті ұстап тұрған тек Орта жүз – не өзінің билігін, не Орда билігін жоғалтпай»[49, 227-б.]. Алайда мемлекетке тірек болады деген Бекболаттың өзі Абылай хан ордасының үстіне әскер әкелсе, билер институтының қай деңгейде болғанын көрсетеді.
Абылай арқадан кетіп, Түркістанға келіп, одан Самарқантқа баруы, қайтарында Ташкентте қалып, азғана кісімен Түркістанға қайтар жолында Сайрамның әкімінің бес мың кісімен қарсы шығуы, сол кезде сол маңда отырған қазақтардың Абылайға қол ұшын беруге жарамауының астарында бір ғана себеп бар еді. Ол – қазақ халқының ар-иманының тірегі, рухани тұтастығының кепілі, батысы мен шығысы, оңтүстігі мен солтүстігі ұшса құс қанаты талатын сайын даланы мекен еткен қазақ деген халықтың рухани өзегі болған Йасауи жолынан бас тартып, әр түрлі сопылық тариқаттардың соңынан еруі болатын. Ата-баба жолынан бас тарту – «Жеті жарғыға» дейін киелі саналып келген рухани билік пен саяси билік өкілдерінің киесінен айырлуына әкелді, Пайғамбар ұрпағы, Шыңғыс хан ұрпағы деп ғасырлар бойы басына көтерген тұлғалардың халық алдындағы абыройын кетірді. Бұрындары «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген ержүрек халық Абылайдай арысын қорғап қала алмады. Өйткені, оның қадірін білмеді. Қорғамақ түгіл ордасының үстіне ат ойнатты. Қазақ хандығында Абылай кеткен соң қолына мемлекеттік билікті ұстап тұра алатын ешқандай саяси күш болған жоқ. Бұрынғы ынтымағы берік рулық, тайпалық жүйелер мен жүздік құрылымдар болғанда Қазақ хандығы күйрер ме еді? Сан ғасыр мемлекеттің тірегі болған билер институты немесе мемлекетті басқарудың түркілік жүйесі «Жеті жарғының» ықпалымен ыдыратылды. Нәтижесінде хан өлген соң мемлекет иесіз қалды. Абылайдың орнына отырған оның ұлдары орыс отаршылдарының қолындағы қуыршаққа айналғанына да тарих куә. Егерде соңында тіреп тұрған халқы болса, олар сондай күн кешер ме еді? Бұл қазақтың қасіретті тарихы. Қазақ мемлекеттігінің осылай күйреуіне Тәуке хан қабылдаған «Жеті жарғы» заңының шешуші ролі болды. Одан кейінгі кезеңде де қазақ даласында рухани тіке-тірес осы йасауийа мен нақшбандийа тариқаттары арасында жүргенін көруге болады. Мысалы, Дулат, Шортанбай, Майлықожа, Қашаған, Шәді төре сияты ақын-жыраулар шығармалары бұған толық дәлел болады. Мысалы, Майлықожа ақынның мына өлеңі соның айқын дәлелі:
Болыс, бидің қыдыры ұры боп жүр,
Қолдайтын Бәһәуәддин пірі боп жүр.
Зекеті жоқ байлардың жиған малын,
Жең ұшында парамен құрыр боп жүр[50, 514-б.].
Өкінішке орай, біз бұл қасіретті тарихтан сабақ ала алмадық. Бүгін еліміз тәуелсіздік алып, егемен ел болғанда сырттан сандаған ағымды әкеліп сайрандатып отырмыз. Ертеңгі күні бұл қазақтың шілдің тезегіндей бытырап кететінімен ешкімнің жұмысы жоқ. Қауіп, әсіресе, ислам атын жамылып келіп жатқан уахаббилер, салафилер, таблиғтар, ахмадийа, ағымдары тарапынан туындап отырғаны жасырын емес. Тарихтың, тарих ғылымының басты қызметі бұрынғы өткен ата-бабалар тарихының жеңісін үлгі етіп, жеңілісінен сабақ алдыру болса керек. Бізде осындай болған деп құр жалаулатқанмен ешнәрсе ұтпаймыз. «Жеті жарғының» қазақ тарихындағы ролінің жағымсыз жақтарын айтудағы мақсат – қазақты тұқырту емес, керісінше, сол қателікті енді қайтып қайталамасақ деген игі мақсат болатын. Ал, оған біздің ақыл-парасатымыз жете ме? Ол басқа әңгіме.
Қорыта айтқанда, қазақ шежіре нұсқаларының пайда болу кезеңдері қазақ халқы тарихындағы ірі саяси өзгерістермен байланыста туатынына көз жеткіздікжәне ол кезеңдердің бір-бірінен қандай айырмашықлықтары барлығына тоқталдық. Бұл айымашылықтардың барлығы түрік қоғамындағы діни-рухани үдерістермен тығыз байланыста жүргеніне көз жеткіздік. Түріктерде өрлеу де, әртүрлі этникалық жіктелулерге түсіп, өшуінің түпкі себебі сайын даланы мекендеген қаһарман халықтың өзінің діни, рухани тұтастығын сақтай алмауымен байланысты болғандығына талдау жасадық. Бұл оқиғалардың ешқайсысы шетжерлік тарихшылардың жазбаларына түспесе де, қазақ халқы өзінің шежірелерінде бұл оқиғалардың бірде бірін назардан тыс қалдырмапты. Біздің бүгінгі замандасымыздың сол шежірелерде баяндалған тарихты түсіне алмауы қазақ халқының тәуелсіз тарихи жадының әлі күнге қалыптаспауына ықпал етіп отыр. Басқаша айтқанда, қазақ халқы осы күнге дейін өзінің кім екенін тани алмай келеді. Оны қазіргі қоғамдағы ру, тайпа, жүз деген өз дәуірінде біздің мемлекеттігіміздің тірегі болған құрылымдық жүйелерге көзқарасымыздан-ақ көруге болады. Оны біреулер өзінің саяси, материалдық мүддесін қорғайтын құралға айналдырса, екінші бірі – ру, тайпалар мен жүздер қазақты жіктегеннен басқа ролі жоқ. Сол себепті, одан арылу керек деген пікірді алға тартып жүр. Ал, шындығына келгенде бұл құрылымдар қазақ мемлекеттігінің тірегі болатын. Ру, тайпалар мен жүздік құрылымдар өзінің қазақ қоғамында атқаратын ролінен айрылған күні мемлекеттігінен де айрылды. Ол оқиғалардың барлығы қазақ шежірелерінен көрініс тапты. Біз оны шамамыз жеткенінше сол шежірелердегі деректерді ашып көрсетуге күш салдық. Алайда бұл бағыттағы жұмыс осымен қортындыланды дегенді білдірмейді. Әлі біз білмейтін қазақ шежіресінің құпиясы барлығына дау жоқ.
«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 2(06)