Азат рухтың алдаспандары

2419
Adyrna.kz Telegram

 

Жақында Алматы қаласындағы Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасында Ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығына орай, «Азат рухтың алдаспандары» атты алқасөз өтті. Алматы қалалық Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі» қоғамдық қоры» ұйымдастырған шараны белгілі өнертанушы, әнші Ерлан Төлеутай жүргізіп отырды. 

Ерлан мырзаның деректерді нақты алға тартып отырып келтір­геніндей, 1916 жылдың қасіретті оқи­ғасынан еліміздің ән өнерінде жалғыз ғана шығарма қалған. Бекболат Тілеуханның орындауында халыққа жеткен «Самалтау» әні ұзақ жылдар тек нота күйінде жатқан көрінеді. Жиында оны әнші Еркін Нұрханов орындап берді. Е.Төлеутайдың айтуынша, бұл әннің авторы, жет­кізушісі, орындаушысы кім екенін, белгісіз. Дегенмен қазақ баласының әскери жұмыстарға шақырылуының бір мұңды естелігі – осы ән ғана. Мұн­да ел аумағынан тұңғыш рет алыс­тап бара жатқан жас жігіттің алаңы, наласы, сағынышы бар. Өкі­нішке қарай, ән авторының тағдыры да жұмбақ. Өнертанушылар бұл әннің өнер туындысы ретінде шоқтығы биік екенін ерекше атап отыр. Иірімдері бөлек, сазы сырлы бір тамаша ән.  Оқиғалардың жылдамдап, қо­ғамдық құрылыстың тез өзгеруі салдарынан қазақтың ән тарихында осы қасіретті жылдан басқа мұра қалмаған сияқты. Ал Дина Нұрпейі­сованың және Сейтектің аттас «Он алтыншы жыл» күйлерін жас өнерпаз Азамат Шынаров тамаша орындап берді. Күй өнерінде осы екі туынды таптырмас жәдігер болып тұр.  Алдағы уақытта ел ішінен бұрын белгісіз болып келген әндер мен күйлер табылып жатса, еш артық болмайды. Мысалы, осы жиында Жоламан Құжиманов орындап берген Үкілі Ыбырайдың «Елді сағынғанда» әні де тағдырлылығына қарамастан, қазақ арасында ұмытыла бастаған. Мұнда қуғын көрген арыстардың мұң-зары бар. Ал Ерлан Төлеутай Мәди Бәпиұлының «Мәдидің мұңы» әнін ел ішінен қалай жолықтырғанын әншінің өмір тарихымен байланыс­тыра отырып айтып берді. Тайжанның «Жігіттер» әні де бұл күні қазақ қауы­мымен қайта қауышқандай болды. Бұл әнді Жасұлан Сақаев орындады. Байқағанымыздай, ел тарихында қасіретті орны бар 1916 жыл көтерілісі туралы дастандар жеткілікті. Олар мейлінше зерттеліп, әдебиет тарихынан орнын алған. Бірақ әндер мен күйлер саусақпен санарлық қана. Сондықтан бардың қадіріне жетпей болмайды. «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің бастамасымен өткен жиын қатысушыларға үлкен ой салды. Бірлестіктің жетекшісі Арман Әубәкір алдағы уақытта осындай тың тақырыптарда жиындар жоспарланып жатқанын еске салды. 


Есей ЖЕҢІСҰЛЫ, "Айқын".

 

Пікірлер