Биыл – 1916 жыл ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығы. Бұл көтерілістің қазақ тарихында алатын орны ерекше.
Себебі, бұл толқу ең алдымен патшалық Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы баскөтеру болды. Қазақтың батыр ұлдары қанын төгіп, азаттық үшін күресті. Бұл көтерілістен қазақ не ұтты? Қара жұмысқа алынған қазақтардың тағдыры қалай өрбіді? Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақтар кімдер? Осы сұрақтар төңірегінде жуырда ғана «Торғай көтерілісі» тарихи құжаттар мен мақалалар жинағын дүниеге әкелген белгілі тарихшы Берік Әбдіғалиұлымен сұхбаттасқан едік.
– 1916 жыл дегенде біз тек көтерілісті ғана айтамыз. Рас, бұл көтерілістің тұтануына 1916 жылдың 25 маусымындағы Патша жарлығы себеп болды. Жарлықтың шығысымен, қазақ қоғамында үлкен талас басталды. Қара халық «қара жұмысқа бармаймыз, өлсек өз жерімізде өлеміз» деп, өздерінің талаптарын қойды. Патшаның уәде бергенін алға тартып, сенімсіздік білдіріп, неміс пен орыстың ортасында бекер оққа ұшатынын айтты. Халықтың намысы, қайсарлығы оянды. Сол кезде қазақтың зиялылары, болашақ алашордашылар елді майданға баруға үгіттеді. Зиялы қауым өкілдері «тылға барыңдар, көріңдер, үйреніңдер» деді, жазалаушы отрядтар келсе, ел текке қырылатынын ескертті. Тыл жұмысы деген соғыс емес, қазіргіше айтқанда құрылыс батальондары болатын. Тылға алынған қазақтардың 20 пайызға жуығы ғана майдан жанында жұмыс істеді, қалғандары әскери тапсырыс алған зауыт-фабрикаларда болды. 1915 жылдың аяғына қарай орыстар майданда жеңіліске ұшырап, әлсірей бастады, cөйтіп, солдатқа адам жетпей, өндірістегі жұмысшыларды да соғысқа салды. Ал сол өндірісті жүргізетін адам қалмағасын, зауыт, фабрикалардағы босаған орынды толтыру үшін өзге ұлттардан жұмысшы ала бастады. Осылайша, қазақ, өзбек, түркімен, бурят секілді ұлттарды сол қара жұмысқа шақырды. «Қазақ» газетінің жанында біріккен зиялы алаш арыстары майданға баратын қазақтардың мүддесін қорғап, басқа да басылымдар арқылы тылға барған қазақтар туралы жиі жариялап тұрды. Әлихан Бөкейхан бастауымен бірқатар қазақ зиялылары тек сөзбен емес, нақты іспен майданда қазақ жастарына қызмет жасады. Міржақып Дулатұлының өзі де майданға еріп барып, аудармашы болды. Жалпы, қара жұмысқа барған қазақтар Еуропалық дамудан артта қалғанымызды сезініп, үлкен ой түйіп, ұлтты оятатындай бір серпіліс алғанын айта кету керек. Ол туралы әсіресе, Жүсіпбек Аймауытов «Қартқожа» романында көрсетеді. Ол тылдың жақсы жағын ашып көрсетіп, «тылға бару қажет, үйрену керек» деген ұстанымда болды. 1916 жыл қазақтың ұлттық сана-сезімнің қалыптасуына үлкен әсер етті. Әліби Жангелдин, Аманкелді Иманов, Сейітқали Меңдешов, Тоқаш Бокин, Тұрар Рысқұлов та алғашында сол 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліс арқылы белгілі болды, кейін большевик болып кетті. Олардың және алашордашылардың жолы екі бөлек болса да, арманы бір – елдің амандығы, қазақтың азаттығы. Оларды бір-біріне қарсы қоймауымыз керек. Бұлардың қайсарлығын, ерлігін мойындап, ары қарай дәріптеуіміз қажет. – Қара жұмысқа барған қазақтардың нақты саны белгілі ме? Қай кезде, қай жерде жұмыс жасағандары туралы деректер бар ма?
–19 бен 41 жас аралығындағы 300 мыңға жуық қазақ аламыз деген жоспар болған. Оның тек 100 мыңға жуығы ғана алынған. Өкінішке қарай, тылға нақты қанша адамның кеткені, олардың не істегені әлі де толық белгісіз. Себебі, бұл жағы бұрын зерттелмеді. Қазірдің өзінде көтерілістің көлеңкесінде қалып отыр. Біз осы төңіректегі ақпараттар жинау мақсатында Ресейдің бірнеше қаласына 2-3 экспедиция ұйымдастырдық. Минск төңірегіндегі Батыс майданында болған қазақтар туралы мәліметтер табылды. Олардың қай жерде қандай жұмыс атқарғаны туралы деректерге қол жеткіздік. Батыс майданында 13 мыңнан астам қазақ болған. Бұл деректі сол кезде осы майданның бөлім басқарушысы болған Әлихан Бөкейхан келтірген. Алайда соның 6 мыңының ғана тізімін таптық. Тізімде майдандағы қазақтардың қай уез, қай болыс, қай ауылдан алынғаны анық жазылған. Араларында «Белсенді еңбегі үшін» деген секілді марапат көргендері де бар. Біразы 1,5 рубль көлемінде айлық алып тұрған. Тылға барған қазақтар ағаш шебері, жер қазушы, шахташы, мал бағушы, егін егуші деген секілді жұмыстан бастап, вокзалдарда жүк тасушы болып та жұмыс істеген. Ішінде ауырып, дүниеден өткендері де болған. Бірақ қан майданның ортасында жүргені жайлы дерек жоқ.
– Өзіңіз айтып отырған 6 мың қазақтың дерегі бар ма? Олар қай жақта жұмыс істеді?
– Алдағы уақытта бұлардың тізімін жариялаймын. Себебі, туыстарының, ұрпақтарының естеліктерін жинауымыз керек. Қазірдің өзінде түрлі деректер шығып жатыр. Тылға барған қазақтардың көбі ақша жинап, елге байып келген. Елге келген соң, сол жақта үйренгендерін іске асырып, өз кәсіптерін жолға қойған. Мысалы, Жетісудың бір байы өзінің орнына кедейді жіберген екен. Сол кедей тылдан әбден байып келіпті. Оны көрген әлгі бай: «Бейсенбайды бекер жіберген екем, өзім баруым керек еді» деп өкініпті. Мұны маған арнайы фильм түсіріп жатқан бір телеарнадағы әріптестерім айтып берген болатын. Өз ақшаларына соғымға жылқы алып тұрған. Бір дружина бір күннің ішінде 15 жылқы сойып жеген деген дерек те бар. Батыс майданынан басқа Солтүстік, Оңтүстік Батыс майданында да қазақтар болды. Көпшілігі зауыт-фабрикаларда жұмыс істеді. Біразы Донбасс шахталарына, Ресейдің өндіріс орындарында болған. Архангельск жаққа кеткендері де бар. Олардың сол жақта суықтан қиналғаны жайлы жазбалар табылды. Майданға кеткендерге «мыңбасы, жүзбасы, онбасы» дегендей жүйе жасалды. Осындай мыңбасының бірі алаштың азаматы М.Төлебаев болды. Ол Жетісу жұртын майданға үгіттеген. Өз сөзін іспен дәлелдеу үшін, ол өз еркімен майданға аттанды. Ол жақта мыңбасы болып сайланды. Тыл қаһармандарының бірі ретінде сол Төлебаевты айтуға болады. Кейін М.Төлебаев Алаш әскерін құруға атсалысқан. Жалпы, бұл тақырыпқа Кеңес заманында тыйым салынып, мүлдем ашылмады. Сондықтан әлі де зерттей түсуіміз керек.
– Өзіңіз айтқандай, біздің қазақтар Бірінші дүниежүзілік соғысқа кеткен орыстардың орнына жұмысқа алынған. Ал осы соғысқа қатысқан қазақтар туралы не айтасыз?
– Қазақтардың Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысқаны жайлы көп жазылмайды. 2014 жылы бүкіл әлем сол соғыстың 100 жылдығын атап өтті. Әсіресе, Ресей тойлады. Оған себеп те бар. Кезінде коммунистік идеология ол соғысты империалистік соғыс деп жариялап, өз тарихынан өшіріп тастаған. Сол соғысқа қатысқан өз азаматтарын, олардың ерлігін, қайсарлығын жоққа шығарды. Бұл барлық сол кездегі «совет одағы» құрамындағы халықтарға тән болды. Бірінші дүниежүзілік соғыстың әлем тарихында алатын орны ерекше – ол алпауыт империялардың құлауына әкелді. Бұл соғысқа үндістер де, тіпті африкалықтарға дейін қатысқан. Олар соғысқанын мақтанышпен айтады. Ал біз әлі күнге бұл тақырыпты сырт айналып өтеміз. Мақтанып айтпасақ та, өз үлесімізді қостық. Патша жарлығы бойынша қара жұмысқа алынған қазақтар «еңбек армиясы» құрамында болған. Әрине, арасында әскери қазақтардың да болғаны белгілі.
– Қазақ офицерлерінен соғысқа кімдер қатысты?
– Бұл соғысқа қазақтың 5-6 офицері қатысқан. Олардың бәрі әскери училище бітірген. Біразының құжаттарын таптым. Алаш әскерін құрғандардың бірі Хамит Тоқтамысовтың бауыры Сұлтанмұрат Тоқтамысов қатысқан. Оның жеке іс-қағазын таптым. Ағайынды Тоқтамысовтардың екеуі де «поручик» атағында болып, майданда болған. Сұлтанмұрат 1916 жылы жаралы болғаны туралы ақпарат бар, кейінгі тағдыры белгісіз. Қаза болуы ықтимал. Алашорданың тағы белсендісі Медғатшы Абылайханов та соғысқа барған. Ол алашордашылардың құжаттарында «капитан Абылайханов» деп сақталған. Медғатшының әкесі Ешмұхамед Абылайханов Омбы генерал-губернаторының аудармашысы, кейін кеңесшісі болған. Зейнетке шыққан кезде, өзі әскери адам болмаса да, мундир киіп, полковник атағын алған. Кейін Ешмұхамед атаман Дутовтың жанында болған. Дутовтың өліміне байланыста іс-қағаздарында аты аталады. «Атаманның ақыры» атты фильмде оның образын Нұрмұхан Жантөрин сомдайды. Ғали Самұратбековтің де соғысқа қатысқаны туралы айтыла бермейді. Ол ІІ Алаш әскерін басқарған. Сондай-ақ Бірінші дүниежүзілік соғысқа Оралдан Молданияз Бекімов деген офицер қатысқан. Бастапқыда Ташкентте, кейін Қытай жақта қызмет істеген. Капитан Бекімов Анненков әскерінің бір бөлігінің штаб бастығы болған. Оралдан Сабыр Сарыхуджин және Нұғыман Сарбөпин деген офицерлер шыққан. Ол Батыс майданда мұсылман комитетінің төрағасы болған. Сарбөпин нарком Павел Дыбенкоға жазған хатында мұсылман корпусын құруды талап еткен. Кейін сол талабы орындалып, Қырым татарлары құрамымен мұсылман корпусы құрылған. Сарбөпин соғыстан елге қайтып келе жатқанда, қызылдардың қолынан қаза тапқан. Сәлімгерей Жантөриннің ұлы Жәңгір де осы соғысқа қатысты. Азамат соғысында ақтар жағында болған.
– Кейін бұл офицерлер Алаш әскерін құруға септігін тигізді. Алайда аты Алаш әскері болғанымен, атамандарға тікелей бағынышты болды. Алаш әскері атымен танымал қазақ полктарына тоқталсаңыз?
– Қостанайда 2 қазақ полкы болған. Олар Ақтар армиясының құрамына кірген. Семей мен Жетісуда 6 қазақ полкі Колчак армиясының құрамына өткен. Бұл полктардың бәрі ақтардан айлық алып, қару-жарақпен қамтылған. Алайда оларды «Алаш әскері» деп айтқызбады. «Конно-киргизские полки» деп қана атады. Бірақ өзара және деректерде «алаши» деп аталады. Батыстағы Алашорданың 2 мыңға жуық әскері болғаны айтылады. Бірақ соны дәлелдейтін құжат табылмады. Оралдағы Алаш әскері Ақтардың армиясының құрамына кірген жоқ. Жаһанша Досмұхамедов ақтардың ақшасын, қару-жарағын, нұсқаушыларын пайдаланды. Бірақ әскерін өзі басқарды. Ақтармен одақтас ретінде ғана байланыс орнатты. Осылайша батыстағы Алаш әскері бейтарап бағытты ұстауға тырысты. Сонымен қатар Атбасар, Петропавл, Көкшетауда да қазақ отрядтары болды. Әрқайсысында үш жүздей қазақ болды. Атбасардағы Алаш комитетінің басшысы Сейілбек Жанайдаров болған. Бұл отрядтар негізінен, өздерін қорғау мақсатында құрылды. Соғыс жұмыстарына көп қатыспады.
– Командирлері жан-жаққа қашып, большевиктерден ойсырай жеңілгенде, ақтар құрамындағы қазақтардың кейінгі тағдыры қандай болды?
– Ақтар ұтыла бастаған кезде, қазақтар қызылдар құрамына қосылды. Ораз Жандосов, Тұрар Рысқұлов, Мұхаметжан Тынышбаев секілді зиялылар қазақтарды оттан аман алып қалып, қызылдар жағына көшуіне себепкер болған. Ал қарсыласып тұтқынға түскен қазақтардан Верныйда қайтадан екі полк құрылған. Алайда бұған жергілікті орыстар қарсы болып: «Қазақтарды қаруландырып жатыр, олар бізді қырады ғой» деп шу шығарған. Соңында бұл екі полкті Шымкентке ауыстырған. Шымкентте үстіне өзбектердің тағы екі полкын қосып, бір бригадаға біріктерген. Кейін бұларды Украинадағы Махноға қарсы соғысқа жіберген. Осылайша бұл қазақтар екі жылдай Украинада соғысып, қайтып келген. Мәскеудің архивтерінен осы қазақтарға қатысты біраз дерек таптым. Қазақтарды «киргизи», «белопленные», ал өзбектерді «басмачи» деп жазған. Бұйырса, бәрінің тізімін шығарамын. Ақтардың құрамында болған қазақтардың тағы біразы Қытайға өтіп кетті. Кейін біразы елге оралып, қудаланды. Үшаралда Анненков құрған 3-Алаш полкінің командиры Белянин қазақтардан арнайы әскери топ құрып, бірге Қытайға өтіп кеткен. Бірақ біразға дейін қайта-қайта келіп, қызылдарды шауып отырған. Белянинді чекистер арнайы адам жіберіп өлтірген. Дутов та солай өлді.
– Дутов дегеннен шығады, атаманды күзеткен қазақ конвойлары (оққағарлары) туралы не айтасыз? Қазақтан оққағар ұстау оған неге керек болды?
– Атаман Дутовтың Қостанайда қазақтардан құралған екі полкы болған. Меніңше, Дутов конвойларын осылардың арасынан теріп алған секілді. Киімдерін кавказдықтардың киіміне ұқсатып, өзі жасады. Қазақ конвойларын үнемі жанына ертіп жүрген. Дутов өзі Қазалыда туған. Бала кезде қазақтармен бірге өскен. Сондықтан жанына қазақтарды ертіп жүруі бекер емес. Оның бір жақсы жері қазаққа тиіспеген. Атаман Анненков қазақтарды көп қинаған. Ал Дутов, деректерге қарасақ, қазақтың өзі түгіл, малына да тиіспеген, малды тек сатып алып отырған. Тіпті «Қазақтары қалай көтеру керек?» деп жазған бір еңбегі бар. Дутов генерал Корниловпен болған кездесуінен кейін оққағарларын мұсылмандардан жасақтауды ойластырғаны болу керек. Корниловтың төрт жеке конвойы болған, үшеуі түркімен, біреуі «киргиз» деген дерек бар. Корнилов орыстарға сенбеді, себебі, олар большевиктердің насихатына ықпалды болатын. Сондықтан ол оққағарларын мұсылмандардан таңдап алды. Одан бөлек Корниловтың жанында түркімендерден құралған арнайы полк еріп жүрген. Сол полктің құрамында жеке «киргизский взвод» болған, кімнен құралғаны әлі белгісіз. Іздеп жатырмыз. Дутовтың қазақ конвойлары жайлы сол кездегі басылымдарда жазылған. Генерал Морис Жаненнің күнделігінде де біраз бұған қатысты мәлімет бар. Омбыға барғанымда, француздар түсірген бір видео қолыма түсті. Сол жерде осы Дутовтың конвойлары көрсетіледі. Бұл видеоны бір жиында журналистерге көрсеткенмін.
– Өзіңіздің шығармашылық ізденісіңіз туралы айтсаңыз, қазір не жазып, не зерттеп жүрсіз?
– «Алаш әскері» деген кітабымды баспаға тапсырып жатырмын. Толық құжаттар мен зерттеу жұмыстарынан құралған. Одан бөлек 1916 жылғы қара жұмысқа қатысқан қазақтардың ашылмаған жақтары бойынша іздеу жұмыстарын жүргізудемін. Демеушілер тауып, экспедиция ұйымдастырып, тағы біраз зерттей түсуіміз керек. Қандай құжаттың қай архивте жатқанына дейін тауып қойдым. Тек бару керек, құжатты алу керек. Бәрі қаражатқа байланысты болып тұр. Демеуші табылса, Санкт-Петербург, Минск, Киев, Ташкент қалаларының архивтерін ақтарып қайту жоспарда бар.
Сұхбаттасқан Серікбол ХАСАН, "Айқын".