ОЛЖАС ӘБІЛ: Дулат Ағаділ торғайлық "дерзкий"' жігіттердің бірі еді...

2864
Adyrna.kz Telegram

Ол жақтың адамдары жалпы сондай руһты, қайсар, өжет болып келеді. Мен кейде тап осы шағын Торғайдан Ержан Тұрғымбай, Ермек Нарымбай және осы Дулаттай белгілі оппозиция өкілдерінің көптеп шыққандығына таңғалатынмын.

Меніңше, торғайлықтар озбырлыққа, әділетсіздікке төзбейтін, әділдік іздеп шырқырап тұратын сезімтал халық, табиғаттары сондай сияқты.
Баяғыда хан Кене хандық құрамын деп атқа қонғанда, осы Торғай өңірі оны ең алғаш қызу қолдап шыққан өңір бопты. Осы өңірден шыққан Шәкір батыр, Иман батыр (Амангелдінің атасы) Кене ханның белді батырларының бірі бопты.
Одан кейінгілері Амангелді мен Кейкі мерген. Оны да білесіздер.
Және бұларда, бір айта кетерлігі, екі торғайлықтың біреуі апайтөс палуан немесе әнші - күйші, өздері керемет өнерлі халық болады.
Я болмаса ақын - жазушы. Біздің әкеміз де сондай Торғайдың бір мақтанышы - халық ақыны Қонысбай Әбіл болады.
Ол кісілердің түбі Торғайдың Көкалат ауылынан, ол ауылдан тағы Төлен Әбдік, Қойшығара Салғариндей қазақтың зиялы жампоздары шыққан.
Ол өңірден мен танымайтын, ал өздері кәдімгідей мақтан тұтатын дарынды кісілер қаншама.
Оны кезінде үйдегі үлкендердің әңгімесінен байқап отыратынмын.
Торғайдың ар жағын айтсақ Алаштың зиялылары Ахмет пен Міржақыпқа кетеміз.

Дулат сондай ортадан шыққан ер еді. Ол нағыз Торғайдың қайтпас қайсар оғланы болатын, ал қазір күллі қазақтың батыры атанды. Заты - ақты ақ, қараны қара деп былш еткізіп бетіңе айтып қарап тұратын адамдар қатарынан еді.
Дулаттың ауылы Албарбөгет ауылы екен, ол сол Көкалат, Қызбел деген Торғайдың негізгі ауылдарының бірі, бір біріне жақын.
Осы Дулат түп тамырымен тіпті өзіме аға болып шығуы да мүмкін деп те шамалаймын.
Қалай десек те оның қазасы қоғамымызды дүр сілкіндірген ауыр қаза болды.
Оның салдары әлі де жалғасады, оған мен бек сенімдімін, оның арты мына жүйе үшін өте жаман болады деп те жобалап отырмын. Өте жаман.

Ал өр Дулат, ер Дулат ағамызды енді қайтара алмасымыз анық. Оның қамкөңіл үй - іші жанұясына, азаматтың артының қайырын берсін, есіл ердің жаны пейіштен болсын деп көңіл айтқым келеді. Иманды бол батыр, біздің әлсіздігімізді кешіре гөр.

 

Пікірлер