«Түнектен оралған есімдердің» төртінші кітабы

2834
Adyrna.kz Telegram

Алматыдағы «Рух БГ» баспасынан жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың өткен ғасырдың 30-шы жылдарында саясиқуғын-сүргінге ұшыраған тұлғалар жайында сыр шертетін «Түнектен оралған есімдер» атты төрт томдық жинағының төртінші кітабы жарық көрді (Қойшыбаев Б. Түнектен оралған есімдер: тұлға және тарих. 4-кітап. Қабырға. – Алматы: «Рух БГ» баспасы, 2016. – 248 бет + 4 жапсырма бет). Бұл томда  жазықсыз жазаланған он шақты мемлекет және әдебиет пен мәдениет қайраткерлері туралы сөз болады.

Төрт томдықтың осы соңғы кітабы Қазақ Республикасы үкіметінің басшысы Ораз Исаевтың өмірі мен қызметі жайында қайта құру жылдарында жарияланған материалмен ашылған. Мұнда оқырман Исаевты көрген, қайраткерлік қарымына тікелей куә болған, сондай-ақ қызметтестерінің де ол жөніндегі пікірлерін кезінде естіп-білген ардагердің жүрекжарды естелігімен бірге, оның бейнесін аша түсетін кейбір тарихи құжаттармен танысады. Кітапта Санжар Асфендияров, Жанайдар Садуақасов, Сұлтан Сегізбаев, Ғабұлхәкім Бөкейханов, Темірбек Жүргенов сынды мемлекет қайраткерлері, Мағжан Жұмабаев, Қошке Кемеңгеров, Дінше Әділов секілді әдебиет, мәдениет қайраткерлері, сондай-ақ республикамыздыашаршылықтан кейін басқаруға келген Левон Мирзоян хақында материалдар бар. Солармен танысқан оқырманаталған тұлғалардыңеліне сіңірген еңбегімен қатар ұлттық тарихымыздың кей көмескі беттерінен және саяси репрессияларастарынан біраз мағлұмат алады.

Автор газет-журналдарда отыз шақты жыл ішінде шыққан түрлі жарияланымдарынан топтастырылғантөрт томдығын аяқтай келе, «Сөз соңында» солардың негізінде  Алаш қозғалысы дастанын жасауды көздейтін үлкен жобасы барын айтады.

«Түнектен оралған есімдер» жинағы Алаш қозғалысының 100 жылдығына, Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығына, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығына, тәуелсіздіктің  25 жылдығына орай, бүткіл ұлт азаттығы жолына жанын берген  күрескерлер  рухына арнап шығарылып отыр. Оның Отан тарихымен әуестенетіндер, зерттеушілер, студенттер, оқушылар және, әрине, қалың көпшілік үшін пайдалы болары кәміл. Аталмыш жұмысқа қызығушылық танытып, кітапты сатып алғысы келетін  азаматтар  (8 727) 374-83-42, 8 701 746 33 01 телефондарына хабарласуына болады.

Суретте: Б. Қойшыбаевтың «Түнектен оралған есімдер» жинағының 4-кітабы


"АДЫРНА"

Пікірлер