Дулат Ағаділдей арысты ақындар жоқтады

4276
Adyrna.kz Telegram

Дулат Ағаділдей арысты ақындар жоқтады. Бір жұқа кітапқа сиятын қазанаманы ақын Дәурен Берікқажыұлы бастады, іле-шала Есей Жеңісұлы мен Әлібек Шегебайдың жүрек толқытар жырлары шықты. Айтыскер ақын Еркебұлан Қайназаровтың өлеңі WhatsAPP-ты шарлап кетті. Сопы Сматаев атамыз, Темірғали Көпбай, Алмас жырау Алматов өздерінің азаматтық принципін қара өлеңмен өрген екен. Фатима Жүнісова секілді ел ішінен талай таланттар жыр жазыпты. Ерғали Бақаш бауырымыз, белгілі қаламгер Мылтықбай Ерімбетов, қызылордалық ақын Серік Ыдырысов та үн қосты. Айгүл Жұмаділ, Алмас Ахметбекұлы, Қуаныш Мұқтай, Анар Төлеухан, Асxат Кәукер, Жолдас Сарманов секілді ақындар қазақ халқына көңіл айтты. Қостанайдағы белді ақын Ақылбек Шаяхметтің өлеңі мінезді шығыпты. Ринат Зайытов марқұмның атынан жыр жолдапты. Көзіміз шалмай, байқамай қалған авторлар болса комментке ескертіп жаза салыңыздар. Батырға жасалған ескерткіш осындай болса керек!

Dauren БЕРІКҚАЖЫҰЛЫ:
Сен өлесің ел үшін болып құрбан,
Селт етпейді бірі де көріп тұрған.
Күні бойы мемлекет өсек соқты
Тірі адамын отыз жыл өлік қылған!

Сен өлесің...өлмейді өтірік тек!
Кекіріп боп сөйлейді кекілік көп.
Жырқ-жырқ етіп желіде жұртым отыр
Осындайда жылайтын өкіріп кеп.

Сен өлесің қор болып қорқауларға,
Көр қазады арланға көрғау қарға!
Қаннен ғана қаперсіз қазақ осы -
Жан салмайтын алдына сор таңдауда.

Almas АЛМАТ:
Атаңа нәлет, сатқындық!
Айналып сені өте алмай,
Ер бойынан - ар өлді.

Халықтың жүгін көтерген,
Омыртқада жігі жоқ,
Намыс деген - нар өлді!

Софы СМАТАЕВ:
Өлді Азамат!
Өлді қазақ!
Өлді арыс!
Өр намыспен алмастырды шерді арыс.
Мәнгүрттікті ажалымен көмді арыс,
Жендеттерді өлімімен жеңді арыс.

Тамды Алаштың жанарынан қанды жас,
Кек боп, өрт боп ұлт жанынан тамды жас.
Тұра алмайды енді билік басында
Өзге ұлттан кірген өңкей қаңғыбас.

Арыс өлді ар, намысты оятып,
Кек, қайратты қанымен боятып.
Анау төрдің төбесінен түйрейді
Әр қазақтың кеудесінен жай атып.

Ер қазасы − жаңа өмірдің ақ таңы,
Еркін елдің басқа “нұрды” жаққаны.
Ел құлпырар езгісінен құтылып,
Құлдырайды құрдымынан тақтағы.

Eseı ЖЕҢІСҰЛЫ:
Дулат Ағаділ өліміне

Бәріңнің де шенділерге өкпең көп,
Даурықпаңдар!
Оны ешкім тепкен жоқ,
Топқа салып, тарпымады көп жендет.
Ғазірейіл төнген кезде көктен кеп...
...Ол өзінің ажалымен кеткен жоқ...

Ақпан күні тауысқанда жарығын,
Үшеу кіріп, есін алып бәрінің,
Алға салып Алашының нар ұлын,
Алып кетті... айтпай сөзің анығын,
Түспеді еңсе, қушимады жауырын.

"Белсендім-ай, шылбырыңды босқа үздің,
Жоғын жоқтап неғыласың бес қыздың?
Жүретіндей құрық көрмей, бос тізгін,
Тұсауыңды кімге сонша кескіздің?" -
деді ме, әлде демеді ме үш құзғын?..

Көрінбесін соққы берген "сый" беттен,
Жендеттерді басқа әдіске үйреткен:
Сорлы болсын құр сүлдерін сүйреткен,
Іштен ұрып, тебу керек бүйректен...
Осы тәсіл талай ерді "билеткен".

Ол ашынған, жаны ауырған ұл еді,
Айналасы құлдық ұрған құл еді...
Абақтыға барғаны сол күн еді...
Аяқ асты "ұстап қалды" жүрегі.
Бәрін Алла, бәрін Алла біледі...

Бұл пенденің тіршілікте ісі көп,
Диірменді айналдырар күші көп.
Таңданбайық, оқиға ғой "кішірек":
Біздің елдің батырлары - "кісінеп",
Өзін-өзі атады ғой үш рет.

Талай ерді тізерлеткен дала бұл,
Талай езді қоқырайтқан қала бұл.
Аңыраған алты бала, ана бұл...
Арғы жақта соған қорған бола жүр -
Қашан қоғам орнар екен ақ, әділ...
Бақұл болғын, Дулат бауыр Ағаділ...

Еркебұлан ҚАЙНАЗАР:

Ақырзаман таяғанда....
Қазақтың жауы қазақ болады,
Азаттығың азап болады.
Дауасыз дертің болады,
Формасыз ментің болады,
Ауладан аулағаны -
Шал менен кемпір болады.
Көлің құрғақ болады,
Өнім - қымбат,
Өлім - жұмбақ болады.
Көктегі "жұлдыздар" жерге түсіп,
Халыққа ойын ойнатады,
Жердегі үй аспанға ұшып,
Ұшақтың сорын қайнатады.
Сиырға жетпейтін пұлың болады,
Үшке бөлінген тілің,
Жетпіс үшке бөлінген дінің болады.
Қалалар "адам" болады,
"Даналар" надан болады.
Атқамінерлер Алладан қорықпаса,
Ақыры жаман болады!

Әлібек ШЕГЕБАЙ:
Құрбандық
(Дулат Ағаділ бауырыма)

Батыр өлді,
Анығында өлтірді..,
Жұрттың жанын ыза, кекке толтырды.
Шарасыздан жұдырық боп түйіліп,
Жең ішінде жасырулы қол тұрды.

Жігіт өлді,
Намысында елдіктің,
Туын байлап тұғырына ерліктің.
Еркектерше дәлелдеді деңгейін
Бұтындағы шалбар менен белдіктің.

Шындық өлді,
Шаранадай шыңғырып,
Қалың елді мазалауда мың күдік.
Шығып кетті жалғандыққа шыдамай,
Сатқындықтың терезесін сындырып.

Намыс өлді,
Ұлттың ұлы жолында,
Өзегі тар өз заңының қолында.
Сен еркінсің,
Есесіне, бейшара –
"Тоты құстар" таранады торында.

Мүмкін емес тұтанған от жанбауы,
Мүмкін емес ұйқының да қанбауы.
Қазақ үшін құрбандық қып шалуға
Бұл ғасырдың саған түсті таңдауы.

Ақиқатын айтар болсам шамалап,
Бәріне де уақыт қалды шамалы-ақ.
Аңыраған артыңдағы асықтай
Алты балаң Алты Алашқа аманат!

Темірғали КӨПБАЙ:
ҚОРҚАУ МЕН БУЙВОЛ
(қайта жазылған мысал)
Дулат Ағаділдің өліміне
Сарша тамыз. Сағым билеп Саваннаның төрінде,
Сүмбіледе су тамбайды субэкватор енінде.
Субтропик.
Бірер шумақ жазғым келді менің де,
Қорқау қасқыр гиена мен қара буйвол жөнінде.
Саваннада сансыз буйвол самарқаулау жайылған,
Алдаспандай ай мүйізін қылыш дерсің қайырған.
Қорқау иттер қатар өрді азуларын ақситып,
Тап-тап беріп, табындарды тыныштықтан айырған.
Қорқауларға азық керек ашқұрсақ боп жүрмеске,
Қанды ауыздың қылғытарын қара өгіздер білмес пе?
Буйвол біткен жыртқыш итке үрейлене қарайды,
Боздағымнан айырар деп бейқам жатқан бір кеште.
Қорқау иттер жемтігіне жетпей сірә оңар ма,
Көз жасына қарамайды, олжа керек оларға.
Сұм ажалдың аранына кетіп жатқан біртіндеп,
Бірлігі жоқ мүйізділер мұндай сорлы болар ма?..
Табиғаттың заңы шығар жыртқыш иттер ет жесе,
Өлетіндей өгіз еті өңешінен өтпесе.
Ең қиыны – буйвол біткен үрке қарап тұрады,
Ошарыла «тамашалап», қорқау ойын ептесе.
Қорқау қанға құнығады ұмытқандай құдайын,
Буйволдардан зәре кетер: «Қой, шеткері тұрайын...»
Өз туысын бір ажалдан арашалай алмаған,
Алдаспандай ай мүйіздің қасиетін ұрайын.
............................................................................
Жүрегімді мұң езеді, бастан қайғы өткендей,
Қорқау билік әдетінше ақырады өктемдей.
Жыртқыш жүйе жақсыларды жұтып жатыр біртіндеп,
Халық үнсіз... Бәрі бірдей буйвол болып кеткендей...

Қуаныш МҰҚТАЙ:
ҚАС БАТЫР – ДУЛАТ АҚӘДІЛ
Жылан боп атылғанда,
Ширатылған,
Ажалдан құтыла алмай –
Сұрапылдан,
Қазақтың қас батыры кете барды,
«Жүйені жеңемін – деп, қиратылған»
Биліктен көрсе-дағы көрмегенін,
Қоймады қыран болып өрлегенін.
Құрбаны зұлымдықтың Ақәділдің,
Өлсе де,
Көріп тұрмын –
Өлмегенін!
Қаймықпай абжыланнан ысылдаған,
Шындықты айтарында қысылмаған,
Дулаттай кім айқасар Нұрсұлтанмен,
Томпиып сұңқар – төсі қылшылдаған!
Беттерін көлегейлеп көкдерттері,
Биліктің келген еді жендеттері.
Түн қатып,
Жем іздеген қорқауларша,
Дулатты өлтіру боп,
Ес-дерттері...
Өшпейтін кегі кетіп жауызында,
Тағдыры бір тарының қауызында,
Жендеттің кете барды жетегінде,
Шырылдап,
Сұм ажалдың ауызында.
Күн батса,
Ертеңіне таң атады,
Алауы дүниені жаңартады.
Қош бол,
Қош!
Қазағының арыстаны,
Ерлігің ерліктерге апартады.
Күн туып,
Шашыратып шапағатын,
Әділет паш етеді салтанатын!
Жақындап келе жатыр жеңіс күні,
Қалалар есіміңмен аталатын!

Айгүл ЖҰМАДІЛ:
Заманды қайтем, адамды қайтем біртүрлі,
Жұлмалап жүрген жерімді, тілім, ғұрпымды?!
Тәуекел етіп түйілген жұдырығыңдай
Жұмылдыра алмай кеттің-ау, Дулат, жұртыңды...

Отыны күл боп, Отаны жатса зар жылап,
Біреулер үшін билігі - бақыт, қаржы - бақ.
Қаһарым қайда, қанымыз қатып қалған ба?
Батырлық қайда, қалған ба ол да қалжырап?

Рухы жасып, сағы да сынып, сыр қаңғып,
Отыз жетінің елесі елді жүр ме аңдып?
Омалып бір күн қалар ма екенбіз, ойпыр-ай,
Отыра берсек оғыз ұлдарды құрбан қып...

Almas АХМЕТБЕКҰЛЫ:
АҚ-ӘДІЛ
НҰР-СҰЛТАНДА
Бүгін болған бір өлім.
Шайлықтырды ОТАНЫМНЫҢ ЖҮРЕГІН.
Сен қаласаң иығымда, міне бас!
Мұңлық ОТАН,
Саған ғана құл едім.
Ол-Ақәділ.
Айтқаны да ақ, әділ.
Арпалыстың атауы ма жаңа бұл?!
Елемедік жан айғайды кеше біз.
Сені кеше танымадық "Жаман ұл"!
Сен-ақ айттың сол шындықты жай ғана.
Бәрі куә - көрші-көлем, айнала.
Сол үшін-ақ бас жарылып, қол сынып,
Сол үшін-ақ кісі өле ме қаймана?!
Шымбайына батқан сәтте шыншыл сын,
Шыңды балта қиып түскен қыршынсың.
Тоңы қалың топырағы Арқаның.
Топырағынан мен де салдым бір шымшым.
Ерлік, рух, бәрі бүгін өзіңсің!
Шыдай-шыдай шырт үзілген төзімсің.
Ақ тәніңе ауыр топырақ бастырдық,
Сен тыныштал!
Халқың тағы көз ілсін!
НҰР-СҰЛТАНДА.
Бүгін болған бір өлім
Шайлықтырды Отанымның жүрегін!

Фатима ЗАБУРАҚЫЗЫ:
ДУЛАТ АҒАДІЛ бауырымның рухына!

Намысты туған нар ұлдың,
Арманы қалды,өзі жоқ.
Жалтақтап жүрген көбінің
Санасы соқыр, көзі жоқ...
Еркіндіктің қақпасын,
Еркін ашқан батырым.
Рухын елдің оятып,
Арыстан болып атылдың.
Көк туыма оранған,
Қайран ері қазақтың,
Өтеуін кімнен сұраймыз,
Шындық үшін шырылдап,
Қыршын кеткен жаныңның,
Жазықсыз төгілген қаныңның..?
Рухы биік ер едің,
Жетекке сен жүрмедің.
Елді ойладың еңселі,
Арзан ойнап,күлмедің.
Көкбөрі болып ұлыдың,
Іздедің судың тұнығын.
Тартпадың өткір тіліңді,
Салғанда өлім құрығын.
Әділдік іздеп далаңнан,
Әділдік іздеп қалаңнан,
Ақиқат бір күн табам деп,
Жалғадың ақ жол бабаңнан.
Жаралы жолбарыс едің-ау,
Жарасын өзі жалаған...
Жылады елің,жоқтады,
Өлімге қимай өзіңді.
Іздеді көптің ішінен,
Қасқайып тұрған кезіңді.
Ерлердің білмей бағасын,
Тартқылап иттей жағасын
Темір торға қамаймыз,
Берем деп сұмдық жазасын.
Жарқылдап жүрген жас өмір,
Үзіліп кетті-ау бір күнде ,
Әкесіз қалған алтауы,
Жаутаңдар енді кімдерге?
Біреудің күнін өшірсең,
Күн болып қайта туады.
Біреудің үнін өшірсең,
Мыңның тілі шығады!
Ұмытпа ,жауыз, Құдайды,
Ақысын ердің сұрайды!!!

Ергали БАҚАШ:
– Не жаңалығың бар дейсің?
– Қаныма әбден тойдыңдар.
Іргесі тыныш ел едік,
Індетіп, іреп сойдыңдар...
– Ұялмай қалай сұрайсың?
– Жаңалығым жоқ, қайғым бар,
Шынымен сүйсең еліңді,
Шаттығыңды беріп, қайғымды ал...
Аузың көпіріп жасаған,
Құр баяндамаңнан жалықты ел.
«Әлем таныған қазаққа»,
Өзін танитын жарық бер...
Салт-дәстүрінен безінген,
Дүмшелеріңді дүреле.
Өзіңе сенім білдірген,
Халқыңның алдында жүреле!
Кінәсіз адам болмайды,
Пенде болған соң бір аты.
Ел басқарған адамның,
Елін ардақтау мұраты.
«Жаһан» деп, жар-жар айтқалы,
Жаһаннам болды жақыным.
Жат ағымдарға сондықтан,
Жетпейді, білем, ақылым.
Бұл жырға нүкте қойылмас,
Басымнан қайғы арылмай.
Көңілім көгіс тартады,
Жаттардың көрі қазылмай.

Серік ЫДЫРЫСОВ:
ҚАРАЛЫ КҮН!

Баққанымыз ғадауат пен насыр кіл,
Пенделердің кеудесінде ғасыл кір...
Дүние осы - асыр менен тасыр бір,
Заманбектің басын жұтқан ғасыр - бұл!
Әбішімді еңіреткен бұл ғасыр -
Жындылық бар, құндылықтан құр ғасыр!
Алыптарын жала айдаған сұм басыр -
Күй орына ода ойнаған құл ғасыр!
Шерханыма уақып болған заман - бұл,
Саңлақтардан сақып қалған заман - бұл...
Жау кеткенде боққа шауып қалам құр -
Тар заманға зар идірген заман - бұл!
Естілердің есін алған заман - бұл,
Сестілердің сесін алған заман - бұл!
Ақ-Әділдің жарып тынған жүрегін,
Жаба-жаба жалаларды жалаң кіл!
О, құдірет, кімдер кетті, кім қалды?..
Жер әлемнен адам кетті, пұл қалды!
Елге еге боп дүбірі жоқ "дүр" қалды,
Махамбетпен гүріл кетті, "гүр" қалды...
Жағатұғын заман болды теңізге от,
Ел дегенге өлім қалды егіз боп!
Дәл осылай ұлтарақ жер, ұлт қалар,
Ел ішенен есі бүтін ер іздеп...
Ақ-Әділ-ау, қалды елің сені іздеп!..

Анар ТӨЛЕУХАН:
Алай да дүлей ақ боран.
Табиғат ана тұлданды.
Кәріне мініп, бұрқанып,
Аспан мен жерді жалғады.
Жер Ана сонда солықтап,
Тоқтамай ұзақ жылады.
Жер ана сонда күңіреніп,
Жоқтауын айтып зарлады.
Басайын сені бауырыма,
Келдің бе, Дулат құлыным?
Бұғаусыз, еркін ойларың,
Сыйғызбай сені үстіме
Қойныңа ал десе қайтейін.
Сыйдырам сені төсіме,
Баурыма жұмсақ алайын.
Торқамды жайып төсек қып,
Мақпалмен жылы жабайын.
Артыңда қалған ел-жұртың,
Қыстыға жылап, күйініп,
Тас түйіндей түйіліп,
Өзіңді маған тапсырып,
Боздайды бірге қосылып.
Перзентім келді бұла ойлы,
Міржақып туған Торғайдан.
Дулат пен Дулат арасын
Арманды жылдар бөліпті.
Оян десе оянып,
Мақсатын ата жалғаған.
Құшаққа алдым құлынды.
Тоңады деп ойлама,
Баласын басқан бауырына
Жер Ана көкірек иіді.
Жер Ана көкірек иіді.

Асқат КӘУКЕР:

ДУЛАТ АҒЕДІЛГЕ

"Қарағайға қарсы біткен бұтағым",
Өңештіге тікен болған қылтаның?!
"Қара түнде қара киім кигендер",
Деп ойлайма бар Қазақты құртамын?!

Көтерем деп қара Қазақ мұратын,
Қара түнде үркіттің-ау! ұры атын!
Заманбектің қайталаған ерлігін,
Алтынбекпен бірге туған жұратым!!!

Кигізбеуге елге қайта құл атын,
Бұл Қазақта ер түгемес тұратын,
Тәркі қылып "тәуелсіздік" "нұр" атын.
Ажалыңа асықтың-ау! Құла түн!

Маңдайына "бақ" боп қонар ерлердің,
Тас қамалын тағдырыңмен сен жеңдің !
Өр руқың тапты Алаштан өз орнын,
Ал тәніңді жер анаңа жерлермін!

Мылтықбай ЕРІМБЕТОВ:
Аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлеген,
Аса тұлпар болса да, аспай жатыр кермеден.
Аштан өліп баратса, аузына су бермеген,
Адам болу мүмкін бе, ары лас пендемен.

Жылап сорлы таңдайы тақ етті де ол өлді,
Өлтіргендер ойланбай шырқатып жүр өлеңді.
Құлдан бетер сұраусыз, ұмытты құн дегенді,
Сүйегіме таңба боп сүмірейтті денемді.

Жүрегіме кек толды, жаман батты бұл тірлік,
Қабырғаны қаусатқан қаныпезерге ұмтылдық.
Шыбын-шіркей боп қалдық, заңды олар құлқын қып,
Ашып, көміп сүйекті, аңырадық, құр тындық.

Опырылды омыртқа, қабырға да қирады,
Астамсыған алғыштың ісі ойға сыймады.
Көлденеңнен сап еткен тентекті ешкім тыймады,
Құда кетті, іс бітті, шұлғау болып иманы!

Ақша алған, ар сатқан, жалғыз адам бұл ма екен,
Зар жылатып біреуді, балалары құл ма екен.
Жесір өсіп, жетім де жетілер, өтпес жыл ма екен,
Адам жұтқан албасты өлмеймін деп жүр ме екен?

Бетпе-бетте мойныңа салынбастан өтпейді,
Алла ісіңді, мұсылман, еш сұраусыз етпейді.
Қанды төккен адамның қазынасын шектейді,
Жақсылық та, жамандық қайтпай, сірә, кетпейді.

Жыламаңдар, ардақты баласы нақақ өлгендер,
Қанішерді таба алмай қарғап тұрып көмгендер –
Бір табақ ет, сарт ниет, жалған пұлға көнгендер,
Сұрауына Алланың түспейді деп сенбеңдер!

Аяғына жем түсіп жүйрік аттай желгендер,
Киік етін жепті ғой құмырсқа боп өргендер.
Оты өшіп, сал болып, қаннан ақша тергендер,
Тасбақа да бүркітке жетті дейді көргендер...

Мал алам деп қуанған малдан табар сорын да,
Алтын қасық ұстасаң бір қарап қой қорымға.
Анасына сүйекті сатқан қасап, оның да,
Пешенесі, ризығы бір Құдайдың қолында!

Мұрнын көкке шүйіріп әкім болып жүргендер,
Шаңырақ бұзып, байларға қатын болып жүргендер,
Арба тартқан, от жаққан байғұстарға күлмеңдер,
Бір-біріңді құтырған итше қауып, үрмеңдер!

Дүниенің тетігін сен емессің жаратқан,
Әкең сенің өлген жоқ ақша менен арақтан.
Шығып қалғың келмесе Адам деген санаттан,
Хабардар бол о дүние, сынақ алар сағаттан!

Ыржаң қағып, бос шулап, арамдықты құптадың,
Бес машина, он там мен тоқал шығар ұтқаның.
Шайнағаның белгілі, күмән боп жүр жұтқаның,
Памдатыңа жалғасып, жетер ме екен құптаның!?

Қой торыған қасқырдай елкезбе боп біттің бе?
Тәңірісі болса бөрінің, иесі боп иттің де!
Көкекте де ана бар, құдасы бар биттің де,
Сұрауы бар судың да, екі ұшы бар жіптің де!

Асқазанды қанша рет көрсетсең де жүрек қып,
Бай дегенің бір жұттық, батыр деген бір оқтық.
Құдайдан кейін біреуді жүрсең-дағы тірек қып,
Сен өлтірген аруақтар өзі барар тілек қып!

Екі аруақ, бір Құдай, басыңдағы Күн мен Ай,
Секілденген перзенттің ойнап-күліп жүргені-ай,
Сенің күнәң балаңа қарғыс болса – кімге жай,
Оранғаның не керек үлде менен бүлдеге-ай!

Айтып қалдық ауызға келген сөзді қайтармай,
Жүрген шығар біреулер алдыңа кіріп айта алмай.
Қайырымды бол, кеш емес, жапырағың жайқалғай,
Өлмеймін деп жүрсің бе Алдар мінген Сайтандай!

Итаяғы алтыннан талай байлар бар әлі,
Құр ойбаймен, айғаймен өмірі өтіп барады.
Барған кезде жұтуға жұтқыншаққа тамағы,
Есіңе алып қоярсың ажал құшқан баланы!

Сөзімді оқып Қарашы, ел басшысы, данасы,
Сүттей құрып іруде алты атаның арасы.
Қыршындарды жоқтаған, жырға келген шамасы,
Ерімбетұлы Мамыттың Мылтықбай деген баласы!

Ринат ЗАЙЫТОВ:

Халықты оңай алдай алатындар,
Адамға қара күйе жағатындар.
Соқыр, мылқау, саңырау жүрексіздер,
Түк білмей,түк естімей қалатындар,
Жек көремін сендерді!

Жазықсызға жүз жала жабатындар,
Өз ұлтына ұялмай шабатындар,
Төресінің көңілін табу үшін,
Өз туысын өлтіре алатындар,
Жек көремін сендерді!

Ал қамаңдар, сабаңдар, ал атыңдар,
Жұртты жазықты қыла салатындар.
Қай дүниеде екенін Құдай білер,
Бәріңнің жауап берер сағатың бар!
Жек көремін сендерді !!!

Акылбек ШАЯХМЕТ:
Ақпан айы жылап тұр

Ақпан айы ағыл-тегіл жылап тұр,
Айтылмаған еш жауабы сұрақ тұр.
Көк аспанда күн күркірі жоқ, бірақ,
Құлақ түр!

Жас тоқалдар оранғанда бүлдеге,
Жап-жас қыршын қаза тапты түрмеде.
Запыранға ішің толып бара ма,
Үндеме!

Жұмыс таппай талай боздақ жүр қаңғып.
Ал мыналар тайраңдап жүр кімді аңдып?!
Бауыздарда тұяқ серпіп қайтесің,
Еркек тоқты – құрбандық.

Кеше, Бүгін қанша залым салды лаң,
Оянды ма қандастарым қалғыған?!
Құлақ тоссаң мешіттегі молдаға:
«О дүниеде рақат тосар алдынан».

Жал-жая жеп, құс төсекте жататын,
Бұл дүниенің залым көрсін рақатын.
Азып-тозған кең даланың тағдыры
Сенің ғана қабырғаңа бататын.

«Бізден кейін топан болса бәрібір» -
Деп ойлайды қарау кісі жаны кір.
Қараңғыда жүрген адам білмейді
Бұл дүниенің сүттей әппақ жарығын.

Бірде жетіп, бірде жетпей күнбе-күн,
Өтіп жатыр аққан судай күндерім.
Келешекке үміт артар алайда,
Сенімімнің бар-жоғын да білмедім.

* * *

Қоларбада отырған мүгедекке
Полиция қалайша қояды өкпе.
Қол көтерсе қауқарсыз кемпір-шалға,
Не дейді олар барғанда қияметке?!

Аяғы ауыр келіншек жылап тұрса,
Ел қаумалап: «Босат!» - деп сұрап тұрса,
Шіркіндердің беттері бүлк етпейді,
Көлігіне тезектей лақтырса.

Біз қазақпыз погоны, формасы бар,
Қолда таяқ, ауызда Алласы бар.
Өз қандасын қолымен қылқындырып,
Қазақ даңқын осылар алға асырар.

Осылар ғой бұйрыққа бағынатын,
Бастығына құдайдай табынатын.
Әлсіздерге көрсетіп әлімжеттік,
Құтырынған бурадай шабынатын.

Шынжырлаулы төбеттей асыраған,
Жолатпайтын абалап қасына адам,
Ит екен деп иттігін көзіне айтпай,
Ит мінезін қалайша жасыра алам?!

Жолдас САРМАНОВ:
Ырылдап ит боп үріп ең,
Қорқайын дедім түрінен.
Не дейін, бүгін, не дейін,
Дөңбекшіп шықтым түнімен.

Жемісін көрмей істердің,
Тілімді қайтіп тістермін.
Көз ілсем болды әйтеуір,
Қорқынышты түс көрдім.

Оянып кетіп жан қалды,
Биікте тұрған паңданды.
... Үш оқ тиіп ұшырды,
Заманбектей заңғарды.

Кіммен кімдер жарысты,
Болжай алмас алысты.
Ардан безген атты ғой,
Алтынбектей арысты.

Туған ұлдар батыр боп,
Қорқа ма екен жатыр деп.
Қазақтан қазақ күтпеген,
Жаңаөзенде атылды оқ.

Көбейіп барады, қаза, мұң...
Түрі көбейіп жазаның.
Күңіреніп тағы қалдық қой,
Дулаттың естіп ажалын...

Серік Елікбай:

Ерің өлді-жамылып қара жерді!
Ерің өлді-қала мен дала көрді!
Өлтіргендер бүгін тірі-уақытша...
АЛ ЕРЛІК-ЕЛ ІШІНДЕ ҚАЛА БЕРДІ!

Ұлың өлді...дегенмен ұлтың аман!
Бір тамырың үзілді-сыртың аман...
Жұдырықтың ішінде қан қайнайды!
Кекке күйіп,ашумен сырқырыған!

Ол өлді Ақжол бидей Алаш үшін!
Өзі емес-халық үшін,қараша үшін...
Ер қадірін білмеген ескі күндер...
Өкініштен өртеніп барады ішім!

Қазақ едік Құдайдан ұл сұрайтын...
Ұлмен бірге туатын Күн сұрайтын!
Наурыз жақын-бізге де күн туады
Ақорданың Ішінде Құн Сұрайтын.

Бостан-босқа жылағам,егілгем жоқ.
Кеудемді қан басса да-сөгілгем жоқ!
Сен мәңгілік демалғын,айдарлы ұл,
СЕНІҢ ҚАНЫҢ БОСТАН-БОС ТӨГІЛГЕН ЖОҚ!

Алтынбек Елемесұлы

БӨЛЕК ЖЫР
(Дулат Ақәділге)

Бөлек халық....
Біздерде бөлек үй бар!
Бөле - жарар, қасыңа "Төле биді" ал!...
Митингіге шақырып интернетің...
Жиналыс! - деп, шаршатты теледидар!...

Екі халық...
Алайда, атасы - бір!..
Атасы бір халықтың - батасы бір!
Анасы да бір еді, кетті қалай
Шатадан туған құсап, шатасып ұл?!...

Біреулер жүр медальмен төсің әрлеп,
Біреулерде тозған там...Жесір әулет...
Біреулер жүр: "билікті "билетем!"..деп
Біреулер жүр: "билікте несі бар?" деп...

Ақиқатың іздейтін ақинақтан,
Сақинасын қылады сақи мақтан!
Екі жаққа бөлінген бір Қазаққа
Мәңгі - бақи қорған бол бақи жақтан!...

Екі халық...
Еркегі ез..
Қу қатыны!
Үнсіздері - мақтаулы, шулы - атулы!
Ұйқта, Дулат батырым! О дүниеде
Оятып алар Міржақып Дулатұлы!...

Сізді жақсы түсінетін!..

Қалқаман Абдрахманұлы:

Қайғыға қайғы қосылды
Қайғырып халық тосылды,
Қорғаны болған ұлтының
Ұлынан алаш айрылды.
Қайғырдым естіп қайғыны
Тулады халық толқыны,
Өлімі болды себепші
Тойымсыздардың құлқыны...
Қайғысыз бейқам жатпаған,
Намыс пен арын сатпаған.
Азамат еді өр рухты,
Бетінен алған қайтпаған.
(Сөзінен ешбір таймаған)
Жатыр ғой іште бір шындық
Опасыздық пен сатқындық,
Мүмкіндігін де тарылтып
Ер азаматыңды жылатып.
Булығып іште шермене
Тар қапас іші жаңғырық...
Қоштасып өмір таңымен
Күресіп залым заңымен,
Шыңғыртып айтып шындықты
Өлімге бастан бекінген...
Ел үшін туған Ер Дулат,
Үлгі алсын сізден адамзат!
Ер тұлғаларды қаралап,
Түрмеге тықты қаумалап.
Көргендей жауды табалап,
Қыспаққа алып қапаста
(Қинады, жапты, азаптап)...
Сонда да рухы сынбаған
Мінеки сондай азамат.

жалғасы бар...

Дәурен Дариябек
Пікірлер