Болашақ бүгіннен басталады

3120
Adyrna.kz Telegram

Еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстанда» (№15 (28743), 26 қаңтар, 2016) белгілі ақын Әбубәкір Қайранның «Ұлттың еккен егіні. Ол – ұранын ұлықтап, туын көтеретін ұрпағы» атты көлемді мақаласы жарияланған екен. Мақаланы бір деммен оқып шығып ойға қалдық, ізін суытпай қолымызға қалам алып, материалда көтерілген өзекті мәселелердің біріне өз пікірімізді білдіруді жөн көрдік.

Расында, ұрпақ тағдырына жауапты екендігін жиі естен шығарып аламыз. Өті­рік десеңіз, жаппай саны артқан тас­танды балаларды, өз-өзіне қол жұмсаған жеткіншектерді, өзімен қоймай, сәбилерінің санасын дінмен улаған ата-аналарды ал­ға тартсақ та жеткілікті. Әлі өзіндік дүние­танымы қалыптаспаған жас балаларды ақпараттық қорғау мәселесі мүлде жолға қойылмаған. Мәселенки, интернет желісінде «Иса Мәсіх мерекесі», «Жаңа Қожанасыр» тәрізді шетелдік қаражатқа түсірілген діни мәндегі, қазақ тіліндегі, балаларға арналған анимациялық фильмдер өріп жүр. «Қазақша мультфильмдер» деп іздеу тетігін бассаңыз, қазақ ертегілерімен қатар осындай дүниелер де қаптап шығады. Ата-ана үйдегі түрлі жұмыспен айналысып жүріп, «Ютуб» интернет желісінде бірінен кейін бірі кезектесіп беріліп жататын мультфильмдердің мән-мазмұнын тексеріп отырмайды. Бала жыламаса, жұмысқа кедергі жасап, аяққа оралмаса болғаны…

Мектепті бітіріп, өмір жолына жаңа қадам басқан жас толқын қалаға кел­генде алдынан негізінен екі айрық жол тұрады. Бірі түнгі клуб аралап, жеңіл жүріске түсу, екіншісі діни ағымдардың жетегіне еру. Бұл екі бағыттан отбасында ұлттық тәрбие алған жас өрендер ғана аман қалуы мүмкін. Бірақ, олардың өзінің таным-түсінігі толық қалыптаспағандықтан, «әйтеуір, аталарымыз ұстанған мұсылман діні ғой», деп исламның ішіндегі радикалды ағымдардың құрған қақпанына ілігіп жатады. Сабақ бас­талатын қыркүйек айы­нан бастап интернат, колледж, университет жатақханаларында Мәуліт, Ораза (ауыз­ашар), Құрбан айт және тағы басқа діни мерекелерді сылтау етіп теріс ағымдар студенттерді жымысқы мақсаттарына тарту бағытында астыртын жұмыстар жүргізеді. Жаны жақсылыққа құмар жастардың алып-ұшқан таза көңілін басқа арнаға бұ­рып, атағы аспандаған тұлғалардың «мейірімімен», «шапағатымен» бауырға басады. Жақсы мен жаманды толық айыра алмайтын балалар жалған дінге айрандай ұйып, сенеді. Ал біз осындай кері бағыттағы діни насихаттарға қарсы қандай шаралар ұйымдастырып жатырмыз? Ешқандай… Олар қаражаттары шаш-етектен, қысылғандарға қамқор бола алады, аста-төк дастарқан жаяды… Біз болса, «сен тимесең, мен тиме, бадырақ көздің» кейпінен арылар емеспіз. Өзімізге кесірі тимесе де, болашақ ұрпақ сорлайтындығын неге түйсінбейміз?

Осы күнге дейін жастарды ақпараттық қорғау бағытында жүйелі жұмыс жоқ. Бір кездері «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі» қоғамдық қоры университеттерде тарихшылармен, этнографтармен кездесулер өткізіп, ұлттық сананы оятуға тырысқан еді. «Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпас» дегендей, қолдау жоқ болған соң ол тараптағы жұмыс тоқтап қал­ды. Тура осы қоғамдық қор дәстүрлі ән концерттерін өткізу арқылы жастардың санасына Біржан сал, Ақан сері, Мұхит, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ тәрізді тұлғаларды сіңіруге тырысып келеді. Олардың қайраткерлігін, өнерпаздығын жас толқынға үлгі етуге әжептәуір күш жұм­салды. Осы жобаны қолға алған жастар­дың жетекшісі ретінде айтарымыз, университеттерде әрі ақын, әрі әнші, әрі компо­зитор болған ұлы тұлғалардың есімін өмі­рінде естімеген жас толқын өсіп келе жатқандығын байқадық. Мәселен, өзімізден «Ақан сері деген кім?», «Мұхит деген қандай әнші?» деп сұраушылар көп болды. Есесіне, өзіміздің ұлттық классикалық өнерімізді менсінбейтін еліміздің телеэфирлерін жартылай жалаңаш эстрадалық әншілер жаулап алды. Ұлттық құндылықтардың орнын арзан, жеңіл дүниелер, рухани азып-тозу басты. Дәстүрлі ән-күй өнерінің өкілдері де бір күнді бір күнге әрең жалғап жүр. Оларды жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік бағдарлама жоқ. Енді қазақтың классикалық ұлттық өнерінің қалайша көсегесі көгереді?

1920-1930 жылдардағы ашаршылық жә­не репрессия кезінде халқымыздың 70 па­йызға жуығы қырылып кеткендігі бүгінде айқындалып отыр. Қырылғандардың орнына өзге ұлттарды қоныстандырып, тегі белгісіз дүбәра халық жасау жоспары болған еді. Ұлтаралық неке насихатталып, ел өзінің ата-баба жолынан айнып, тілін, ділін ұмытуға шақ қалды. Ашаршылықты көрген адамның аш­қарақ, езгіні көрген кісінің бүкпеншек болуы да заңды. Бірақ, енді егемен ел болдық қой?! Жоғарыда айтылған ашаршылық халық жадында бейсаналы түрде жасырынып келе жатқанын аңғару қиын емес. Қалталылардан қайыр жоқ, ұлт мүддесіне қызмет етуді бас­ты мақсат тұтпайды. Қара басының, қазан-ошағының қамынан аса алмайды. Осындайда кешегі Алашорда үкіметін қаржыландырған ауқаттылар қайда кеткен дерсіз. Иә, сол аштық санамызды әбден сан­сыратып жіберген-ау, ашқарақтанып опырып жей беретініміз сонша, ішіміз жарылып жатса да, аузымыз «күйсеп» жататын жайға жеттік. Руханият пен экономика – халықтың қос қанатындай. Бірінсіз бірінің күні жоқ.

Шетелдерде әулеттілер қоғамдық жұ­мыс­­тарға белсене араласады. Компания­ларының қасынан қоғамдық қор құрып, түрлі ғылым-білім, әлеуметтік-рухани ба­ғыт­тар бойынша демеушіліктер көрсетеді. Қорлардың шамасы жете бермейтін үлкен стратегиялық жобаларды ғана мемлекет өз мойнына алады. Батыс елдерінде де­меушілік жасайтын қорлар арасында бәсе­келестік жоғары. Сондықтан, әрбір құнды идея жерде қалмайды. Бір қор ғалымның оқуын, ғылыммен айналысуға, іс-сапарына қажетті қаражатты қамдаса, екінші қор отбасын асырауға қаржы бөледі. Сөйтіп, алаңсыз ғылыммен айналысуға жағдай жа­сайды. Әлбетте, демеушілік жасағаны үшін ғалымдарға салықтан айтарлықтай жеңілдіктер жасайды, соның арқасында олар өз компанияларын жағымды жағынан жарнамалайды, әрі өздерінің қаражаттарының игі мақсатқа жұмсалып жатқандығына нақты көз жеткізеді.

Бала тәрбиесіне байланысты «Ұлттық мәдениет» пәнін балабақша, мектеп, жо­ғары оқу орындарына енгізу туралы көптен бері бастама көтеріп жүрген жа­йы­мыз бар. Елімізге келіп жатқан жат ағымдарға тосқауыл болатын, қорғаныштық имму­нитет қалыптастырып қана қоймай, жастардың бойындағы отаншылдық сезімді оятып, болашақта елге қызмет ететін азамат өсірудің бірден бір тиімді тетігі осы дер едік. Соншалықты бай мұраларымыз бар. Ал сол атадан қалған игіліктерімізді ұрпақ пайдасына жаратудың жайын неге ойластырмаймыз? Өкінішке қарай, бұрынғыдай балаларға рухани нәр беретін ата-әжелер де көзден бұлбұл ұшты. Болса да, өте сирек. Бүгінгі қолданыстағы салт-дәстүрлеріміз бизнеске айналып барады. Себебі, мағынасы ұмыт болып, тек сыртқы формасы ғана сақталған. Ішкі мазмұнын, мақсатын білмеген соң әркім дәстүрімізді өз ыңғайына қарай пайдалануда… Ең бірінші, салт-дәстүрлерімізді әр баланың жас деңгейіне сай орайластыра отырып оқулықтар жазып, әдістемелік негізін қалау керек. Балабақша және бас­тауыш мек­теп деңгейінде этнографиялық атаулармен, сыртқы пішінімен таныстыру көзделсе, орта сыныпта салт-дәстүрлердің мақсаты мен мазмұнына тоқталуға болады. Ал жоғары оқу орындарына барғанда олардың философиялық мәні мен шығу тарихы туралы оқулықтар жазылу керек.

Өз-өзіне сенбеген адамның қолынан ешнәрсе келмейді. Тура солай тұтас ұлт та өз болашағына, өз ата-бабасының қаны бүл­кілдеген тегінің дара болмысына сенбей ұлы істер атқара алмайды. Елбасы Н.Назарбаевтың: «Рухы биік халық ұлы істер атқарады», деуінің мәнісі осында.

Жылқының ең алғаш қазақ жерінде үйретілгенін, үзеңгі мен ертоқымның, шалбар мен ысқырма жебені ат үсіндегі көшпелілердің ойлап тапқанын әрбір жас өрен мақтанышпен айтатын болуы тиіс. Көшпелі ата-бабаларымыздың әлемдік өркениетке қосқан үлесі өте зор. Ол бағытта жүйелі зерттеулер жүргізіп қана қоймай, ұлтымыздың ұпайын түгендейтіндей анық­тал­ған тың деректерді жас ұрпақ санасына сіңірудің жолдарын қарастыруымыз керек. Мыңжылдықтар бұрын ата-бабамыз ойлап тапқан дөңгелек өркениетті өрге тартқан ең алғашқы технологиялық құрал болғанын жастар біле ме екен? Өкінішке орай, оқулықтарда мұндай рухты көтеретін деректер жоқтың қасы. Өз ата-бабасының ерлігін білмейтін жас сарбаз елді қалай қорғайды? Өз ұлтының өткенінен хабарсыз, қаншама бабаларының өзі үшін жанпидаға барғанын сезінбейтін жас өрен болашақ ұрпаққа қалай қызмет етеді?

Асанқайғы жырау: «Іште жатқан асыл сөз, шер толқытса, шығады» дейді. Әбубәкір Қайранның атаулы мақаласы іштегі шерді қозғады, сөйтіп, жүректегі сөзімізді жайып салдық. Сөз соңында айтарымыз, көшпелі бабаларымыз ұрпағын өмірінің жалғасы ретінде қараған, рухани және материалдық тұрғыда тең дәрежеде қамтамасыз еткен. Біз де бабалардың сара жолымен жүрсек, қателеспейтініміз анық.


Арман ӘУБӘКІР,

PhD докторант,

«Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі»

қоғамдық қорының төрағасы,

"Егемен Қазақстан".

Пікірлер