Ел тұтастығына қол жеткізу және оны басқаруды жетілдіру

3618
Adyrna.kz Telegram

Ташкент 16-шы ғасырдың басынан Шайбан әулеті ұрпақтарының қолында болатын. Ғасыр соңына қарай (1598 ж.) оны Тәуекел хан, одан кейін бірнеше дүркін Есім хан билеген. Ара-арасында бір-бір жылдан аштархандық Жәни Мұхаммед пен қарақалпақ жетекшісі Абдалғафар, 1612 жылы Ескендір сұлтан (Бұхара тағындағы Имамқұли ханның ұлы) басқарған. Осы кезде, жеңісті шайқастар жүргізу арқылы, саяси аренаға Тұрсын Мұхаммед сұлтан шығады.

Тұрсын Мұхаммед 1576−1582 жылдарғы Ташкент әміршісі Баба сұлтанның қолынан Хақназар ханмен бірге қаза тапқан Жалым сұлтанның ұлы еді. Бұхара хандығының әміршісі Имамқұли хан осы қазақ сұлтаны Тұрсынды 1613 жылы Ташкенттің билеушісі ретінде таныды. Бұған оны қазақ қолдарымен болған шайқастар нәтижесі мәжбүр еткен болатын. Ал Тұрсын хан (бүкіл қазақ елінің емес, Ташкент аймағының ханы, кіші хан) Ташкенттің Бұхар хандығына (Мәуереннахр ханына) бағынбайтын дербес, тәуелсіз хандық екенін көрсету үшін, өз теңгесін шығарды. Ол күлліқазақ ханы (бас хан, қаһан) Есімге тәуелді болатын. Оған адалдығын айғақтап, екі рет ант ішкен, бірақ екеуін де өзі бұзған еді. Алайда тұтас халықтың ішінде өз кінәсінен өзара қантөгіс болдырмау мақсатында, Есім хан оны өзімен тең құқықты санап, екеуара келісімге келген, сөйтіп оған біршама еркіндік берген болатын. Тұрсын хан әуелде екі су арасын (Мәуереннахрды) билеген аштархандықтармен (жәниліктермен) тату болатын, кейін қарсылық көрсетті. Үлкен жасақты бастап барып, Имамкұли ханның әскерімен Шахрух бекінісі маңында шайқасты. Жеңіске жетті.  Осы жәйт оның тәбетін оята түсті…

Бұл кезде шығыста жоңғарлар қазақ жеріне қауіп төндіре бастаған еді. Сол себепті Есім хан қырғыз елін басқарып отырған  Қоқым бимен тату қатынас жасай отырып, екі ел одағын нығайта түскен. Моғолстанмен де  достық қарым-қатынаста болған. Сөйтіп  күш біріктіріп, Қазақ хандығына шапқыншылық жасаған ойраттарға ойсырата соққы берді. Алайда елде тыныштық орнай қоймады. Есім ханның жорықта жүрген шағын тұтас қазақ елінің ханы болудан дәмелі Тұрсын хан пайдаланып қалғысы келді. Қалың әскерімен Ташкенттен шықты да, қазақ астанасы Түркістан қаласына шабуыл жасады. Қазақ елінің бас ханы Есім ханның ордасын шапты.  Қаланы талан-таражға түсіріп, тонады. Есім ханның отбасын тұтқынға алды. Осылай ол – Ташкент хандығының билеушісі Тұрсын хан – Қазақ елінің ішкі бірлігіне, тұтастығына қауіп төндірді. Сонда Есім хан қазақ әскерлерінен үлкен күш жиып, оған қарсы жорыққа шықты. Шешуші ұрыстар жүргізді. 1627 жылы әуелі Сайрамда, одан Ташкент маңында болған қанды шайқастарда Тұрсын ханның әскерін тас-талқан етіп жеңді. Ташкентті алды. Тұрсын хан мен оның жақындарын өлтірді.  Ташкент хандығын жойды. Қала мен аймақ халқын қазақ мемлекетінің құзырына қаратты.

Өстіп өзара соғыс доғарылды, Қазақ елінің барша аймақтары бір орталыққа бағындырылып, мемлекеттік тұрғыда тұтастануына қол жеткізілді. Тұрсын хан бүліншілігі «Қатаған қырғыны» деген атпен тарихта қалды. Есім хан тұсында өмір сүрген Марқасқа жырау жауынгерлік рухы жоғары көптеген жорық жырлары мен толғаулар шығарған кісі, соларының тек кейбірі ғана біздің заманымызға жеткені белгілі. Жыраудың «Еңсегей бойлы ер Есім» жырында мынандай жолдар бар: «Ей, Қатаған хан Тұрсын! Кім арамды ант ұрсын. Жазықсыз елді жылатып, Жер тәңірісің, жатырсың, Хан емессің қасқырсың, Қара албасты басқырсың! Алтын тақта жатсаң да Қазаң жетті қапылсың! Еңсегей бойлы ер Есім, Есігіңе келіп тұр, Шашқалы тұр қаныңды, Кешікпей содан қатарсың!» Мұнда халықтың күллі ел иесі боп отырған Есім ханға сенімі және аймақтық билеуші Тұрсын ханға назасы бейнеленген. Тұрсын ханның тұтас елді бөлшектеп, дербестенгені, бүлік жасап жоғарғы билікке ұмтылғаны, хандығындағы тек өзі сүйенетін қатаған руын бүліншілікке көтеріп, тыныш жұртқа қарсы қою жолымен қантөгіс тудырғаны  осынау қаһарлы жыр жолдарын өмірге әкелген болатын.

Есім хан ауыр ішкі саяси күресті бастан кеше отырып, мемлекеттің күшеюіне бағытталған түбегейлі өзгерістер, жақсартулар жүргізді. Оның отыз жыл ел басқарғанда жүзеге асырған реформасының мән-мағынасы мемлекет билігіне халық өкілдерін кеңірек тартуда жатқан еді. Бұрын ел ішін билеуді жабық тұрпаттағы элита – төрелер жүзеге асырып келген болса, енді халықты басқару істерінде бірінші кезекке  ел ішіндегі билер мен ру-тайпалардың басшылары, ақсақалдар, бас адамдар – яғни, элитаның ашық тұрпаты шығарылды. Ол мемлекеттің әскери қуатын арттыруға ерекше көңіл қойған болатын. Бұл орайда сұлтандар мен батырларға айрықша әскери-саяси өкілеттіліктер берген.  Осынау әскери қабілеттеріне тиісінше сенім артылатын сонау Шыңғыс хан тұқымдарының бейбіт өмірдегі саяси құқтарын шектеді. Есесіне қауымдар (ру-тайпалар, аталықтар) мен олардың жетекшілеріне – рубасыларына, ауылдардың бас адамдарына, ақсақалдарына кеңейтілген құқтар берді. Яғни, Есім ханның тікелей басшылығымен ел ішінде өзіндік бір революция – билер төңкерісі жасалды. Бұл орасан зор жаңалық «Есім ханның ескі жолы» атты жаңа заңнамалық құжатты  қабылдау арқылы жүзеге асты.

Осынау заңдар жинағын «Есім хан салған ескі жол»  деп те атайды. Өйткені, Есім хан көшпенді ру-тайпалардың өмір салтында ғасырлар бойы қалыптасқан басқару жүйесін – ескі жолды – жаңаша жаңғыртқан еді. Ол Қасым ханның заңдарын толықтыру сипатында қабылданды. Және бірден жұртшылықтың ризашылығына ие болды. Өйткені халықтың басым бөлігі көшпенді мал шаруашылығымен айналысатын, сондықтан  оларға өмірде шариғат заңдарынан гөрі  әдет-ғұрып тәртіптері мен қисындарын қолдану әділ де қолайлы көрінетін. Бұл құқықтық акт ханның, билер мен батырлардың өкілеттіліктерін нақтылады. Олардың өзара қатынастарын, атқаратын міндеттері мен пайдаланатын құқтарын белгіледі. «Ескі жол» арқылы Есім хан ақсүйектердің билеушілік мүмкіндіктеріне шектеу қойып, ел арасындағы билерге, рубасы, ауылбасы, ақсақалдарға арқа сүйеді.

Мемлекеттегі ең жоғарғы заң шығарушы өкімет ретінде бұрынғысынша Мәслихат танылып, әдеттегісіндей жұмысын істей берді. Мәслихатқа мүше билер жылына бір рет күзді күндері ел астанасы Түркістанда, яки Ұлытауда, немесе Ташкент аймағындағы Ханабад дөңінде жиналатын. Саяси жүйедегі ханның рөлі «Ескі жол» бойынша әлсіретілуіне байланысты, ханды таңдап сайлау принципі өзгеріске ұшырады. Ресми түрде сұлтандар арасынан хан болуға лайық, елге еңбегі сіңген тұлғаны таңдау, яғни, бүгінгі тілмен айтқанда меритократия (сұлтандар ішіндегі ең ақылдылар мен ең іскерлерге, қабілетіне, сіңірген еңбегіне қарай көзге түсіп жұрт құрметіне бөленгендерге, мемлекет мүддесін қорғауда батырлығымен танылып, елге еңбегі сіңгендерге билік тұтқасын беру) принципі сақталып қала берген. Дей тұрғанмен, іс жүзінде халық арасында құлаққа сіңісті боп кеткен жол – хан дәрежесін мұрагерлік жолмен иелену тәжірибесі де болашақ тәжірибеде аса дау-дамайсыз қолданыла берді.

Есім хан тұсында, сондай-ақ, мемлекет басқарудың бұрынғы ұлыстық жүйесі уақыт талабына жауап бермейтінін көрсеткен еді. Мұндай ахуал қазақ жер-суының онда мекендейтін күллі халқымен бірге бір шаңырақ астына жиналуына, сөйтіп ел шекарасының кеңеюіне байланысты туған-ды. Экономиканы оңтайлы дамыту мақсатымен, барлық қазақ жері үш шаруашылық-аумақтық бірлестікке – жүздерге бөліп берілді. Ел  ішіне жүздік ұйым енгізілді. Жүздердің басында билер мен күшті ру-тайпалардың басшылары тұрды.  Олар құраған Билер Кеңесі елдің тыныс-тіршілігін басқарып, іс жүзінде хан билігін шектеп отырды. Хан үлкен шаралар қабылдар алдында әрдайым Билер Кеңесімен ақылдасуға тиіс болды. Оның пікірімен санасуға мәжбүр еді. Қысқасы, хан енді өз бетінше ірі шешімдер жасай алмайтын. Есім хан мемлекеттік басқару жүйесіне осындай реформа жасады. Ел мүддесі үшін солай етті.

Алайда оның заңына сүйеніп дербес билік құруға бейімделгендерді, әр кезеңдегі жаумен соғыста адал үзеңгілес болғанына қарамай, жазалаудан тартынған жоқ. Бұл ретте әскербасы, батыр, бейбіт кезеңде бір қауым елдің билеушісі болған Жиембет жырау сөздері терең ойға қалдырады: «Еңсегей бойлы ер Есім, Есім, сені есірткен Есіл де менің кеңесім. Ес білгеннен, Есім хан, Қолыңа болдым сүйесін, Қолтығыңа болдым демесін. …Мен жоқ болсам, Есім хан, Ит түрткіні көресің, Жиембет қайда дегенде Не деп жауап бересің? Менімен ханым ойнаспа, Менің ерлігімді сұрасаң – Жолбарыс пен аюдай, Өрлігімді сұрасаң – Жылқыдағы асау тайыңдай, Зорлығымды сұрасаң – Бекіре мен жайындай, Беріктігімді сұрасаң – Қарағай менен қайыңдай.  …Жұмыскерің мен едім Сатып алған құлыңдай, Жүруші едім араңда Өзіңнің інің мен ұлыңдай.  …Мен өлсе құнсыз кетер деме сен Кешегі өзіңнің ұрып өлтірген Тілеуберді құлыңдай!   Тілеуберді құлың мен емес, Мұның, ханым, жөн емес. Менің ер екенімді көргенсің, Әуелден бірге жүргенсің, Дегенімді қылғансың, Қайратымды білгенсің. …Тал шарбаққа мал сақтап, Тас қалаға жан сақтап, Тасқан екен мына хан! …Қайратым қанша қайтса да, Мұныңа, ханым, шыдаман! Арқаға қарай көшермін, Алашыма ұран десермін, Ат құйрығын кесермін, Ат саурысын берермін, Алыста дәурен сүрермін, Қарамасаң, ханым, қарама, Сенсіз де күнімді көрермін!»

Есім хан қыс айларында қазақ елінің тұрақты астанасы Түркістан шаһарында тұрды, ал жазда ордасын Ұлытау өңіріне тікті. Мемлекет жаңғыру, өркендеу үдерістерін бастан кеше берді. Сонымен бірге қазақ еліне жаңа қауіптер төндірген қаһарлы кезеңдер де тақалып келе жатты…

(Жалғасы бар)


Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

жазушы, тарих ғылымының кандидаты

Пікірлер