Тәжікстан вирустан қауіптеніп Иранмен әуе қатынасын тоқтатты

3061
Adyrna.kz Telegram

Тегеран коронавирустан өлгендер көбейгенін хабарлаған соң Тәжікстан Иранмен әуе қатынасын тоқтатты.

Тәжікстан азаматтық авиациясы агенттігі директорының бірінші орынбасары Әзиз Нәбизоданың айтуынша, Иранмен әуе қатынасы 24 ақпаннан бастап тоқтаған. Бұл жөнінде Иранның Varesh Airlines әуе компаниясы мен Тәжікстанның Tajik Air және Somoni Air әуе компанияларына ескертілген.

Иранның жартылай мемлекеттік ILNA жаңалықтар агенттігі 24 ақпанда Құм қаласында коронавирустан 50 адам өлгенін хабарлап, бұл ақпаратты Иран денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ирадж Харирчи теріске шығарған еді. Харирчи баспасөз жиынында 61 адам коронавирус жұқтырғанын, оның 12-сі қайтыс болғанын хабарлады.

Қытайда жыл аяғында пайда болған вирус Азияның өзінде 78 мыңнан астам адамға жұққан. Қытайдың ұлттық денсаулық сақтау комиссиясы індеттен қаза болғандар саны 2500-ден асқанын мәлімдеді.

Сондай-ақ вирустың жаңа түрі әлемнің кем дегенде 28 еліне тарап үлгерген. Өзге елдерде тіркелген жағдайлардың көпшілігі Қытайдан келген жолаушылардан жұққан болуы мүмкін делінген.

Иран, Италия және Оңтүстік Кореяда індетке шалдыққандар санының күрт өсуі ғаламдық деңгейде қауіптің пайда болғанын көрсеткендей. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вирустың Иран мен Италияда таралуына байланысты алаңдаулы екендерін жеткізді.

Сондай-ақ Иран билігі вируспен күресу мақсатында елдегі мектептер, жоғары оқу орындары мен мәдениет ошақтарын жабу туралы шешім қабылдаған.

Көрші елдер Ираннан келген жолаушылардың арасында вирус жұқтырғандар бар екенін мәлімдеп, шекараны жабуға мәжбүр болған.

Кувейт бүгін Иранның Мешхед қаласынан келген үш адамнан вирус белгілерін анықтады. 53 жастағы Кувейт азаматы, 61 жастағы Сауд Арабиясының азаматы және 21 жастағы науқас қазір Кувейтте емделіп жатыр.

Канада, Ливан, Біріккен Араб Әмірліктері мен Бахрейн елдері де Ираннан келген жолаушылар арасында вирус жұқтырғандар бар екенін мәлімдеген.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер