"Қорқатын ештеңе жоқ": Алматының дүнгендері қалай тұрып жатқанын айтты

3575
Adyrna.kz Telegram
Алматы қаласындағы көпұлтты ықшамауданның тұрғындары Қордайда болған жаппай тәртіпсіздіктен зардап шеккендерге қол созу үшін ақша жинап, гуманитарлық көмек ұсынды

Тұрғындарының басым бөлігін дүнген мен ұйғыр және қазақ ұлтының өкілдері құрайтын Алматы қаласының "Заря Востока" ықшамауданының азаматтары Жамбыл облысындағы Қордай ауданында болған шиеленістен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинады. Sputnik Казахстан тілшісі қиын-қыстау кезеңде отандастарына қол ұшын созған көпұлтты ауданның тұрғындарымен тілдесіп қайтты.

Поселок Заря Востока
© SPUTNIK / ТИМУР БАТЫРШИН
"Заря Востока" ықшамауданы

Ынтымағы жарасқан

"Заря Востока" ықшамауданында орналасқан "Нұр" мешітінің жұма күнгі уағызы қолдау-көмек көрсеткен жандарға алғыс айтумен басталды.

"Қазақстан біздің – Отанымыз. Сондықтан да біз тату тұруымыз қажет. Сондай ниетпен біз Алматы қаласынан Жамбыл облысына гуманитарлық жүк тиелген көлікті аттандырдық. Бауырлас халыққа ұйымшылдық танытып, көмектескені үшін жұртшылыққа зор алғыс білдіремін", - деді "Щинсын" этномәдени орталығы төрағасының орынбасары Маянху Хусейн жұмаға келген жамағатқа қарата.

Мешіт жамағаты азық-түлік пен киім-кешек сынды тұрмысқа аса қажетті заттарды бірнеше күн ішінде жинап, Қордай ауданының ауылдарына жіберген.

Заместитель председателя этнокультурного центра Щинсын Хусейн Маянху
© SPUTNIK / ТИМУР БАТЫРШИН
"Щинсын" этномәдени орталығы төрағасының орынбасары Маянху Хусейн

"Мешітіміздің жанынан гуманитарлық көмек қабылдайтын арнайы қойма дайындап, аудан тұрғындарынан ақша да жинадық. Ешкім де мұндай қайырымдылық шарадан тыс қалмады", – деді Sputnik Казахстан тілшісіне Маянху Хусейн.

Көпұлтты аудан

Қаланың төменгі бөлігі, Солтүстік айналма тас жолының жиегі орналасқан "Заря Востока" ықшамауданы 2003 жылға дейін Алматы маңындағы ауыл болған. Қарапайым ғана тіршілік кешетін бұл жердің тұрғындары пейілі кең, мейірімді көрінеді. Суретке түсіру ниетімен фотоаппаратымызды бағыттағанда-ақ қысылып, қымтырылған кісілердің кішіпейілдігінен соны байқадық. Әңгіме арасында олар өздерін қауіпсіз жерде сезінетіндігін айтты. Өйткені, тұрғындардың қауіпсіздігіне көшелерде әрбір 300 метр сайын тұрған полицейлер жауапты екен.

Микрорайон охраняют бойцы Национальной гвардии
© SPUTNIK / ТИМУР БАТЫРШИН
Ұлттық ұлан жауынгерлері аудан тұрғындарының тыныштығын күзетіп жүр

Ықшамауданға кірген бойда көзге ілінетін металл немесе бетонды биік қабырғалардың арғы жағынан көрінетін түрлі-түсті шатырлы зәулім сарайдай коттедждерге қарап, тұрғындардың тұрмысы жақсы екенін байқауға болады.

В Заре Востока каждый второй дом - многоуровневый особняк
© SPUTNIK / ТИМУР БАТЫРШИН
"Заря Востока" ауданындағы әрбір екінші үй – бірнеше қабатты коттедж

Осылайша, ұзын көшелерді аралап жүріп, жалғызаяқ жолдар арқылы ауданның дүнгендер тұратын бөлігіне тап болдық.

Жол жиегінде тұрған көптеген шетелдік қымбат көліктердің арасынан бір ер азаматты көріп, соған қарай бет алдық. Ол аяқжолдың маңын сазбалшықтан тазартып жатыр екен.

"Дүниеге есігін ашқалы осы жерде тұрып келемін. Осы кезге дейін көршілерімізбен ешқандай да мәселе туындаған емес. Ал бұл маңда қазақтар да, шешендер мен күрдтер де, ұйғыр, орыстар да бар. Солай болса да, біздің көшенің тұрғындары өте тату", – дейді маңдайының терін жеңімен сүрткен Идирис атты дүнген азаматы.

Қордайдағы жағдайды алғаш естігенде бойыңызды қандай да бір үрей биледі ме деп сөзге тартқанымызда, Идирис жұмбақтау күйде езу тартып:

"Алматыда әркез тыныштық сақталып келді. Егер өзің адал еңбек етсең, онда қорқатындай ештеңе жоқ", – дейді ол.

Большая часть населения микрорайона - дунгане
© SPUTNIK / ТИМУР БАТЫРШИН
Аудан тұрғындарының басым бөлігі – дүнгендер

Оның айтуынша, дүнген ұлтының әрбір өкілінде ықшамауданның әр тұсында кішігірім жер телімдері бар, олар сол жерлерде жылыжай шаруашылығын жүргізіп, көкөніс өсіреді. Сонымен қатар, араларында үйрек-қаз асырап жан бағатындары да жоқ емес. Осылайша, дүнгендер бірлесе тірлік істейді. Әсіресе, жастар жағы ширақ. Көпшілігі барахолка базарында сауда жасаса, егде тартқан азаматтар базарда ауылшаруашылығы өнімдерін сатады.

Дәстүрге берік дүнгендер

"Бұл жерде дүнгендер оқшау өмір сүруге бейімделген. Олар көп жағдайда тек өз ұлтының өкілдерімен ғана отау құрып, үлкенге құрмет көрсетуді бұлжымас қағидаға айналдырған", – дейді жергілікті тұрғындардың бірі Тахмина.

Местные жители предпочитают скрывать свою жизнь за высоким забором
© SPUTNIK / ТИМУР БАТЫРШИН
Жергілікті тұрғындар өмірін биік қоршаудың арғы жағында жасырын ұстағанды жөн көреді

Ал үйлену тойлары сән-салтанатпен өтеді екен.

"Жастар 25 жасқа дейін үйленіп, тұрмыс құруға ұмтылады. Дүнгендердің шаш қою мәнері де көрікті әрі күрделі болып келеді. Өйткені, шашты күміс бұйымдар мен түрлі-түсті гүлдермен безендіру ісі оңай емес. Киімдері де сән-салтанатқа сай үйлестіріледі", – деген ойымен бөліскен Тахмина осы кезге дейін дүнген ұлтының көптеген мерекелік шараларына қатысқанын айтты.

Оның айтуынша, дүнгендер көбінесе тойды үйде өткізеді екен. Тойға туыс-туғандар жиналып, мұсылман дағдысына сай ерлер мен әйелдер бөлек отырғызылады.

"Дастархан лық толы болады, ал спирттік ішімдік деген мүлдем қойылмайды", – дейді Тахмина.

Әрине, әрбір той ән-бисіз өтпейтіні білгілі.

Тыныштықты бұзып жатқандар жоқ

"Заря Востока" ауданында мұсылмандар үшін ас әзірлейтін бірнеше қоғамдық тамақтану орны бар. Соның бірі – елді мекеннің жоғарғы жағында орналасқан шағын дәмхана. Кішігірім ғимаратта шығыс тағамдары әзірленетіні бірден байқалады. Ал қызметкерлерінің басым бөлігі – қыз-келіншектер.

"Бізге негізінен базарда істейтіндер келеді. Әсіресе, түскі үзіліс кезінде 30-40 адам келіп, ас-суын бізден ішеді. Күнделікті тағамға жаңа піскен көкөністер мен жаңа сойылған етті пайдаланамыз. Ал жазда көкөністер мен жеміс-жидектерді тікелей бақшалардан әкелеміз", – дейді хиджаб киген орта жастағы дәмхана иесі Асият.

Мусульманское кафе в верхней части микрорайона
© SPUTNIK / ТИМУР БАТЫРШИН
Ауданның жоғарғы бөлігінде орналасқан мұсылман дәмханасы

Асият ауданда тыныш екенін, еш алаңсыз ғұмыр кешіп отырғанын айтады.

"Бізде бәрі бірқалыпты әрі жайлы, жақсы. Алаңдауға еш негіз жоқ. Әркез бір-бірімізге қамқор, жанашырмыз. Кез-келген шақта бір-бірімізге көмектесуге әзірміз", – дейді ол иісі мұрын жаратын тоқашты бізге ұсынып жатып.

Жергілікті тұрғындардың осы сарындағы сөздерін ықшамауданда кезекшілік атқарып жүрген Ұлттық ұланның жауынгерлері де растай түседі. Әскерилер өз міндетін орындауға күнделікті таңғы сегізде кіріседі де, тәулік бойы аудандағы тәртіпті қадағалайды. Олардың қызметінің оңай еместігін түсінген жергілікті тұрғындар әскерилерге термоспен ыстық шәй мен тамақ әкеліп береді.

"Өрімдей жастар біздің тыныштығымызды күн-түн демей күзетіп жүрген. Суықтап қалмаса екен деп, қолымыздан келгенше осылайша көмектесеміз", – дейді әйелдердің бірі бауырсақ салынған дорбаны кезекшілік қызметтегі жауынгерге ұсынып жатып.

Общеобразовательная школа в микрорайоне Заря Востока
© SPUTNIK / ТИМУР БАТЫРШИН
"Заря Востока" ауданындағы жалпы білім беретін мектеп

Қордайдағы қақтығыс

Естеріңізге сала кетейік, 7 ақпан күні Жамбыл облысының Қордай ауданында жаппай тәртіпсіздік белең алып, салдарынан 10 адам қаза тапты, 185 адам түрлі дене жарақатын алды.

Сондай-ақ, 39 тұрғын үй мен 20 коммерциялық нысан және 47 автокөлік отқа оранып, күлге айналды. Бүгінде оқиға салдарынан келген шығын көлемі анықталып жатыр.

Қылмыстық кодекстің 272 (жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыру және оған қатысу, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру) және 99-шы (адам өлтіру, 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру) баптары бойынша тергеу жүргізілуде.

Sputnik

Пікірлер