Қазақ мемлекеті тарихына көзқарас

3134
Adyrna.kz Telegram

ДЕРБЕС ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ ҚҰРЫЛҒАНҒА  ДЕЙІН

Қазақ мемлекеттілігінің  тарих сахнасына өз атымен алғаш шыққан түрі Қазақ Ордасы, Қазақ хандығы деп аталғаны мәлім. Шынтуайтқа келгенде, елдігіміздің тамыры ғасырлар тұңғиығында – ғұндар заманында, көктүріктер дәуірлерінде, Қыпшақ, Қарахан мемлекеттерінде, бертінгі қазақ халқын жаңаша қалыптастырған Шыңғыс хан қағанаты, қағанаттағы Жошы ұлысы  кезеңдерінде жатыр. Қазақтар  кейінгі орта ғасыр жылдарында ірі-ірі этностық топтар ретінде бөлініп, уақытында Алтын Орда аталған түркі империясының күйреген орындарында қалған Ақ Орда, Сібір хандығы, Көк Орда, Ноғай Ордасы, Әбілқайыр хандығы және Моғолстан секілді мемлекеттерге қарап тұрған. Бұл саяси бірліктердің бәрі қазақ мемлекеттігінің ізашары іспетті еді. Шынтуайтында, қазақ мемлекеттілігінің бастауы ретінде түрк (түрік емес – түркі, түрк, тюрк) қағанаты құрылған 552-ші жыл белгіленеріне күмәнім жоқ. Адамзат тарихындағы аса ірі ежелгі мемлекеттердің бірі ретінде мойындалған сонау бірлікті бүгінгі таңдағы ғылыми ізденістер нәтижесінде мейлінше жақын тұтарымыз кәміл. Әйтсе де, 13-ші ғасырда жер-жаһанды дір қақтыра сілкіндіруші ретінде танылған тұлғадан бермен қарайғы тарихта қазақ  мемлекеттілігінің үзілмес шежіресі жатыр…

Ұлы Даланы жайлаған түркі ру-тайпаларының әр жаңа саяси құрылымы басында Шыңғыс хан  ұрпақтары тұрды. Әр жаңа саяси құрылымның өмірге келуі немесе өмір сүруін тоқтатуы Шыңғыс ханнан тараған  әулеттердің бірінің биліктен кетірілуіне, оның орнына жеңіске жеткен екінші бір әулеті өкілдерінің  орнығуына байланысты жүзеге асып жататын. Қазақ Ордасы осындай жолмен шаңырақ көтерді. Бұл жәйт Шайбан ұрпағы Әбілқайыр басқаратын мемлекет  құрамынан Орда-Ежен ұрпақтары Керей және Жәнібек шығып кеткеннен кейін орын алды. Осы қос сұлтан басқаратын ру-тайпалардың қазақтық (еркіндік) құрып бас қосуы арқылы жаңа саяси  бірліктің негізі жасалды да, ұзамай, Әбілқайыр мемлекеті билеушісін өзгертіп, Қазақ хандығы түріндегі жаңа сапаға ауысты. Біз биыл тойлағалы отырған дата – қазақтың тарихта тұңғыш рет тарих сахнасына өз этностық атауымен мемлекеттік ту көтеріп шыққан шағы. Ал бұл, жоғарыда айтқанымыздай, Әбілқайыр мемлекетінің жаңа сапаға ауысқан кезіне дөп келеді. Біз үшін аса маңыздысы – осынау жаңа сапаның көрінісі ретіндегі мемлекеттің содан бері қазақ атымен аталғаны болып табылады.

Бұл тарихи оқиғаны мүмкін еткен қозғаушы күш – Ұлы Далада орныққан шыңғыстық билеуші әулеттердің әрекеттері. Шыңғыстың үлкен ұлы   Жошы хан басқарған ұлысты, ол дүниеден өткеннен соң, Жошыұлы  Бату билегені мәлім. Ал Бату хан Жошы ұлысы керегесін батысқа қарай батыл кеңейтті. Шығыс Европаға жасаған жеңісті жорығынан оралғаннан кейін, Ұлығ Ұлыстың (Алтын Орда империясының) Еділ бойына салғызған астанасы Сарай-Батуда отырып, заманында әкесі әміршілік еткен аумақты күллі халқымен өзінің бауыры Орда-Еженге берді. Орда-Ежен Жошы әулеті армиясының сол қанатын басқарды. Батудың қолынан үлес алған  келесі бауыры Шайбанның әскері армияның оң қанатына кірген. Тағы бір бауыры Тоқай-Темірге Бату әскердің артықшылыққа ие бөлігінен үлес берді, оның ұрпақтары Қажы-Тарханға (Астрахан қаласына) да билік жүргізді.

Орда-Ежен Жошы Ұлысының сол қанатын 1226–1253 жылдары биледі. Алтын Орданың құрамына кіретін, дегенмен ішкі-сыртқы саясаты тәуелсіз жүргізілетін Ақ-Орда мемлекетін құрды. Оның саяси рөлі тек өз ұлысында ғана емес, Шыңғыс хан іргесін қалаған күллі алып қағанатта, қағанаттың астанасы Қарақорымда жоғары болды. Мәселен, империяның төртінші әрі соңғы қаһаны, Шыңғыс ханның әйгілі «төрт күлігінің» кішісі Төленің ұлы Мөңкенің 1251 жылы қаһан, ұлы хан болып сайлануына Бату хан  қолдау көрсеткен еді, соған қарамастан, Мөңке хан өзінің заңнамалық жарлықтарында оны емес, Орда-Еженді ерекше құрметтеп,  есімін Алтын Орда әміршісі, өзінің қолдаушысы Бату хан есімінің алдына қойып отырған.

Орда-Ежен мен Шайбан ұлыстары алып жатқан аумақ 14–15-ші ғасырлардағы  шығыс дереккөздерінде біресе Ақ Орда, енді бірде Көк Орда деп аталып жүрді. Себебі қос ұлысты да Орда-Ежен әулетінен шыққан әміршілер билеген. Сондықтан болу керек, дереккөздер бұл кезеңдегі Ақ Орда иелігі ретінде Жайықтан Батыс Сібір ойпатына, Сырдарияның ортаңғы және төменгі ағысына дейінгі жер-суды, іс жүзінде аталған екі ұлыс орналасқан аумақты нұсқайды. Орда-Ежен мен оның әулеті билеген Ақ Орда қазақ жеріндегі тілі бір, өмір сүру салты бір жергілікті этностар негізінде шаңырақ көтерген тұңғыш ірі мемлекеттік құрылым болатын.

13–15-ші ғасырларда Ақ Орда хандары мынандай ретпен тақта отырды: Орда-Ежен (1226–1253) – Сартақ – Қоныша – Баян – Сасы-Бұға – Ерзен – Мүбәрәк – Шымтай – Орыс (1361–1377) – Қойыршақ – Барақ (1426–1428). Яғни   Орда-Ежен мен оның әулеті 1226–1428 жылдары (екі ғасыр) билікте болды. Орда-Еженнің ұрпақтары, атап айтқанда – Ақ Орда әміршілері Орыс хан (14-ші ғасырда билеген) және оның немересі Барақ хан (15-ші  ғасырдың екінші ширегінің басында басқарған) сол шақтарда ешқайсысының ойына келе қоймаған, бірақ ұзамай,  15-ші  ғасырдың ортасында Қазақ хандығы аталып жүзеге асатын ірі тарихи бетбұрыстың алғышартын жасады.

Шамамен 1410-шы жылдардан бастап, Орыс ханның немересі Барақ хан Шығыс Дешті-Қыпшақтағы өз ата-бабаларының билігін қайтарып алу үшін күрес жүргізді.  Еділдің төменгі ағысы алқабында өткен шайқаста үміткерлер әскерін жеңіп, 1422 жылы Алтын Орда тағына отырды. Бірақ одан 1426 жылы айрылып қалды. Сол жылы  Ақ Орда билеушісі болып, Сырдария бойындағы қалаларға, Мауераннахрға жорықтар жасады. Ақ Орданың астанасы Сығанақты ғасыр басында Әмір Темір басып алған еді, соны қайтарды. Орда-Ежен мен Тоқа-Темірдің Түркістан өлкесіндегі иеліктерін Әмір Темір әулеті билігінен қайтарып алуды көздеген шайқастар жүргізді. Оның жігерлі әрекеттері ұлыстың байырғы қуатын жаңғырта алмағанмен, қазақ елінің оңтүстігіндегі саяси ахуалды белгілі-бір дәрежеде өзгеріске түсірді.

Осы 15-ші жүзжылдықтың алғашқы ширегінде Ақ Ордада Жошы тұқымы (Орда-Ежен, Шайбан, Тоқа-Темір) ішіндегі әулетаралық күрес жиілеген болатын. Ұлыста  бүліктер мен кикілжіңдер толас таппай жалғасты. 20-шы жылдардың соңына қарай  Алтын Ордаға қарасты ұлыстардың көпшілігінде Шайбан балалары билікке келді. Ал Орда-Ежен ұрпақтары өздеріне бабаларынан мұраға қалған иеліктерін олардан қорғап қалуға тырысты. Солардың бірі Барақ хан, жоғарыда айтылғандай, ұлыстың оңтүстік бөлігін қайтарып алу үшін соғысты.  Алайда ол 1428 жылы  өлгеннен кейін, Ақ Ордадағы билік Орда-Ежен – Орыс хан әулетінен Шайбан әулетіне өтті. Осы жылы Шайбан ұрпағы Әбілқайыр  Батыс Сібірдегі Тура өңірінде хан тағына отырғызылды. Оның мемлекеті Қазақстанның солтүстік-батыс және орталық аймағын алып жатты. Хандықтың жері геосаяси тұрғыда батыстағы Ақ Ордадан дербестенген Ноғай Ордасы, солтүстіктегі Сібір хандығы және шығыстағы Моғолстан мен оңтүстіктегі Әмір Темір тұқымдары мемлекетінің араларында, батысында – Жайық өзеніне, шығысында – Балқаш көліне дейін, оңтүстігінде Сырдарияның төменгі ағысы мен Арал теңізі өңіріне, солтүстігінде Тобылдың орта ағысы мен Ертіске кеткен алып аумақты алып жатты. Әбілқайыр хандығының құрамына қазақ ру-тайпаларының көпшілігі және өзге де көшпенді түркі тайпалары кірді.

Әбілқайыр хан басқарған қырық жыл уақыт ішінде елдің саяси жағдайында тұрақтылық пен тыныштық болмады. 15-ші ғасырдың орта кезінде Шыңғыс ханның ұлы Жошы жұртындағы (Дешті-Қыпшақтағы) ең қуатты билеуші Жошы хан ұрпағы Шайбани Әбілқайыр хан еді. Ол күші кемеліне келгенде, ат басын Сырдария бойындағы аймақтарға бұрды. Сөйтіп,  сонда  көшіп-қонып тұрмыс кешіп жүрген Жошы ұрпағы Орыс ханның оғландары Жәнібек пен Керейге және олардың бодандарына қатты қыспақ көрсетті. Осы жәйт  екі әулет билеушілері арасындағы тайталасты одан сайын шиеленістірді де, ақыры, Жәнібек пен Керейді өздеріне қарасты  ру-тайпаларын бастап Моғолстанға көшіп кетуге мәжбүрледі.

Ол заманда Моғолстан аумағы Тәңіртау (Тянь-Шань), Көкшетеңіз (Балқаш көлі), Ертіс, Сырдария өзендері араларын, оңтүстігінде Ферғана, Тұрфанды алып жататын. Моғолстанда бұл кезде (билеушісі Есен-Бұға хан тұсында) билік құрылымы әлсіреген еді. Қарамағындағы әмірлердің әрқайсысы өз беттерінше қамал салып алып, одан бөлініп кетіп жатқан. Қалмақтар елде орталықтандырылған биліктің жоқтығын пайдаланып, Жетісуға шабуылын жиілеткен. Олар Ыстықкөл аймағына барды, 1452 жылы Шуға жетті. Есен-Бұға сонда оларға елеулі қарсылық көрсете алмаған. Оған міне осы шақта, дәлірек айтқанда, 1456 жылы, Әбілқайырдың билігіне наразы Керей мен Жәнібек сұлтандар бір қауым жұртын ертіп келді.  Олар «қазақтық» жасауға, яғни тыныс-тіршілікке қолайсыздық туғызған билеушінің құзырынан қашып, еркін ұйысуға бел буған болатын. Есен-Бұға оларды жақсы қарсы алды.  Осы қос сұлтанға қарамақтарындағы 200 мыңдай ел-жұртымен емін-еркін мекендеуі үшін, Моғолстанның батыс шет аймағын – Шу өзенінің Қаратаудың солтүстік сілемдері мен Бетпақдала аралығындағы Ащысу ойысы көлдеріне құйып жататын төменгі ағысы мен  Жетісудың батысындағы Қозыбасы өлкесі аралығын бөліп берді.

Қазақ болу әрекеттері түркі тайпалары ғұмырында бұрындары да әрәдік кездесіп тұрған, бірақ тап осы жолғыдай жаңа мемлекет құруға бағытталған  тарихи сипат алған емес-тін. Алтын Орданың атақты әміршісі Өзбек ханның құрметіне «Көшпенді өзбектер мемлекеті» аталған Әбілқайыр ханның ұлысынан бөлініп, Сыр бойынан Шу өзенінің төменгі ағысы алабына көшіп келген аз жұрт іс жүзінде болашақ қазақ мемлекеттігінің іргетасы болып қаланды. Бірнеше жылдан кейін Қазақ хандығы,  Қазақ Ордасы атанып жарыққа шығатын мемлекеттің іргесі, сөйтіп, түркілер өміріндегі қатардағы жәйт саналатын наразы топтың еркіндіксүйгіштік, басыбостық танытып, өзгенің озбырлығына көнбеушілік көрсетіп, яғни қазақ болып өз беттерінше отау тігу оқиғасымен қалана бастағанын тап сол жылдары ешкім бажайлай алмаған болар. Алайда ұзамай тарихи оқиға шырқау шыңына шықты. Жәнібек пен Керей ел-жұртымен жаңа қонысқа орныққан аз жылдан кейін Шудың төменгі ағысы алқабында жатқан көне Созақ қаласында Қазақ хандығы құрылды. Елдігіміздің айбынды байрағы тұңғыш рет Қазақ атымен Созақта желбіреді…

(Жалғасы бар)


Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

жазушы, тарих ғылымының кандидаты

 

 

Пікірлер