Көне шаһарлар зиратқа айналып барады

2534
Adyrna.kz Telegram

Қазақ даласының құпиясы таусылмайды. Әрбір төбеге тіл бітеді. Түрте қалсаңыз, талай тылсым сырдың кілті табылады. Бірақ біз бүгін сондай ізгі істі өз деңгейінде атқара алмай келеміз. Оның жасырып-жабары жоқ. Мәдени мұраға қамқорлық көрсетеміз дейміз. Өкініштісі, қаншама көне шаһар, тарихи дүние және құнды жәдігерлер өз кезегін күтіп отыр. Тағы бір айта кетерлік нәрсе, кезінде туған топырақтағы талай құндылыққа қырын қарап, олардың кейбірін жоғалтып ала жаздадық. Содан әлі күнге дейін опық жеп келеміз. Бұл қашанға дейін созылады? Әзірге белгісіз. Әйтеуір бір-екілі құндылықтың қадіріне жеткенімізге шүкірлік етіп жүрген жайымыз бар. Жалпы, біздің тарихқа деген адал­ды­ғымыз, өткеніміз бен бүгінімізді тара­зыға тартуға ниетіміз қандай деген сауал өздігінен туындайды. Әрине, ауыз­­ды құр шөппен сүрте қоймаспыз. Деген­мен жасалған жұмыстан әлі де атқаратынымыз аз емес. Тіпті сол істер­дің алғашқы сатысында жүрміз десек те, артық болмас. Өйткені күннен-күнге көзден жоғалып бара жатқан кейбір көне қалаларды көргенде осындай ой түюге мәжбүр екеніміз жасырын емес.

Археолог ғалымдар еліміздің оңтүстік өңірінде осындай ескі шаһар­лардың қатары мол екендігін айтады. Солай болатын себебі де бар. Бағзы за­ман­дарда біздің ата-ба­ба­лар, негізінен, осы бір келбеті көркем, жері жан­нат мекенді қоныс еткен көрінеді. Ен­деше, көне кезеңде өркениет өресіне шық­қан ел бол­ға­ны­мызды айғақтайтын осын­дай құн­ды­лықты қастер тұтып, солар­да қор­ғау бағытында нәтижелі іс-шара­ларды қолға алудың қажеттігі көзге көрініп тұр.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халық­ара­­лық қазақ-түрік универ­ситеті Архео­ло­гия ғылыми-зерттеу орталығының дирек­то­ры Сәйден Жолдасбаевтың айтуын­ша, көп­теген обалар мен орта­ға­сырлық қала­лар­дың үсті көрші жатқан ауылдардағы қаза болған адам­дардың зираттарына айна­­лып кеткен. Өйткені кезінде оны бақы­лаған ешкім болған жоқ. Соның сал­да­рынан қастерлі орын­дар зиратқа айналды. Бұл жерде қарапайым халыққа ешқандай өкпе артуға болмас. Олар сол кезең­де тари­хи жәді­герлердің бағасына жете алмай жүрді.

Сәйден ЖОЛДАСБАЕВ, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Археология ғылыми-зерттеу орталығының директоры:

– Мен ұзақ жылдан бері Сығанақ қаласын зерттеп жүрмін. Сонда жаңа­ғыдай көріністі байқадым. Яғни талай ғасырлар бойы басты ордаға айналған қаланың үстінде зираттар көбейіп кеткен екен. Менің зерттеу жүргізгеніме биыл тұп-тура 10 жылдан асып отыр. Содан бері республикалық және жер­гілікті басылымдарға бірнеше мақала жарияладым. Зираттың басына аты-жөні жазылған адамдардың туған-туыс­қандарын тауып алып, басқа жақ­қа қайта жерлеуін сұрадық. Кейбір адамдар түсінді. Соның нәтижесінде 30-ға жуық зиратты өзге орындарға көшірдік. Біздің айтқанымызға құлақ асқан азаматтарға алғыстан басқа айта­рымыз жоқ. Зерттеу кезінде қала­ның ортасындағы орталық мешіттің, қаланың солтүстік-батыс жағындағы төрт бөлмелі Ерзен хан кесенесінің, шығыс қақпасының алдындағы Һиса­мид­дин мен Хусамиддин ғұла­малардың кесенесінің кірпіштерін толық алып кеткені көрініп тұр. Жер­гілікті қариялар бұл жағдайдың өткен ғасырдың 30-жылдарында орын алғанын айтады. 1927 жылы бұл қалада белгілі археолог Александр Якубовский болған екен. Сол сапа­рында бұзылып жатқан мешітті суретке түсіріп алыпты. Аталмыш дүниені журналға шығарған нұсқасын тауып алдық. Сол ғалымның жазуы бойынша мешіттің қамыс, жыңғыл шығып кеткен орнын таптық. Онда қазба жұмысын жүргіздік. Құланды жерді аршып алдық. Жалпы, аталмыш ғимаратты алғаш зерттеп, оның жобасын сызып қалдыр­ған В.Каллаур екен. Қазба жұмысы ол ғалымның жобасын толықтай анық­тады. Ал Якубовскийдің суреті бойын­ша ескерткіштерді қайта жөндеу ұжы­мы ғимаратты қайта қалпына келтіріп жатыр.

Археолог ғалымдар обалардың бұзылу жағдайы осыдан 30-40 жылдай бұрын кеңінен өріс алғанын тілге тиек етеді. Өкінішке қарай, сол кезеңде оларға тәйт деген азамат кездесе қойған жоқ екен. Түрлі себептермен осындай жағдайға түскен обалар тағдыры ешкімді ойландыра қоймаған. Тіпті сондай жағдай әлі де кездесіп қалады екен. С.Жолдасбаевтың Сығанақ қаласын зерттеп келе жатқанына 10 жылдан асса да, содан бері жергілікті басшылардың оларға назар аудара қоймағанын жасырған жоқ. Үстіміздегі жылы Сыр өңірінің әкімі қызметінің тізгінін қолға ұстаған Қырымбек Көшербаев өзінің мәдени мұраға қамқорлығын нақты дәлелдей түсті. Соның нәтижесінде қазір Сығанақ қаласы аумағында ашық аспан астындағы мұражай жасау ойластырылып отыр. Бүгінгі таңда өңірде облыс әкімі жанындағы ғылыми-әдістемелік кеңес құрылып, сол бағытта нақты жұмыстар басталып кетті. Десе де, әлі де қолға ала­тын істер аз емес. Өйткені облыс аумағында мұндай көне орындар саны өте көп. Олар­дың барлығын түгендеп шығу қаншама уақытқа созылады. Оның сыртында қомақты қаржы қажет екені белгілі.

Кейбір ғалымдар дария бойында 1000-нан астам мәдени мұраның бар екенін айтады. Айтса айтқандай, олардың санын санап шығу да мүмкін болмай тұр. Соның салдарынан кейбір көне шаһарлар көзден таса қалып, желдің өтімен, жауын­ның суымен шөгіп барады. Оны жергілікті жұртшылық та байқап жүргенге ұқсайды.

Әлтай ҚОЖАҒҰЛҰЛЫ, Жаңақорған ауда­ны, Келінтөбе ауылының тұрғыны:

– Бала кезімізде Құмиян шаһары бұл бір-бірімен жалғасып, төрт­бұ­рыш­ты, биік болып тұратын. Жылдан-жылға аласарып барады. Бұл қаланың тарихта аты бар. Өкінішке қарай, заты жоқ секілді. Осылайша қала жойылып бара­ды. Жергілікті халық аузындағы әңгімеге қарағанда, шаһар Шыңғыс хан шапқыншылығынан кейін құлды­ра­ған.

Біз үшін әрбір мұраның орны ерекше. Өзгенің алдында еңсеміз тік болсын десек, оған енжарлық танытпайық. Өкініштісі, сол қалалардың барлығына зерттеу жұмыстары осыдан қаншама жылдай бұрын жүргізілген. Тәуелсіздік алған жыл­дардан бері олардың көбі қараусыз қалып тұр. Күні ертең олар жойылып жат­са, қан­шама құпия сол күйінше ашыл­май қалуы да кәдік. Осы жағын ойланып көрелікші…


Әділжан ҮМБЕТ,

Қызылорда облысы,

«Алаш айнасы».

 

Пікірлер