Хабиба ЕЛЕБЕКОВА, ҚР еңбек сіңірген артисі:«Жүсекеңнің жылағанын көрдім, «елге сәлем айт» – деп үзіліп кетті…»

2529
Adyrna.kz Telegram

Ғасыр-ғұмыр иесі Хабиба Елебекова есімі мұқым қазаққа мәшһүр.Бар өмірін Жүсіпбек Елебековтей ән алыбының айнымас адал жары, ұрпағының ардақты анасы болуға арнаған апамыздың өнер саласында салып кеткен сара жолы да тағылымды. Өнерімен ғана емес, өмірімен де ұлылықтың биік үлгісін паш етіп келе жатқан ғасыр тағылымындағы ғибратты ғұмыр иесі бүгін 96 жасқа толып отыр. Осы мерейлі күнге орай апайдың шаңырағына арнайы барып, хал-жағдайын біліп, құттықтап шыққан болатынбыз. Әдемі қартаюдың айшықты өнегесін көрсеткен кемеңгер қарияның бізге шерткен сыры да әсерлі өрбіді. Талғамы терең, парасатты пайымды сахна саңлағының әуелгі әңгімесі кіндік қаны тамған туған жеріне деген сағыныштан басталды.

– Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында өмірге келдім. Кімге болсын туған жер деген ыстық қой. Кезінде жас болдық, туған ел, жер дегендерге аса көп көңіл бөле бермедік. Қартайған шағында адам жершіл болып ала ма? Елін аңсай ма? Кім білсін? Қасиетті Қарқаралымды, туған топырағым­ды сағындым. Қалған ғұмырымдағы жалғыз тілегім – елге барып, жастық шағымның тәтті елестерімен қауышып, ата-бабамның аруағына құран бағыштап қайтсам, арманым жоқ, – дейді.

Иә, Қарқаралысы қалай ыстық болмасын?! Кіндік қаны тамғаны, қыз болып бой жеткені өз алдына, үні кетпес құлақтан деп жырлайтын сүйген жары, айнымас серігі Жүсіпбегімен ең алғаш дәл осы жерде табыспап па еді?!

– Бiз отбасында төрт қыз едiк. Менен үлкен апайым Дәлила қазақ қыздарынан шыққан ең алғашқы әртiстердiң бiрi болды. Әкемiз қыз баласының бұйығы, жасқан­шақ болып өсуiне қарсы болатын. Қайта, керi­сiнше, көпшіліктің ортасына өзiмен бiрге ала жүрiп, ән салғызып, ұялып-қы­сылмауын талап ететiн. Мысалы, мені кіш­кентай күнімнен бастап жиын-тойларға, әр түрлі ас берулерге бірге ертіп жүрді. Ал­ғашында маған мұның ешбірі титтей де қызық болмайтын. Бірақ уақыт өте келе әкемнің бұл әрекетінің «ел көрсін, жер көрсін» деген игі тілектен туған көрегендігі екендігін түсіндім, әрі кейінгі өмір жолыма да, жазған кітап­тарыма да ғұмырлық азық болды.
1934 жылы Қарқаралы округ болып құрылды. Соған байланысты театр ашып, алғашқылардың бiрi болып аталмыш өнер ордасына 17 жасымда әртiстiкке қабылдан­дым. Міне, сол кезде сахнадағы ең алғашқы ойыным Қалибек Қуанышбаевқа ұнап қалыпты. Менiң Жүсiпбектi көз тоқтатып бiрiншi көруiм де осында болды. Спектакльден соң Қаллеки менi өзiне шақырып алып, жағдайыммен танысты. Сол тұста бiздiң жанымызға Жүсекең де келе қалды. Әңгiме салған жерден басталды.
– Шырағым, Жүсiпбек әлі салт басты жүр. Әйел таба алмағандығы емес, бар мә­селе – дәл бiз ойлағандай аяулы адам, ке­лісті келіннің кездеспей жүргендігі. Кейде мұның ұнатқаны менiң сынымнан өте алмай қала­ды. «Осы дұрыс-ау» деген менiң ойымды бұл құптай қоймайды. Сонымен бiраз уақыт өтiп кеткен жайы бар, ендi екеу­мiз де бiрдей сенiң басыңа тоқтадық. Жүсiпбекке өмiрлiк жолдас болсаң деп отырмын. Тiптi оған ке­лiс­песең де, сенi Ал­матыға ала кетiп, театрға орналастырсам деймін. Ертең Баян­ауылға жүремiз, қайтар жолда алып кетемiз, дайын отыр, – дедi. Сөйтiп, мен 1935 жылы Қар­қаралыдан Алматыға келіп, Қаллекидiң ша­ңырағына келiн болып түстiм. Содан берi осы ортадамын.

Ғұмырының соңына дейін тату-тәтті бір шаңырақтың астында тұрып, арыстай азаматтың алтындай басын ардақ тұтып келген апамыз, бүгінге дейін Жүсіпбек ағамыздың ошағының отын сөндірмей, маздатуда. Дариға, Ақан, Біржан, Естайдай есімдері де әнге айналған асылдардың атын иеленген балаларын тәрбиелей жүріп, сахнаның да сан сынағын қайыспай көтерді.

– Әрине, отбасы мен жұмысты қатар алып жүру, әсіресе, өнер адамдары үшін тіпті оңай емес. Біздің заман қиын әрі қызық еді ғой. Бала туылғаннан соң 57 күн ғана демалыс береді. Одан кейін қалай өсір­сең, олай өсір, жұмыстары жоқ. Амалсыз балаларымызды әлі шақалақ болғанына қарамастан, үйге тастап, жұмысқа шыға­тынбыз. Мәселен, тұңғышымыз Дариға дәл соғыс уақытымен тұспа-тұс – 1942 жылы өмірге келді. Соғыс кезі, жағдай қиын, үй суық. Содан бір күні жұмысқа бара жатып, кеудесіне түйенің жүнінен тоқылған кеудешені кигізіп, қызымды ішікке орап отырғызып кеттім. Қайтып келсем, әлі жүре алмайтын төрт айлық сәби үйдің суықты­ғынан жылап-жылап, шаршап ұйықтап қалыпты. Кіші дәреті аяғына өтіп, аяғымен қоса бақай­ларын да домбықтырып, қы­зартып жібер­ген екен. Осындай қиындық­тардың бар­лығына төзіп, жұмыстан да бір күн қал­майтынбыз. Ал, қазір бала өмірге келгеннен кейін үш жыл демалыс беретін көрінеді. Ол уақытта екі айға да толмайтын демалысқа қанағат ететінбіз. Әрі тұрмыс та қиын. Жұмыстан келе салып отын-су әкеліп, пеш жағатынмын. Соның бәрін көріп жүріп балаларымызды ер жеткіздік. Қазіргі жас­тар­дың арманы жоқ.

Осындай қауырт жұмыспен қарбаласа жүріп, жаны нәзік, жүрегі жұмсақ, жан баласын өкпелетіп көрмеген әннің еркесі Жүсекеңін де аса сезімталдықпен сыйлап, аялап бағалай білді. Ардақты азаматының сенімді сырласы болумен қатар, өнер жолындағы әділ сыншысына да айналған еді. Музыка майталманы жайында естелікпен бөліспекке әңгімесін бастаған апамыздың демінен асыл жарға деген ұлы сағыныш пен шексіз құрметтің лебі сезілді.

– Жүсекең әншілігімен қатар, жаны да кіршіксіз, таза адам еді. Өмірінде бір адамға титтей де жамандық жасап көрмеді. Елдің қандай екендігіне әні арқылы-ақ баға беруге болады.

Жүсекең – әнімен қазақтың қазақ­тығын танытып кеткен әнші. 1934 жылы бірінші рет Мәскеуге бірнеше әншіні әнін таспаға жазып алуға шақырады. Құрамында Күләш, Манарбек, Ұлықпан дейтін күйші, Жүсекең – бас-аяғы 4-5 адам Мәскеуге барады. Сонда Мұхтар Әуезов Жүсекеңді көптеген атақты адамдардың ортасына ертіп апарып, ән шырқатқан екен. Мұқаңның ондағы мақсаты – өзге ұлт өкілдерінің «қазақтың әнін білсін, қадіріне жетсін, түсінсін» деген терең түсінігі болатын. Жүсекеңе ән салғызып, өзі аудармасын айтып, түсіндіріп беріп отырыпты. Сөйтіп, қазақтың әнімен жиналғандарды тамсан­дырған екен. Түн ортасына дейін өнер көрсетіп, қайтып келе жатқан Жүсіпбекке Мұқаң: «Әй, Жүсіпбек, есіңде болсын, сен жай әнші емессің. Әнді адам ойланып, қастерлеп айту керек. Ән арқылы елінің қандай екенін білуге болады» – дегені бар. Жүсекең шамасы келгенше солай өтті өмірден.

Елін, жерін жанындай жақсы кө­ретін. Халқы да оны төбесіне көтере ардақ­тады. Тек өзі ғана емес, аса жақсы көретін шәкірттерінің бірегейі Жәнібек Кәрменовті үнемі жанынан тастамай, алып жүретін. Сонда Жәнібек айтып отыратын: «Тәте, концерттерден түнделетіп жол жүр­генде көзім ілініп бара жатса, оятып алып, ұйықтатпауға тырысатын. «Неге?» десем: – Ұйықтама, көр мына жерлерді! Осы жер арқылы ертең әнің жетеді. Жерді, оның әрбір тасын сезініп айтсаң, сонда оның қадір-қасиеті артады», – деп үнемі айтып отырады екен. Міне, ән деп келген жүрек, ән деп өтті де өмірден… Жүсекең елін шексіз сүйетін. Өмірінде бірінші және соңғы рет жылаған көз жасы да осы туған жерге деген махаббаттың құ­діретінен ытқып шыққан еді жанарынан. Ақырғы жылағаны – ауруханада жатқанда елден келіп, көңілін сұрай бар­ған жер­лесіне: «елге сәлем айт» деген­дегі көңілінің босағаны. Одан басқа жылап көрген емес.
Жүсіпбек атаның керемет әншілігімен қатар аса сымбатты, сері адам болғанын да естеліктерден білеміз. Сіздің де көркіңізге көз тояды. Үнемі халықтың алдында жүрген қос бірдей әртіс бір-бірін қызғанбай, қалай тату-тәтті өмір кешті? – деген сауалымызға кемеңгер қария:

– Енді, әрине, сүйсең қызғанасың ғой. Бірақ, мен жарыма сендім. Жүсекең де ма­ған шексіз сенім танытты. Мәселен, Сұл­тан Қожықовтың қойшының өмірі жайын­дағы киносына түсу барысында төрт ай бойы далада жүрдік. Сол кезде құмды жер іздеп, Түркіменстанмен шектесетін шека­раның маңайына келіп, шекарашылар тұратын екі үйді түсірілім біткенше тұрақ еттік. Бірінші үйде отбасымен келген ерлі-зайыпты әртістер жатса, екінші үйде кіш­кентай төсекте мен және ауыз үйінде түсі­рілімге қатысатын күллі ер адам түнейтін. Бастығы – Сұлтан. Кілең еркектің ортасында жалғыз өзім бір айдан аса уақыт тұрдым. Сонда маған бір адам бір ауыз сөз айтып көрмепті. Жүрген жерімде мені өте қатты сыйлайтын еді. «Хабеке, Хабеке» дегеннен басқаға бата алмайды. Мұндай кездерде де Жүсекең менің өнеріме түсініс­тікпен қа­райтын, сенетін. Соның арқасы да болар, отбасы­мыздың мызғымас ынтыма­ғын сақ­тай алғанымыз. Және тағы бір айтарым: « Әйел болып тудың ба? Әйел болып өл! Әйел сұлулықты тілейді. Кез келген ер адам әйелі әдемі болып отырса, сол әсемдіктен рахаттанады. Әйел өзінің сұлу болғанын қандай қаласа, азамат ол сұлулықты бірне­ше есе артық тілейді. Сондықтан әйел болып өмірге келдің екен, әйелдің сұлулығын сақтауға тиістісің!» – деп бөлісті өмірлік тәжірибесімен.
– Шыны керек, атақ-абыройдың жолында кейбір адамдар, әсіресе, әйелдер қауымы арын да, абыройын да сатып жібе­ріп жатады. Ер адам кіммен көңіл қосса, соған шамасы келгенше жақсылық істейді ғой. Ал, бізді ондай жолға түсуге ар-намыс деген жібер­меді. Сондықтан да шығар, «Еңбек сіңірген әртіс» деген жалғыз атақпен қалғанымыз. Оған еш өкінбеймін. Елім Халық әртістерінен кем сыйламайды. Құ­дайға шүкір, соған тәуба. Нағыз өнер адамына көрерменінің ыстық ықыласынан артық атақ, абырой, қошемет жоқ екен.

Егер қаласа, кезінде есімі ел ауызында жүрген Жүсекеңнің бір ауыз сөзі-ақ бар атақ абыройға кенелтер еді. Бірақ, арлы жан ондайға бармады, шекпенділерге жалпақтап, жалынбады да. Бар өнерін көптің талқы-таразысына салды. Нәтижесінде еңбегі де еленді, өнер алдындағы арына да дақ түсірмеді.

– Өлмейтін адам жоқ. Менің арманым – атақ емес, тілегім – өлгеннен кейін соңымнан жаман сөздің ермегені. Барлық мұратым – осы ғана. Ешкім о дүниеге атақты да, бай­лықты да алып кетпейтін көрінеді. Барлығы қалады екен. «Бала үшін сөйттім» деудің де қажеті жоқ. Баласы ақылды болса, өз күнін өзі көреді, ал, ақымақ болса, миллиард ақшаң болса да түкке тұрмайды.

Басы сайран, сұм жалғанның соңы ойран. 
Адам өмірі - Тағдыр ойыны. Біл де ойлан! 
Есіл жастық ескен желдей гуілдеп,
Әлі-ақ кетер жүректен - от, күш - бойдан.
Көздің нұры кеміп, жақтар суалар,
Сүмбіл қара шаш селдіреп қуарар.
Ет таралып, сүйек қалып саудырап,
Тамырыңнан сасық сары су ағар...

Алланың берген 96 жасын сүрсе де, сыны да, сыры да кетпеген апамыз Мағжан ақынның 37 өлеңін осылай жатқа оқып берді. Және жәй ғана емес, бойындағы өнер адамына тән талғампаздықпен, шынайы образға кіріп, аса бір шабытпен жырлағанын көріп отырып, тәнті болмасқа шараңыз жоқ.

– Апаларыңның бір жақсы жері – менің оқыған нәрсем ішімде жазылып қалады. Қалай екенін білмеймін, оқыған, көрген дүниелерімнің барлығы ұмытылмай көке­йімде мәңгілікке жатталып, санамда сайрап жатады, оны ешуақытта ұмытпай­мын. Бұл зеректік бойымда бала күнімнен бар. Бала кезімде «ертегі айт, жыр оқы», – деп әкеме маза бермейтінмін. Біздің үй толған қисса-дастан болатын. Бір күні әкем кітап ұсынып: «мынаны өзің оқып шық!» – деді. Бірақ, әлі әріп танымайтын болған­дықтан, әкем оқуды өзі үйрете бастады. Үй­реткенде де әліпбиді: «а», «б», «д» деп ретімен емес, әр сөздегі әріптерді ретсіз түрде алып, соны сөздің айтылуы бойынша түсіндіріп, жаттатты. Әрине, олай қаріп тану мүмкін емес қой. Алайда, өзімнің зеректігімнің арқасында оқуды да жетік меңгеріп, аз уақыттың ішінде қисса-дас­тандарды зуылдата оқитын дәре­жеге жет­тім. Мен біл­мейтін жыр болмайтын-ды. Шағатай тілін де жетік меңгердім. Шаға­тайша қиссаларды оқығаным өз алдына, оны бірден қазақ тіліне қоса аударып отыратынмын. Жасым­ның ұлғаюына байланысты тез шаршап қалатындығым болмаса, дастан­дардың бір­азын күні бүгінге дейін жатқа айта аламын. Әр нәрсенің сөзін ойлап, оған терең мән беру керек. Біздің ән­шілердің бір жаманы – сөзіне мағына бер­мейді де, әннің тек әуенін, нотасын айтып жүре береді. Мысалы, Біржан салдың, Жаяу Мұсаның ішкі мұңынан туған әндерін кейбір әншілер қуанып, көңілді қылып айтады. Әуеннің тағдырын түсінбейді. Әрбір әннің өз қайғысы, өз қуанышы бар емес пе? Сөздің мәніне тереңнен бойламағаннан кейін де небір керемет әндердің өз құдіретін жо­ғалтып, қабыл­данбай жатқандығы. Со­ған байланысты сөзі қандай болса, соған сай дауыс мәнерін де лайықтау керек. Сөзді тү­сініп, жеткізіп сөйлеу, жеткізгенде де астарымен айшықтай білу өнерін меңгеру қа­жет. Оның да киесі болады.

Абай өлеңдерінің де бірнешеуін жатқа айтып отырған әртістің айрықша ықыласпен оқыған:

«Бәр жерде бірге жүрсең басың қосып,
Біріңнің - бірің сөйле сөзің тосып,
Біріңді - бірің ғиззат, құрмет етіс,
Тұрғандай бейне қорқып, жаның шошып», – деген өлеңі өмірлік ұранына айналғандай. Ғибрат пен тағылымға толы әңгіме барысында ғасыр-ғұмыр иесі Абайдың атақты «Сегіз аяқ» әнінің түпнұсқалық түрін ыңылдап отырып өзінің орындауында айтып берді. «Абайдың нағыз әні – осы. Мен мұны сонау жас күнімнен білемін. Ал қазіргі телініп жүрген ән – ол Шәкәрімнің  «Он екі аяқ» деген туындысы» – деп санамызға сіңіре нықтай түсіндіріп, жас ұрпақ жадына өткен күндер тасасында қалған жаңа бір жауһардың жарқын жолын ашып бергендей көкірегімізге кемеңгерліктің шұғылалы шуағын төкті. Халқымыздың бір ғасырға жуық уақыт аралығында басынан өткерген небір алмағайып заманаларының тірі куәгерінің тарих қатпарларынан шерткен толғаныстары да аса тағылымды-ақ.

– Міне, менің театр сахнасында қызмет еткеніме биыл 78 жыл толды. Сонда Қали­бек Қуанышбаев деген үлкен адам болды. Адамдық тұрғыдан да, жас шамасынан да. Сол Қаллекилердің жасы небары 42-лерде болса да, біз үшін дана адамымыз сияқты көрінетін. Ол ағалардың алдынан кесе көл­денең өтпейтінбіз. Олар да біздің көзімізше басы артық бір ауыз қалжың сөз айтпайды. Үлкенді – үлкен, кішіні – кіші деп сыйлай білу­ші едік. Өмір өзгереді, кетеді. Қазір театр да өзгеріп кеткен. Кезіндегі ағадан – ініге, қарындасқа берілетін сұңғыла сыйлас­тықтың сарқыты да қалмағандай. Әрине, өз театрымды өзім жамандағым келмейді. Бірақ, азаматтардың өнердегі тектілігін сақ­тау былай тұрсын, театрды қолымен құрған сол адамдарды бүгінде көбісі жөнді білмейді де… Есімдерін тиіп-қашып атаға­нымен, қазақ руханияты үшін істеп кеткен жарқын істерінен мүлдем бейхабар. Ал олардың еңбегі қандай ерен еді?! Мысалы, 1926 жылы Қызылордада театр құрылып, 1928 жылы осы Алматыға келген екен. Онда Алматыда ештеңе жоқ. Жапырайып жат­қан жаман үйлерден өзге, кино көрсетіп, қойылым сахналайтын бірде-бір мәдени ошақ болмаған. Сонда олар ойынды қайда қоятындарын білмей, заттарын арқалап, әр жерге бір сүйретіп жүрген. Ашаршылық жылдарында да қажымай, халықты өнер­мен сусындатқан. Өгіз арбамен жүріп, өнер­лерін паш еткен. Қарағым, қайталап айтамын, олардың еңбегі деген ерен болатын. Дәл сол 1931-32 жылдары бір жағынан ашаршылық алқымнан алса, бір жағынан елдің бәрі Қытайға көшіп кетіп жатты ғой. Соны тоқтатамыз деп жаңадан құрылған жалғыз ғана театр не істерін білмей, еліміз­дің бар аймағына барып, өнерлерін көрсе­тіп, жанұшыра қызмет етті. Жүсіпбек Елебеков, Рамазан Елебаев, Камал Қармысов, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақовтар жаяу жүрсе де, халықтың Қытайға барар жолына өнерлерімен тосқауыл болды. Ал сол кезде ел арасында бандылар көп болған. Елді тонап алып кетіп жататын. Міне, жо­ғарыда аты аталған азаматтар сондай қиын күндердің барлығын бастарынан өткізді. Ол уақытта ойын қоятын жер деген жоқ, спектакльдер қой қораның ішіне қойылады екен. Көрермен де көп емес, әр ауылда 4-5 үй ғана отырады. Бірде концерт беріп жат­қанда «ойбай, келіп қалды» – деп, қойы­лым көруге келген жұрт тұра қашып­ты. Сөйтсе, бандылар келіп, көрші ауылды тонап жатыр екен. Өнерге шын берілген арыстар өнер деп жүріп өліммен де бетпе-бет келіп, неше түрлі қиындықтарды көрген. Қазір мұны ешқайсысы білмейді, айтсаң сенбейді. Мені қапа қылатын осындай жайттар. Бәрі де бастыққа байланысты, әрине. Басшы көңіл бөліп, қай уақытта да өткенді айтып, хабардар етіп отыру керек. Өткенін білмей, болашақ өркендей алмайды.

Халқымыздың «жас ұлғайса да көңіл қартаймасын» дейтін тағылымды тәмсілін апамыз ғұмырлық қалтқысыз ұстаным етіп келеді. Көркем қартая білген әдемі әжей ғасыр-ғұмыр жасаса да, бойындағы әйел затына тән кербездіктен, актрисаға ғана жарасар парасатты паңдықтан титтей де ажырамапты. Оған дәлел - апамыздың сұлу да келісті келбеті, өнегемен өрілген өрісті өмір өрнегі.

– Досхан Жолжақсыновтың «Біржан сал» киносына 93 жасымда түстім. Мұны көрген әріптес бауыр-сіңлілерім: «Мұндай жаста ешкім киноға түскен емес. Жалғыз-ақ бір әртіс сексен екі жасында кішкентай бір рөлде ойнаса, ал, Хабиба апам киноға түсіп қана қоймай, атқа да мінді» деп риза болып, таңғалысып жатты. Содан екі жыл өтіп кеткеннен кейін, былтыр қыста киностудия­дан: «Хабиба апа, сізге сыйлық ақша бар» деп хабарласты. Кино түсіріліп бол­ған­нан кейінгі сараптау нәтижесінде сарапшылар ойынымды үздік деп таныған екен. Ме­ніңше, өнерде жаспен шектелу деген болмайды. Шамаң келсе, маңайың­д­а­ғы­ларға шаң қаптыр. Өнерге өкпе де, жал­ғандық та жүрмейді. Ал, өнер иесі – бұлақтың көзін­дей мөлдірлігін, сұ­лу­лы­ғын сақ­тай білуге тиіс. Мен әлі күнге дейін осы қағи­дадан қиыс кеткен жоқпын. Үй­дегі күтуші қы­зыма: «Маған әйбат көй­лектер кигіз» деп, бетіме аздап опа да жаққызамын (әде­мі жымиыспен күліп алды). Сұлулық әйел затына қай жаста да қажет.

Өнердің, өмірдің сан саласынан әсерлі сыр шерткен әз ананың әңгіме соңында халқына жолдар тілегін де білген едік.

– Хакім Абай: «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең – істің бәрі бос», – дейді. Қазақпы­сың, жік-жікке бөлінбей, барша қазақ бірге болып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруы керек. Қазақ бөлінді ме? Оңбайды. Өзімен өзі, бірін-бірі жек көрісіп, «мынау біздің ел, мынау біздікі», – деп алауызданар болса, Алаш өс­пейді, керісінше құриды. Ендеше еліміздің ынтымағы ырысты, бірлігі берекелі болсын дегім келеді. Сонда ғана халқымыз ғұмырлы болады. Мендегі бар тілек – осы.


Назерке ЖҰМАБАЙ.

Пікірлер