Қазір осындай алапат өрт шығатындай себеп өте көп

3526
Adyrna.kz Telegram

Қордайдағы ТЖ туралы ойымды айта кетсем деп едім. Ең алдымен қаза тапқандардың отбасына көңіл айтамын. Бұл орны толмас үлкен қайғы.

Енді осы оқиғаға тоқталайық.
Біріншіден, кез келген қақтығыс - кішкене жел тұрса болды, одан ары лауап, бой бермей кететін ормандағы өрт сияқты болады. Оған тағы кез келген нәрсе – сіріңке жаққаның да, мас болып төбелескенің де, қызды қызғанып төбелес шығарғаның да түрткі болуы мүмкін. Қоғамды жайлаған әділетсіздік, жемқорлық, қазақ ұлтының хұқы аяққа тапталып жатқаны секілді, бізде қазір осындай алапат өрт шығатындай себеп өте көп.

Екіншіден, қандай жағдай болмасын, ондай кезде телефонға түсіріп, әлгі видеоны туған-туыс, дос-жарандарына тарататын адамдар да көбейіп кетеді. Бұл дегенің арандату емес, қалыпты нәрсе.

Үшіншіден, кез келген қақтығыстың астарында ұлтаралық. экономикалық не басқа бір себептер жатады. Бірақ бәрі төбелеспен, адам өлімімен, мүлiк тонаумен аяқталады. Өйткені адам ондай кезде көптің жетегіне түсіп, ашу-ызаға ерік беріп қояды.

Сондықтан мына мәселелерге көңіл бөлу керек деп есептеймін.
1. Бәрін әділетті түрде шешіп, жергілікті биліктің өзіне шара қолдану керек.
2. Біреуді кінәлі етіп шығарып, әлеуметтік желілерді, ватсапты бұғаттауға тырыспау керек.
3. Халықттың әлеуметтік мәселесін шешу.
4. Қазақстан халқы Ассамблеясы Конституцияға өзгеріс енгізуге ұсыныс білдіргеннен басқа не бітіріп жүр? Ассамблеяның мүшелерін қуып жіберіп, оның орнына елімізде тұратын диаспоралардың қолынан іс келетін басшыларын әкеп тағайындау керек.

Сосын, ең басты ескеретін нәрсе! Саяси реформа жасамасақ, алда да осындай қақтығыс бола береді. Өткенде Қарағандыда да тура осылай болды. Бізді құтқаратын осы реформа. Әйтпесе, көшеміз қан сасып, мұндай қақтығыстан болашақта да көз ашпаймыз!

Ойланыңыздар!

Марғұлан СЕЙСЕНБАЙ

Пікірлер