Коронавирустан көз жұмғандар саны 500-ге жуықтады

2809
Adyrna.kz Telegram
Дронның көмегімен вирустан қорғау шараларын жүргізіп жүрген еріктілер. Қытай, Хэбэй провинциясы, 31 қаңтар 2020 жыл.

Қытайда коронавирустан көз жұмғандар саны 490-ға жетті және 24 324 адамнан вирус табылған. Соңғы бір тәулікте вирустан 65 адам өлген, олардың барлығы Хубей провинциясында тұрған. Желтоқсан айынан бері адам өлімі бойынша осыншалықты жоғары көрсеткіш тіркелмеген.

Миллиондаған Қытай азаматы үйлерінен шықпауға міндеттелді және олардың көбі Хубей провинциясында тұрады. Карантин шарасы 50 миллионнан астам адамды қамтыды. Қытайдан тыс елде 176 адамнан вирус табылған. Дәрігерлер вирустың адамнан адамға жұғатынын растады.

Ресей мен АҚШ және өзге бірқатар мемлекеттер өз азаматтарына Қытайға баруға тыйым салды және Қытайға ұшатын рейстерді тоқтатты.

Вирус Хубей провинциясының орталығы Уханьдағы теңіз өнімдері базарынан тараған деп айтылады. Кейбір ақпарат құралдарының жазуынша, базар 1 қаңтарда жабылғанға дейін онда теңіз өнімдері ғана емес, жарқанат, тауық, қоян мен жылан заңсыз саудаланып келген.

"Вирусты жұқтыру оқиғаларының 99 пайызы - Қытайда тіркелген. Қытайдан тыс елде 176 жағдай расталды. Жағдай ушығуы мүмкін. Бірақ біздің әрекет етуге мүмкіндігіміз бар" деді 4 ақпанда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Гебрейесус.

"Азаттық" радиосы

Пікірлер