Көркіне көрік беріп сәукелесі…

2966
Adyrna.kz Telegram

Қазақтың күні тойсыз өткен бе?!. Кейінгі жылдары қазақтың тойына өзінің әу бастағы қазақы реңі кіріп, ұлттық бояуы көрініп, көз қуантып жүр. Қалыңдықтың сәні бұрынғыдай ақ фатамен емес, сәукелемен бағаланатын күнге жеттік. Тәубе! Әйтсе де аракідік «әттеген-ай…» деп қалатын кезіміз де жоқ емес. Сән-салтанатқа жиылған бетте жанарымызбен қалыңдық пен күйеу жігітті іздей бастайтынымыз заңдылық. Оларды көруге құштарлығымызды көркемдікті көруге ынтықтығымыз деп түсінген жөн шығар. Кейде өзіміз іздеген көріктіні көріп, көзіміз тояды. Ал кейде «ұлттық киім кисек болды» деген қамсыздау көңілмен талғамсыз киінген жастарды көргенде жаның жабырқайды. Алайда бәріне бірдей жастарды жазғыру ойымызда жоқ. Бар гәп ұлттық киім үлгілерін ұсынатын жерлердегі қалта көтеретін бағадағы костюмдердің талғамсыздау тігілетінінде болып отыр. Ақырындап көз тіксеңіз, кез келген жерден қошқар мүйіз оюын ғана көресіз. Оның өзін абажадай етіп, тым ебедейсіз жапсыра салғандары кездеседі. Қала берді, етегі тым үлкен келеді. Кей қалыңдықтардың басына сәукеле киіп, көйлегін батыстық стильде киіп шығып, қойыртпақ дүние жасап жүргендерін де көрдік.

Басқаны қайдам, қазақ той киіміне ерекше көңіл бөлген. «Әкесі – күйеу, шешесі қалыңдық болмаған ба?» деп бізді мінейді. Ки! – деп аттанар жерде Абайға жаңағы күйеу киімінің бәрін кигізді» (М.Әуезов). Осы сөйлемнен-ақ қазақтың сән мен салтанатты қалай сүйгендігін сезуге болар. Қалыңдығын алуға баратын жас күйеу міндетті түрде «күйеу киімін» киюге тиіс. Алдынан шыққан жеңгелер мен жас қыз-келіншектер күйеуді киімінен танып алады. Сондықтан күйеу басқа жігіттерден салт бойынша ерекше киінеді. Бөркіне үкі тағып, қызыл шапан, биік өкше етік киеді. Рас, бүгінгі жі­гіттерімізге алқы­зыл шапан киіп, бұрынғының биік өкше етігін ки демесек те, жарасымды шапан киіп, үкілі бөрік кигенін құп көреміз. Сонда «киіт айырбасқа» ғана жарап, қадірін қашырып жүрген қазақы шапан да өз құндылығымен қайта қауышар ма еді? (Қала берді, биік өкше мен қызыл түсті көздеріне оғаш көретін жастарымыз егер ол Батыстан енген соңғы сәндегі жаңалық болса, бірден қабылдарына еш күмәніміз жоқ). Ол аздай, бүгінгі қазақ тойларында қалыңдығы әдемі ұлттық үлгідегі көйлек киіп, ал күйеу жігіттің қап-қара смокинг немесе мойнына галстук не көбелек таққан костюмін іліп шығатыны да көзге қораш көрініп жүр.

Ал сәукеленің жөні тіптен бөлек. Бүгінгінің сәукелелері сәнсіздеу әрі шелек тәріздес формада әшекейі аз, тіпті кейде қазақ қасиетті санаған үкісіз кездесіп, көңіл құлазытатыны бар. Тіпті кей соңғы сәндегі сәукелелер сараң қолдан шыққандай әсер береді.

Қазақта қалыңдыққа сәукеле кигізудің орны бөлек. Себебі сәукеле әйел киімдерінің ішіндегі ең асылы ғана емес, оның жұбайлық өміріндегі елеулі кезінің естен кетпес ыстық сәті. Ол – бұлғақтап өскен оң жақтағы және ақ босаға аттар арасындағы қимас та қызықты кездің ескерткіші. Бұл аз болса, келіншекке сәукеле кигізудің өзі – бір ерекше салтанат. Түптеп келгенде, сәукеле – бас киім ғана емес, сән-салтанатының, салт-дәстүрінің мәдениеті мен шеберліктің озық үлгісі, өнер туындысы. «Алтынмен апталып, күміспен күптеліп» дегендей, ол інжу-маржан, гауһар, лағыл, жақұт сияқты асыл тастар тізбегімен әрленіп әшекейле­не­ді. Негізі, мақпал, барқыт сияқ­ты қымбат маталардан тігі­ліп, бұлғын, құндыз терілері­мен жиектеліп, оқамен оюланып, түрлі-түсті моншақтармен шашақталып, көркем жіптермен кестеленіп, алдыңғы жағы көзді тастармен қапталып, түрлі тағым, алтын, күміс теңгелермен безендіріледі, төбесіне үкі тағылады. Көрсе көздің жауын алатын осы бұйым тек келіншек сәні ғана емес, салтанаты мен құдалар беделін де көтере түсетін ерекше көрініс!

ХIХ ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген Кіші жүздің Байсақал атты байының қызының сәукелесін Кенесары ханның ағасы Саржан төре 500 байталға бағалаған (М.Ж.Көпеев). Рас, бар байлығыңды сәукелеге құй дегіміз келмейді. Алайда шебер қолдан шыққан, шынайы махаббатпен тігілген ортаңқол дүниенің өзі адамға ерекше әсер беретінін ескерсек екен. Яғни тарихи туын­дыларды тың зерттей отырып, ұлттық нақышты бүгінгі дизайн өнерінің биік деңгейімен ұштастыра отырып, тамсантып, таңдай қақтыратын тамаша туынды жасау отандық сәнгерлердің ортақ мақсаты болуы керек. Тіпті бұл орайда отандық дизайнерлер өзара бәйге ұйымдастырып, өзіндік озық үлгілерін ұсынса, құба-құп. Сонда елдің бәрі «Ерке-Нұрдың» жалғыз той көйлегіне жабыспай, таңдау бақытына қол жеткізер еді. Қалыңдықтар да көйлектерінің әртүрлілігімен, сән-салтанатымен, бай-бекзаттығымен бір-бірінен асып түсер еді.

Біз қалыңдық пен күйеу жігіттің той киімін сөз етіп отырмыз, ал тойшыл қауым қайда қалмақ? Ата-ене, аға-жеңге, апа-жезде, құда-жекжат, балдыз, құдаша… Әркім салтанатқа тойдағы туыстық һәм ағайындық образын ашар ұлттық костюмдерімен келуді үрдіске айналдырсақ ше? Кім біледі, үлгілі үрдіс тез тарап, үйімізге үт келер ме еді! Қазақ әу бастан әдемілікті ән етті, сұлулықты сөз етті. Жарасымдылықты жаны сүйді. Ендеше, көркемдікті сүйген кіршіксіз көңілге кірбің түсірмейік.


Динара ІЗТІЛЕУ,

«Ана тілі»

Пікірлер