«Қамбар батыр» – қазақ халқының қаһармандық жыры. Жырдың 19 нұсқасы бүгінгі ұрпаққа жетті. Жырдың басты тақырыбы – жер мен ел намысын қорғау. «Қамбар батыр» жыры батырдың есейіп, ел қамқорлығы болған тұсынан басталады. Негізгі кейіпкер оқиғаға араласпас бұрын Әзімбайдың қисапсыз мол байлығы, оның алты ұлы және сұлу қызы – Назымның сән-салтанаты марапатталады.
Онан соң қыз баланы есейгенше мәпелеп, күтіп еркелете өсіріп, ал үлкейген кезінде ескі заманның құдаласу сияқты қатаң заңына көндіре салатын әдет-ғұрыпқа қайшы бір оқиға баяндалады. Ол – Әзімбайдың өз қызына жар болатын кісіні Назымның өзіне таңдатуы. Тоғыз қабат торқадан қынама қамзол киген Назымның толқыған көңілі кереметтей әсерлі беріледі. Алтын тұғыр үстінде ақ тұйғындай еріккен қыздың көркем сәулесі көпке түседі. Тотықұстай түрленген Назым қыз қаракөк жорғаға күймелі арбаны жеккізіп, сайран құрады. Ерте туған бағыландай болып уызына жарыған Назымның толықсыған тұсында «Қасқа мен жайсаң, бектердің» біріне де назар аудармауы жыр оқиғасын қоюлата түседі. Міне, осы арада ғана тойға келмеген Қамбар есімі бірінші рет аталады. Қамбар ата-анасы мен ауыл жұртының бар сенгені жалғыз өзі екендігін жолбарыспен айқасқанда да, Назым құрған өрмектен өтерде де, Назымның шақыру сөзінен кейін кері қайрылғанда да қайталап айтып отырады. «Тоқсан үйлі тобырды» асырап отырған аңшы, саятшы кедей жігіт елден асқан бай қызына тең емеспін деп ойлайды. Бір жаман келіп малы көп, Алып кетсе айырып. Қайғыменен басылар, Ат басындай жүрегім, – дейтін Қамбардың сөзі – бұған дәлел. Кейін Назыммен сөйлесіп қалғанын көріп қалып, қыздың ағалары – Қораз, Дораз, Қарымсақ, Қабыршақтар Қамбарды кемітіп, намысына тиеді. Алайда батырдың азаматтық, адамгершілік қасиеттері көзге түседі. Эпостағы үйлену сарынының бөлекшелігі – батырдың сынаққа қатыспауы, танысуға алғашқы қадам мен басқосу ниетіне қыз тарапынан ғана әрекеттердің жасалуы шынайы баяндалады. Назым тарапынан өзіне деген ықылас-көңілді сезінгенімен, Қамбар оған құлай кетпейді. Қайта неғұрлым одан бойын аулақ ұстаудың түрлі жолдарын табады. «Осыған көңілім бөлініп, ұмытып кетсем жұртымды, Құдайдың мені ұрғаны», – дейтін батырдың ойына қарап Қамбардың ел-жұрт қамын бірінші орынға қоятындығын бірден байқауға болады. Әңгіменің негізгі түйіні қалмақ ханының Назым қызды тартып аламын деп келген тұсында шиеленісе түседі. Әзімбайды жүдетіп, Сансыз қолды түнетіп, Жерімнің шүйін қашырып, Берекесін кетіріп, Күйеумін деп Назымға, Шынтақтайсың мамықты, Аяғыңды көсіліп, – деп Қараманға келіп Қамбардың уәж айтуы, жекпе-жекке шақыруында үлкен мән жатыр. Сұлу Назымды зорлықпен алмақ болған қалмақ ханы тыныш елге шабуыл жасағанда Әзімбай Қамбарды көмекке шақырады. «Қойға кірді бір бөрі, бөріктіре қырады, талай қалмақ сұлады», – дейтін жолдар ел үшін Қамбардың әзір екендігін аңғартады. Жаудың қалың нөкерінің қызыл қанын жосылтып ағызады. Бай да мінді бір атқа, Жоқ та мінді бір атқа, – деп басталатын жыр жолдарынан Қамбар батыр жауын жеңіп, жақынын жат жерліктен азат еткен тұстағы мамыражай өмір, байы мен кедейі мүдделес, шат-шадыман тұрмыс көрсетіледі. Бұл орайда жырдың көркемдік кестесінде айрықша теңеулердің алатын орны ерекше. Батырдың сенімді серігі ретінде тұлпары былайша суреттеледі: Мойның алтын таяқтай, Қамыстай екі құлағың, Төрт аяғың қазықтай, Төңкерген кесе тұяғың, Сұлулығың сүмбідей. Қамбардың қара қасқа аты бұдан кейін ұшқан құстан озатын ерекше жүйрік, алыс жолға алқынбай жететін қайратты болып бейнеленеді. Осы орайда қара қасқа аттың шабысы шамадан тыс көтермелей суреттеледі. Астындағы бедеуі, Суытуы түскен соң, Құйындай шаңы бұрқырап, Ұшқан құспен жарысты. Атқан оқтай зырқырап, Қылады жақын алысты. Сонымен қоса батырдың тілегін, дұшпанның пиғылын сезетін қасиеті де бар болып шығады. Қысылтаяң тұстарда «тіл бітіп» сөйлеп, ақыл-кеңес те бере алатындығымен ерекшеленеді. Ал батырдың өз басына қатысты «аш бөрідей жалтақтап, нар бурадай алысты», «жолбарыстай ширығып», т.б. метафоралы теңеулер қолданылады. Батырлық жырларға тән кейіпкерлердің көңіл-күй сәттерін, ішкі буырқанған толғаныс иірімдерін білдіретін диалог, монологтар айтарлықтай көркемдік жүк көтеріп тұр. Мәселен, Назым мен Қамбардың, Қамбар мен Қараманның, Келмембет пен Әзімбайдың тіл қатысулары арқылы образдардың мінездемесі толық танылады. Қалмақ ханы Қараман бейнесі баламалау әдісімен тікелей сұңқарға, құмай жүйрік тазыға, ал Назым – көлдегі үйрек, қазға, алтайы қызыл түлкіге ұқсастырады. Жырдағы дәстүрлі құдалық салтына қатысты рәміздік ұғымдардың әртүрлі формалары да көңіл аударарлық. Мәселен, күйеуді «алтын сұңқарға», қалыңдықты «қазға балап», сұңқарға ілдіру арқылы құда түсуді тұспалдау – көне замандардағы мифтік түсініктермен тамырлас. Тағы бірде «қалыңдық – қызыл түлкі», «күйеу – жүйрік тазы» немесе қалыңдық – піскен түйнек, күйеу – өткір кездік түсініктері көркемдік образдарға нақты мысал бола алады. Әсіресе, батырдың ерлігі мен Назым сұлудың келбетін мадақтаған тұста ұлғайту (гипербола) мен әсірелеу (гротеск) де мол орын алады. Жырда «Түске дейін ілгені, төбедей болып қалады» деп Қамбардың аңшылық қасиетін дәріптесе, енді бірде жолбарыспен алысқан сәтін «Қырық қадам жерден асырды» деп жүректілігін, қолының қуаттылығын әсірелей сипаттайды. Тіптен аң-құс атаулының мергеннің атының сыбдырын естіген бойда қашып, жасырынады деген жолдар да бар. Жауын әшкерелеп, жағымсыз образын шегіне жеткізе шебер бейнелеудің озық үлгісі – Келмембеттің сатиралық портреті. «Құлағы кесіліп, құнтиған», «мұрны кесіліп шұнтиған», «мойыны қыл ішектей қуарып», «тоқпақтай басы сымпиған», «көзі қояндай бадырайып», «беті бүйректей бұлтиып», «екі танауы қазылған індей үңірейген» жанның кескін-келбетіне істеген ісі үйлесе кетеді. Өйткені қалмақ ханының жандайшаптарының бірі Келмембет – ел арасын бүлдіріп жүретін, алайда өзінен күштінің алдында құрдай жорғалайтын ұнамсыз адам. Қалмақты қырып-жойып, қанын шашып болып, ақ ордада Қамбар демалып отырған кезде Назым келіп: «Жаным құрбан, көзіме көрінбейді сіздей бір жан», – деп өзінің ынтықтығын білдіреді. Дүние-боқтың аздығын, Қайратты жігіт елей ме?! Сақа қылған бар ма екен, Қорғасын құйып кенейге, Жаны бар кісі қонаққа, Қыз шақырса келмей ме?! – дейтін ақылды, өжет, сұлу Назымның көңілі қашан да Қамбарда. Жауды жеңген қуаныштың үстінде Әзімбай қызы Назымды Қамбарға қосады. «Күмістен керегесі, уығы – алтын, Оңаша сегіз қанат тікті үйді Қосылып екі асылзат ойнап-күлді, Отырып Мұқыш молда неке қиды. Кедейдің жалғыз атты заманы деп, Дұшпанның даладағы іші күйді». Той салтанатының ғажап көріністері де, жақсылықты көре алмайтындардың іштарлығы да көркем тілмен баяндалады. Қыз Назым шықты бұраңдап, Он сегіз толған жасына. Қыз Назым шықты басына, Салдырып биік мұнара, Қыз Назым шықты бұраңдап, Кәмшат бөрік келісіп, Бриллиант қойды басына. Назым қыздың сұлулығы, байлығы тойға жиналғандарды айтарлықтай тәнті етеді. Жырда Назымның ажар-көркі он төртінші айдай, ашылған гүлдей, кірсіз қағаздай деген теңеулермен сипатталады. «Қамбар батырда» жырланатын оқиғалар өте ертедегі өмірден елес береді. Осыған байланысты жыр тілінде өмір тіршілігіне, тұрмыс-салтқа, әдет-ғұрыпқа қатысты бұрын пайдаланылып келген, қазір қолданылмайтын пешене, медет, күрзі, дулыға, алмас тая, шері, хадиса сияқты сөздер кездеседі.
Нұрлан ҚҰМАР,
"Ана тілі"