Дию

4591
Adyrna.kz Telegram

Қазақтың жері қандай кең болса, оның жан әлемі, рухы, дүниетанымы, парасаты мен пайымы, қиялы мен наным-сенімі де сондай байтақ, қатпарлы, қа­зыналы, өрісті, өрнекті. Өзгелер түсіне алмайтын, түсінуге ықылас танытқанымен түйсіне де, тұшына да алмайтын, ал өзіміз жан-жүрегімізбен сезінгені­мізбен басқаларға ұқтырып айтып, ақтарып жазып бере алмайтын бір құпия тылсым әлем бар. Ол – ұлттық мифология. Қазақ мифоло­гия­сының қабат-қатпары, жықпыл-жынысы, қалтарыс-бұлтарысы тіпті қою. Төмендегі зерттеулер топтамасы сол түйінді тар­қатуға деген ұмтылыс еді…

ДИЮ (ДӘУ) – қиял-ғажайып ертегінің кейіпкері. Диюды кейде қазақ ертегілерінде дәу деп те атайды, демек бұл дәу (тау) деген ұғыммен тіндес. Дию ежелгі үнді-европа халықтары мифологиясында құдай бейнесінде суреттеледі. Мәселен, бұл сөз «daіva» (түптөркіні dіu – «жарық беру, сәуле түсіру», «ас­пан») деген түбірден туындаған. Кейіннен, нақтырақ айт­қанда б.з.б. ғасырда иран патшасы Ксерокс диюға қарсы үкім шығарып, Ахурамазда (Заратуштра) культін халыққа дәріптейді. Сол себептен де «Шахнамада» парсы батыры Рүстем диюға қарсы күресуші қаһарман ретінде сомдалады. Осындай өзгерістердің салдарынан дәудің жағымсыз тұлғасы қалыптасады да, біртіндеп парсы тілінде «dіv (دیو) – жын-шайтан, қаскөй күш, құбыжық, нақұрыс» деген мағынаға ие болады. Тәжіктерде «сафед–дәу», яғни ақ дәу мейі­рімді, ал қара дәу қаскөй күш.

Қазақта дәу ертекте кездеседі, ол алып денелі, жалғыз көзді, кейде екі басты, үсті түкті құбыжық кей­пінде, демек оның бойында хаостың қалдығы бар. Ол ертегіде әйелдерді ұрлайды, оны зорлықпен ие­леніп отырады, иен таудың үңгірінде өмір сүреді, адамның етін жейді, қара күштің иесі, аңғал, сонымен бiрге адамға жат әрекетке баратын қатігез кейіпкер. Кейде өзінен әлдеқайда әлсіз кейіпкерге алданып, оның қызметшісіне айналады. Мысалы, Қаңбақ шал диюмен сайысып, оны өзіне бағынышты етеді. Қазақ ертегілерінде немесе түсінігінде дию соншалықты қаскөй күш ретінде суреттеле де бермейді. Ал, оның, негізінен, пайда болған өңірі деп табылатын парсыларда дию – керісінше зұлымдықтың иесі.

Тәжіктердің ұғымында қара дәу – қаскөй күш, ол адамдарды жадылап, ақ жолдан тайдырады. Сол себептен де тәжік бақсылары дәуге қарсы әрекет ететін магиялық шаралар өткізеді. Ал, қазаққа мұндай ұғым тән емес, бақсы сарынында «дәу-перім» деген рух-ие керісінше жебеуші күш ретінде көрініс табады.

Әлбетте, дәу бақсы сарынында да кездесетін кейіпкер. Мысалы:

Айналайын дәулерім,

Айналайын беклерім…

Қазан басты қара дәу,

Жын-шайтанға жау пері…

Бәрекелді беклерім,

Тартшы бермен дәулерім.

Қазақ мифологиясында Дәу-пері деген бейне де бар. Ол – бақсы сарынында кездесетін рух-ие. Бұл – дәу және пері деген екі кейіпкердің атының бірігуінен туған ұғым. Осы екі кейіпкер қосарланып бақсы сарынында кездеседі:

Тау жайлаған дәу пері,

Өтіріктен сау пері.

Кеттің қайда жоғалып,

Қара сақалың қау пері…

Жын үлкені Дәу перім,

Жын ішінде бір серім.

Шамандық мифологияда дәулер Көрқаптан келетіндігі, түрі сұсты, айбатты екендігі, тіпті олардан бақсының өзі қорқатындығы айтылады:

Сықырлар дәу келгенде оның іші,

Жүзінде қаны қалмас, қашып түсі.

Келгенде үлкен жындар солқылдайды,

Қорқады айбатынан үлкен-кіші…

Етеді зияндасты ұндай талқан,

Үстіне киер сауыт, болат қалқан.

Басынған жын біткенді қоймаймын деп,

Қолына алып келер шынжыр арқан.

Дәу-пері тұлғасы басқадай түрік халықтарында да бар. Мәселен, Қазан татарлары мен башқұрттарда «дию-пері» демонологиялық кейіпкер болып саналады. Олардың түсінігінде дию-пері жер астында, терең судың түбінде өмір сүреді, адамдарды есін адастырып ұрлап әкетеді, үйленеді, кейде үйіне қонақ етеді, ас береді. Дию-пері әртүрлі пішінде болады, негізінен адам келбетті, олар дастарқан жайғанда «бисмиллә» деп қалсаң, ұсынған тамағының бәрі жылқының құмалағына айналады да, өздері зым-зия жоғалып кетеді-мыс. Сонымен бірге башқұрт мифологиясында дию-пері желдің иесі, адам секілді тіршілік етеді-мыс. Башқұрт халқындағы «Кузы-Курпес, Маян-Хылу» эпосында тағы бір дию-пері деген жаны берік мақұлық кездеседі, оның тек қана өкшесін жаралап өлтіруге болатын көрінеді.


Ақеділ ТОЙШАНҰЛЫ,

фольклортанушы,

филология ғылымдарының кандидаты.

 

Пікірлер