«Енді бала таппаймын»-көп балалы ана

4120
Adyrna.kz Telegram

Қазір біздің елде көп балалы аналардың проблемасы қоюланып тұр. Былтырдан бері Үкімет әр баласына 21 мың теңге төлеп көп балалы аналардың көңілін аулағандай болып еді. Енді биыл жаңа жәрдемақы төлеу тетігі іске қосылып,  жәрдемақы көлемі біршамаға азайып қалды.

Оған себеп 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақыны табысына қарамай төлеуді ұсынды. Бұл үшін көпбалалы отбасыларды атаулы әлеуметтік көмек алатындардың қатарынан шығару қажет екен.  «Біз көпбалалы аналардың мәртебесін көтеріп, әл-ауқатын жақсартуды көздеп отырмыз. Мемлекеттік жәрдемақының жаңа түрі 42 500 теңгеден 73  370 теңгеге дейін сараланған мөлшерде тағайындалады», – деді Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.

Есептесек, бұған дейін елде төрт баласы бар ана әр балаға 21 мың теңгеден есептегенде 84,000 теңгеден асырып жәрдемақы алып жүрсе, ендігі кезекте төрт балалы ана 42,500 теңге алатын болып отыр. Бұған көңілі толмайтын бірқатар аналар наразылығын білдіріп те жатыр. Солардың бірі Алматы облысы,  Қарасай ауданының тұрғыны Бақытжамал Күлдерова «жәрдемақымыз екі есеге азаятын болды. Жетпейтін тірлік. Төрт балаға шындап келгенде 100 мың теңге де жетпейді. Енді бала таппаймын. Несін жасырамыз, шындап келгенде біздің алатын жәрдемақы баланың жаялығына да жетпейді » дейді ашынып.

Ал осы аралықта Ресей елінде аналарға берілетін бірреттік «Ана капиталы» 2020 жыдан бастап өсірілетін болды. Бұған дейін Ресейде екінші баланы әкелгенде ғана ана капиталы берілетін болса, енді бірінші баланы әкелген сәттен бастап Ресей "Ана капиталын" тағайындайтын болды.  Ресейдегі әйелдердің үкіметінен алатын бірреттік «ана капиталы» 453026 рубль болса, бұл сома 2020 жылы 470241 рубль болып өсетін болды. (Теңгеге шағып көрсеңіз қомақты сома)

Сол тәрізді Жапония үкіметі де «Бала капиталын» 2020 жылдан бастап өсіретіндіктерін мәлім етті. Енді 2020 жылдан бастап жапондардың екінші баланы өмірге әкелген аналары ай сайын жәрдемақы ретінде 500 евро жалақы алып отыратын болды.

Ресей елі 2020 жылы зейнетақы қорынан жағдайы төмен аналардың әлеуметтік жағдайын шешу мақсатында тағы да  қаржы бөлетін болды. Бұған дейін көрші ел аналарының жоқ-жітігін түгендеу мақсатында зейнетақы қорынан 2017 жылы 312 млрд рубль, 2018 жылы 325 млрд рубль бөлген болатын.

Экономист-сарапшы Дәурен Арынның айтуынша, қазір көп балалы аналарды мемлекеттік субсидиямен қамту өзекті болып отыр. Сарапшы маман бұл ретте бірқатар елдердің тәжірибесін мысал етті. Тағы сол, көрші Ресейде, Өзбекстанда, Қырғызстанда банктердің мұндай бағытта жұмыс істейтін арнайы бөлімдері де бар көрінеді. «Көрші Ресейді мысалға алсақ, Ресейдің Орталық банкі 2017 жылдан бері көп балалы аналарын субсидиямен қамту арқылы, аналарды шағын бизнеске тарту, олардың кәсіпкерлік білімін жетілдіру, агробизнесті өркендетуіне үлес қосу дейсіз бе, толып жатқан мүмкіндіктер ұсынып отыр. Осыған орай Ресейде қазір көп балалы аналардың 60 пайыздан астамы ауылдық аймақтарда өз бизнесін жүргізуге машықтанып алған.  Бұған қоса Ресейде 3 баласы бар аналарға Мәскеуден үй алу үшін 6,1 %-бен арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Осылай арзан несие беру арқылы олар көп балалы аналарды баспанемен қамту жағын жүйелі жолға қойып алды. Сол тәрізді 6,2 %-бен ауылдық аймақтарда бизнес жүргізіп, баспана алу үшін де арзан субсидиялар беріледі. Көрші елдің көп балалы аналарының жартысынан көбі осы ауылдық-аймаққа орнығып бизнес жүргізу жобасын қатты қолдап отыр. Осыған қарап Қазақстанға да нақты-нақты шараларды қарастыру керектігін пайымдайсың. Олай етпесек, біз көп балалы аналардың еңсесін тіктей алмаймыз. Жалпы, анаға жағдай жасай ол болашаққа жағдай жасау керекекенін ұмытпау керек. Егер қазақ әйелі ұрпақ көбейтсін десек, бірінші кезекте оның әлеуметтік жағдайын дұрыстаған жөн», - деді экономист-сарапшы Дәурен Арын

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ, 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер