Тұсау кесу

3698
Adyrna.kz Telegram

Тұсауыңды кесейін,
Күрмеуіңді шешейін
(Тұсаукесер жыры)

Сәбиді қаз тұрғаннан кейін тез жүріп кетсін деген тілекпен жасалатын ғұрып, ырым. Ол үшін арнайы ала жіп дайындалады. Сол жіппен баланың аяғын кәдімгідей тұсап оны аяғын жылдам басатын әйелге қидырады. Сүріншек, жайбасар адамдарға кестірмейді. Тұсауы кесілген баланы қолынан ұстап тез жүгіртеді, шашу шашылады. Баланың ата – анасы тұсау кесушінің кәдесін береді. Тұсаукесердің арнаулы жыры бар.

Мысалы:

Қаз – қаз балам, қаз балам,

Қадам бассаң мәз болам.

Күрмеуіңді шешейік,

Тұсауыңды кесейік.

Қаз - қаз балам, қаз балам,

Тақымыңды жаз балам!

Қадамыңа қарайық,

Басқаныңды санайық.

Қаз - қаз балам, жүре ғой,

Балтырыңды түре ғой.

Майқұлын боп шаба ғой,

Озып бәйге ала ғой.

Қаз бола ғой қарағым,

Құтты болсын қадамың!

Өмірге аяқ баса бер!

Асулардан аса бер!

Жүгіре ғой құлыным,

Желбіресін тұлымың.

Елгезек бол ерінбе!

Ілгері бас шегінбе!

Ала жіпті алайық,

Әжеңе алып барайық.

Ер жетті деп айтайық,

Шашуын жеп қайтайық!

Тұсау кесердің жібін дайындаудың бірнеше түрлері, жолдары, сенімдері де бар.

Көбейіп, көгере берсін деп көк шөптен есіп жасайды. Бай болсын деп малдың тоқ ішегінен де өреді.

Адал болсын, біреудің ала жібін аттамасын деп ала жіптен де жасайды.


Тұсау кесер жырының өлеңі мен нотасы "Қазақтың әдет-ғұрып тұрмыс-салт әндері" кітабының 281-ші бетінен алынды.

Алматы, Ы.Алтынсарин атындағы Қазақтың білім академиясының Республикалық баспа кабинеті, 2001 ж, 298 б.

ISBN 9965-08-012-7  

Авторлары: Қ. Байқадамова, А. Темірбекова.

Пікір жазғандар: Б. Қарақұлов - Өнертану ғылымдарының докторы.

                         З. Қоспақов - Өнертану ғылымдарының кандидаты.

Баспаға Ы. Алтынсарин атындағы Қазақтың білім академиясының ғылыми кеңесі ұсынған.


 

 

 

Пікірлер