Бүгін бір мезетте екі жаңалық елді елең еткізді. Екеуі де Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Нүрғалиұлына қатысты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Астана LRT» қылмыстық ісі бойынша Астана қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбековке іздеу жарияланғанын мәлімдеді. Сұлтанбековке қатысты қызық жайт көп, ол туралы сәл кейінірек.
Қазір айтпағымыз басқа жайт. Ақпарат көзінің хабарлауынша, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жедел-тергеу тобы Атырау облыстық мемлекеттік кіріс департаменті басшысының орынбасары Г.Досмағамбетованы және кіріс департаменті аудит басқармасының басшысы А.Абдрахмановты ұстаған. Олардың мекен-жайына, жұмыс орнына тінту жүргізген. Бұған қоса, Атырау облыстық кіріс департаменті басшысының орынбасары Құрманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетовті тергеуге әкелген. Қазір жедел-тергеу шаралары әлі жүріп жатыр. Жемқорлық бойынша қылмыстық іс қозғалғаны да белгілі болды. Иманғали Тасмағамбетовтің туған бауырына қатысты басқа дерек әзірге қолымызда жоқ. Егер оны тергеушінің кабинетіне әкелген болса, ол қылмыстық іс бойынша «қорғануға құқығы бар куәгер» болуы мүмкін. Бұл не деген сөз? Қорғануға құқығы бар куәгер мен күдіктінің арасы – бір-ақ қадам.
Құрманғали Тасмағамбетов туралы дерек аса көп емес. Ол 1959 жылы 12 маусымда Гурьев облысы, Махамбет ауданында туған. 1984 жылы Гурьев педагогикалық институтын, 2001 жылы Атырау мұнай-газ институтын бітірген. Еңбек өтілін Махамбет ауданында мектепаралық оқу-өндірістік комбинатында бастаған (1986-1988). Махамбет сырттай-кешкі мектебінің директоры (1988-1991); Махамбет оқу-өндірістік комбинатының шебері (1991-1992); «МұнайТрединг» өкілі (1997); энергоресурсты бақылау бөлімінің басшысы, Атырау облыстық ТШ басшысының орынбасары (1998-2002); Атырау облыстық кедендік бақылау департаментінің басшысы (06.2002-012008); Ақтөбе облыстық кедендік бақылау департаменті басшысы (01.2008-01.2010); Атырау облыстық кедендік бақылау департаментінің басшысы (01.2010-2014); Маңғыстау облыстық кедендік бақылау департаменті басшысының орынбасары (11.2014-05.2019). Биылғы жылдың мамыр айында Атырау облысына қайта келіп, мемкіріс департаменті басшысының орынбасы болып тағайындалған.
Енді Қанат Сұлтанбеков туралы. Ел оны Иманғали Тасмағамбетовтің командасындағы шенді ретінде біледі. 2017 жылы оны басқа қылмыстық іс бойынша қамаған. «Қазақстан инжиниринг» компаниясымен әріптес болған кәсіпкерлердің арызымен компанияның сол тұстағы басшысы Қанат Сұлтанбековтің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Сұлтанбеков соның алдында ғана қызмет ауыстырып, астана әкімінің орынбасары болып тағайындалған-ды.
2017 жылдың 23 ақпаны күні таңертең Сұлтанбековтің мың шаршы метрден астам атшаптырым пәтерінде тінту басталып, ертеңіне түскі сағат үштің шамасында әзер біткенін білеміз.
Ақпарат көзінің мәлімдеуінше, тінту кезінде бұрынғы шендінің пәтерінен 1 миллиард теңгеден астам қаржы табылған. Мұнымен қоса, аса қымбат сағаттардың бос қорабы да шыққан...
Қанат Сұлтанбековті компания басшысының орынбасары қызметінен ұсталардан аз уақыт бұрын ғана босатып үлгергені де назар аударатын жайт.
Қ.Сұлтанбеков туралы не білеміз? Ол 1976 жылы 1 ақпанда Алматы қаласында туған. Архитектура және құрылыс академиясын «инженер-құрылысшы» мамандығы бойынша бітірген. Кейінірек білімін шетелде жалғастырған.
1994-2000 жылдары «Алматықалақұрылыс» көпсалалы акционерлік қоғамында түрлі қызметтер атқарды. 2000-2001 жылдары ОКИОК концорциумында жоба инженері болды. 2001-2004 жылдары «Алматықалақұрылыс» АҚ-да бас инженер, департамент директоры, бас директордың орынбасары болды. Айтпақшы, бұл компания әкесі Таңатар Сұлтанбековке тиесілі.
Көп ұзамай Қанат Сұлтанбеков мемлекеттік қызметке келді. 2004-2007 жылдары Алматы қалалық әкімдігінде түрлі қызметтер атқарды. Ол кезде Алматының әкімі иманғали Тасмағамбетов еді. Одан кейін Астана қаласы транспорт басқармасының басшысы болып тағайындалды. 2015 жылы «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясына басшылық қызметке келгенге дейін Астана қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
Сұлтанбековке қатысты іс тұп-тура бір жыл тексерілді. Қылмыстық істі Қазақстан әскери сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы қарап, таңғаларлық шешім шығарды: «Қазақстан инжиниринг» компаниясы басшысының орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен оның тағы бір сыбайласы Гиля Смолинскиге айыппұл салды. Әдетте тым қатал әскери сот осылайша иіп сала берді.
Сұлтанбеков мемлекетке 2 миллиард теңге қайтаруға міндеттелді. Ол айыппұлды бірнеше күнде-ақ төлеп тастады. Бірақ сол жолы осы іс бойынша бірнеше адам ауыр жаза арқалап кете барған. Олар – ҚР Қорғаныс министрлігі әскери өкілдік орталығының басшысы Мұхтар Қарабеков, «Казлегпром-Алматы» ЖШС директоры Айбек Бектұрғанов, Қорғаныс министрлігі орталық қоймасының басшысы Әрсен Төлемісов, «Уральскагрореммаш» АҚ президенті Гимран Бисенов, 14776 әскери бөлімінің полковнигі Қанат Байқадамов, «Қазақстан авиациялық индустриясы» ЖШС басшысының орынбасары Мәлік Сыздықов, министрлікке қарасты №10 әскери өкілдік басшысы Мбэрэкрэхим Габдул-Кабиров.
Енді міне, Сұлтанбековті «Астана ЛРТ» ісі бойынша интерпол іздеп жатыр. Сұлтанбеков және компанияның бұрынғы директоры Талғат Ардан біраз уақыттан бері шетелде тұрады. Байқауымызша, оларды әлі ұзақ іздейтін сияқты. Істі жылы жауып тастау немесе келісу енді мүмкін еместей. Өйткені бұл іс доңыз жылының ең дақпыртты ісі болуы әбден мүмкін. Мемлекет басшысы Тоқаевтың өзі ақша жымқырғандарға қарсы күресуге пәрмен беріп отыр.
Ұлттық бюро бір мезетте Иманғали Тасмағамбетовтің туған бауыры мен сенімді адамын тұқыртқанына қарағанда, негізгі нысана бұл екеуі емес екенін аңғаруға болады. Біздің елде мұндай кездейсоқтық ешқашан болған емес. Бұдан бірнеше күн бұрын Тасмағамбетовтің зейнет жасына толуына байланысты түрлі алыпқашпа ақпараттар мен оның кіші қажылықта жүрген фотосы жарияланғанын ескерсек, мұның арғы жағынан жақсы дайындалған жоспардың құлағы қылтиып тұрғанын байқауға болады.
Әзірге осы. Бірақ ең маңызды сұрақ мынау: дәл қазір Иманғали Тасмағамбетовтің басына қара бұлт үйіру кімге тиімді?
Дереккөзі: Nege.kz