Нұрсұлтан Назарбаев. Компартия хатшысынан «елбасына» дейінгі жолы

4827
Adyrna.kz Telegram
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев биыл алғаш рет «бірінші президент күнін» экс-президент статусында атап өтеді. Қазақстанды отыз жылдай үздіксіз басқарып келген ол биыл наурызда президенттіктен кеткенін жариялаған еді. Бірақ Назарбаев елдегі биліктің бір тармағын әлі уысында ұстап отыр. Назарбаев кім? Азаттық бұл сауалды экс-президентпен бірге қызметтес болған саясаткерге, құқық қорғаушыға, жазушы, тарихшы, саясаттанушы, жас белсендіге қойып, пікірлерін білді.

Евгений Жовтис, құқық қорғаушыНазарбаев біраз іс тындырды, бірақ ол «классикалық автократқа» айналды

Нұрсұлтан Назарбаевты «бұрынғы президент» деп атауға келмейді. Ол әлі президент, яғни Конституцияға сай бірінші президент болып отыр. «Нұр Отан» партиясының және Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, құрметті сенатор, Конституциялық кеңестің мәңгі мүшесі ретінде биліктің көп тетігін уысына ұстап алған.

Нұрсұлтан Назарбаев жиені Айсұлтанмен бірге сайлау учаскесінде тұр. Астана, 10 қаңтар 1999 жыл
Нұрсұлтан Назарбаев жиені Айсұлтанмен бірге сайлау учаскесінде тұр. Астана, 10 қаңтар 1999 жыл

Назарбаевтың саяси мұрасы қарама-қайшылыққа толы. Қазақ ССР Коммунистік партиясының бірінші хатшысы және КОКП орталық комитеті саяси бюро мүшесі ретінде Назарбаев алдында Совет одағы құлаған соң құрылған тәуелсіз елді басқару міндеті тұрды. Мұны көбі күтпеді, аса дайындалмады да, одақтың ыдырағанын қаламағандар да болды. Ел басқаруға келгенде білімі мен тәжірибесі аздау Назарбаевқа алғашында интуициясы, амалын табу инстинкті, тынбай оқуы, маңайында команда мен политтехнологтарды жинай білуі және советтік номенклатурада жинаған тәжірибесі көмектесті.

Егер объективті түрде бағаласақ, ол біраз іс тындырды. Шаруаға келгенде шорқақ мемлекеттік жүйе қалыптасса да, жоспарлы экономикадан жеке меншікке басымдық берілген ашық экономикаға өтті. Қазақстан халықаралық ұйымдардың мүшесі болды. Қытай, Ресей, Батыс және ислам әлеміндегі саяси-экономикалық ойындарға қарамастан ел территориясын сақтап келді. Бұл жетістіктің бәрін бірінші президенттің атымен байланыстыруға болар еді, алайда бірнеше «бірақ» бар. Нарықтық экономикаға жеке меншікті оңды-солды бөлу арқылы өттік. Советтік номенклатураны көрген бірінші хатшы мен оның айналасындағылар нарықтық экономикаға өтуден көп пайда көрді. Олар тез арада миллиардерлерге, мультимиллионерлерге, зауыт, фабрика, параходтардың, қаржы империясының, латифундистердің иесіне айналды. Бүкіл халыққа тиесілі байлық заңсыз жолмен жекелердің қолында кетті.

Назарбаевтың көзі қызығып, тоқтай алмай қалды. Түрлі манипуляция жасап, Конституцияны өзгертіп, билікте 30 жылдай отырып алды. Осыдан кейін ол классикалық автократқа айналды. Саяси оппозицияны, тәуелсіз БАҚ-ты, саяси-идеологиялық жан-жақтылықты қалағандарды жойды. Бұл Қазақстанды демократия мен еркіндігі тарылған, билік бөлісу жүйесі жоқ, саяси құқықтар мен азаматтардың еркіндігі жаппай бұзылатын елге айналдырды.

Сондықтан Назарбаев елді қалай басқарды дегенге баға беру қиын. Оның орнында басқа адам болғанда не істер едік деп ойлауымыз мүмкін. Бірақ болар іс болды, көп іс жүзеге аспады деп өкінерміз, көп іс көңілімізден шықпас және оның бәрін Назарбаев есімімен байланыстырармыз. Бірақ қазір халықта, бір адамның жеке басының тарихына қарамай, өзіне ыңғайлы саяси, экономикалық, құқықтық орта құрудан басқа амал қалған жоқ.

Хангелді Әбжанов, тарихшы, профессор: Назарбаевтың «әттеген-айлары» мен «жетістіктері»

Нұрсұлтан Назарбаевтың 50 жасқа жетпей-ақ советтік Қазақстанның, екі жылдан соң тәуелсіз Қазақстанның бірінші басшысы болуында кездейсоқтық жоқ. Табиғат берген таланты, үздіксіз оқу мен ізденіспен өзін интеллектуалды байытуы, адамдардың сұранысы мен көңіл ауанын дөп басып танудағы сергектігі, мемлекеттік шешім қабылдаудағы табандылығы мен жаңашылдығы халықтың Назарбаевқа сенімін бекемдеді. Назарбаев бейнесін «Елін сүйген, елі сүйген елбасы» формуласы дәлме-дәл ашып тұр. Әр істі бастау қиын. Қандай халықты алмаңыз, тәуелсіз мемлекетін құрған тұлғаны, егер миссиясын мінсіз атқара алса, айырықша ұлықтайды, есімін тарихқа алтын әріптермен жазады. Міне, осы тұрғыдан келгенде Назарбаев қазақ – халқының ұлы перзенті, Қазақстан тарихындағы ұлы тұлға. Мұндай тағдыр 100 жылда, әлде 1000 жылда бір-ақ рет, бір-ақ адамның маңдайына жазылады. Ол тәуелсіз мемлекетті құрушы ретінде тарихта қалады.

Нұрсұлтан Назарбаевтың 29 жылға созылған президенттік билігі тұтастай алғанда Қазақстанға пайдалы істермен көрінді. Оны қазір «Назарбаев моделі», «Назарбаев құбылысы» деп біз ғана емес, әлем танып отыр. Дегенмен «әттеген-айы» да бар. Ұлан-ғайыр билік иесі бола тұра, жемқорлықты ауыздықтай алмады. Жемқорлық қоғамды бұрын-соңды тарихымызда болмаған ауқымда жайлады. Қазақ тілі мемлекеттік мәртебесіне лайық деңгейге көтерілмеді. Жекешелендіру тым асығыс жүрді әрі стратегиялық маңызы бар экономика салалары шетел алпауыттарының қолына өтті. Пайдасынан зияны басым жойдасыз қымбат жобалар орындалды. Мәселен, «ЭКСПО 2017» көрмесі.

Бір елде бірінші басшы екеу болмауы керек. Қазақ «екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» деген сөзді бекер айтпаған. Президент қызметін өз еркімен тоқтатқаннан кейін мемлекетті басқару ісіне араласпағаны жөн. Халық бәрін көріп отыр. «Өзі құрған жүйеге, өзі көтерген жігіттерге сенбей ме?» деген сұрақты жиі естейміз. 30 жыл жинаған позитиві негативке айналып кетпесін деп тілейік.

Серікболсын Әбділдин, саясаткер, 1995 жылы таратылған Жоғарғы кеңестің төрағасы: «Отыз жылымыз босқа кетті»

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетке, халыққа көп жақсылық жасаған жоқ. Өз басына, өз атағына аянбай жұмыс істеді деп есептеймін. Оның биліктен айырылмай ұзақ жыл отырғаны мемлекеттің дамуына теріс әсер етті. Отыз жылымыз, әсіресе тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарымыз босқа кеткен жылдар деп есептеймін.

Ол басқарған кезде халықтың өсімі тоқтап қалды, экономика да мардымды дамымады. Дәлел келтірейін. Біріншіден, 1991 жылы Нұрсұлтан Назарбаев президент болғанда халық саны 17 миллион болатын. Шеттен келген оралмандарды қосқанда 18 миллионннан енді асып отырмыз.

Серікболсын Әбділдин (сол жақта бірінші) мен Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақтан санағанда үшінші тұр) ТМД құру туралы жиында. Алматы, 21 желтоқсан 1991 жыл.
Серікболсын Әбділдин (сол жақта бірінші) мен Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақтан санағанда үшінші тұр) ТМД құру туралы жиында. Алматы, 21 желтоқсан 1991 жыл.

Екіншіден, өндірісіміз 1990 жылдың деңгейіне жеткен жоқ. Әсіресе өңдеу өндірісі артта қалып келе жатыр. Сондықтан экономика өсті деп айта алмаймыз. Біз мұнай өнімін өсірдік, бірақ оның халыққа жақсылығы шамалы. Үшіншіден, Конституциямызға демократиялық ел боламыз деп жазғанбыз. Ол да орындалмады.

Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне емес, ісіне қарау керек. Ол қазір де биліктен сөз жүзінде ғана кетті, іс жүзінде сол қалпында отыр. Жиған байлығын сақтап қалу үшін, жауапкершілікке тартылмау үшін биліктен айырылмай отырғаны түсінікті.

Гүлжан Ерғалиева, журналист: «Назарбаев өз жүйесінің тұтқынына айналды»

Кез келген мемлекеттегі бірінші президенттің тарихы драма мен қайшылыққа толы – диалектика солай. Әсіресе, Қазақстанда солай. Қазақстанның болашағы сыртқа тәуелді, яғни ол – ресурстық экономика мен оның кепілі саналатын авторитарлы билік. Назарбаевтың өз жолымен жүруге тәжірибесі мен батылы жетпеді, ниеті де болған жоқ. Сыртқы әлем Назарбаевты біраз жыл экономика жағынан қолдап, ісіне араласпай оған елді тұрақты басқаруға мүмкіндік берді. Ол ірі трансұлттық корпорацияларға біздің ресурстарымызға оңай жол ашып, есесіне сыртқы ықтимал қауіптерден қорғауға қол жеткізіп, өзіне артылған міндеттерді жақсы атқарды. Мемлекет құрудың саяси құрылымның демократиялық моделі және нарықтық экономика деген басқа мүмкіндіктері де болды. Бірақ біздің үлесімізге бір-біріне сәйкес келмейтін, қайшылықты жүйелерге шырмалған феодалдық-советтік-капиталистік гибрид моделі тиді. Бізде феодалдық-кландық билік. Мемлекет пен қоғамның құрылымы советтік жүйеге келеді. Табыстарды бөлу капиталистік ережемен жүреді. Сондықтан біздің қандай ел екенімізді, дамудың қай бағытын ұстанатынымызды түсіну қиын.

Фотогалерея: Назарбаевтың биліктегі 30 жылы

Билікті үздіксіз ұзарту елдің, Назарбаевтың беделіне нұқсан келтірді. Бірінші президенттің 2005 жылға дейінгі бүкіл жетістігі өзіне қарсы шыға бастады. Назарбаев өз жүйесінің тұтқынына айналды. Енді оған өзі құрған жүйеден босап шығу қиынға соғып отыр. Ол қазір өзін Қазақстанды иығына көтеріп тұрған Атлант сияқты сезініп, «мен кетсем, бәрі құрдымға кетеді» деп ойлайтын болуы керек. Белгілі бір деңгейде бұл шындыққа жанасады. Өйткені мемлекеттік институттар әлсіз және өз алдына жұмыс істей алмайды, жемқорлық бойынша әлемде рекорд орнаттық. Басқарушы элитаның билік пен экономикаға тереңдеп енгені сонша, оларды бұл жүйеден алып шығу қиынға соғып отыр. Назарбаевтың отбасы да қиын жағдайда қалды. Олардың алдында «не билік, не елден қуылу» деген қиын таңдау, тең шарттарды қаламайтын инвесторлар мен шетелдік серіктестерге қаржылай тәуелділік, ескі ережемен өмір сүргісі келмейтін, төзімі таусылған халық тұр. Бұл – шынымен ауыр жауапкершілік. Бірінші президенттің физикалық және тарихи уақыты аяқталуға жақын. Нағыз елбасы, ұлт басшысы ретінде 30 жылдық билігі үшін жауапкершілік сезінсе, теориялық тұрғыда, оның шынайы билік транзитін жүргізуге, халық алдында өзіне тағылған барлық айып бойынша есеп беруге мүмкіндігі бар. Халық ерте ме, кеш пе, тарихымызға енетін Назарбаев дәуіріне өз бағасын береді. Ол тарих әлі толық жазылып біткен жоқ. Өйткені ол өмірбаянына қандай нүкте қоятынын әлі шешпеген сияқты.

Бексұлтан Нұржекеев, жазушы: «Алғашқы он жылдағы еңбектерін жоққа шығаруға болмайды»

Нұрсұлтан Назарбаевты президент болмай тұрған кезде, Теміртауда жұмыс істеп жүргенде көргем. «Жұлдыз» журналының тілшісі ретінде барып, Назарбаев көрсеткен еңбек адамы жайлы мақала жаздым. Мені әуежайға көлігімен шығарып салғаны есімде. Қолынан келген кішіпейілділігін жасады. Президент болғаннан кейін ақпарат құралдарының басшыларымен кездесуді дәстүрге айналдырды. Сонда бірнеше рет көрдім. Менің шамалауымда, Назарбаев мемлекеттің атрибуттарын орналастыруға үлкен еңбек сіңірді. Президент болғаннан кейінгі алғашқы он жылдағы жақсы еңбектерін жоққа шығаруға болмайды.

Назарбаевтың ширек ғасыр билігінің мемлекетке пайдасы да болды, зияны да болды. Қайсысы басым екенін білмеймін. Бірақ ауыл жағдайына көңіл кеш бөлінді, ауыл халқына жер әділ бөлінбеді деп есептеймін. Мал ұстайын десе мал бағатын жер жоқ. Жерді кім әкетті, оны ешкім білмейді. Қазақ тілі мемлекет тілінің дәрежесіне көтерілмеді. Латын әліпбиіне де дұрыс өтіп жатқан жоқ. Жоғарыдан түскен бұйрықты орындап, тілші ғалымдардың қолы байланып отыр. Назарбаевтың биліктен кеткеніне, өзгеріс болғанына қуанамын. Бірақ Қасым-Жомарт Тоқаевқа толық сену керек еді. Қазіргі әрекеттері сенімсіздік көрсеткендей біртүрлі көрінеді, сонысын түсініңкіремедім.

Петр Своик, экономист, саясаткер: Назарбаевтың Тоқаевқа қалдырған «мұрасы»

Сталин Ресейді соқамен қабылдап алып, өзінен кейін атом бомбасымен қалдырды. Ал Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ ССР-ін толықтай Совет одағының жүйесіне сүйенген көп кешенді өндіріспен қабылдап алып, президент Тоқаевқа Қазақстанды «шикізат экспорты – тауар импорты» принципіне сүйенген, үшінші елдермен сауда айналымы Еуразия экономикалық одақ аясындағы саудадан бес есе артық көпвекторлы экономикамен тапсырды. Екінші президентке Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың құрылтайшысы ретінде қалды. Ал бірінші президент Еуразиялық экономикалық одақтың құрметті төрағасы болып бекітілген.

Назарбаев Бірлік күні мерекесінде жүр. Алматы, 1 мамыр 2016 жыл.
Назарбаев Бірлік күні мерекесінде жүр. Алматы, 1 мамыр 2016 жыл.

Назарбаев басты тенденцияларға ілесіп, керек жерден табыла қалатын қабілетінің арқасында тарихи шеңберде ұзақ уақыт жүр. Қазақстан Совет одағынан ең соңғы болып шықты. Мемлекеттік тәуелсіздік туралы заң одақтас мемлекет тарағаннан кейін бір-ақ қабылданды. Ұлттық валютаға біз 1993 жылы күзде, Ресейдің одақтас республикалардан бөлінгенін дәлелдейтін рубльдің жазғы деноминациясынан кейін бір-ақ өттік. Соған қарамастан, Қазақстан басқа мемлекеттерге қарағанда нарыққа тез араласып үлгерді. Бізде колхоздар мен совхоздар тез тарады, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы ерте және радикалды реформадан өтті. Жиырма жыл бұрын Дүниежүзілік банктің ұсынысымен енгізілген зейнетақы жинақтау жүйесі мен қазіргі міндетті медициналық сақтандыруға көшуде рекорд орнаттық. «Шетелдік инвесторларға» кең құшақ жайдық: мұнайдың төрттен үш бөлігін Еуропа, АҚШ, Қытай мен Ресейдің компаниялары өндіреді, қара және түсті металл да шетелдіктердің қолында, уран шикізатының жартысына жуығын тағы да сырттан келген инвесторлар игеріп жатыр.

Бөріхан Нұрмұхамедов, саясаттанушы: Назарбаев — «тарихымыз» бен «өміріміз»

Қазақстандағы бірінші президент күні биыл отставкаға кеткен Нұрсұлтан Назарбаев туралы айту оңай шаруа емес. Біріншіден, Есенин айтқандай, «Бетпе-бет тұрған адамның жүзін анық көре алмайсың». Біз әлі де «осы шақта» өмір сүріп жатырмыз, ол әлі «өткенімізге» айналған жоқ. Өткенге баға беру әлдеқайда жеңіл. Екіншіден, Назарбаев билікте болған уақытта көп оқиға болып, қазақстандықтардың тұтас бір буыны өсіп-жетілді. Осы уақыт аралығында Қазақстанның бірінші президенті қандай болғанын бірнеше параққа сыйғызып, сипаттау мүмкін бе? Менің ойымша, бұл мүмкін емес.

Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы. 1992 жыл.
Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы. 1992 жыл.

Дегенмен Назарбаевтың президенттігіне бірнеше маңызды баға беруге болатын сияқты. Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихы бірінші президенттің есімімен байланысты. Заманауи мемлекеттің, демократиялық және саяси институттардың, қазақстандық дипломатияның құрылуы, шекараны анықтау және бекіту, астананы ауыстырып, жаңа қала салу, ұлттық валюта шығару, Қазақстанды халықаралық деңгейде мойындату – заманауи ұлттық мемлекетті сипаттайтын осы және өзге дүниелерді бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтан, оның осы процеске қосқан үлесінен бөліп қарауға болмайды. Оның әлемге «Қазақстанды», қазақстандықтарға «әлемді» ашқаны – президент қызметіндегі негізгі жетістігі болған сияқты. Ресей мен Қытайдың жоғарғы мемлекеттік наградалары, басқа да марапаттары – осының айқын дәлелі.

Біздің елімізде шешімі табылмаған мәселелер аз емес. Олардың біразы республиканың осыған дейінгі даму кезеңінен «мұраға» қалған. Бірақ менің ойымша, тұлғаға тарихи баға беруді электоралды бағалаудан ажырата білу керек. Нұрсұлтан Назарбаев – жыл өткен сайын бұрынғыдан да артық бағалай түсетін «тарихымыз» бен «өміріміз».

Димаш Әлжанов, «Oyan, Qazaqstan» қозғалысының белсендісі: «Біз зардабы көп мұрамен қалып отырмыз»

Жоғарғы кеңесті таратып, 1995 жылы Конституция қабылдау арқылы президент Нұрсұлтан Назарбаев өзіне саяси негіз қалыптастырып, ары қарай құзыретін кеңейтуге мүмкіндік алды. Ол құрған саяси жүйе билік бөлінісі принципін бұзып, заң шығарушы тармақты және сот билігін атқарушы билікке тәуелді етті.

Назарбаев ескерткішінің алдында отырған зейнеткер.
Назарбаев ескерткішінің алдында отырған зейнеткер.

Оппозицияны әлсіретіп, оларды жікке бөлу әдісін қолданып, сайлау ережесі мен заңдарын үнемі өзгертіп, Назарбаев өз билігін күшейтті. Парламентті әлсірету саясаты, сайлаудағы әділетсіздік және саяси қарсыластарды басып-жаншу қоғамға кері әсер етті. Демократияның саяси партиялар мен сайлау сияқты маңызды институттары елде сол күйі жұмыс істемей қалды.

Жүйе толықтай Назарбаевтың тұлғасына келіп тірелді. Қоғам кикілжіңсіз жүйені орнынан жылжытып немесе өзгертуге қауқарсыз. Сондықтан қазір балама әдістердің бәрі режимді радикалды жолмен өзгерту идеясының айналасында тоғысатыны – таңғаларлық жағдай емес. Бұл саяси және экономикалық тұрғыдан үлкен қауіп төндіреді. Қоғам болашақты айқын көріп, қажетін анықтау үшін неге сүйенерін білмейді.

Назарбаевтың бірінші экономика, кейін саясат деген концепциясынан нәтиже шықпады. Азаматтық және саяси құқықтар, өңірлердің өзін-өзі басқаруы жеке билік пен режим тұрақтылығының жолында құрбан болды. Біз саяси және экономикалық мәселелермен, Назарбаевтың зардабы көп мұрасымен және авторитарлы билікті сақтап қалуға тырысатындармен бірге қалдық. Сондықтан Назарбаевтың 30 жылдық басқаруынан кейін бізге тағы да бір автократ келуі ықтимал. Бұл Тоқаев, Дариға, әлде басқа біреу бола ма, ол маңызды емес.

Асылхан Мамашұлы

Қазис Тоғызбаев

 

 

 

"Азаттық" радиосы

Пікірлер