Book for life деген керемет жоба

236

Қала жастарының арасында түрлі акциялар мен қайырымдылық істері белсенді өткізіліп келеді. Осы бағытта Алматы қаласы әкімшілігінің қолдауымен құрылған «Еріктілер лигасы» жұмыс істейді. Әлеуметтік желілерде «Book for life» атты жобаның кең таралып жатқанын көрдік. Жоба авторы Алтынай Муликова игі шара жайында кеңінен тарқатып айтып берді.

-«Book for life»-тың идеясын жүзеге асыруға 6 ай уақыт кетті. Сіздерге түсінікті болуы үшін негізгі жұмыс барысын айтып берейін: біз кітаптарды жинап, арнайы қаптамаға орағаннан кейін сыртына шығарманың қысқаша мазмұнын жазамыз. Автор да, туындының аты да көрсетілмейді. Мұндағы басты мақсат- кітаптың бар қазынасы сырт көрінісіне байланысты емес екендігін жеткізу болды. Барлық кітап бірдей бағада, 700 теңгеден сатылымға шықты. Олардың арасында түрлі бағалы энциклопедиялар да, шетел, қазақ әдебиеті де, классика мен шытырман оқиғалар да, жалпы айтқанда, барлық жанрдағы кітаптар болды. Бұл қайырымдылық шарасы болғандықтан, кітаптарымыздың басым көпшілігі бұрын қолданыста болған, ұқыпты ұсталған. Бір қуантатыны: сатып алушылар мен кітап өткізушілердің дені- жастар. Яғни, осы жерде «жастар кітап оқымайды» деген қасаң қағиданың қате екенін көре аламыз.
Шарамыз «Azamat 3.0» бағдарламасының көмегімен жүзеге асып жатыр. Кітаптарды жинап, іріктеп, қаптап, мазмұнын жазуда «Еріктілер лигасы» көп көмек көрсетті. Алғашында қорқыныш болғаны жасырын емес. Қиындықтар да көп кездесті. Десе де, қазіргі таңда Алматы қаласындағы жоғарғы оқу орындарында, сауда орталығында кітап көрмесін ұйымдастырып үлгердік. Жоба аясында Шымкент қаласына барудың да сәті түсті. Алдағы уақытта республика көлеміне таралсақ деген ниет, жоспар бар.
Жоғарыда айтып өткендей, қалыңдығы мен құндылығына қарамастан, барлық кітабымыз 700 теңгеден сатылады. Жиналған қаржы онкологиялық ауруы бар балаларға көмек есебінде тиісті орынға беріледі.
Бұрыннан балаларға көмектескім келетін. Себебін қайдам, көзіме балалар жиі елестейді. Сондықтан да жобаның негізгі мақсаты- балаларға көмек көрсету болды.
Өзіңіз де түсініп тұрған боларсыз, онкологиялық ауруы бар бір ғана баланы емдетуге аса көп қаражат жұмсалады. Біздің шарамыз барлық балаларды қамтуға негізделгендіктен, онкоорталықтағы арнайы емдеу, ойын-сауық залына мән бергіміз келді. Расында, балақайлар үшін бұл таптырмас қуаныш, мүмкіндік.

-Сөз соңында оқырмандарымызға айтарыңыз бар ма?

- Жүректеріңіз ізгілікке толы болсын дегім келеді. Кітап оқиық, жақсылық жасайық. Шын мәнінде өзіміз қандай болсақ, айналамыз да соншалықты құлпырып тұрады ғой. Құлпырып жүре берулеріңізге тілекшімін.

Мадина Оқас

Пікірлер