Жамбылда 1046 азамат «Еңбек» бағдарламасымен микрокредит алды

3303
Adyrna.kz Telegram

Елімізде «Еңбек» бағдарламасы арқылы екң қолға бір күрек тапқан азаматтар жетерлік. Сондай-ақ Жамбыл облысының тұрғындары да аталған бағдарламаның игілігін көріп жатыр.

ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Жылқыбаев Жамбыл облысына жұмыс сапармен келіп, әлеуметтік салада атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Сондай-ақ вице-министр  Президенттің Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндіріп, мүгедектер мен жұмыссыздарға мемлекеттік қолдау шаралары туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

«Биыл мүмкіндігі шектеулі азаматтарға берілетін жәрдемақыға жалпы 315 миллиард теңге бөлінді. Жалпы бұл қаржы өткен жылға қарағанда 10 пайызға артық болып отырғанын айтып өткім келеді. Сондай-ақ, әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту, қызметтер мен оңалту құралдарының сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда әлеуметтік қызмет көрсету порталы енгізілетінін хабарлады» – деді ол.

Вице-министр Тараз қалалық Жұмыспен қамту орталығының қызметкерлерімен әңгімелесу барысында, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында гранттар мен микрокредиттер беру бойынша жұмысты жандандыруды ұсынды.

«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында көпбалалы және табысы аз отбасыларды кәсіпкерлікке белсенді түрде тартуды тапсырды. Ол үшін «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасында «Бизнес бастау» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан бастап, гранттар мен микрокредиттер беруге дейінгі барлық қажетті құралдар бар. Жамбыл облысында өз бизнес-жобаларын қорғаған 2 934 адамның 1 046-ы микрокредит алды. Жоспарланған 1 783 гранттың тек 1 314 немесе 73,7 пайызы ғана берілді. Жоспарланған көрсеткіштерге жету үшін оларды микрокредиттер мен гранттар беру бойынша жұмысты жандандыру қажет деп санаймын», – деді Ержан Жылқыбаев.

Министрдің бірінші орынбасары «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыру аясында микронесие алғаннан кейін өз бизнесін табысты дамытып отырған тараздықтармен кездесті. Ол тараздық әйелдердің белсенділігін айрықша айтып өтті.

«Таразда мемлекет ұсынатын мүмкіндіктерді пайдаланудың оңтайлы мысалдары бар. Мен әйелдердің белсенділігін атап өткім келеді, «Еңбек» бағдарламасына қатысушылардың бірі сұлулық салонын, екіншісі – ойын клубын, ал үшіншісі – тротуар тақталарын, қабырға блоктарын, жол жиектерін, қаптау материалдары өндірісін ашқан. Ең бастысы, бұл әйелдер өз отбасыларының материалдық жағдайын жақсартып қана қоймай, басқа адамдарды жұмыспен қамтып отыр», – деп атап өтті Жылқыбаев.

«АДЫРНА»

ұлттық порталы

 

Пікірлер