«Ән еді Біржан салған жаймашуақ»

3316
Adyrna.kz Telegram

«Адырна» этнографиялық бірлестігі мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бірлесіп ұйымдастыруымен Алматы қаласындағы Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында «Біржан деп атым шықты алты алашқа» атты кеш өтті. Кеште алғашқы болып сөйлеген академик, профессор Тұрсынбек Кәкішев:
– Біздің классикалық әншілерімізді жастар ұмыта бастаған кезде оны қайта жаңғыртып, кейінгі ұрпаққа, мына залда отырған студенттерге тағылым етіп, іс-шараны көтеріп отырған «Адырна» ұйымының бағыт-бағдары өте дұрыс-деп, өзінің алғысын білдірді. Сөз аяғында ұйымдастыру ұжымына «істеріңде нәтиже көп болсын» деген ақсақалдық батасын берді.Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай студенттер сарайында қазақтың біртума перзенті Біржан Қожағұлұлына арналған бұл кеште кереметтей әндері орындалып, өмірінен сыр шертілді.
Кейінде Біржанның шөбересі Марал Теміртасов Біржан салдың мұраларын қайта жандандырып, іс-шара өткізіп отырған ұйымға алғысы-тілегін айтты. Көкшетаулық жыршы-жырау Баянғали Әлімжановтың қызықты да, әсерлі әңгімесі халықты үйіріп алғандай болды.

Біржан салдың шығармашылығына тоқталып, тарихи фактілерді қозғап баяндама жасаған өнертанушы, дүлдүл әнші Ерлан Төлеутай болды. Сонымен дүйім жұрттың алдында дәстүрлі өнер өз көгінен көрініп, ең алғаш сахна айқара ашылған уақытта Қазақ ұлттық университетінің Фараби сазы оркестрінің орындауында Құрманғазының күйі «Балбырауын» өз кезегін алды. Оркестрдің көркемдік жетекшісі Болатқали Әмірхан. Кештің бір ерекшелігі Біржан салдың бұрын-соңды ел тыңдамаған, архивте қалған жаңа әндері өз тыңдарманына жол ашты. Еркін Шүкімәнов «Айтбай», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Жанбота», Досхан Одаманов «Ақтентек», Нариман Әбдірахманов «Ләйлім-шырақ», Сәуле Жанпейісова «Бурылтай», «Жонып алды», Ербол Біләлов «Мәті-дәулен», Саят Нұртазин «Адасқақ», Жасұлан Базарбеков «Жонып алды 2 түрі», «Қуандыққа», Ерлан Рысқали «Біржан сал – ақын», «Жамбас сипар», Талғат Әбілғазы «Сырғақты», Гүлшат Тәкежанова «Ғашығым», Ерлан Төлеутай «Ақсеркеш», «Он саусақ», Гүлсім Арысбаева «Жалғыз арша», «Ақжорғажан», Төлеутай Серіков «Мақпал қыз» және жоба авторы Жоламан Құжаманов «Мінезі жүйріктердің соқпа-соқпа», «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын», Жасұлан Сақаев «Керкекіл» атты Біржан салдың әндерін шеберлікпен айтып шықты. Өзім осы кеште "Бірлән" деген әнді орындадым.  Ерлан Төлеутайдың орындауындағы «Он саусақ» әні тыңдарманның көңілін бір серпілткені кеш ақсақалы Тұрсынбек Кәкішевтің оған өз шапанын шын көңілімен сыйлауынан көрінді. Әнді бақсыдай құйқылжытқан Ерлан Төлеутайдың өнері жастарға үлгі болса игі. Танымал әнші Тілеулес Құрманғалиевтің орындаған «Теміртас» әнінің әсерінен жасы үлкен аға-әпкелеріміздің көзіне жас үйірілді. Соңыра Рамазан Стамғазиевтің орындауындағы «Алқаракөк», «Он екі взвод», «Айбозым» әндері кештің сәнін одан әрмен қыздырып, қызықтыра түсті.
Кеш соңында Біржан салдың шөбересі, тікелей ұрпағы Марал Теміртасов былай деді :
– Бұл кештің ұйымдастыру алқасына үлкен алғысымды білдіремін, Біржан сал исі қазақтың игі мұраларының жарқын бейнесі. Біржан өмірі мен шығармашылығы қамтылған музейі қазір Бурабайда орналасқан. Ұрпағынан қазір үш шөбересі бармыз. Екі бауырым бар. Бірінің аты Орал, бірі Шәріп. Көкшетауда Степнякта тұрамыз.

Бір мезгілде ұлы музыка тұлғалары мен қазақтың ән өнерін қатар насихаттайын жоба туралы алғаш әнші Жоламан Құжиманов бастама көтерген еді. Біржан сал, Ақан сері, Мұхит, Үкілі Ыбырай, Нартай, Кенен, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ тәрізді дарынды тұлғаларымыздың өмірі мен шығармашылығы жасарға орасан зор өнеге. Былтыр Жазушылар одағының қолдауымен «Алаштың Ақан серісі» атты Ақан әндерінен ұйымдастырылды. Онда да әлі күнге дейін ұлт мүддесі майданында аттан түспей жүрген Тұрсынбек Кәкішев ақсақалымыз ақ батасын беріп, жастардың қасынан табылған болатын. Сол кеш жөнін Қорғанбек Аманжолдай ақын ағамыз «Егемен Қазақстан» газетіне көлемді мақала жазып, ыстық лебізін жолдады. Біржан сал әндерінен кейін «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі Мұхиттың дауысың болса, айт дейтін әндерінен кеш өткізуді жоспарлап отырғанын жасырмады.

Атаулы кештің басты ерекшелігі – Біржан салдың айтылмай жүрген әндерін халыққа жекізуімізде болып отыр. Мысалы, «Керкекіл», «Бірлән», «Мінезі жүйріктердің соқпа-соқпа» және тағы басқа әндер. Біржанның Абайдың сөзіне жазылған «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» атты әндері біздің назарымызды бірден аударды. Біржанның Абайды іздеп барғаны баршаға аян. Қазақ тарихындағы алғашқы бірлескен шығармашылық жұмыс осы екі ұлыларымыздан бастау алғандай. Абай Біржанның өнеріне сүйсініп, «сендей әнші қайта тумас-ау» дегенде, Біржекең «Мендей әншінің талайы туар, бірақ, сендей тыңдаушы тумас» депті. Расында да, қазақ әні тыңдармандарын жоғалтып алғандай күй кешті кейінгі кездері. Осы олқылықтың орнын толтыруға талпынған «Адырнаның» қадамын қуаттап, министрліктер мен құзырлы мекемелер көз қырын салып қарайласса, нұр үстіне нұр болар еді.


Бахтияр АҚЫМЖАНОВ

Пікірлер