Тәңіршілдікті насихаттауға неге Қытай мен Ресей мүдделі? II

1248

ШЫҢҒЫС ХАННЫҢ ҚЫТАЙШЫЛДЫҒЫ

Тәңіршілдік сенім-наным Шыңғыс ханның культымен тығыз байланыста екенін ұмытпауымыз керек.Осы орайда белгілі дінтанушы,мәдинеттанушы, философия ғылымдарының кандидаты Мұртаза Бұлұтай тәңіршіл-шаманист Шыңғыс хан туралы әлеуметтік желідегі жазбаларында мынандай деректер келтіреді:
Қытай жерін жаулап алған Шыңғыс хан әкімшілік аймақтарға басшы етіп көбінесе ұлты қытайларды тағайындаған екен.
Шыңғыс хан Тэмуджин болып жүрген кезінде 1196 жылы Қытайдың Цзинь империясынан "Жүзбасы" деген ресми әскері шен алған еді, бұл деген Тэмуджин Қытай офицері болды деген сөз. 1206 жылы хандыққа жеткенін ескерсек, осы қытай әскери шенінің көп пайдасы тиген секілді...
Тэмуджин Қытайдың Цзинь империясының офицері болып оншақты жыл күш жинап, 1206 жылы хан тағына отырды да қалған өмірінде Қытай қамқоршыларына қарызын қайтарып, солардың қызметін істеумен болды.Оның басты дәлелі ретінде Шыңғыс ханның Қытайдың Даоист нанымындағы Чуань-Чен сектасын тікелей өзінің қамқорлығына алғандығын көрсетуге болады. Чуань Чен сектасының басты мақсаты Қытай жерін күйреуден қорғау және қытайдың Хань мәдениетін басшылыққа алу болатұғын. Шыңғыс хан Чуань Чен храмдарын салықтан босатып, оларға иерархияда ең жоғары орынды берген екен. Бұл діни ағым біздегі сопылық тариқаттар мен сәләфилер сияқты серпін алып, мемлекеттің барлық құрылымдарында жақтаушыларын ұйымдастырып, сол кездегі ең қуатты, ең ықпалды әлеуметтік-саяси күшке айналыпты. Шыңғыс ханның әскері мен уәкілдерінің көбісін қытайларды сүюге, қытайларға ұқсауға баулыған осы діни-саяси ағым болған екен...
Тарихта Шыңғыс ханға дейін үш патшалық болып, бір-бірімен қырылысып, бастары ешқашан да бірікпеген қытайларды Шыңғыс хан мен ұрпақтары бір тудың астында біріктіріп, біртұтас қытай мемлекеті етіп, бастарын біріктіріп, оған дейін ешбір қытай императоры қол жеткізе алмаған нәрсені жасап кетті. Сондықтан, қытайлар Шыңғыс ханның ескерткішін орнатып, оған қанша тағзым етіп, қанша алғыс айтса да жөні бар...
Қытайлар мұңғұл билігі деген аты болмаса іс жүзінде қытайлардың өздері билеген Юань әулетінің тарихын қытай тарихының бір парасы ретінде қабылдайды, олар мұңғұлдарды бізді сұрады деп бас қатырмайды да. Осы желіден мәнчжур билігінде өзегінен теппей, қытайдың тарихының бір бөлігі деп көреді. Қытайлардың Шыңғыс ханды дәріптеп дүркін дүркін сериал, кинофильм түсіруі тегін емес; бір жағынан мұқым қытайдың басын біріктіріп кеткені үшін айтқан рақыметі шығар, ал екінші жақтан сол Юань империясының жері біздің жеріміз деп өздерінің экспансиялық жоспарларына Юань мен Шыңғыс хан орнатқан Мұңғұл патшалығын ту етіп көтеріп жатқан сыңайлары бар...
Біздегі Шыңғыс ханның жанкүйерлері оны керемет бір ақылды адам, данышпан, ойшыл, стратег етіп көрсеткісі келеді, соның ішінде Шыңғыс бабам тәңірге табынған деп соғатындары бар. Ал сол тәңірге табынғыш Шыңғыстың көзінің тірісінде ең жақсы көретін баласы Угэдэй будда дінінің ең үлкен храмын орталық қала Қарақорымның қақ ортасына әкеп орнатып қойған екен...

ШЫҢҒЫС ХАННЫҢ АҚЫЛШЫЛАРЫ КІМДЕР?!?

Шыңғыс ханның психологиясын біршама зерттедім, осы тақырыпқа арналған зерттеу мақалаларды оқып шықтым. Шыңғыстың осыншалықты қанішер болып шығуында оның балалық шағының қатты әсері болған екен. Ең бірінші әкесі Есугай барады да біреудің әйелін тартып алады, осыдан Темуджин (яғни Шыңғыс) туған ғой. Бала болса да естіген ғой, бәлкім балалардан естіген шығар, үлкен кісілер айтқан шығар дегендей. Өзінің кімнің баласы екенін ойлаумен болған секілді. Осыдан бір ашушаңдық, ішкі наразылық стрессі қалыптасқан секілді. Он жастағы інісін өлтірген, әкесі бір шешесі бөлек інісін, мүмкін іштей қызғанған шығар оның әкесі мен шешесі еш даусыз болғаны үшін. Осыдан кейін өз шешесі де теріс бұрылған. Өзінің туысқандары тайшуыттар да оны тастап кеткен, тастамақ түгілі өлтіруге тырысқан ғой. Айта берсек әңгіме көп. Әкесі айттырған қалыңдығын меркіттер алып қашып кеткен, жарты жылдан кейін қайтып келгенде жүкті болған. Қарап отырсаңыз ылғи бір теріс ағыс, ылғи бір қорлық көру, осының бәрі Темуджиннің мінез құлқына қатты әсер еткен болу керек.
Мысалы, тарихта Александр Македонский, Наполеон, Шыңғыс, Гитлер, Сталин, Мао сияқты адамдар адамның ойлау қабілетінен тыс мөлшерде зұлымдық жасап, кәдуілгі құмырсқаны қырғандай етіп геноцид жасап, бұрын соңды болмаған қанішерлікке барғандықтарымен танымал болған. Наполеоннан бұрын және одан кейін француздар соғысқан жоқ па, әлбетте соғысты, бірақ оның бәрі қалыпты түсініктегі соғыстар еді. Гитлерден бұрын немістер соғысқан жоқ па, Гитлерден 25-ақ жыл бұрын бірінші соғыста осы немістер соғысты ғой, бірақ ол неге көп айтылмайды?! Өйткені, ол соғыста немістер құдды Гитлер сияқты геноцид жасаған жоқ, фашизм жасаған жоқ. Осындай мысалдарды көбейтуге болады. Шыңғыс хан бүкіл адамзат тарихындағы нөмірі бірінші жауыз, нөмірі бірінші қанішер. Оның ұлтында, дінінде еш шаруам жоқ, мейлі мұңғұл болсын, мейлі пұтқа табынсын, менің оны жек көретін себебім және қазағымнан алшақтатқым келетіні - оның жауыздығы, аяусыздығы, мейірімсіздігі, қанішерлігі. Адамзат өркениетіне ең үлкен соққыны берді, мұсылман өркениеті осы Шыңғыстың шабуылдарымен құлады, сол құлағаннан әлі тұра алған жоқ. Шыңғыс хан көшпелі мұңғұлдың баласы емес, Байкал көліне жақын маңдағы орман мұңғұлдарының баласы, осы жерін де ашып алған жөн. Оны құдды бір көшпенділердің туын көтерген, отырықшы халықтарға қарсы солардың абыройын қорғаған қаһарман етіп көрсету нағыз адасушылық. Шыңғыс көшпелі болғандықтан жортуылдап жүрген жоқ, оған мұсылман және еврей саудагерлер қай жерде қандай қазына бар екенін айтып отырған, ол сол қазыналарды тонап аламын деп қалай болса солай жортуылдап, шабуылдап отырған. Әйелқұмарлығы сын көтермейді, қай елдің патшасын өлтірсе соның әйелін өзіне қатын ғып алған, одан басқа әр халықтың ең сұлу бойдақ қыздары ең әуелі Шыңғысқа сыйлыққа беріліп тұрған, деректерде 3,000 астам қатыны болғаны айтылады. Бүгінгі күні 18 млн адам генетикалық жағынан Шыңғыстың ұрқымын деп жатса, ол бір әйелден тарамайтыны айтпаса да белгілі. Қорыта айтқанда, мен Шыңғыстың өмірінен, істеген істерінен үлгі аларлық, ғибрат аларлық, тәрбие етерлік ешбір дүние көріп тұрған жоқпын, моральдық келбеті төмен, сан миллиондаған адамның қанын арқалап кеткен бұл тиранды тек лағынеттеумен өмір өткізсек, ұрпаққа оның жауыздықтарын насихаттап отырсақ сауап болар еді деп ойлаймын.
Қазақ хандарын Шыңғыстың ұрпағы санап, сол арқылы Шыңғысты қазаққа, қазақтың тарихына әкеп қосу, бұл дұрыс емес. Біріншіден, қазақ хандары шынымен де Шыңғыстың биологиялық ұрқы ма емес пе, бұл әлі нақты дәлелденген нәрсе емес. Жошы меркіттің баласы болса, осы Жошыдан тарайды делінген қазақ хандары қалайша Шыңғыстың ұрқы болмақ?!? Бұның анық қанығына жету үшін Шыңғыстың, Жошының, қазақ хандарының бәрінің ДНК анализін жасау керек, сонда бәрі бірден белгілі болады. Ал, жарайды, қазақ хандары Шыңғыстың тікелей ұрқы дейікші, сонда Шыңғыстың қазаққа, қазақ тарихына қандай қатысы болмақ?!? Ерте дәуірде бір тайпа өсіп, екінші тайпаны басып алып, осының бәрі жеңімпаз тайпаның атымен атанған немесе өскен тайпа өз ішінде бөлініп басқа тайпаларға, одан ары мемлекеттерге жіктелген, этногенез, жаңа тайпалар мен халықтардың пайда болу процессі. Осы бөлінген тайпалар тағы да бірімен бірі соғысқан. Қазақтар да солай пайда болды, Өзбек ханнан Әбілқайыр ұлысынан бөлініп, біз қазақпыз деп атап өздерін, қосылған тайпалардың бәріне суперидентификация ретінде қазақ этнонимін пайдаланды, өстіп қазақ болды. Ал қазаққа қосылмай қалған рулардың, тайпалардың адамдары өзбек болып қалды, қазаққа қосылғандары қазақ болды. Бұл айтып отырғанымыз 1227 жылы өлген Шыңғыс ханнан 250-300 жылдан кейін болған этногенезис процесстері, оған Шыңғыстың қандай қатысы болуы мүмкін?!? Әлде Шыңғыс өзінің оныншы ұрпағына (!) сотовый телефоннан смс жіберіп отырған ба қазақ болыңдар, қазақ хандығын орнатыңдар деп??? Күлкілі әңгіме ғой. Шыңғыс мұңғұл еді, мұңғұл болып өмірден өтті. Қытайды билеген ұрпақтары қытай болды, Иран жерін билегендері парсыланып кетті, Түркістан елдерін билегендері түріктенді, Мұңғұлияда қалғандары ғана мұңғұлдығын сақтап қалды. Адам өлді ме осы дүниедегі шаруасы бітті деген сөз, өзі өлгеннен кейінгі болған уақиғаларға еш қатысы болмайды. Шыңғыс та солай. Әр адам солай ғой. Ал қазақ хандары қазақ, өйткені олар өздеріне ерген халықпен бірге қазақ болып бөлінді. Хан, төре болған соң халықтан алым алып күн көру керек, ол үшін оларға халық керек, бодан керек. Хан төре болған соң билік етіп, үкім шығарып тұру керек, ол үшін оларға халық керек, бұқара керек. Шыңғыстан кейін билікке келгеннің бәрі осы себепті бөлініп, таққа таласып, жіктеліп, ұсақталып, ақырында түрік жұрты орыс пен қытайдың боданына айланып кетті, бұған тікелей кінәлі осы хандар мен солардың ақсүйек атанған шонжарлары деп ойлаймын. Осы себепті қазақтың тарихына, қазаққа Шыңғысты еш жолатпауды ұсынар едім. Қазақ Шыңғысты білмеген, қазақтың ауыз әдебиетінде, мақал-мәтелдерінде, қисса дастандарында, күйлерінде, кісі аттарында, жыр аңыздарда, фольклорда Шыңғыс туралы ешнәрсе де жоқ! Есімханның ескі, Қасымханның қасқа жолы деген қазақ, несториан яки араб болса да Атымтай Жомартты ұмытпаған, қазақ, Қозы көрпешті жыр дастанға айландырған қазақ, Қорқыттың күйін ұмытпаған қазақ, Қожанасыр мен Алдаркөсені, Ер Тарғын мен Ер Жәнібекті ұмытпаған қазақ Шыңғысты ұмытқан, білмеген, естімеген де. Осыны аңғарған Шыңғыс ханның қазіргі жанкүйерлері қолдан жыр дастан жазып, небір жалған нәрселерді құрастырып, оның бәрін бір ақсақалдан алдық деп, бүгінге дейін жиналмай қалған деп әдебиетке қосып жатыр, бұл халық жадына, халық тарихына жасалған қиянат. Бірақ, ондай жалған дастандарды ажырату өте оңай, тәуелсіздіктен бергі жылдары шыққанынан-ақ білуге болады. Ал қазақ хандарына келер болсақ, жақсысымен жаманымен олар біздің хандарымыз, қазақтың хандары. Қазақты дамытып, ілгерілету үшін түбегейлі өзгерістер жасай алмағандары әрине өкінішті.
Ахмет Байтұрсынұлы “Әй, қап!” жұрналының 1911 ж. шыққан №1 санындағы мақаласында былай деп ашына жазған: “Хандары да, халқы да ғылым, өнерді керек қылмаған. Бірімен бірі жауласып, басқа берекелі жұмыс ойланбаған. Өзге жұрттар ілгері басқанда, қазақ кері басқан. Ханы надан, халқы надан, жұрты мықты мемлекеттің жанында өз алдына хан болып тұруға көп күш керек екен; ол күш алты бақан ала ауыз қазақта болмаған”
Шыңғыстық феодалдық жүйені зерттеген ғалымдарымыз былай дейді: “Мұңғұл сұлтандары үстем тап өкілі еді және қарастырылып отырған кезеңде олар түркі қоғамының ең беделді саяси күшіне айналды…Шыңғыс ұрпақтары шығу тегіне байланысты саяси артықшылыққа, қоғамның өзге мүшелеріне қарағанда заңға негізделген жеңілдіктерге ие болды. Бұл көбінесе бірдей қылмысы үшін түрлі әлеуметтік топтардың адамдары түрліше жаза тартудан көрінді. “Кімде кім сұлтанды не қожаны өлтірсе, - деп жазылды “жеті жарғы” қаулыларында,- ол өлген адамның туыстарына жеті адамның құнын төлейді. Сұлтандарды не қожаны сөзбен ренжіткені үшін тоғыз мал, соққыға жыққаны үшін 27 бас мал төлейді”. Осы заң бойынша қоғамның түрлі топтарының жауапкершілігін бағалаудың түрліше болуы олардың бірдей емес міндеттерін туғызды; сұлтандарға ешқандай міндеткерлік (әскерден басқа) жүктелмеді. Қазақ ұлыстары сұлтандардың барлығының “Арқар” атты ерекше ұраны болды, бірақ оны жай халық – “қарасүйектер” қолдана алмады” (Аманжолов, К., Рахметов, Қ., Түркі Халықтарының Тарихы, Алматы, Білім, 1997, 25-27 беттер..)
Халық басшысыз қалмайды, Шыңғыс ханнан бұрын да одан кейін де басшылар болған, билеушілер болған. Қазақ жерінде өздерін Шыңғыстың тікелей ұрпағымыз дегендер билік еткен екен, халыққа таңдау мүмкіндігі берілмеген. Өйткені, Жәнібек пен Керей сұлтандар қазақ болып өздерінің туыстарынан бөлініп, жаңа мемлекеттік құрылым орнатқанда айланадағы елдің бәрінде негізінен сол Шыңғыс ұрпақтары билікте болыпты, бұқара халық та қалыптасқан жүйеден шыға алмаған ғой. Бұл біздің сорымыз болды. Шыңғыс ұрпақтары билеген елдің бәрі құрдымға кетті, ал Шыңғыстың кім екенін де білмейтін немістер, француздар, италиялықтар, жапондар, ағылшындар т.б. бәрі де мықты ел болып кетті...
Қазақ жерінде төре тұқымдарының билігі әбден бекіп, қуыршақ та болса, солардың үкімі жүріп тұрған кез,ол шамамен 1450-1500 жылдар, өзбектерден бөлініп, өзінің немере туыс бауырларынан іргесін бөліп, ақсүйектердің жаңа хандық орнату кезеңі. Солардан кейінгі ақсүйектердің интеллектуалды деңгейі, ойлау қабілеті, пайым парасаты аса терең болмағаны байқалады. Қоқандар көшпелі болмағандықтан бәрібір өздерінің бұрынғы билік тәртіптеріне оралған ғой. Қытай да сондай, Иран жері де, Ресей де, бәрі бірте бірте мұңғұлдардан, биліктегі Шыңғыс ұрқынан құтылып, өздерінің мемлекеттерін орнатып, даму жолында болған. Біздің қазақ даласында кері процесс болды, биліктегі хандар қазақты отырықшы өмірге, оқуға, білім алуға, өндіріс ашуға үгіттеген жоқ, оны үгіттейтіндей өздерінің көрегенді пайым-парасаттары болған жоқ, қайта Шыңғыс ханның жасақ заңындағы өсиетін мұқият ұстанып, көшпелі өмірді берік ұстанған, халықтан алым алып, тегін өмір сүріп жүре берген. Көшпелі жұрт өсе ме, дами ма?!? Мың жыл көше берсе де сол қалпы қала береді ғой. Оған дәлел көшпелі ғұндар мен сақтардың кезіндегі тұрмыстық деңгейдің кешегі көшпелі қазаққа дейін еш өзгеріссіз келуі. Жалпы, жер бетіндегі адамзаттың бәрі ертеде көшпелі болған ғой, олар бірте бірте отырықтанып, жерді игеріп, егін егіп, тұрақтанып, тамыр жайып, қала салып, өндіріс ашып дегендей осы күнгі өркениет деңгейіне алып келген. Ал 400 жыл билік еткен қазақ хандарынан жазылған бір кітап та қалған жоқ! Ешбір қала салып, оқу орны ашпаған. Жақын маңдағы орыстар мен қытайлардың күшейіп, дамып, өсіп келе жатқанын көрмеген, көре алмаған. Уақтылы шара қолданып, реформалар жасап, халықтың ілгерілеуіне, мемлекеттің басқа елдермен бәсекелесу қабілетінің қалыптасуына ешбір үлес қоса алмаған. Ахмет Байтұрсын атамыз соны айтып кеткен. Қазақ хандығы құлағанда қазақтар осыдан екі мың жыл бұрынғы халықтардың даму деңгейінде болса орыстар әжептәуір дамыған, қару-жарақ өндірісі бар, қуатты ел болған, арамызда екі мың жылдық даму деңгейі парқы болған, онымен қалай күресесің, оған қалай төтеп тұра аласың?!? Еуропалықтар Солтүстік Америкаға барғанда ұқсас жағдай болды, көшіп жүрген қызылтерілердің оқ пен балтадан басқа қарулары болмаған, олар ағылшындар мен француздарға не істей алсын?! Міне, мәселе осында, қалған сөздің бәрі бос...
Алғашқы қазақ елшілері сонау Тәуекел ханның тұсында 1594-1595 жж. Мәскеуге барған екен. Сонда олар Мәскеу патшалығының дамыған мәдениетін, қалалық өмірін, дамып келе жатқан технологиялық өндірістерін, атап айтқанда мықты қару-жарақ өнеркәсібін көрмеді дейсіз бе? Хандар мен ханзадалар орыстардың мықты қару-жарағының бір күні өз еліне кезелетінін болжамады дейміз бе? Қайтып елге келген олар сол жетістіктерге жету үшін неге әрекет қылмаған? Неге жастарды оқу-білімге жұмылдырып, экономиканы күшейтуге шара қолданбаған?
1450-1500 жылдары Еуропа әжептәуір дамыған еді, Данте (1265-1321), Да Винчи (1452-1519), Макиавелли (1469-1527), Бруно (1548-1600), Коперник (1473-1543), Эразм (1464-1536), Филиппо Брунеллески (1377—1446), Кеплер (1571-1630), бірнешеуін ғана жаздым. Идеялары бүгінгі күннің өзінде университтерде оқытылып жатқан мыңдаған ғалым, ойшыл, философ, өнерші дәл сол ғасырда Еуропада дүниеге келді, осылардың тынымсыз еңбектерінің жемісін бүгін біздер көріп жүрміз. Ал көшпелі мұңғұлдардан кім шықты, өзіміздің қазақтан кім бар?!? Қарақшылық жасап, біреудің малын барымталап көшіп жүргеннен аса алған жоққой...
Ашаршылықта басқа жұрттан көп қырылғанымыздың бір себебі осы көшпенділік қой деп ойлаймын, енді енді отырықтанып жатқанда баққан малын қолынан тартып алып еді бітті, жаппай қырылды, өйткені басқа күнкөріс амалы жоқ еді. Ал көшпелі тұрмыспен қалыптасып, әбден сүйекке сіңіп кеткен болмашы мінездер қазаққа еш жақсылық әкелген емес ..
Әрине, болар іс болды, бірақ, өткен тарихқа сын көзбен қарағанымыз һәм ғибрат алғанымыз жөн, ағайын.
Кейде осы Шыңғыс ханның жанкүйерлерінің пікірлерін оқып қалам, Шыңғыс хан өте керемет ақылды адам болған деген, оның ақылдылығы соншалық, ол сол кездегі ең мықты мемлекеттердің бәрін құлатқан екен дейді әлгі білгіштер.
Шыңғыс ханда қайдағы ақыл, қайдағы білім?!? Өзі оқымаған, хат танымаған адам болса, ол тышқан аулап жеп жүріп, қалайша өркениетті мемлекеттерді құлата алған? Еш ақылға сыймайтын нәрсе.
Айлаға келгенде басы қатты істеген болуы әбден мүмкін, байлыққа жету үшін, алтын мен асыл тасқа ие болу үшін қазіргі базардағы бейсауат кейбір бай саудагерлердің тірлігіндей...
Ал оның осыншама мемлекетті, осыншама қаланы күйретуі ақылдылықтың нәтижесі емес, қатігездіктің, аяусыздықтың нәтижесі екені белгілі.
Дегенмен, расымен де мықты мықты мемлекеттерді құлатып, жермен жексен етіп, халқын аямай қырған, ал оған күші қалай жеткен, сол елдермен соғысқанда соғыс тактикалары мен барлау мәліметтерін, соғыс құралдарын қайдан алған, кім ақыл айтқан деген заңды сұрақ туындайды.Зерттеп қарасақ айналасындағы кеңесшілері өңкей қытайлар, көп жыл қытай армиясында қызмет еткен офицерлер, жоғары лауазымды тұлғалар. Сонымен қатар қидан (қарақытай) және чжурчжэн елінің сатқындары да осыларға қосылып, өз елдерінің шабуылға ұшырауына себеп болған адамдар. Осыларға қоса соғды, парсы, ойғыр тб халықтардан да ақылшылары болған.
Біріншіден, Қидан патшалығы (қарақытайлар) Шыңғыс ханның алдындағы мұңғұлтекті қидан халқы орнатқан патшалық.
Шыңғыс хан орнатқан шапқыншылықты кәсіп еткен құрылым осы Қидан патшалығының жалғасы, мұрагері. Қазақ тілінде қарақытайлар туралы көп жақсы нәрсе айтылмаған, халық жадында қорқынышпен, үреймен қатар аталатын мемлекет болған, осыдан түсінуге болады олардың Шығыс Түркістан мен Жетісу жерінде жасаған зұлымдықтарын.Сол үшін Шыңғыс ханның ұрпағы деген (оған да талас бар ұлы екеніне) тәңіршіл шаман Жошыны ұлықтау дұрыс емес! Отырарды ойрандағанның бірі сол емес пе?!? Шыңғыс ханның жорықтарында Жошы жоюшы күштің бірі болған, басында болған. Ал келесі жылы әл-Фараби бабамыздың туғанына 1150 жыл, соны ұлықтайық! Ғылымға өлшеусіз үлес қосқан, қанша мақтансақ та лайықты тұлға, бүкіл әлем мойындаған жерлесімізді еш ұялмай, бетіміз қызармай, басымыз жерге қарамай қастерлеуге болады ғой. Жазған еңбектері бар, өркениеттің дамуына орасан зор үлес қосқан ойшыл, дана, хакім бабамыз тұрғанда, сансыз адамды қырып, өркениетті жойған Шыңғыс пен Жошыны ұлықтап қайтеміз?!?- деп бүгінгі қазақ қоғамындағы көкейтесті тарихи оқиғаларға Мұртаза ағамыз өз қынжылысын осылай білдіреді.
Ал математик Асқар Жұмаділдаев ағамыз болса:
Қазіргі дамыған заманда қазаққа технократ керек. Өйткені біз ертең сөз ұйқастығы, әдемілігімен алға шығып кете алмаймыз. Оны сіз мойындайсыз, мен мойындаймын. Балаңыз мойындамайды. "Ой, атамыз болтун екен", - дейді. "Айта береді",- дейді. Болды. Біз немен мақтанамыз?! Қазір сұрасаң: "Ойбай, Шыңғысхан қазақ екен, ойбай, Адам ата қазақ екен, ойбай, Иса пайғамбар қазақ екен" дейді.Шыңғыс ханды бір минут қазақ деп есептейік,не өзгереді сонда? Марста алма гүлдейді ме? Юпитерде жел тұра ма? Біз мысалы мәңгілік ел дегенді жиі айтамыз. Мәңгілік ел деген қанша жыл? 1 жыл, 10 жыл ма? Қалай біз ол кезге дейін өмір сүреміз?
Бұл нені білдіреді?! Бұл біздің ұлттың әлі дамып жетіспегендігін білдіреді. Бала деңгейінде екенін білдіреді. Бұл – провинциализм. Өйткені, бүгін мақтанатын ештеңесі жоқ, сондықтан өткенімен мақтанады. Сіз өткенмен мақтанбаңыз. Сіз бүгінмен мақтаныңыз-дейді ғалым ағамыз.
Сол сияқты зиялы қауымның  арасында Шыңғысханның ұлты туралы дау мен оның Орталық Азия өркениетіне жасаған қиянаты туралы белгілі қаламгер «Қазақстан» ұлттық арнасындағы "Парасат майданы" жобасының авторы әрі жүргізушісі Дархан Әбдік:
"Айтылмайды. Айтылмайтын себебі - біздің жазушыларымыздың көбі жастайынан төбелесіп өспеген. Ал, төбелесіп өспеген адам әрқашан қара күшке табынатын қорқақ болады. Қорқақ адамның барлығы билік басындағы біреудің қара күшін пір тұтады. Біреуге зорлық-зомбылық жасаған адамды керемет көреді. Мысалы, маған Шыңғысханның ұлтының кім екені бәрібір. Өйткені, Шыңғысханның зұлымдарықтарының барлығы тарихта қалды. Мысалы, оның Отырарды алған кезде бүкіл халқын қалай қырғаны, кітапханаларды өртегені, Қайырханның көмейіне қорғасын құйғаны туралы деректер бар. Шыңғысхан - домбыраның көмейіне қорғасын құйған адам. Естеріңізде бар ғой, "Ақсақ құлан" деген күйдің аңызы. Домбыраның көмейіне қорғасын құйды деген не сөз? Ол - халықтың үнін өшірді деген сөз", - деп жауап берді.
Қазақтың аңызында, фольклорында Шыңғысхан туралы бір де бір жағымды сөз жоқ екенін тілге тиек еткен Дархан Әбдік оны ойлап тауып жүрген кейінгі "сауаты шамалы, комплекстары бар жазушылар" дейді.

Шыңғысханды дәріптейтін болсақ - әл-Фарабиді жоққа шығару керек!

"Егер сіздер Шыңғысханды дәріптесеңіздер, онда әл-Фарабиды жоққа шығару керек. Өйткені әл-Фараби шыққан Отырарды құртқан - Шыңғысхан! Егер сіздер Шыңғысханды дәріптесеңіздер, онда, Гитлер де керемет. Онда Наполеон да, Сталин де керемет. Егер Сіздер адамның ұлылығын оның парасатымен, ізгілігімен емес, тек, жаулап алу құдыретімен өлшесеңіздер, онда Шыңғысханға табынасыздар. Бірақ, Шыңғысханға табынған қоғам - ешқашан ізгілікті қоғам болмайды", - деп Дархан Әбдік мырза ұлы билеушіге қатысты пікірін білдірді.
Сонымен қатар журналист Шыңғыс ханның жорықтары Орталық Азия елдерінің дамуын жеті ғасыр артқа шегергенін атап өтті.
"Моңғол шапқыншылығына дейін Орталық Азияда көшеде кітап сатылды, адамдар оқуды, жазуды білді деген сөз. Демек, онда өркениетті орта болды деген сөз. Ал, Моңғол шапқыншылығынан кейін біз кітап оқуды, жазуды қашан үйрендік? Совет үкіметі келген соң ғана үйрендік. 200 емес. Мысалы, Шыңғысханның шапқыншылығы XIII ғасырда болса, біз қайтадан оқып-жазуға XX ғасырда ғана келдік. Сонда, екі жүз емес, жеті жүз жылға кейін шегеріп тұр. Демек, біз өркениеттен жеті жүз жылға кешеуілдедік", дей келе қоғам қайраткері орта ғасырларда 200 мың халқы болған Отырар секілді қалалар талқандалмағанда, бүгін Лондон, Париж, Нью-Иорк деген қалаларға айналатын едік және "Орталық Азияның өркениеті - қазір бүкіл Европа, бүкіл әлем сүйсінетін өркениет болар еді", - деген еді.

Жалғасы бар...

Автордың пікірі редакцияның көзқарасын білдірмейді!

Тұрарбек Құсайынов,

"Демос" ҚБ төрағасы

Пікірлер