– Жоламан аға, сіз Мәдидің «Қаракесек», «Қарқаралы», «Үшқоңырын», Үкілі Ыбырайдың «Толқын», «Шалқымасын», Ақан серінің «Үш тоты құс», «Шәмшi-қамар» әндерін, сондай-ақ Біржан салдың да әндерін орындап жүрсіз. Дәстүрлі әндердің бүгінгі аудиториясы қандай?
– Дәстүрлі әндерді тыңдайтын аудитория қазіргі таңда кең деп айта алмаймын. Баяғыда кеңестік дәуірде халқымыз Біржан, Ақан серілердің әндерін іздеп жүріп тыңдаушы еді. Қазір өкінішке қарай олай емес. Мазмұны терең, сөзі бай әндерді тыңдаушылардың саны аз. Ақпарат құралдарының көбейіп, шетелдік байланыстардың артуынан соңғы уақытта жастарымыз өзіміздің төл туындыларымызға қызығушылық таныта қоймайтын болды. Осы жерде, «Дәстүрлі ән» деген сөзбен келісе алмайтынымды айтқым келеді. Осы турасында әнші Ерлан Төлеутай да: «Ол қазақтар үшiн, түсiнген адам үшiн дұрыс болар. Бiрақ орыстiлдiлер мен сондай ұғымдағылар үшiн ұлттық ән өнерiмiздi фольклорлық деңгейге түсiретiн атау», – деп жүр. Мен де сол ойдамын. Жалпы ХІХ ғасырда туған әндердің барлығы классикалық шығармалар ғой. Шетелдіктер өз шығармаларын классикаға теңейді. Біз неге теңемейміз? Қарап отырсаңыз, жаңағы айтып кеткен Мәди, Ақан сері, Біржан салдардың туындылары сол әлем айтып жүрген классикадан артық болмаса кем емес. «Жиырма бес», «Гауһар тас» сияқты көптеген халық әндеріміздің әні де, сөзі де бай, тәрбиелік мәні зор асыл мұрамыздың бірегейі. Кең диапазондағы әндеріміз шетел тыңдармандарын қайран қалдырып жатады. Сондықтан ұлттық классика деп толық айтуға болады. Қазіргі жастарымыздың осы тамырдан ажырап, құнарсыз қаңғыр-күңгірге бой ұрып бара жатқаны қынжылтады. Осы дәрежесі биік туындыларымыздың жастар тарапынан тыс қалып жататыны қинайды. Бұл жерде ауыл жастарының арасынан тыңдармандардың, орындаушылардың табылатыны сөзсіз, бірақ қала жастары алыста жүр. Оған насихаттың аздығы себеп шығар…
– Осы ұлттық туындыларымыздың қай-қайсысын алмасаңыз да мазмұны терең философиямен ұштасып жатады. Сол тереңдіктің түп мақсаты неде деп ойлайсыз?
– Ол – халықтың ой-өрісінің биіктігі, сана-сезімінің тереңдігі, парасатының жоғарылығында жатыр. Кез келген шығармада үлкен ой жатыр. Астарында тәрбиелік, мән жатыр. Ең бастысы барлық әндерден анайылық тұрпатты кездестірмейсіз. Бір ғана сөзімен-ақ жастарға тәрбиелік мағына бере алады. Бір-ақ ауыз сөзімен көп дүниені жеткізеді. Осындай қасиеттерін ескеретін болсақ, бір ән – бір кітап. Әрқайсысының мазмұнының жан-жақтылығы байқалып тұрады. Тіпті өмірде де әңгіме арасында өз ойымызды дәлдеп жеткізу үшін сол әндердің арасындағы өткір сөздерді пайдаланып жатамыз. Өйткені төл туындының алар орны ерекше. Осы жерде айта кетейін, Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай «Біржан деп атым шықты алты Алашқа» атты тақырыппен Студенттер сарайында қазақтың біртума перзенті Біржан Қожағұлұлының әндерінен кеш өтеді. Бұл кеште Біржан әндері шырқалып, ұлы әншінің өмірінен сыр шертіледі. Оны ұйымдастырушылардың бірі «Адырна» ұлттық-этнографиялық сайтының бас редакторы Арман Әубәкір екеуміз Біржанның осы күнге дейін айтылмаған, мұрағатта шаң басып қалған әндерін іздестіріп, біразын таптық. Олардың да өзіндік салмағы бар, құнды туындылар екені анық.
– Бiржан салдың жаңа әндерi жайында толығырақ айтып кетсеңіз…
– Ахмет Жұбанов ағамыздың еңбегімен табылған, сондай-ақ Біржанның өз аузынан естіген қариялардың бірінен-біріне жетіп, ел аузында жүрген әндері табылды. Осы кеште Біржанның 14-15 шақты жаңа әндері орындалатын болады. Мысалы, «Әйелі Әпішке айтқаны», Абайға жазған өлеңдері, «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын», «Мінезі жүйріктердің соқпа-соқпа», «Жастарға» деген әндерін әлі ешкім естіген емес.
Ән салсаң, мәнерлеп айт, мамырлатып,
Жігіттің жараспайды тасырлығы, – деп, Біржан атамыз айтып кеткеніндей, әр ән өз мәнерінде орындалуы тиіс. Осыны мен шәкірттеріме де айтумен келемін.
Әңгімелескен
Толқын САДЫРОВА
«Дала мен қала».