«Қара жорға» билейтін робот

4688
Adyrna.kz Telegram

Қазақша би билеп, өлең оқитын «Науа» атты робот туралы естулерің бар ма? Мүмкін таңданып отырған боларсыңдар, ә! Бұл жайында өзім де жақында естіп, көріп, таң-тамаша болдым. Білімге құштар таланттарымыз «құлтемірге» жан бітіріп қана қоймай, оны төл дәстүрімізге сай өнер көрсетуіне үлкен күш салып жатқаны қандай керемет! «Жақсы нәрсе көрмекке» дейді ғой. Өнертапқыштарды жүзбе-жүз көріп, бірнеше сауалыма жауап алу мақсатында, Назарбаев университетіне жол тарттым. Алғашында сәл қобалжығаныммен, Назарбаев университетінің зәулім де ғажап ғимаратына кіріп, ондағы жылы жүзді студенттерді көріп, өзімді еркін ұстадым. Мені көп күттірмей, кіреберістен Назарбаев университеті, робототехника және мехатроника факультетінің 1-курс студенті Ілияс Асылғали күтіп алды. «Сұрақтарыңызбен қинамайсыз ба?» – деп жымиды Ілияс. Ә дегеннен әңгімеміз осылай еркін басталып кетті.

РОБОТ ӨЛЕҢ ОҚЫП, КҮЙ ТАРТАДЫ

Ілиястің айтуынша, робототехника қазіргі таңда Қытай, Жапония елдерінде білім беру саласына еніп, үлкен қолдау мен сұранысқа ие екен. Роботтың түр-түрі жыл сайын жаңарып, оқушылардың зор ықыласы мен ізденісін арттыру мақсатында көптеген байқаулар да осы қалаларда өткізілетін көрінеді. «Робототехниканың даму кезеңі XX ғасырдың 40 жылдары басталған. Осы жылдары Окридж және Аргонн ұлттық зертханаларында көшірме түріндегі манипуляторлар жасалды. Бұл манипуляторлар радиоактивті заттармен жұмыс істеуге арналған. Елуінші жылдардың аяғында «Юнимейшн» (Unimation) фирмасы компьютер арқылы басқарылатын ең алғашқы өндірістік роботты жасады. Келесі он бес жыл бойы көптеген өндірістік және тәжірибелік құрылғылар жалғасын тапты», – дейді Ілияс. Осылай сұхбатымызды жалғай бергенде, біздің «Ұлан» газетінен келгенімізді ести сала Ілиястың досы, жас талант Жеңіс Отарбай да жанымызға келіп қосылды. «Альдеборон» компаниясының өнімі «Науа» есімді роботты «би мен жырға» баулып, бағдарламаның сәтті шығуына барлық күш-жігерін жұмсаған да, бар жауапкершілігін өз мойынына алған да осы – Жеңіс Отарбай. «Қарағанды қаласы, Жаңаарқа ауданы, Ш.Ералиев атындағы ауылда өстім. Мектепті «Алтын белгіге» тәмамдап, «Қарағанды техникалық университетіне» түстім. Дегенмен, роботқа деген қызығушылық пен құштарлық Астанаға жетелеп әкелді» дейді. Осы сөздерінен-ақ, Жеңістің білім-ғылымға деген ізденісі қаншалықты екені аңғарылып тұрды. Осындай таныс-білістіктен соң роботқа қарай қайта ойыстық. Жалпы, роботтың бойына қазақ халқының төл өнерін дарыту, оған арнайы бағдарлама ойлап табу идеясы бір жағынан оқытушының арнайы тапсырмасы болса, екінші басты себеп – Қазақ хандығының 550, Абай атамыздың 170 жылдық мерейтойына байланысты жасалған сый екен. Мүшәйрада робот Жеңіс Отарбайдың шығарған авторлық өлеңін оқып, халықтың таңданысын туғызған. «Науа» мұнымен шектелмей, «Қара жорғаға» билеп, күй де шертіп, өлеңді де нақышына келтіріп орындайды», – дейді мақтанышпен дарындар. Олар бұл бастамаларын елдің инновациялық ілгері дамуына қосқан үлесіміз деп санайды. Осы орайда бар білгендерін үйретіп, қашанда қол ұшын созуға әзір мұғалімдеріне, әсіресе, Назгүл Тәжіғалиеваға алғыстарын жаудырды.

C5yh5BT_TZw

 

РОБОТ АУЫРСАҢ ДӘРІ БЕРІП, САБАҚ ТА ОҚЫТАДЫ…

«Робототехника елімізде әлі жіті дами қойған жоқ. Бірақ, роботтың болашағы зор. Олар әртүрлі аса қауіпті жұмыстарды жасай алады. Егер Қазақстанда осы сала бір жүйеге қойылса, ертеңгі үлкен ғылым осы болмақ», – дейді Ілияс. Расымен, роботтың біз білмейтін қыр-сыры көп екен. Мәселен, «Науаның» да қолынан біраз нәрселер келеді. Дәрі беру, сабақ оқыту сияқты кішігірім қызметтер атқара алады, дарындылардың айтуынша. Десе де, ешнәрсе оңайлықпен келмейтінін ескерсек, роботқа қазақша ән айтқызып, күй шерткізу, жыр жаттатып, би билету тез іске аса қоймапты. Бағдарламаны дайындау кезінде қызықты оқиғаларға да кезігіпті. «Робот алғашында қызық та күлкілі іс-қимылдар көрсететін. Күй тартқан кезде жасаған әрекетіне бір күн бойы күлгеніміз бар. Өйткені, робот қолын тез-тез қимылдататын. Кейде күйден бұрын аяқтап қоятын», – деп Жеңіс қызықты оқиғасымен бөліскенде, мен де күлкімді жия алмадым.

ӨНЕРТАПҚЫШ ЖІГІТТЕР «ҰЛАНДЫ» ОҚЫП ӨСІПТІ

Назарбаев университетіне түсу – көптеген балалардың, жас түлектердің арман-мақсаты. Оларға қандай ақыл-кеңес, тілек білдіресіңдер дегенімде: «Ең бастысы, қатты қобалжымасын. Сәттілік жандарына серік болсын! Оқушылардың көбі сары уайымға салынып, іштей үрей мен қорқыныштан білген білімдерін ұмытып жатады. Осыған жол бермесе екен. Жоғары белестерді бағындырып, кездескен қиыншылықтарды жеңіп шықсын» деген жүрекжарды лебізін білдірді ізденімпаз Ілияс. «Сабақты дер кезінде оқып, миға тоқып, тапсырманы алдын ала орындауға дағдыланған дұрыс. Емтихан жақындағанда жанталасып оқып жүретін оқушыларды көріп кейде налимын. Замандастарым осы жайтқа назар салса екен. Алға үлкен мақсат қойып, соған жетуге бар күш-жігерді салу керек», – деп ойын үлкен жанашырлықпен жеткізді Жеңіс.

Керек дерек: «Робот» сөзі алғаш рет чех авторы Карел Чепаканың пьесасында кездесті. Ол «ауыр жұмыс», «жұмысқа шебер адам» деген мағынаға ие. Пьеса фабрика жұмысының ешқандай адамның қатысуынсыз өздігінен жұмыс істейтіні туралы сөз қозғайды. Бұл қойылым 1920 жылы жарық көрді. Тілдік жүйесіне байланысты орыстың «работа» сөзі мен «робот» сөзі бір түбірлес сөздер.

Алғашқы роботтар адамның қозғалысы мен сырт пішінін қайталады. Олар ойын-сауық мақсаттарында пайдаланылды. Қазіргі кезде тұрмыстағы көптеген қызметтерді атқаратын, қадағалайтын, мүгедектер мен сәбилерге көмекші, көңіл аулайтын, тағысын тағы роботтар жасалынды. Интеллектуалдық роботтар да пайда бола бастады.
Жапон деректері бойынша заманауи «Мехатроника» терминін 1969 жылы Yaskawa Electric фирмасы енгізген. Бұл атау «МЕХАника» және «элекТРОНИКА» терминдерінің бірігуінен пайда болған.

Ең қызығы, 85 жылдық тарихы бар ұлағатты «Ұлан» Жеңіс Отарбайдың бала кездегі ең сүйікті газеті болыпты. «Мен бастауышта оқып жүрген кезде мұғаліміміз «Ұланды» қолына алып, бізге осы газетке жазылуды үндейтін. Өзім бірақ, «Мөлдір бұлаққа» жазылып қойдым да, «Ұланды» алмайтын едім. Мектепте мұғалімнің қолынан «Ұлан» газетін көрсем, «ертең әкелемін» деп үйге алып кетемін де, кері қайтармайтынмын. Себебі, ішіндегі материалдар өте қызықты болатын», – дейді.
«Ұланның» өскелең ұрпаққа берері көп басылым екені тағы бір дәлелденгендей. Осындай сырлы сұхбаттан соң уақыттың зымырап қалай өте шыққанын да аңғармай қалыппыз. «Ұлан» газетінің мерейлі мерекесі құтты болсын! Газеттің оқырмандары көбейе берсін! Бала кезінен газет-журналға құмар болып өскен бала ертеңгі күні ой-өрісі кең, сана-сезімі терең азамат болады. Бұл – заманның ең керек қағидалары. Сондықтан, «Ұланды» оқыңдар, жас достар!» деп тілек білдіріп, үндеу тастады жас дарындар.
Алтын уақыттарын қиып, ашық-жарқын әңгіме-дүкен құрған Жеңіс пен Ілиясқа риза болдым. Нағыз құрметке лайық, жастар екен. Енді өздеріңнен тың жаңалықтар күтеміз!


Назым НҰРСҰЛТАН,
«Тұран-Астана» университетінің студенті.
«Ұланның» жас тілшісі.
Астана қаласы
(«Ұлан» газеті, №45, 10 қараша 2015 жыл)

 

Пікірлер