Мақсат Әубәкір. Жататын биыл сенің жоқ іздерің...

4157
Adyrna.kz Telegram

Айтолғатқан

Не айтайын, отырмын ойға батып,
Көкжиектен келеді боз таң атып.
Қалғып кеткен білмейді, марғау тірлік,
Түніменен шыққанын Ай толғатып.

Жол көрсетіп, аспанда тұрған жарық,
Темірқазық барады күннен қашып.
Шолпан жұлдыз ғұмырлы Күмісайым,
Қалайша жарық күнге болдың артық.

Аймен бірге толғатып, үнсіз арман,
Жыр әуезді іздедім күткен алдан,
Жүрмей қойды, жетекке жұлдыз әуен,
Сынық айна сияқты жұртта қалған.

Ай барады жақындап тұңғиыққа,
Періште мен жұлдыздар тұр иықта,
Күмілжиді пернелер, Күмісжансыз,
Ырғақтарым тіреліп тығырыққа.

Қос ішегі тербелмей, көптен күткен,
Тиегі домбырамның жылжып кеткен,
Құлақ күйі көңілдің түзелер ме?
Тағдырдың шанағына сызат түскен.

Айтолғатып, іштегі сезімдерім,
Аппақ қардан алғашқы нені іздедім?
Ақ параққа жазылған ноталардай,
Жататын биыл сенің жоқ іздерің.

Зират басындағы ой

Теңдік дейміз, теңселумен келеміз,
Теңге санап, жер қойнына енеміз.
Доллар жиған ауқаттылар Кеңсайда,
Біздің қайда жатар екен денеміз?

Өлген соң да бай мен кедей таласқан,
Бай зираты көрінеді алыстан.
Бақида да бітпейді екен бәсеке,
Адам сірә құтылмайды жарыстан.

Жерің осы мәңгілікке енші алған,
Төрт құлақпен, төрт құбылаң қоршалған.
Адамзаттың мекеніі бұл мәңгілік,
Сұм өмірден иықтасып шаршаған.

Жұмақ бар деп, жақауратқан сенімнен,
Абайласаң бір шикілік сезілген.
Сол жұмақтың бар екені шын болса,
Неге сонша қорқып жүрміз өлімнен.

Жұмақ деген, жұмбақ боп тұр боп тұр бүгінде,
Барар жерің белгісіздеу түбінде.
Сол жұмбақтың керек пе, екен шешуі.
Жақсылықты көрмеген соң тіріңде.

Қайран өмір, кірпіш болып тарылған,
Қалталыға мазар болып салынған.
Қанша биік болсадағы күмбезің,
Аса алмайды тірліктегі арыңнан.

Әділ сөзге беретұғын арқасын,
Пенделердің тірлігінен қорқасың.
Өлілерге жерді сатқан тірілер,
Сол күмбезге, жинап жатыр ақшасын.

Қанден тіл

Өз тілінен суынып өгейсіреп,
Ұрпағымыз барады бөтенсіреп.
Десең қазір қазақтар күмілжиді,
Жүргендер өзінше боп, көкті тіреп.

Тәрбие алған, тәлімі өзге елден,
Мәңгүрт ұрпақ өзінше өзеуреген.
Өгей шеше секілді ана тілі.
Ол өскелі ештеңе өзгермеген.

Сұрағанын ала алмай "өгей тілден"
Нәпақасын тауып жүр дөкей
тілмен.
Жан-жағына қарайды президент,
Көк жиегі көп тілмен кеңейтілген.

Оқысаң Крыловтың "Қанден, пілін",
Дерсің-ау қол ,жетпеске неге үрдің?...
-Үрмесем, үмітінің үні өшкен,
Ауладан шыға алмайтын қанден тілдің!

Абай
Ақын өлді, күрсінді, күншіл іні,
Іштей күлді, бітті-деп тіршілігі.
Жыр ғұмырдың білген жоқ жалғасарын,
Бүгін, ертең одан соң бүрсігүні.

Абайды іздеп, тау, дала үнсіз тынды,
Аспанда ай мұңайды желсіз түнгі.
Парыз емес екен-ау Парижде өлу
Шыңғыстау әлдиледі мінсіз тілді.

Ақын жыры арқалап Сарыарқаны,
Кетті айналып ендік пен ғаламшарды
Қамшы ұстаған даланың Дантестері,
Өлеңді емес жерледі қара шалды!

Маңдайына қазақтың құдай берген,
Біз бақытты екенбіз Абайменен,
"Әбендердің" біткен жоқ әбестігі,
Сырласуға мұңымды ап, саған келем.

Болашаққа аттанып арайлы өлең,
Тарих сырын шертеді Абайменен.
Мұртты жұртқа өкпелеп тұр ма екен деп,
Тұғырдағы бейнеңе қарай берем.

Қара сөздің қайрылмас алдаспаны,
Көз жұмды ақын түнерді жыр аспаны
Жүректерді найзасыз жаулап алған,
Сөз патшасы, өлеңнің Шыңғыс ханы.

Зерделіге беретін ізгі тәлім,
Абайды оқып, сергиді жан мен тәнім,
Банкте емес депозит сөреде тұр,
Ол менің ортаймайтын капиталым!

***

Түз тағысы жемін тауып даладан,
Сол далаға Отаным деп қараған.
Арлан болмас, асыранды Майлыаяқ,
Ұзап шығып, көрмеген соң қаладан.

Үйде отырып, бал жалаған пысықтар,
Дала заңын ұға алмайды, ынжықтар.
Жолбарысты тұқымдасым деседе,
Барыс бола алар ма екен мысықтар?

Талайыңды жаратушы таңдайды,
Тек сипауға берген жоқ қой маңдайды.
Үй қоянын қуаласаң орманға,
Бәрібір ол орқояндай болмайды.

Қырандардың қанаты бар самғайтын,
Тау ешкінің мүйізі бар қорғайтын.
Серік етсе адалдықты аққулар,
Түлкілердің мінезі бар алдайтын.

Өрлік пенен мәрттік толы кеудесі,
Қасқыр деген өжеттіктің белгісі.
Жарыстарда жүлде алған Алабай,
Арландарды келе ме екен білгісі?

Үлгі ете алмай өнегесін тектінің,
Бір-біріне қас қылмайтын мәрттігін,
Қасқырлардан үйрене алмай төбеттер,
Ит таласта көрсетіп жүр иттігін.

Тас
Мұқағалимен мұңдасу

Тас қалада, шіреніп тас қамалдар,
Кеудемнен итереді тас дауалдар.
Таудың ұлы аңсаса таудың үнін,
Түнереді сұр тастар, тастап ызғар.

Тастай езіп, еңсемді басса мұнар,
Таспа бұлттың көзінде қатқан мұң бар.
Тас жүректер тастаған тас үйлерден,
Сығалайды бейкүна тастандылар.

Таспен басып қаланың бар келбетін,
Мешіттердің таспенен қоршап шетін.
Күнәһарлар сәждеге жығылады,
Қаратас-Қағба жаққа беріп бетін.

Тас қалада тастай боп, тас мүсіндер,
Тас мүсіннің тағдырын кім түсінер?
Тас шатқалдан жылжыған тас қорымдар,
Тас көшесін белгісіз қайда тірер.

Тірілердің көзінен болған ғайып,
Талай қасқа, өмірден өтті ойланып.
Қазақтың жігітінен дос таппаған,
Мұқағали Тастақты мың айналып.

Тас қаланың сырына болған қанық,
Тас атқанды қалды ма көзің шалып.
Тасқа басқан жырыңды бізге тастап,
Таудай ақын, кеттің бе тасқа айналып.

Өмір...
Таңдардың,
Ішінен бір үміт,
Қарайды,
Біздерге үңіліп.
Шуаққа,
Жете алмай кірігіп,
Ымыртта,
Көңілім бүлініп,
Кешқұрым,
Келеді бір күдік,
Қып-қызыл,
Шапаққа тығылып.

Тау асып,
Күндердің дерегі,
Таласып...
Қайтадан келеді,
Шуағын,
Тіршілік себеді,
Пендеге,
Несібе береді,
Белгісіз,
Бірақта, көлемі,
Несие,
Сияқты төлемі.

Баянсыз,
Бақыттың тұрағы,
Сәуленің,
Ішінде тұрады.
Бағытын,
Теріске бұрады,
Қоятын
Өмірдің сұрағы:
-Фәниде,
Кім қанша тұрады?
Салтанат,
Қай патша, құрады?...

Уақыт,
Ішінде құндағы,
Зор бақыт,
Күн шығып тұрғаны.
Оралып,
Күндердің сұлтаны,
Іңгәләп!
Келгенде ұрпағы.
Әттең-ай!
Біреудің...
Үзілер нұр таңы
Томпайып,
Жер ана құрсағы.

***

Бір күн- үміт, бір күн-күдік өмірім,
Тәуекелге бел буғанның бірімін.
Қимас жанның қимас көзін қия алмай..
Соны сезііп, шыдап жатқан сірімін.

Айтар ойы азба осы тірінің,
Керек қылмай жай ғашықтың бірінің.
Еріп едің, жүрегіңді ұсынып,
Биік болып, маған деген сенімің.

Кешір мені, бақытты ете алдым ба?!
Қарыздармын мәңгілік мен алдыңда.
Жазған жырың жаттікі емес дегенің
Әлі күнге жаңғырады санамда!

Азаматқа сай болды ма бөрігім!
Маған деген биік еді сенімің.
Қодарлардан алып қалган Жібегім,
Қодар емес өлтірмекші сені кім?!

Кешір мені, қолдан келер дәрмен жоқ!
Керек пе ал, сенен аяр мүшем жоқ.
Бас керек пе, басымды алып, қондырсын,
Бірақ, мына ғылымыңда дәрмен жоқ!

Күмісжаным, айтшы менен не керек,
Бауыр, жүрек берейінші бір демеп,
Сен аман боп, көре алмасаң қызығын,
Маған жалған көз қуаныш не керек!?

Сағынамын, жатсамдағы қасыңда,
Ауру емес ару қыз ең жасыңда.
Сағы сынбас өр қыздары қазақтың,
Мықты екен ғой, расында қашанда.

Бақытты ете алалдым ба мен сені,
Деген ой кеп, басып жатыр еңсемді
Есеп беріп ер азамат ойланар,
Тығырыққа тіредің кеп, сен мені.

Әлдиледің мені туған балаңдай,
Әр жырыма қуандың сен анамдай.
Әндеріме қуат беріп әр әрқашан,
Себеп болдың қалмауыма қамалмай.

Қиын сауал жауап іздеп таппайтын,
Жақсыларды кез бола ма ақтайтын!!
Төрелігің төр мінезден көрініп,
Бетке басып, жамандарды
жатпайтын.

Төре қызы- Төре едің төбедей,
Ойларыңды көрген жоқпын елемей,
Ноғайлыдан жігер алған ғаріп ем,
Мектептен ақ, сені сүйіп танып ем,.

Ақ қайың боп, келдің менің жаныма,
Айтшы,жаным бақытты ете алдым ба?..
Жырларымды ең алғашқы демеген,
Білмейді ешкім сендей жанның барына!

Жекпе-жек
Налысаңда, қарғасаңда өкпелеп,
Ажал саған келе алмайды бетпе-бет.
Ол келгенде өзіңдағы болмайсың,
Сондықтанда бұйырмайды жекпе-жек.

Ажал қорқақ көлеңке боп тығылған,
Иектейді адамдарды жығылған,
Аңдып жүрген қорқау қасқыр секілді,
Ел біледі арамдығын бұрыннан.

Қарсы келіп дәл алдыңда тұрмайды,
Өлгендердің жарық күнін ұрлайды.
Ұрлатпайтын жалған емес-жарқын іс,
Ізгілігің сұм-ажалды ұрмайды!

Жекпе-жекке шығалмайтын жалғандық,
Жалған болса, неге сонша алдандық?
Сүрген өмір жалғандығын жасаса,
Көрмегенді неге жүрміз арман қып?

Налысаңда, қарғасаңда, өкпелеп,
Ажал саған келе алмайды бетпе-бет.
Ол келгенде бір-біріңді көрмейсің,
Сондықтанда бұйырмайды жекпе-жек!

Көзкөргендер

Қарттарым қарағайдай қорғандарым,
Ата салт, дәстүріме қормалдарым.
Жетімсіреп қалады-ау қайран көңіл,
Жақсы еді ғой қасымда
болғандарың.

Аға боп інілерге дем бергендер,
Ақиқат, әділдікке сөз бергендер.
Кәрі ормандай сендерде сиредіңдер,
Айналайын, қимасым көзкөргендер.

Қазақтың сарқытындай елден келген,
Қиындық таршылықта өзгермеген.
Әкемізді көрген соң әкемдей боп,
Жүруші еңдер жақын боп өзгелерден.

Кеудең сыр, көнілің жыр аңқылдаған,
Ұнайтын сол мінезді қалпың маған.
Тектілердің тұяғы тұғырдағы,
Ұрпағыңа үлгі боп жарқылдаған.

Балалық жағалауы

Қағаздан қайық жасаған,
Сәбилік атты қауымға,
Жете алмай жүрмін аңсаған,
Балалық жағалауына.

Ұшатын кілем болар деп,
Сағымды қудық ұстауға.
Жасаған қайық кеме боп,
Жетеді дедік Мұзтауға.

Тұлпар деп мініп шыбыққа,
Ертекке жүрдік алданып,
Сенетін жөнсіз шындыққа,
Алаңсыз, қамсыз балалық.

Балалық, қайран шалалық, ,
Қараға ақ деп, қарадық.
Әлемді бөлмес, түстерге,
Даналық екен балалық.

Тиын
Тиын, тиын,тиын деп,
Ер азамат күйінбек,
Көк қағаздай көк әйел,
Үйде отырса миын деп.

Теңге, теңге, теңгелер,
Сені іздеген сенделер.
Нанда, суда ақылы,
Сатылады кеңселер.

Сатылады мақсатта,
Сатылады мансапта.
Бәрі бүгін ақшада,
Қарасаңыз жан-жаққа.

Кебіні мен ақымы,
Өлсең мола ақылы.
Теңге берер жерлеуге,
Жылап жүрген жақыны.

Демесе де сатамыз,
Тиын тұрар батаңыз.
Құран-қатым үшін де,
Конверт беріп жатамыз.

Тиын, тиын,тиын деп,
Теңге құрау қиын деп.
Заманым тұр зәр шашып,
Сол тиынға сыйын деп!

Сезіктенем

Төзімділік,
Дейміз-ау төзімділік.
Мибастардың
Нұсқаған сөзін ұғып,
Төзіп берсең,
Жарайсың бас көтермей,
Жүре берсең,
Үндемей төмен бұғып.

Намысын,
Бағалаған бөрікпенен,
Текті едік қой,
Дәстүрін ежіктеген.
Тапталып,
Тақиясы жатсадағы,
Тапжылмайтын,
Төзімнен сезіктенем!

Пікірлер