Мақсатым – қолөнер мектебін ашу

5439
Adyrna.kz Telegram

Дәулет Дәркембайұлы Қазақстан Рес­публикасына белгілі қолөнер шебері. Қазақстан Республикасы Дизайнерлер одағы және Суретшілер одағының мүшесі. Бірнеше рет әлемдік шеберлер байқауының жүлдегері. Әкесі әйгілі шебер Дәркембай Шоқпарұлының өнегесін көрген Дәулет бүгінде еңбек жолында аршынды қадам басып келеді. Таяуда Иран елінде сапарда болып қайтқан шебермен парсы елінде көрген-білгендері жайында әңгімелесудің сәті түсті.

Дәулет Дәркембайұлы:

– Дәулет Дәркембайұлы, сіз кезінде әкеңіз Дәркембай Шоқпарұлымен бірге қолөнер көрмесін ұйымдастырып, Еуропа елдерінде, Израиль елінде болған­сыз. Биылғы жылдың өзінде Корея мен Иран еліне жолыңыз түсті. Әсіресе Иранға барған сапарыңыз жайында көбірек білгіміз келеді…

–Иран елінің астанасы Тегеран қаласында дүниежүзілік қолөнер шеберлері жәрмеңкесінің ұйым­дастырылуына байланысты Қазақстан Республикасы Астана және Алматы қалаларынан екі шеберді жіберуді ұйғарыпты. Алматы қаласынан Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының ректоры Арыстан­бек Мұхамадиұлы менің баруым керек­тігін айтты. Астана қаласында тұратын зергер Берік Әлібайұлы екеуміз Ал­маты қаласынан ұшақпен Тегеран қала­сына жеттік. Келесі күні Тегеран қаласының Мосала ауданы мешітінде өткен көрмеге қатыстық. Иран Ислам республикасы болғандықтан, біздегідей мәдениет үйлері болмайды. Есесіне, әсем де еңселі мешіттер көп. Сондықтан мұндай мәдени шаралар мешітте өтеді екен. Мешіттегі көрмеге дүниежүзінің түкпір-түкпірінен келген шеберлермен бірге біз де өз көрмемізді орналастырдық. Көрмеміз көрерменнің көңілінен шықты. Ұлттық колөнермізге қызығушылық білдіргендер көп болды. Сондықтан бізге Иран президенті атынан Алғыс грамотасы берілді. Сонымен бірге теледидарда сөз сөйлеуге ұсыныс жасады.
– Дәулет Дәркембайұлы, сіз жаңа айтып өткендей, Иран қолөнерінің қандай тұстары өзіне баурап алды? Жалпы, бұл елдегі халықтық қолөнердің дамуына қандай баға бересіз?
– Бұл жолы Иранда болған 10 күн барысында Иран қолөнерінің мықты дамығанына көзіміз әбден жетті. Парсы халқының 70 пайызға жуығы қолөнермен айналысатын көрінеді. Мұндай қолөнері дамыған ел дүниежүзінде сирек кездеседі. Иранда зергерлік, тоқымашылық, қыштан, металдан, ағаштан түрлі бұйымдар жасау ісі өте жақсы дамыған. Әсіресе, кілем­дері дүниежүзіне әйгілі. Жібек кілемі өте жұқа, жеңіл, екі жақты болып келеді. Бір бетіндегі көрініс екінші бетіндегі көрініске ұқсамайды. Мұндай кілем­дер Ираннан басқа елде тоқылмай­ды. Екінші бір әйгілі кілем – Сиржан керман кілемі. Өзі шыққан жерінің атымен аталған. Тоқыма бұйымдары жөнінде айтсақ, жолдорбаның қолдан тоқылған алуан түрін кездестіруге болады. Жүннен тоқылған жолдорбалар өте сапалы, беріктігін бір көргеннен байқай аласыз. Қыштан және металдан жасалған құмыралардың әдемілігіне айтар сөз жоқ. Дегенмен бұл елдің халқы кішігірім бұйымдарды түсінбейді. Олардың пікірінше, жасалған қолөнер заты сөзсіз пайдаға асуы, жұмысқа жарауы тиіс.
– Иран елінің қоғамдық, әлеуметтік жағдайы, әдет-ғұрпы жайында көрген-білгендеріңізді айта отырсаңыз…
– Иранда біздегіге ұқсамайтын өзгешеліктері өте көп. Адамдардың киер киімі, тамақтанатын тағамдары, мінетін көліктері – бәрі бір деңгей­дегі тауарлар болғандықтан, олардың қайсысының – бай, қайсының кедей екенін ажырату қиын. Киім кию үл­гісіне келсек, біздегідей Батыстың классикалық үлгідегі киімдері мен қазіргі заманғы киім-кешектерді олар тұтынбайды. Есесіне, кең, салбыраңкы келген дәстүрлі ұлттық киімдерін көп киеді. Әйелдері көшеде жүзін жауып жүреді. Қоғамдық көліктерде ер-әйелдер бөлек-бөлек отырады. Әсіресе әйел адамдарды үлкен-кішісіне қара­май қатты сыйлайды екен. Автобустарда еркектер міндетті түрде әйел затына орын береді. Есесіне, Иран әйелдері де еркектерді аса қатты құрметтейді. Көшелерде бір-бірімен сүйісіп тұрған жастарды мүлде көре алмайсыз. Ше­телдіктердің ирандық қыздармен қол ұстасып көшеде жүргенін немесе қонақүйге барғанын көрсе, шетелдікті тергеуге полицияның толық құқығы бар. Тағы бір ғажап жері – бұл елде күзет қызметінің жоқтығы. Себебі елде ұрлық деген атымен болмайды. Апар­ған көр­мелерімізді қараусыз тастап кете бе­ретін жағдай қалыптасты. Жұрттың бәрі де солай. Базарларда, түскі үзілісте заттарын тастап, тамақтануға кете береді. Бұрын-соңды мұндай жағдайды бірінші рет көрдім. Еуропа елдеріне барғанымда қаптаған күзет қызметін көп көрдім. Заттарымыз ұрланбасын деп сақтық жасайтынбыз.
Иран – даму үстіндегі ел. Шешіл­ме­ген әлеуметтік мәселелер жеткілікті болса да, қылмыстың, әсіресе, ұрлықтың аз болуын немен түсіндіруге болады?
– Мұның бірнеше себептері бар. Басты себеп Иран елі – дәстүрлі рухани және материалдық құндылықтарын бәрінен жоғары қоятын ел. Шариғат заңы бойынша ұрының қолын кесетін қатал заң ережесі бар. Ешкім де қолынан айрылып өмір бойы мүсәпірдің күйін кешкісі келмейді. Екіншіден, Иран – ұлттық қолөнері өте жаксы дамыған ел. Демек, халық жаппай қолөнер­мен айналысады. Қолөнерді жастайынан кәсіп етіп айналысқан адамда бос уақыт болмайды. «Қарны тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деп Абай атамыз айтқандай, қолы бостықтан ермек деп тауып алатын жаман әдеттер – арақ ішу, есірткі тұтыну адамды аздырып, құрдымға бастайды. Қолөнерді халықтың күнкөріс көзіне айналдыра білген Иранда қылмыс­тың төмен деңгейлі болуының бір себебі – әркімнің айналысатын сүйікті ісі қолөнердің жаппай таралуында. «Өнер азбайды, білім тозбайды», деген ғой дана халқымыз.
– Демек, бұл бағытта Ираннан үй­ренетін тұстарымыз жеткілікті болғаны ғой. Өзіңіз мәдениет қайраткері ретінде ұлттық қолөнерді дамыту жағында қандай жұмыстар атқаруды ойластырып жүрсіз?
– Қазақстандағы қолөнердің дамуы мәселесіне келсек, елде ұлттық қолөнер Кеңес Одағы кезінде индустрияландыру саясатының әсерімен бір мезет жойылып кете жаздаған болатын. 1970-80 жылдары қайта өрледі. Тәуелсіздіктен кейін қарқындап дамып келеді. Дегенмен мемлекет экономикасына салмақ­ты үлес қоса алатындай қолөнеркәсіп өндірістері жоқтың қасы. Еуропалық бірқыдыру елдер индустрияландыру­дың қызығын қуып жүргенде, ұлттық қолөнерінен айырылып, қапы қалғалы қашан?! Менің ендігі басты арманым бір көлемді қолөнер мектебін ашу болып отыр. Әкем марқұмның тірі кезінде Ақшиде шеберхана салып, шәкірт тәрбиелегенбіз. Осы істі одан ары жал­ғастыруды борышым деп білемін. Әрине, бір қолөнер мектебін ашумен барлық мәселені шешу қиын. Мемлекет ұлттық қолөнерді дамыту ісін одан ары жалғастырып, қолөнер мектептерінің саны мен сапасын арттыруға ықпал етсе, таяу болашақта ұлттық қолөнер тауарлары ел экономикасының алға жылжуына түрткі болуы әбден мүмкін.


Сұхбаттасқан Өрісәлі ДҮЙСЕНҰЛЫ,
Дәркембай Шоқпарұлы атындағы қолөнер мұражайының ғылыми қызметкері

 

Пікірлер