Адвокат: Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлына "пана іздеуші" куәлігі беріледі

4199
Adyrna.kz Telegram

Қытайдан "шекараны кесіп өтіп", Қазақстанда екі айға қамалған Шыңжаң қазақтары Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлына "пана іздеуші тұлға" куәлігі беру туралы шешім қабылданған. Бұл туралы олардың адвокаты Бауыржан Азанов хабарлады. Бір топ белсенді Қазақстан басшылығынан шыңжаңдық екі қазаққа босқын мәртебесін беруді сұрайды.

"ПАНА ІЗДЕУШІ ТҰЛҒАЛАР"

Адвокат Бауыржан Азановтың Азаттыққа айтуынша, Қытайда туып-өскен этникалық қазақтар Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлына "пана іздеуші тұлға" мәртебесін беру туралы шешімді Шығыс Қазақстан облыстық көші-қон полициясы басқармасы қабылдаған. Азановтың сөзінше, қытайлық екі азаматқа куәлік таяу күндері берілуі тиіс.

Шығыс Қазақстан облыстық көші-қон полициясы басқармасынан бұл туралы ақпарат алу мүмкін болмады.

30 жастағы Қастер Мұсаханұлы мен 25 жастағы Мұрагер Әлімұлы қазанның басында Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі Дөрбілжің аймағынан жолға шығып, бірнеше күннен кейін Шығыс Қазақстан облысының Зайсан, Шілікті, Маңырақ ауылдарының тұсынан Қазақстан аумағына өткенін, кейін жолай такси жалдап, қазанның 10-ы күні Алматыға жеткенін айтқан.

Қазанның 14-і күні Алматыдағы адам құқығын қорғау бюросында өткен баспасөз мәслихатында Қастер Мұсаханұлы Шыңжаңдағы "саяси тәрбиелеу лагерінде қамауда отырғанын", ал Мұрагер Әлімұлы Қытайда "қысым көргенін" мәлімдеген. Олар Қазақстан билігінен босқын мәртебесін сұрап, Қытайда қалған туыстарына араша сұраған болатын.

- Қазақстан билігі ар жақта қалған ата-анамызға, отбасымызға араша болса дейміз. Ата-анамызға қысым бола ма деп қорқамыз, - деп мәлімдеді Қастер Мұсаханұлы.

Шыңжаң қазақтары "амалы қалмаған соң заңды бұзып, шекара кескендерін" айтқан.

Баспасөз мәслихатынан кейін екеуін Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) шекара қызметінің өкілдері алып кетіп, келесі күні тергеу амалдары үшін Шығыс Қазақстан облысына жеткізген.

ҰҚК шекара қызметі Мұрагер Әлімұлы мен Қастер Мұсаханұлының үстінен Қылмыстық кодекстің 392-бабы 1-бөлігі, яғни "Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өту" бабымен қозғалған іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Екеуі қазір Өскемендегі уақытша тергеу изоляторында қамауда отыр.

Бұған дейін ҰҚК Қастер Мұсаханұлы жылқы ұрлығына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен қашып, 2006 жылы маусымның 21-і күні қазақ-қытай шекарасын бұзған деп хабарлады. "Сол кезде ол Қытайға қайтарылған" деп мәлімдеді шекара қызметінің баспасөз қызметі.

ПРЕЗИДЕНТ ТОҚАЕВҚА ХАТ

Мұрагер Әлімұлы мен Қастер Мұсаханұлының тағдырына алаңдаған бір топ белсенді қазанның 29-ы күні Нұр-Сұлтанда арнайы баспасөз жиынын өткізді. Олар Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов пен Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовтен қазір қамауда отырған Әлімұлы мен Мұсаханұлына босқын мәртебесін беруді сұрап хат жолдайтындарын мәлімдеді.

Қытай шекарасын кесіп өткен Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы туралы баспасөз жиынына қатысушылар. Нұр-Сұлтан, 29 қазан 2019 жыл.
Қытай шекарасын кесіп өткен Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы туралы баспасөз жиынына қатысушылар. Нұр-Сұлтан, 29 қазан 2019 жыл.

"Ұлт бірлігі" қоғамдық қорының төрағасы Бауыржан Шақарбекұлы шыңжаңдық екі қазақтың босқын мәртебесін алуына "негіз бар" деп санайды. Шақарбекұлы Қазақстанның босқындар мәртебесі жөніндегі 1951 жылы қабылданған халықаралық келісім-шартқа 1998 жылы қосылғанын айтады.

- Сол заңда діни сеніміне, саяси көзқарасына, ұлттық ерекшелігіне бола тұрғылықты жерінде қысым көрген адам өз мекенінен басқа елге барса, босқын ретінде қаралады делінген. Екеуі (Мұсаханұлы мен Әлімұлын айтады – ред.) Қытайдың Шыңжаң жұртына көрсеткен қысымына шыдамай қашып келген. Сондықтан біз босқын мәртебесін беру туралы заңды ескере отырып, осы екі азамат Қазақстан аумағында қалса және Қытайға қайтпаса деп хат жазып отырмыз, - деді қор төрағасы.

Бірнеше белсенді қол қойған хатта "бұл іске күллі қазақ жұрты алаңдап отыр. Іс трагедиямен аяқталса, бұдан халық көңілі де қаяу тартары белгілі. Сондықтан істің оң шешілуіне ықпал етуіңізді сұраймыз" деп жазылған.

Қытайдан Қазақстанға заңсыз өткен Мұрагер Әлімұлының туысы Нұргүл Әлімқызы. Нұр-Сұлтан, 29 қазан 2019 жыл.
Қытайдан Қазақстанға заңсыз өткен Мұрагер Әлімұлының туысы Нұргүл Әлімқызы. Нұр-Сұлтан, 29 қазан 2019 жыл.

Нұр-Сұлтандағы баспасөз мәслихатына Мұрагер Әлімұлының әпкесі Нұргүл Әлімқызы да қатысты. Ол інісінің Қытайда "қатты қысым көргенін" айтады.

- Мұрагердің екі рет түрмеге отырып шыққанын білемін. Бауырым - үйдің кенжесі, жалғыз ұл. Әке-шешесін, әйелі мен бес жасар қызын тастап, тығырыққа тірелген соң осы жаққа көмек сұрап келіп отыр. Қатты қиналған. Қашып кетуге мәжбүр болған. Бауырыма азаматтық беріп, босатса деген тілегім бар, - деді ол.

ШЫҢЖАҢДАҒЫ ҚАЗАҚТАР

Алматы облысының көші-қон полициясы "пана іздеуші тұлға" куәлігін бұған дейін, 2018 жылдың тамызында қазақ-қытай шекарасынан заңсыз өтті деп айыпталған Қытайдың Шыңжаң аймағынан келген этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайға берген.

Сайрагүл Сауытбайдың үстінен қозғалған іс бойынша сот процесі оған "пана іздеуші тұлға" куәлігі берілгеннен кейін де тоқтамаған. Алматы облыстық көші-қон полициясы Сайрагүл Сауытбайға берген "пана іздеуші тұлға" мәртебесінің мерзімін бірнеше рет ұзартқан. Сот Сауытбайды алты айға бас бостандығынан айыруға үкім етіп, бірақ жазасын "жеңілдететін ерекше жағдайына" байланысты шартты жазаға алмастырған. Қазақстаннан босқын мәртебесін ала алмаған Сайрагүл Сауытбай биыл маусымда Швециядан пана тапқан.

2017 жылғы көктемнен бастап Қытайдың Шыңжаң аймағында этникалық азшылықтарға, соның ішінде қазақтарға да қысым көрсетіліп, ел ішінде "саяси лагерь" аталып кеткен жаппай қамау орындары пайда болғаны туралы хабарлар тарай бастаған.

2018 жылы Біріккен ұлттар ұйымы Шыңжаңда миллионға жуық этникалық ұйғыр мен өзге де түркітілді ұлт өкілдерін Қытайдың солтүстік-батысындағы "саяси тәрбие лагерьлерінде" ұстап отырғаны туралы мәлімдеген. Бастапқыда мұндай ақпаратты терістеген Пекин кейін оны "экстремизмге қарсы шара" деп түсіндірген және саяси лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын" орталықтар деп атаған.

Батыс басылымдары Қытай қазақтарының құқықтары үшін күресіп жатқандардың белсенділігіне қарамастан, Нұр-Сұлтанның соңғы кездері Пекинмен жақсы қарым-қатынас орнатуға күш салып отырғанын жазады.

"Азаттық" радиосы

Фото авторлары Манас Қайыртайұлы, Әсем Мұхитова

Пікірлер