«…Алтын ердің қасы еді»

3557
Adyrna.kz Telegram

Аттың ері халқымыз үшін аса маңызды нысанның бірі. Ол көшпелі тұрмыс кешкен ата-бабаларымыздың бүткіл тарихында қолданыста болып, тіпті жылқы малымен бірге сакралды құндылықтық мәнге ие болды. Содан да халықтық рухтың тасымалдаушылары болып табылатын ақын-жырауларымыз өз шығармаларында ер-тұрманды, ердің өзін, оның бөліктерін жырға қосып, эпитет-теңеу де жасады. Керек десеңіз, ер Маханбеттің өзі заманында Исатай Тайманұлын «Ағайынның бас еді, Алтын ердің қасы еді» деп ең бағалы, ең асыл құрамдас бөлігіне теңеді. Бұл да бекер емес. Ел қорғаған ерді пір тұтқан жұртымыз тіпті «ерді» бірде ер, енді бірде егер деп ер жігіттің нақ өзімен  астарлап сөйлеуді әдетке айналдырған.

Осыдан да ат пен адамның арасындағы байланысты білдіретін ер инстанциясына аса мән берушілік үрдісі бар. Қарпайым халықтың «Ер-тұрманның батқанын, иесі білемес ат білер» деуі де осыған байланысты болса керек. Қалай десек те, нағыз тұлпарды темір тұлпарға айырбастаған бүгінгі заманда ер де бір архаикалық жәдігерге айналғандай болғаны жасырын емес. Алайда «ел іші алтын кеніш» демекші, осынау ер жасау дәстүрін бүтіндей болмаса да, құрылымдық жағынан сақтап қалған шеберлер елімізде баршылық. Бізге «сабақты иненің сәтімен» келген бір сапарда сондай бір көнеден жеткен асыл өнердің жалғасы болып отырған ер жасаушы шебер – Асан бауырымыздың ауылы Шәуілдірге де ат басын тіреудің сәті түскен-ді. Оңтүстік Қазақстанның Отырар ауданында тіршілік кешіп жатқан шебер Асан Тастанбеков, ер жасау барысын әңгімелеуде.

– Сұхбатымызды сіздің мамандығыңыздан бастасақ…

– Менің негізгі мамандығым – гидротехник. Шымкент қаласындағы Гидротехникумды бітіргем. Одан кейін мынау тоқырау жылдарына байланысты әртүрлі кәсіптердің басын шалуға тура келді. Үй де салдық, жер де жырттық дегендей, қарап жатпадық.

– Ал ер жасау кәсібіне қалай кірісіп жүрсіз?

– Егерді енді істеймін деген ойда жоқ. Өзіміз тұқым-жұрағатымызбен атқа құмармыз. Ал қайным ер жасайтын. Содан бір ер алғаным бар еді. Бір күні сол неме егерін сұратып жіберіпті. «Әзір аты жоқ қой. Кейін тағы да алады  деп. Расымен де ол шақта менде мінетін ат жоқтұғын. Соны ар көріп жүргем. Ақыры не керек, ыза буып, атам қазақ айтқандай, қоянды қамыс, ерді намыс өлтірдінің кері болды. «Мен нағып ер істемеймін» деп ер жасаудың жолдарын іздестіре бастадым. Әрине, бірден жасап кете алмайсың. Анау атадан келе жатқан ар жағыңда бірдемең болмаса. Құдайға шүкір, біздің ондай шұқымайымыз бар еді. Менің әкемнің өзі мәсі тігетін, күбі жасайтын. Бір сөзбен айтқанда, ағаштан түйін түйе білетін. Әйтеуір тұрмыс керек-жарағы мәселесінде кісіге күнін түсірген жан емес. Біреуге «пәлен істеп бер» демей-ақ өз үйінің кем-кетігіне бір өзі жететін. Мысалы, жаңа мәсіні сатып алып, сөгіп тастайтын. Оған да дайын қалыбы бар, соған салады. Біз болсақ, бұл ісіне қайран қалып: «Неге мәсіні сөктіңіз?» десетінбіз.  Ол кісінің айтуынша, машинамен тігілген мәсінің тігісі жалпақ болады екен. Ол аяққа батады дейді. Соны өзі ойлағанындай ғып жұқартады екен. Одан қалса, келі келсап істегенін, бесік жасағанын талай көрдім. Содан соң анау нағашыларымда да сондай бір өнер бар еді. Бектұрсын деген кісі бар-тын. Міне, қайныма ашуланып, сол кісіге егер жасап жатқанында барып көріп, қыр-сырына қанықтым. «Нағашеке осы ағашыңыздан бересіз бе?» дедім. «Ойбай, жатыр ғой мынау» деді. Ауласында құшақтай-құшақтай тораңғылдар үйме-жүйме жатыр екен. Ол кісі де соны меңзеп, «құрт жеп жатыр, ап кет» деді. Содан оларды дереу тракторға тиеп, үйге тасып алдым. Бірінші шауып көріп, қан-сілікпем шықты. Бірден әдемі болды демеймін. Бұл оңай емес қой. Осылайша әсте-әсте бастап кеттім.

– Сөзіңіз аузыңызда, «оңай емес» деп жатырсыз. Айталық, бұл кәсіптің қандай қиыншылықтары бар?

– Егер жасау деген ауызға оңай нәрсе. Бұл дегеніңіз, ең алдымен жатқан математика, есеп қисап. Мысалы, үй салсаң, диогналын шығарасың ғой. Егер істегенде де тап солай, диогналын шығарасың. Ал диогналын дұрыс шағармадым дегенше, істі терісінен біттірдім дей беріңіз. Атты арқасын ойып түседі. Жануар текке қиналады.  Құр күмпілдеткен емес,  әркім игеріп жатқан кәсіп бұл.  Кейбіреулер ерді немқұрайлы жасайды. Жылқының әйтеір бір жерін ауыртады. Қарап тұрсаң, диогналы жөнді шықпаған. Маған «егерімді оңлап бер» деп халық ағылып жатады. Оларға өзім де кейіп: «Айналайындар-ау, пәленбай сомға жасатқан дүниелерің. Сол жасатқан адамдарыңа жөндеп бер десеңерші. Менен алсаң, онда әңгіме басқа, ізінше әкеп бер, өзім түзеймін» десем, «енді оған қайта бару қайда? Істеп берші» деп қиылып тұрады. Жеңіл шаруа емес. Ол да «Инемен құдық қазған» сияқты күрделі әрекет.

– Ел-жұртқа ер жасаушы ретіндегі алғаш танылуыңыз қалай болды?

–Біріншісі жаңа айтқанымдай, нашар болып шықты. Екіншісін де керемет болды деп айта алмаймын. Қанша дегенмен, тәжірибе жинайсың ғой. Қайта-қайта істеп, «дұрыстау болса, жақсырақ шықса…» деумен-ақ біраз жерге барасың. Мен оны базарға шығарып, я жарияға жар салып өз-өзімді жарнамалаған жоқпын. Алдымен «кәсіби ағайын көрсін» деп бірнеше атбегілерге көрсеттім. Сосын мен ешкімге сатам деп те айтқан емеспін. Өздері көріп, ұнатты. Әрі қарай бәрі белгілі емес пе, қолқалап, «істеп бер» дей бастады. Тапсырыс береді. Мен соны шама-шарқымша орындаймын.

– Егер құпия болмаса, бір егер жасауға қанша уақытыңыз кетеді?

– Бір егердің өзі айналасы бір ай уақытымды алады. Бәрі өз ретімен ғой. Дегенмен, ер жасаудағы бір қиналатын жерім қапталу барысы десем артық айтқандық емес. Өзім ерлерімді түйенің терісімен қаптаймын. Бұрын біздің өңірде паялкамен жабыстырып, сіңірмен байлап, қайың қаптап, сыртынан кілейлейтін үрдіс болған. Қазір ондай шеберлер осы Отырар ауданы аумағында жоқ. Кәрі көз ондай білгір қариялар таусылып біткен. Анау Жетісайда бұл технологияны білетіндер бар деп естиміз. Қайыңмен сіңірлеп қаптайтындарды айтамын. Бізде қазір жоқ. Бұрын болған. Ершілігімді алғаш бастап, енді атым шыққан кезде, осы өзіміздің аудандағы Көксарай елді-мекенінде Нәдайбек, Медеубек деген ұста-шебер кісілерге барғаным бар.  Анау Отырар мұражайының алдында тұрған қайықты сол кісілердің Нәдайбегі жасаған. Өзім, Медеубегіне барып ем, обалы нешік,  «кел, әдісін көрсетем,  қайыңның қабы керек, сіңір керек, ағашыңды әкел» деп еді. Өзім қазақшылыққа салынып, құнттаған жоқпын. Қазір соған қатты өкініп,  бармағымды тістеймін. Ал енді қазір түйенің терісімен қаптаймыз. Біршама уақыт кетеді. Оны қаптағанда да. әншейін түйенің терісін жалбыратып сала салмайсың, жүнін жұласың. Жүнін жұлу үшін де біраз еңбек кетеді. Әуелі жидітеміз. Иісі сондай жаман. Ол тері тұрған жерге кіре алмайсың. Кірсең, шыға алмайсың.  Сен отырған жерге біреу кіре алмайды.

– Ерлеріңіздің қалыпты өлшемі, стандарты бар ма?

– Жоқ, стандарт жоқ. Жылқы малы да адам сияқты. Әрқайсысында әртүрлі бітім- болмыс бар. Бір станокка салып істемейсің. Бір егер бір атқа тура келіп, екіншісіне тура келмейді. өз өлшемі болады. Бұл түсінікті де шығар. Бір аттың арқасы байырқа, енді бірінің арқасы қызыл шымбал келеді. Бір аттың шоқтығы биік, яки  пәс болады. Мен де тура мынаны істеймін деп кесіп айта алмаймын. Қанша ер жасап жүрміз, бақандай 10 жыл болды. Ай сайын жасаймын. Біреулер «ойбай, атыма жақсы болды» дейді, енді біреулер «тура келмеді» дейді. Сосын мен оларға: «осы атқа тура келген ер бар ма немесе атыңа басқа біреудің ерін әкеп сал, шақ болса, соны маған әкел» деп ескерту жасап жатамын.

– Ердің де түр түрі бар емес пе? Ашамай, ақбас, қазықбас дегендей. Сіз қайсысын көбірек жасайсыз?

– Қазір көбіне құранды ер жасаймын. Кейінгі кезде мынау егер сәні көкпарға қарап қалыптасып барады. Алды, арты биік ерлер көп қолданыста. Уақыт талғамды сондай қылып өзгертіп жіберді. Бұрынғы ерлердей емес.  Осыған орай да көкпар ерін жасау негізгі бағытыма айналды.

– Егерлеріңіздің материалы қандай ағаштардан алынады?

– Менің қолданатын материалым – тораңғыл ағашы. Біздің Сыр бойында өсетін ағаш түрі ғой. Дарияның жағасында ғана тамыр жаяды. Ол өте қатты ағаш. Біз соны жас кезінде тапсырыспен кестіріп аламыз. Негізінде оны кесуге де тиым салынған. Өкінішке орай, қурағаны іске жарамайды. Қурағанда ең нашар ағаш сол болмақ. Амал жоқ, көктей кезінде кесесің. Сосын көлеңкеде кебеді. Күнге тастауға еш болмайды. Әйтпесе қақ айырылып, шытынап, дымға жарамай қалады. Сосын бұл ағаштың бір ерекшелігі, тік өспейді. Арқан құсап бұралып, шырмауықша оратылып өркен жаяды.  Қысымға шыдамды, сынбайтындығы да содан.  40-50  келі салмақтағы көкпарларға жаңағы ерлер шыдап береді. Өзіңіз ойлаңыз, адамның салмағы бар, яғни көкпарға шабатын 80-90 келі келетін атан түйе шабандоз жігіттер бар. Олардың үстіне киетін формасы, жұлқыс, сілкіс… Осының бәріне төтеп береді.  Енді бір ерлеріміз, жасыратыны жоқ, жидеден де жасалады. Жиде ағашы аса қатты. Сынбайды, егер сынса қақырап түседі. Сондықтан да тораңғылға көбірек иек артамыз. Тораңғылдың өзегі шашырап, сіңір құсап, өзара байланысы мықты тұрады. Жақсылап кептіре алсаң, жону тұрмақ, шеге кіргізе алмайсың.

– Нарық тілімен сөйлесек. Сұраныс қалай болып жатыр?

– Қазіргі ел кеңес кезіндегідей емес. Көкпарға көп шабады. Әрі атқа отыратындар да көбейіп келеді. Ауылдағы ел жаппай атқа отыра бастады. Әркім өзінің қалаған адамына істетеді. Мен айтып өткенімдей, егерлерімді базарға шығармаймын. Тек тапсырыспен істеймін. Қосымша кәсіб ретінде. Күнкөріс үшін. Менің бұдан басқа да негізгі кәсібім бар.

– Ерлеріңізге құда түскен, я тапсырыс берген атақты кісілер болды ма?

–  Атақты адам  болғанда мұнда Жұмақан деген атақты атбегі бар. Сол кісі Ол кісінің ағаларының бәрі шабандоз болған. Өздері де әулетімен Отырар өңірінде, қала берді оңтүстіктегі ат ұстауыды білетін білгір отбасылардың бірі. ең. Бұл атырабта олардан артық ат бабын білетін адам бар деп ойламаймын. Сосын Алматыда ірі бизнесмен Жарқын деген жігіт бар. Тағы бір кәсіпкер Жомарт деген жігіт бар. Ол да Алматыда. Осылар менің ерлерімді пайдаланып жүр.

– Сіздің айтқан кісілердің есімдері көкпаршы, атсүйер қауымға кеңінен танымал жандар екені белгілі. Былайғы жұрт біле бермегенмен, кәсіби орта оларды жақсы таниды. Біз де сол елден әлгі Жарқын деген жігіттің «Аққу» есімді атын Түркістанның мерейтойында Президентке мінгізгенін есітіп білдік. Елбасыға сыйланған тұлпардың ері сіздің қолыңыздан шыққан деп те естідік?

– Иә, «Аққуға» ешбір ер тура келмеді. Мұның алдында жаңағы Жұмақан ағаның айтуымен бір ер жасағаным бар еді. Сол Жарқындармен Жұмақанның туыстығы бар. «Аққуға ер шақ келмей жатыр» дегесін Жұмекең менікін көрсетіпті. Тура келіпті. Басқа ер тура келмеді. Мақтанғаным емес, менің ерім тура келе қалыпты. Ал жаңағы сұрағыңызға келсек, ер-тұрманын білмедім, тек Елбасыға ат мінгізгенде сол «Аққуды» көлденең тартқандығынан ғана хабардармын.

– Әрбір өнердің өз киесі болады деп жатады?

– Егерді мен қолым тигенде жасаймын. Әйтеуір, жұрт нала болмасын, ырза болсын деп барымды салам. Егерімді алған адамға бірден «мынаны барып сал, ырзалықпен көр, ұнай ма, ал, ұнамай ма, қайтып апкел. Ақшасын қайтарып берем» деймін.

– Шеберлер сайысына қатысып көрмедіңіз бе? Осы қазір не көп Республикалық болсын, яки облыстық деңгейдегі болсын фестивалдер мен ұлттық өнерді қорғау және дамыту шаралары үздіксіз өткізіліп жатыр емес пе?

– Сөзіңнің жаны бар. Қайбір жылы жаңағы Жұмекең келді. «Саба» деген фестивал өтіп жатыр, соған шебер ретінде бар» деді. Оған барам, ондай дәрежеге жетем деп ойлағам жоқ. Жұмекең «барайық, көрейік» деп тұрып алды. Не айтатыны бар, жарысқа деп арнай ағаш сатып алып, іске кірісіп кеттім. Ақыры фестивалге де жеттім-ау. Өнерлі жұрт жан-жақтан ағылыпты. Қазылар алқасы қорытынды шығарып жатыр. Біруақытта менің атымды атап өткені.  «Ой, сенің атыңды атап жатыр, барсайшы дейді жан-жағымдағы ел Сөйтіп ершілер арасынан екінші орын алып қайттым. Дипломы төрімде ілулі тұр.

– Бұл өнеріңізді әрі қарай дамыту ойда жоқ па?

– Өнер дегенді соңына түсіп істеу керек. Мен мысалы бір саламен кетіп бара жатқам жоқ. Күнкөріс қамы. Базардан мал алып, ет сатам. Арасында жаңағыдай тапсырыстармен айналысамын. Әрине, қолыңды тұрмыс байламаса, баяны бар кәсіппен көсіліп, шешіліп айналысқанға не жетсін.


Ерболат МАМЫРАЙХАН

 

Пікірлер