Қолөнерден қол үзбейік...

3822
Adyrna.kz Telegram

 Алматыдағы Ықылас Дүкенұлы атындағы Қазақтың музыкалық саз аспаптар мұражайында Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай «Шебердің қолы ортақ» атты қолөнер көрмесі ашылды. «Жауһар» ұлттық салт-дәстүрді қолдау қоры» мен «Адыр­на» ұлттық-этнографиялық бірлестігі» бірлесіп ұйымдастырған көрме (2011 жыл) маусымның 23-іне дейін жалғаспақ.

Көрме Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Көрменің ашылуында домбыра аспабын жан-жақты зерттеп жүрген өнертанушы Жұмагелді Нәжімеденов баяндама жасады. Көрмеде, негізінен, ағаш, темір, тоқыма, қыштан жасалған бұйымдар кеңінен орын алды. 135-тен астам қолөнершінің 100-ге жуық қолөнер бұйымдары көрмеге қойылды.

Арман ӘУБӘКІР, «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің жетекшісі:

Қазақтың ұлттық өнері күнделікті насихатталса да артық емес. Салт-дәстүрімізді насихаттауға ресми түрде арнайы ат қойылса, бір күні арнайы қолөнер бұйымдарын дәріптеуге арналса деген ұсыныстар көрмеде айтылды. Шетелдің көрмелеріне қойылған бұйымдары отандық қолөнершілердің үлкен қолдауға, марапат, ықылысқа ие де, ал өз елімізде оны іздеп көруге, алуға, тіпті бағалауға келгенде өгейлік танытып отырмыз. Мұның себебі – халыққа насихатының аздығы мен қолөнершілерге жеткілікті дәрежеде мән берілмейтіндігінде.

Мұхтар Наурызбаев, Жолаушы Тұрдығұлов, Серікқазы Нұрғали, Дәулет Шоқпаров, Майра Сыздыққызы, Ерсұлтан Тәжібаев, Аман Мұқажанов, Серікқали Көкенов, Төлеген Сәрсен­баев және тағы басқа танымал шеберлер өз бұйымдарын жалпы халыққа ұсынды. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қолөнер кафедрасының ұстаз­дары, Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының жанындағы колледждің сәнді қолданбалы өнер мамандығының студенттері, шеберлер ауылы аталып кеткен Көкшоқы ауылының шеберлері, қолөнершілері ұлттық бұйымдармен мұражайды жайнатып жіберді. Дәркенбай Шоқпарұлының ұлы Дәулет те көрмеге қатысты. Б.з.д v-iii ғасырлардағы Татыр қорғанынан табылған киізден жасалған тоқыма үлгілерінің көшірмелерін жасаған үш қыздан құралған «Ару-Арт» тоқыма тобының да құнды дүниелері көрмеден табылды.

Ал дәстүрлі ән өнерінің бүгінгі беткеұстарлары Жоламан Құжиманов, Еркін Нұрханов, Талғат Мұқышев, Саят Нұрғазин, мұражай қызметкері Қарлығаш Қожахметова сынды өнерпаздар көрмені тамашалауға келген жандарды қазақтың інжу-маржандарымен тәнті етті.


Жадыра ЖҰМАКҮЛБАЙ, "Алаш айнасы"

 

Пікірлер